«Алтын глобус 2021» жеңімпаздары анықталды

Голливуд шетелдік баспасөз ассоциациясының 78 «Алтын глобус» сыйлығымен марапаттау шарасы өтті. Биылғы салтанатты кештің ерекшелігі – пандемияға байланысты әдеттегі қаңтарда өтетін уақытынан шегеріліп, 28 ақпаннан 1 наурызға қараған түні өтті, сондай-ақ шара екі қалада қатарынан – Лос-Анджелес пен Нью-Йоркте ұйымдастырылды. Номинанттар онлайн форматта қатысты.

Сонымен «Алтын глобус 2021» жеңімпаздары.

Кино:

  • Үздік драма: «Көшпенділер елі» / «Nomadland»
  • Үздік фильм – Мюзикл/Комедия: «Борат 2» / «Borat Subsequent Moviefilm»
  • Үздік актриса – Драма: Андра Дэй («Құрама Штаттар Билли Холидейге қарсы» / «The United States vs. Billie Holiday»)
  • Үздік актер – Драма: Чедвик Боузман («Ма Рейни: Блэк Боттом» / «Ma Rainey’s Black Bottom»)
  • Үздік актриса – Мюзикл/Комедия: Розамунд Пайк («Бәрі сенің қамың үшін» /  «I Care a Lot»)
  • Үздік актер – Мюзикл/Комедия: Саша Барон Коэн («Борат 2» / «Borat Subsequent Moviefilm»)
  • Екінші пландағы үздік актриса: Джоди Фостер («Мавритандық» / «The Mauritanian»)
  • Екінші пландағы үздік актер: Дэниэл Калуя («Иуда және чёрный мессия / «Judas and the Black Messiah«)
  • Үздік режиссер: Хлоя Чжао («Көшпенділер елі» / «Nomadland»)
  • Үздік сценарийші: Аарон Соркин («Чикаголық жетеудің соты / «The Trial of the Chicago 7″)
  • Үздік анимациялық фильм: «Жан» / «Soul»
  • Шет тіліндегі үздік фильм: «Минари» / «Minari» (АҚШ)
  • Үздік музыка: Трент Резнор, Аттикус Росс және Джон Батист («Жан» / «Soul»)
  • Үздік ән: Io sì (Seen) («Өмір алда» / «La vita davanti a sé»)

Телевидение:

  • Үздік драма сериал: «Тәж» / «The Crown»
  • Үздік мюзикл/комедия сериал: «Шиттс Крик» / «Schitt’s Creek»
  • Үздік телефильм: «Патшайымның жүрісі» / «The Queen’s Gambit»
  • Телефильмдегі үздік актриса: Аня Тейлор-Джой («Патшайымның жүрісі» / «The Queen’s Gambit»)
  • Телефильмдегі үздік актер: Марк Руффало («Бұның рас екенін білемін» / «I Know This Much Is True»)
  • Үздік актриса – Драма сериал: Эмма Коррин («Тәж» / «The Crown»)
  • Үздік актер – Драма сериал: Джош О’Коннор («Тәж» / «The Crown»)
  • Үздік актриса – Мюзикл/комедия сериал: Кэтрин О’Хара («Шиттс Крик» / «Schitt’s Creek»)
  • Үздік актер – Мюзикл/комедия сериал: Джейсон Судейкис («Тед Лассо» / «Ted Lasso»)
  • Екінші пландағы үздік актриса: Джиллиан Андерсон («Тәж» / «The Crown»)
  • Екінші пландағы үздік актер: Джон Бойега («Кішкентай балта» / «Small Axe»)

Сесил Б. Де Милль атындағы сыйлық: Джейн Фонда
Кэрол Бёрнетт атындағы сыйлық: Норман Лир

 

Дереккөз: Golden Globe /goldenglobes.com

2021 жылғы ақпанның сериалдары: 2 бөлік

Netflix аман болсын дейміз тағы. Кіші экранның контент тапшылығын стриминг сервистер толтырып тұр. Ақпанның екінші жартысында нашақор жасөспірімдерге арналған неміс драмасы, Супермен мен Лоистың отбасылық өміріне арналған кинокомикс, басқа да бірнеше қызық жоба шығады.

Біз Зообақ балаларымыз / Мы дети станции Зоо / 

«Біз Зообақ станциясының балаларымыз» – 1978 жылы жарияланған өмірбаян кітаптың кезекті интерпретациясы. Кітапта Кристина деген қыздың мысалымен Берлиннің нашақор жасөспірімдерінің өмірі суреттеледі. Қыз 14 жасында героинға тәуелді болып үлгереді, доза үшін өзін сатады. Кітаптың және сериалдың атауы Берлиндегі «Зообақ» вокзалына сілтейді. Бұл жер 1970-1980 жылдары нашақорлардың бас қосатын орны болды.

Басты кейіпкерлер Кристина, Стелла, Басби, Бенно, Аксель және Мичи – түрлі отбасыдан шыққан алты дос. Бос уақытын олар есірткі мен музыкаға арнайды. Олар өзін іздейді, түрлі нәрселерді басынан өткізіп тексереді. Уақыт өте келе олардың тәуелділігі күшейіп, ал жасаған қылықтары қауіпті бола түседі.

Премьерасы: 19 ақпан.

Еуропа тайпалары / Племена Европы / Tribes Of Europa

Netflix ұсынған фантастикалық драманың оқиғасы 2074 жылы өрбиді. Жаһандық апаттан кейін Еуропа антиутопиялық тайпалық микромемлекеттерге бөлініп кетеді, олар өзара қырқысып, үстемдікке қол жеткізуге тырысады. Ағалы-інілі екеу мен олардың қарындасы сиқырлы кубты тауып алғаннан кейін Еуропа тағдырын шешетін қанды қырғынға ұрынады.

Премьерасы: 19 ақпан.

Супермен және Лоис / Супермен и Лоис / Superman and Lois

The CW телеарнасының DC қаһармандарына арналған киноғаламының жаңа жобасы. Супермен рөлінде тағы да Тайлер Хэклин, актер осы кейіпкерді осыған дейін «Супергерл», «Жебе», «Флеш» сериалдарында ойнады.

Сюжетте Кларк Кент зұлымдармен күресін аяқтап, жары Лоис Лейнмен кәдімгі отбасылық өмірді көрмек болады. Балалы болған соң ата-ананың тірлігі де оңай емес екенін түсінеді. Бұл да зұлымдармен күрес секілді күшті қажет етеді екен.

Лоис Лейн рөлінде Битси Таллокты көреміз, актриса The CW арнасының DC қаһармандарына арналған сериалдарының барлығына дерлік түсті.

Премьерасы: 23 ақпан.

Джинни мен Джорджия / Джинни и Джорджия / Ginny & Georgia

Netflix драмасы 30 жастағы Джорджия деген әйел туралы. Ол өмірін жаңадан бастамақ болып екі баласымен бірге басқа қалаға көшіп келеді. 15 жасар Джинни өтпелі жастың қиындығын көріп жатыр. Жаңа жерге үйренісіп, достар табу қиын болады. Бәрінен бұрын анасымен тіл табысу үлкен сынаққа айналады: анасы өткен өмірі туралы мүлдем айтпайды, кез келген проблеманы көзге ілмейді.

Премьерасы: 24 ақпан.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

20 ақпан:
– Күллі адамзат үшін / Ради всего человечества / For All Mankind; фантастика (АҚШ): 2 маусым

22 ақпан:
– Ұмытылмаған / Незабытый / Unforgotten; драма, қылмыстық, детектив, мистика (Ұлыбритания): 4 маусым

25 ақпан:
– Қалың қар / Снегопад / Snowfall; драма (АҚШ): 4 маусым

18 ақпан премьералары: Шәріповтың 18 килогерці, брутал Мадс Миккельсен, Джоди Фостер мен Бенедикт Камбербэтчтің ұрысы

Бұл уикенд қызық жобаларға толы: Фархат Шәріповтың жаңа режиссерлік жұмысы, Гуантанамо түрмесінде күнделік жүргізген айыпталушының өмірі туралы драма, Мадс Миккельсен ойнаған дат комедиясы, Розамунд Пайк түскен алаяқ әйелдің хикаясы бар.

18 килогерц [16+]

Қазақстан режиссері Фархат Шәріповтың жаңа жұмысы – 90 жылдар соңындағы қала жасөспірімдерінің көшедегі өмірін суреттейді. Фильмге Зара Есенаманның «Хардкор» хикаяты арқау болған.

Картина фестивалдерге де қатысып, жүлде алып үлгерді. 36 Варшава халықаралық кинофестивалінің Гран-приін, Котбустегі (Германия) 30 халықаралық кинфестивалдің Youth Film Competition конкурстық бағдарламасында үздік шықты.

Мавритандық / Мавританец / The Mauritanian [18+]

Джоди Фостер, Бенедикт Камбербэтч, Шейлин Вудли секілді Голливуд жұлдыздарының қатысуымен түсірілген британ триллері. Сюжеті өмірден алынған картинада Гуантанамо түрмесіне қамалған Мохаммед Ульд Слахи деген азамат туралы. Ол теракт жасады деген күдікке ілінеді, алайда ресми айып тағылмайды, сотта өзін қорғауға мүмкіндік те берілмейді. Осылайша абақтыда 6 жылын өткізеді. Осыдан кейін ғана адвокат жалдау құқығына ие болады.

Әділдік серілері / Рыцари справедливости / Retfærdighedens ryttere [18+]

Данияда түсірілген комедия әділдік іздеген жігіттердің оқиғасын баяндайды. Маркус деген кейіпкердің әйелі теміржол апатынан қайтыс болады. Былайша айтқанда қайғылы болса да кездейсоқ оқиға. Ал бұл жоспарланған қылмыс болса ше? Әскери қызметкер, ессіз математик және екі гик бірігіп осы істі тергемек болады. Фильмде басты рөлдердің бірін Мадс Миккельсен ойнайды.

Бәрі сенің қамың үшін / Аферистка / I Care a Lot [18+]

Розамунд Пайк пен Питер Динклэйдж түскен қылмыстық комедия Марла деген алаяқ әйел туралы. Ол қамқорлық танытқан болып өзгелерді пайдаланып кетудің шебері. Бай клиенттерін әп-сәтте тақырға отырғыза салады. Алайда жаңа танысы ол ойлағандай оңай шағыла қоймайды. Алаяқтың өмірі күрделене түседі.

Бұлттар арасындағы көлеңке / Воздушный бой / Shadow in the Cloud [16+]

Фантастикалық боевиктің сюжеті Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өрбиді. «Ұшатын қамал» бомбалаушы ұшағы құпия жүкті алып жүреді. Команданы жас қыз Мод Гарднер басқарады. Бұл жағдай сарбаздарға ұнай қоймайды. Әуеге көтерілгеннен кейін экипаж жапон жойғыштарымен шайқасуға мәжбүр болады. Оның үстіне әлдебір зұлым тіршілік иесі күтпеген жерден шабуылдайды. Капитан Мод команданы өзіне сендіре алатындай әрекетке баруы керек, сондай-ақ жауларымен шайқаса отырып жүкті тиісті жеріне жеткізуі тиіс. Фильмде басты рөлде Хлоя Грейс Морец ойнайды.

Прокатқа, сонымен қатар, ресейлік «Спасите Колю!» комедиясы мен «Пингвинёнок Пороро. Мир динозавров» мультфильмі жол тартты.

11 ақпан премьералары: Тендербайлар, Эмили Блант пен Джейми Дорнан, детектив Хилари Суэнк

Осы уикендті блокбастерсіз қарсы аламыз. Иә, мейджорлар пандемияның аяқталуын күтіп отыр, сол себепті ауқымы аз жобаларды қанағат ете тұрамыз.

Тендер [16+]

Отандық кинематографшылар ұсынған қылмыстық комедия бірге оқыған екі дос туралы. Олар бірлесіп мемлекеттік сатып алу арқылы пайда таппақ болады. Әдетте бұл бұл істің қызығына енген сайын заңсыз әрекеттері де көбейе түседі. Басты рөлдерде Данияр Тәженов пен Бекзат Достанов деген жас актерлер ойнайды. Актерлік құрамда жұлдыздардан Мұрат Бисенбин бар.

Жабайы тау жебірі / Дикая парочка / Wild Mountain Thyme [16+]

Эмили Блант пен Джейми Дорнан ойнаған британромкомы. Оқиғасы жабайы да көркем пейзаждың арасында өтеді. Энтони мен Розмари көршілер. Оларды бір-біріне сай деуге әбден болады, бірақ бұған бәр нәрсе кедергі. Бір күні Нью-Йорктан келген бір жігіт Розмариді өзімен бірге алып кетпекші болады. Ұялшақ Энтониде ғашығын өзіне қаратуға соңғы ғана мүмкіндік бар.

Қатер / Опасный соблазн / Fatale [18+]

Хилари Суэнк ойнаған триллер детектив әйел мен спорт агенті туралы. Жігіттің өмірі құпияға толы тергеушімен танысқаннан күрт өзгереді. Детектив оны өзі тергеп жүрген қылмыс істеріне тарта бастайды.

Дуа. Қара неке / Приворот. Черное венчание [16+]

Ресейде түсірілген үрейлі триллерде ер мен әйелдің қиын қарым-қатынасы сөз болады. Сүйген азаматы тастап кеткеннен кейін Женя деген қыз қиын қадамға барады: сыған әйелдің көмегімен қара неке ырымын жасайды. Көп кешікпей Кирилл оралады. Бірақ күннен күнге Кирилдің махаббаты ессіздікке айнала бастайды – ол қыздың әр қадамын қадағалап, көзден таса қылмайды.

Love [16+]

Ресейдің танымал юморисі Сергей Светлаковтың комедиясы. Фильм 14 ақпан – ғашықтар күніне орайластырылған, тематикасы да осы мейрам төңірегінде. Оқиғасы Love отелінде өтеді. Бұл жер ғашықтар үшін таптырмас мекен. Ғашықтар күнін ерекше атап өткісі келетіндер осында жиналады.

Премьералар қатарында Ресейдің тағы бір комедиясы бар: Сергей Бурунов ойнаған «Родные» картинасы роуд-муви бағытында түсірілген. Сондай-ақ кішкентай көрермендерге «Пончары. Глобальное закругление» және «Джек и механическое сердце» мультфильмдері бар.

2021 жылғы ақпанның сериалдары

Ақпанда біраз танымал франшиза өнімдері бар: Ганнибал Лектердің әлемі, Эквалайзер, тіпті Дуэйн «Жартас» Джонсонның өміріне арналған жоба бар.

Жарқырауықтар көшесі / Улица светлячков / Firefly Lane

Netflix ұсынған драма аттас кітаптың желісімен түсірілген. Екі әйелдің достығы туралы. Екеуі қырық жылдан бері айырылмас дос. Тұйық мінезді, қарапайым Кейт Маларки белсенді журналист Талли Харттың үнемі көлеңкесінде болып келді. Алайда бұл екеуінің достығына еш кедергі болған жоқ, екеуінің бір-біріне деген қарым-қатынасы талай сынақтан өткен еді.

Премьерасы: 4 ақпан

Теңестіруші / Великий уравнитель / The Equalizer

CBS арнасының боевигі 1985 жылғы аттас сериалдың жаңа нұсқасы. Басты рөлде – рэпер және актриса Куин Латифа. Оның кейіпкері – көмекке мұқтаж жандарға кез келген уақытта қол ұшын беруге әзір құпия адам. Ол епті, қолынан көп нәрсе келеді және атысып-төбелесуден алдына жан салмайды.

Премьерасы: 7 ақпан

Кларисса / Clarice

Сериалдың сюжеті Ганнибал Лектер әлемінде өрбиді. Оқиғасы 1993 жылғы «Қозылар үнсіздігі» («The Silence of the Lambs») фильмінен кейін жалғасады. ФТБ агенті Кларисса Старлинг Вашингтонға оралып, сексуалдық маньяктар мен кісі өлтірушілер ісін тергеуді жалғастырады.

Премьерасы: 11 ақпан.

Оның көздері / В ее глазах / Behind Her Eyes

Британ психологиялық триллерін Netflix ұсынады. Мини-сериал форматындағы жобаның басты кейіпкері – жалғыз басты ана. Ол бастығымен роман құрып, сондай-ақ сол еркектің әйелімен достық қарым-қатынас орнатады. Қалыптан тыс махаббат үшбұрышы көп кешікпей белгісіздік пен айтылмаған сыр туралы психологиялық хикаяға айналады.

Жас Жартас / Молодой Скала / Young Rock

Өмірбаян жанрындағы телесериал спортшы әрі актер Дуэйн «Жартас» Джонсонның балалығы мен жастық шағы туралы баяндайды. Жоба оның өмірінің балалық шағынан бастап Майами университетінде футбол ойнаған сәтіне дейінгі аралықты қамтиды.

Премьерасы: 16 ақпан.

 

 

 

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

8 ақпан:
– Хэрроу / Доктор Хэрроу / Harrow; драма (АҚШ, Австралия): 3 маусым

9 ақпан:
– Қара найзағай / Черная молния / Black Lightning; фантастика, боевик (АҚШ): 4 маусым

18 ақпан:
– Жағымды машақат / Приятные хлопоты / Good Trouble; драма, мелодрама, комедия (АҚШ): 3 маусым

28 қаңтар премьералары

Қаңтардың соңғы уикенді бізге Дензел Вашингтон-Рами Малек-Джаред Лето үштігін біріктірген детективті, монстрлармен шайқасқан Милла Йововичті, Оливер Твисттің заманауи хикаясын ұсынады.

Елеусіз түйткілдер / Дьявол в деталях / The Little Things [18+]

Джон Ли Хэнкоктың нео-нуары Лос-Анджелесте кісі өлтірушіні қолға түсірмек болған екі полицей туралы. Басты рөлдерде Дензел Вашингтон мен Рами Малек ойнайды. Ал күдікті рөлінде Джаред Лето. Аталған үш актердің де «Оскары» бар екенін айта кету керек (Вашингтонда екеу) Детектив фильмнің оқиғасы 1990 жылдары өрбиді.

Монстр аулаушы / Охотник на монстров / Monster Hunter [16+]

Актриса Милла Йовович пен оның күйеуі Пол В.С. Андерсон «Resident Evil» видеоойынының көп сериялы кинонұсқасында бірге жұмыс істегені белгілі. Ерлі-зайыптылардың шығармашылық тандемі тағы фантастикалық жобада жалғасын тауып отыр. Фильмдегі құбыжықтар параллель әлемде тұратын тіршілік иелері. Басты кейіпкер – лейтенант Артемис осы әлемге тап болады. Кері қайтатын жолды табу үшін ол осы қорқынышты әлемнің құжынаған құбыжықтарымен шайқасуы керек. Оған осы әлемде өмір сүріп үйренген Аңшы (Тони Джа) көмекке келеді.

Твист / Афера Оливера Твиста / Twist [16+]

Британ қылмыстық драмасы Чарльз Диккенстің 1838 жылғы «Оливер Твисттің басынан кешкендері» романының жаңаша баяндалуы. Басты рөлдерде: Рафферти Лоу, Майкл Кейн, Лина Хиди, Рита Ора және Софи Симнетт. Сюжетте Лондонда тұратын жас, талантты суретші туралы айтылады. Ол баға жетпес картинаны ұрламақ болған бандаға кездейсоқ тап болады.

Беймаза аруақ / Бывшая с того света / Blithe Spirit [16+]

Британ фэнтези-мелодрамасы 1941 жылғы аттас пьесаның желісімен түсірілген. Басты кейіпкер Чарльз Кондомайн – шығармашылық дағдарыстағы романшы. Шабыт іздеймін деп спирит сеансын өткізеді. Шақырған медиумы байқаусызда о дүниелік болған қызғаншақ әйелінің аруағын оятып алады. Осыдан кейін жазушының өмірінен сән кетеді: аруақ оның қазіргі әйеліне күн көрсетпей, күйеуін одан тартып алмақ болады.

Юба елінің соңғы жаңалықтары / Дать дуба в округе Юба / Breaking News in Yuba County [18+]

Тейт Тейлордың драмасы Эллисон Дженни, Мила Кунис, Регина Холл секілді актрисалардың басын қосты. Сюжетте көзге түсіп, танымал болуды армандайтын Сью деген әйел туралы баяндалады. Бір күні оның арманы орындалады. Күйеуі жоғалып кетіп, көпшіліктің назары оған ауады. Әйтсе де бұл мәселеге полиция да назар аударады, оның үстіне бандиттер де соңына түседі.

Сергек / Диббук / The Vigil [16+]

Үрейлі фильмде Яков деген жігіт ақша үшін шомер болуға келіседі. Бұлай деп еврей дәстүрінде өлген адамның жанында түнімен отыратын адамды атайды. Оның міндеті – дұға оқып, мүрдені зұлым аруақтардан қорғау. Алайда Яков өз міндетіне атүсті қарайды. Көп кешікпей біртүрлі елестерді көріп, дыбыстарды ести бастайды.

Бұлардан бөлек прокатқа ресейлік «Зоя» әскери драмасы (диверсант Зоя Космодемьянская туралы) мен канадалық «Говард и Подводное королевство» мультфильмі шықты.

2021 жылғы қаңтардың сериалдары: 3 бөлік

Назарларыңызда қаңтардың сериалдарына арналған соңғы шолу. Бүгін қайта оралған Техас рейнджері, үш гей дос, Netflix-тегі түрік қылмыстық драмасы туралы айтамыз.

Уокер, Техас рейнджері / Уокер / Walker, Texas Ranger

1990 жылдары культ болған «Уокер» сериалының ребуты. Бұрын басты рөлде Чак Норрис ойнаса, жаңа нұсқада «Supernatural» жұлдызы Джаред Падалеки ойнайды. Сюжетте Корделл Уокер екі жыл қызметтен кейін туған қаласы Остинге оралады. Онда кейіпкердің әйелі мен балалары тұрады. Алайда бейбіт өмірге деген үміті бұл өлкеде өршіп тұрған қылмыстың кесірінен сөніп қалады. Уокер әріптесімен бірге тәртіп орнатуға кіріседі.

Премьерасы: 22 қаңтар.

Тағдыр: Уинкс сагасы / Судьба: Сага Винкс / Fate: The Winx Saga

Итальян-британ драмасы Өзге әлемдегі сиқыршыларға арналған «Алфея» мектебінде оқитын құрбылас бес перінің есеюін баяндайды. Олар мектепте сиқыр күшін меңгереді. Оларды махаббат, бәсеке және қатерлі құбыжықтар күтіп тұр. Сериал Netflix платформасында шығады.

Премьерасы: 22 қаңтар.

Бұл күнә / Это грех / It’s a Sin

Британ телесериалы үш гей достың хикаясын көрсетеді. Оқиғасы 1980 жылдары Лондонда өтеді. Бұл заманда көп өзгеріс болды: киім, музыка, субкультура, есірткі, секс. Басты кейіпкерлер түнімен сауық құрады, өмірдің қызығын көріп, уақытты құр сарп етеді. Бір күні олардың біреуінен СПИД анықталады.

Премьерасы: 22 қаңтар.

50M2

Netflix ұсынған түрік сериалы. Қылмыстық драма киллердің төңірегінде өрбиді. Қожайынына жақпай қалғаннан кейін бас сауғалап тігін шеберханасына жасырынады. Оны сол шеберхана иесінің баласы деп қабылдайды, бас кейіпкер де өзгелердің алдында өзін солай ұстайды.

Премьерасы: 27 қаңтар.

Тұрғылықты келімсек / Пришелец-постоялец / Resident Alien

Фантастикалық комедия бөгде планетадан келген гуманоидтың Жердегі оқиғаларын баяндайды. Өліп қалған доктор Гарри Вендершпиглдің денесін иемденіп, ол біздің планетаның тұрғындарын зерттейді. Түпкі мақсаты – адамдарды жою. Адамдарды таныған сайын ол өзінің зұлым миссиясының дұрыстығына күмәндана бастайды.

Премьерасы 2020 жылы қарашаға жоспарланған болатын, қазір 28 қаңтарда шығады деп хабарланып отыр.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар: 

21 қаңтар:
– Ривердэйл / Riverdale; драма (АҚШ); 5 маусым
– Нэнси Дрю / Nancy Drew; детектив (АҚШ): 2 маусым

22 қаңтар:
– Мұра / Наследие / Legacies; драма, фэнтези, үрейлі, қызық оқиғалы, детектив (АҚШ): 3 маусым

23 қаңтар:
– Юра дәуірінің әлемі: Бор кезеңінің лагері / Мир Юрского периода: Лагерь Мелового периода / Jurassic World: Camp Cretaceous; боевик, қызық оқиғалы, мультфильм (АҚШ): 2 маусым

25 қаңтар:
– Дуаланғандар / Зачарованные / Charmed; драма, фэнтези (АҚШ): 3 маусым

26 қаңтар:
– Қар бұзар / Сквозь снег / Snowpiercer; драма, фантастика, боевик, триллер (АҚШ): 2 маусым

28 қаңтар:
– Жақындасу / Сближение / Bonding; драма, комедия (АҚШ): 2 маусым

21 қаңтар премьералары

Аптаның басты премьерасы – Disney/Pixar студиясының «Жан» мультфильмі. Кинотеатрдан қазақша дубляждалған нұсқасын көруге болады.

Жан / Душа / Soul [6+]

Disney/Pixar студиясының мультфильмі еліміздің кинотеатрларына қазақша дубляжбен шығады. Музыкаға, мейірімге және қызық оқиғаларға толы анимациялық картина мектепте музыкадан сабақ беретін орта жастан асқан Джо Гарднер туралы. Ол өмір бойы джаз ансамблінің құрамында сахнада өнер көрсетуді армандап келген еді. Күндердің күнінде атақты әншінің көзіне түсіп, онымен бірге сахнаға шығатын болады. Көшеде бақыттан басы айналып келе жатқанда құдыққа түсіп кетіп, қайтыс болады. Оның жаны о дүние алдындағы аралық әлемге тап болады. Бұл жерде жаңа жандар пайда болып, болашақ адамдардың арманы мен қызығушылығы қалыптасады. Өзін тапқан жан осы жерден Жерге аттанады. Джо 22 деген реттік саны бар, бірнеше ғасырдан бері бойынан арман отын таба алмай келе жатқан қырсық жанға тәлімгер болады.

Әнші құс / Птица в клетке. Заражение / Songbird [16+]

Бұл триллердің сюжеті қазіргі пандемия тақырыбына сай келетін секілді. Оқиғасы 2024 жылы өрбиді. Әлемді қауіпті вирус жаулаған. Індетке шалдыққандарды күштеп алып кетіп, карантин лагерлеріне тоғытады. Нико деген курьердің ауруға қарсы иммунитеті бар. Алайда сүйгені Сара вирус жұқтырып алады. Енді Нико әскерилер келмей тұрып, Сараны құтқаруы керек.

Астрал. Онлайн / Host [16+]

Screenlife форматында түсірілген үрейлі фильм, яғни оқиғасы монитор алдындағы кейіпкерлер арқылы баяндалады. Достар онлайн түрде спирит сеансын өткізіп, аруақтарды шақырмақ болады. Осыдан кейін олардың өмірінде тылсым, қорқынышты жағдайлар басталады.

Бұлардан бөлек «Қала күні» / «День города» деген ресейлік комедия прокатқа шықты.

Variety: 2021 жылдың көп күтілетін фильмдері

Variety басылымы 2021 жылы ерекше күтілетін фильмдердің топтамасын жасады. Арасында коронавирус пандемиясының кесірінен былтырдан биылға шегерілген релиздер де бар. Биыл тек індеттің залалы азырақ болады, кинотеатрлар жұмысы бір ретке келеді деп үміттенейік. Әйтпесе тізімдегілердің кейбірі тағы да кейінге қалуы ғажап емес.

Сонымен биыл қандай ауқымды, қызық жобалар бар, әрқайсысына жеке тоқталамыз.

Райя және соңғы айдаһар / Raya and the Last Dragon

Disney студиясының анимациялық картинасы Райя деген жауынгер қыз туралы. Ол өзі тұратын Кумандра патшалығын тастап кетуге мәжбүр болады. Қыз әлемде қалған жалғыз айдаһарды іздеп тауып, соның көмегімен құдыретті жауды жеңбекші. Отбасылық мультфильмде мюзикл, фэнтези элементтері бар. Премьерасы 5 наурызға белгіленген.

Америка сапары 2 / Coming 2 America

Эдди Мерфи ойнаған 1988 жылғы атышулы комедияның жалғасы. Бірінші фильмде Америкаға сапарлап келген Африканың бір елінің ханзадасы туралы айтылған болатын. Жаңа фильмде оның кейіпкері араға көп жылдар салып АҚШ-қа қайтып келеді. Ол Замунда тағының мұрагерін – бұрын жоғалып кеткен ұлын іздейді. Премьерасы 5 наурызда.

Өлетін уақыт емес / No Time to Die

Джеймс Бонд дейміз, агент 007 дейміз – атақты шпион туралы киносериалдың 25 фильмі, ал Дэниэл Крэйг осы рөлде бесінші және соңғы рет көрінеді. Сюжетінде Джеймс Бонд қызметін тастап, Ямайкада тыныш қана күн кешіп жатады. Бір күні оның Орталық барлау басқармасындағы досы Феликс Лейтер пайда болады. Әлдекімдердің қолына түскен ғалымды құтқару керек. Бондты қауіпті технологиялық қарумен жарақтанған құпия зұлым күтіп тұр. Басты антагонистті «Оскарлы» Рами Малек ойнайды. Премьерасы 1 сәуірде.

Тым-тырыс мекен: 2 бөлім / A Quiet Place: Part II

Бұл фантастикалық триллердің бірінші бөлімі 2018 жылы шыққан еді. Тықыр еткен дыбысқа жетіп келетін құбыжықтардан қорғанған бір отбасының хикаясы айтылған еді. Сиквелінде отағасынан айырылған осы отбасының әрі қарайғы өмірі баяндалады. Олар қираған үйін тастап, жаңа қауіпсіз мекен іздеуге мәжбүр болады.

Эмили Блант бастаған актерлік құрамға жаңадан Киллиан Мёрфи қосылды. Премьерасы 22 сәуірде.

Қара жесір / Black Widow

Marvel киноғаламының қаһарманына арналған бөлек фильм. Басты кейіпкер – Наташа Романофф «Қара жесір» деген атпен белгілі жауынгер әрі шпион қыз. Картинада оның Кек алушылар құрамына қосылғанға дейінгі өмірі көрсетіледі. Басты рөлде – бәрімізге белгілі Скарлетт Йоханссон. Премьерасы 6 мамырға белгіленген.

Годзилла мен Конгтің шайқасы / Godzilla vs. Kong

Warner Bros. студиясының алып құбыжықтарға арналған фильмдер сериясының кезекті бөлімі. Бұған дейін «Годзилла«, «Годзилла: Монстрлар патшасы«, «Конг: Бассүйек аралы» фильмдері шықты. Төртінші фильмде Годзилла мен Кинг-Конгты бір-біріне қарсы қоймақ. Ауқымды жобаның премьерасы 20 мамырға жоспарланып отыр.

Круэлла / Cruella

1996 жылғы «101 далматин» / «101 Dalmatians» фильмінің приквелі. Басты рөлде – Эмма Стоун. Фильм оқиғасы 1970 жылдары Лондонда өрбиді. Жас модельер Круэлла де Вил ит терісіне ерекше құмар еді, әсіресе далматиндердің терісінен ішік жасауды армандайды. Премьерасы – 27 мамыр.

Форсаж 9 / F9

Бір жылға кешігіп жеткен тоғызыншы «Форсаж». Бастапқыда 2020 жылы 21 мамырда шығуы керек еді. Коронавирус пандемиясына байланысты уақыты бірнеше рет өзгерді. Бұл жолы Доминик Торетто бастаған топ оның інісі Джейкобқа (Джон Сина) қарсы тұрады. Алдыңғы бөлімдегі кибертеррорист Сайфер (Шарлиз Терон) Доминиктен өшін алу үшін екі ағайындыны бір-біріне қарсы қояды. Премьерасы 27 мамырда.

Француз жаршысы / The French Dispatch

Уэс Андерсонның оныншы режиссерлік жұмысы. Комедия элементтері бар драмада ойдан құралған The French Dispatch of the Liberty, Kansas Evening Sun (Француз жаршысы, «Либерти. Канзас ивнинг сан» газетінің қосымшасы) америкалық апталық журналының редакциясы туралы. Бұл басылымның офисы Францияда орналасқан. Актерлік құрамда Бенисио Дель Торо, Эдриен Броуди, Тильда Суинтон, Леа Сейду, Фрэнсис МакДорманд, Тимоти Шаламе, Лина Кудри, Джеффри Райт, Матьё Амальрик, Стив Парк, Билл Мюррей, Оуэн Уилсон, т.б. жұлдыздар бар. Премьерасының нақты күні әзірге белгісіз, жаз айларында шығуы тиіс.

Жын аулаушылар: О дүние / Ghostbusters: Afterlife

1984 және 1989 жылдары шыққан аттас екі фантастикалық комедияның тікелей жалғасы. Оқиғасы екінші фильмнің сюжетінен кейін отыз жыл өткен соң өрбиді. Үшінші фильмде екі баласымен ескі фермаға көшіп келген әйелдің хикаясы баяндалады. Бұл ферма әкесінен мұраға қалған. Балалар фермадан жын аулаушыларға тиесілі болған Ecto-1 автокөлігін тауып алады. Актерлік құрамда түпнұсқада ойнаған Билл Мюррей, Дэн Эйкройд, Эрни Хадсон, Сигурни Уивер, Энни Поттс секілді ардагерлер бар. Премьерасы 9 маусымда.

Биікте / In the Heights

«Бір адым алға» франшизасының екі бөлімін, «Өте бай азиаттар» / «Crazy Rich Asians» драмасын түсірген Джон М. Чудың бұл режиссерлік жұмысы аттас Бродвей мюзиклының желісімен түсірілген. Оқиғасы Нью-Йорктың Вашингтон-Хайтс ауданында өрбиді. Шағын дүкеннің иесі Уснави жергілікті сұлу Ванессаға ғашық. Ол Доминикан Республикасына оралып, сол жақта бар ашуды армандайды. Стэнфорд университетінде оқуын жалғастыруға қаржысы жетпеген Нина әкесінің қол астында жұмыс істейтін Бенниге ғашық болады. Ауданның кәрі тұрғыны Клаудия әжей лотореядан 96 мың доллар ұтып алады. Әлемдік премьерасы 18 маусымда, ал ТМД нарығында – 26 тамызда.

Веном: Карнаждың келуі / Venom: Let There Be Carnage

Sony Pictures кинокомпаниясының блокбастері – 2018 жылғы «Веномның» сиквелі. Режиссер міндетін Энди Серкис атқарды, басты рөлде – Том Харди. Жоба Sony Pictures студиясының Marvel кейіпкерлеріне арналған әлеміне кіреді. Сюжетінің қандай болатыны әлі ресми айтылмады, бірақ аты айтып тұрғандай – негізгі текетірес Веном мен комикс әлемінің танымал суперзұлымы Карнаж арасында болатыны белгілі. Бұл симбиотты Вуди Харрельсон ойнайды. Премьерасы 24 маусымда.

Миньондар: Өскелең Грю / Minions: The Rise of Gru

«Жексұрын мен» франшизасының спин-оффы деп те, «Миньондар» мультфильмінің жалғасы деп те айтуға болады. Миллион жыл бойы зұлым көшбасшы іздеген миньондар ақыры оны табады. Грю әлі жас, әлемді басып алу жоспары да әлі піспеген. Бірақ жексұрын қылықтары жетерлік. Бұның да премьерасы пандемияға байланысты бір жылға кешікті, жаңа датасы 1 шілде деп белгіленген.

Топ Ган: Мэверик / Top Gun: Maverick

Том Круз 1986 жылғы рөліне қайта оралды. «Топ Ган» фильмінің жалғасы арада 30 жылдан астам уақыт өткен соң өрбиді. Бас кейіпкер Пит «Мэверик» Митчелл – әлі де сынақшы-ұшқыш жұмысын тастаған жоқ. Шенінің өскеніне де қарсы, өйткені сүйікті ісін тастағысы келмейді. Жаңа түлектер отрядын арнайы миссияға дайындауға кіріседі. Олардың арасынан қайтыс болған досы Ник Брэдшоудың ұлын кездестіреді. Премьерасы 8 шілдеде.

Шан-Чи және Оң сақина аңызы / Shang-Chi and the Legend of the Ten Rings

Marvel кинематография әлемінің төртінші фазасына кіретін кинокомикс. Басты кейіпкер Шан-Чи – осы киноғаламдағы алғашқы азиат суперқаһарман. Ол «Он сақина» қылмыстық ұйымына жансыз болып еніп, өткен өмірінің қателіктерімен күреседі. Басты кейіпкерді төбелес қойылымдарының шебері Симу Лю ойнайды. Одан бөлек актерлік құрамда Мишель Йео мен Аквафина бар. Премьерасы 8 шілдеге белгіленген.

Ғарыш Джем: Жаңа ұрпақ / Space Jam: A New Legacy

Спорт тақырыбындағы анимация элементтері бар комедия. 1996 жылғы «Ғарыш Джем» фильмінің жалғасы. Картинада тірі актерлер дt, 2D-анимацияда салынған кейіпкерлер де бар. Оқиғасы баскетбол жұлдызы Леброн Джеймс пен ұлы Бронни төңірегінде өрбиді. Премьерасы 15 шілдеде.

Джунглидегі круиз / Jungle Cruise

Эмили Блант пен Дуэйн Джонсон ойнаған қызық оқиғалы фэнтези. Фильмге Диснейлендтегі аттас аттракцион арқау болған. Оқиғасы 20 ғасырдың басында өрбиді. Өзен кемесінің капитаны Фрэнк пен әйел ғалым джунглиге аттанады. Олар емдік қасиеті бар деп саналатын өмір ағашын табуы керек. Кейіпкерлер сапар кезінде қауіпті, жабайы аңдармен күреседі, неміс экспедициясымен бәсекеге түседі. Премьерасы 29 шілдеде.

Суицидшілер жасағы / The Suicide Squad

Джеймс Ганн режиссер болған бұл фильм 2016 жылғы аттас картинаның жалғасы. Десек те концепцияға енген өзгерістерден кейін, актерлер құрамы сақталса да сюжет тұрғысынан бөлектеу фильм болатын секілді. Атауының өзгеріссіз қалып, бірінші бөліммен бірдей болуы тегін емес. Бұрынғы актерлерден Марго Робби (Harley Quinn), Юэль Киннаман (Rick Flag), Джай Кортни (Captain Boomerang) және Виола Дэвис бар. Жаңадан Идрис Эльба (Bloodsport), Джон Сина (Peacemaker), Натан Филлион (T.D.K.), Майкл Рукер (Savant), Алиси Брага (Solsoria), Шон Ганн (Ласка), Сильвестр Сталлоне қосылды. Премьерасы: 5 тамыз.

Кэндимен / Candyman

1992 жылғы аттас фильмнің сиквелі. Кэндимен туралы франшизаның төртінші фильмі. Үрейлі триллер бір қолының орнында ілмегі бар чикаголық маньяк туралы. Ол құрбандарына түнде айна арқылы келеді. Басты рөлде – Яхья Абдул-Матин II. Премьерасы 26 тамызға жоспарланған.

Үш мың жыл күту / Three Thousand Years of Longing

Джордж Миллердің ауқымды жобасы. Драмаға Тильда Суинтон мен Идрис Эльба түсті. Сюжеті туралы нақты ештеңе айтылмады, бірақ экшн-көріністері бар фэнтези-мелодрама екені белгілі. 60 млн долларлық жобаның премьерасы биыл қыркүйекке жоспарланып отыр.

Ньюарктың түрлі әулиелері / The Many Saints of Newark

HBO телеарнасының культқа айналған «Сопрано» / «The Sopranos» сериалының приквелі. Фильм сюжеті сериалда көрсетілген оқиғалардан бұрын, 1960 жылдары өрбиді. Нью-Джерси штатының Ньюарк қаласында афроамерикалықтар саны күрт өсе бастайды. Бұл жағдай жергілікті итальян авторитеттеріне ұнай қоймайды, сол себепті екі әлеуметтік топ арасында конфликт басталады.

Фильм режиссері – «Сопрано» эпизодтарын түсірген Алан Тейлор. Сериалдағы Джеймс Гандольфини ойнаған кейіпкер Тони Сопраноның жас кезі де көрсетілмек. Оны марқұм актердің ұлы Майкл Гандольфини ойнайды. Фильм 24 қыркүйекте шығуы мүмкін.

Шағыл / Dune

Фрэнк Герберттің аттас романының экранизациясы. Сюжеті Шағыл ғаламының бірінші кітабында айтылған оқиғалардың жартысын қамтиды. Оқиғасы алыс болашақта жұлдызаралық империяға қарасты галактикада өрбиді. Бұл әлемде феодалдар тұтас планеталарды иемденіп алған. Пол Атрейдес есімді жас аристократ әскери төңкерістен кейін шағыл тұрғындары – фремендер арасында жасырынуға мәжбүр. Оның отбасы иелік ететін Арракис планетасында дәмдеуіш деген ерекше зат өндіріледі, сол зат ғарыш сапарларын жүзеге асыруға пайдаланылады.

Фильм режиссері – Дени Вильнев. Режиссер «Шағылдың» жаңа экранизациясына талантты актерлерді топтастыра алды. Пол Атрейдес рөліне жас талант Тимоти Шаламе бекітілген. Ол «Оскарға» ұсынылған ең жас актер атағына ие. Одан бөлек Ребекка Фергюсон, Оскар Айзек, Джош Бролин, Стеллан Скарсгард, Дэйв Батиста, Зендея, Шарлотта Рэмплинг, Джейсон Момоа, Хавьер Бардем секілді танымал әртістер бар. Премьерасы 2020 жылы 30 қыркүйек деп жарияланды.

Морбиус / Morbius

Sony студиясының Marvel кейіпкері туралы блокбастері. Майкл Морбиус – қан дертінен өзін емдеймін деп қанішер монстрға айналып кеткен антиқаһарман. Бұл кейіпкер комикс әлемінде Өрмекші-адамның қарсыласы ретінде белгілі. Ал кинода Том Холланд ойнайтын Өрмекші-адамды Marvel де, Sony да өз жобаларында пайдалана алатынын ескерсек, болашақта Морбиустың Питер Паркермен кроссоверін күтуге негіз бар.

Фильмде басты кейіпкерді Джаред Лето ойнайды. Премьерасы 8 қазанға жоспарланған.

Соңғы жекпе-жек / The Last Duel

Ридли Скоттың драмасы тарихи кезеңді баяндайды. Норманд рыцарі Жан де Карруж соғыстан оралған соң көршісі әрі қарсыласы Жак Ле Гри әйелін зорлағанын біледі. Алайда Ле Гридің одақтастары мықты, ал әйелдің сөзіне ешкім құлақ аспайды. Карруж Франция патшасы Карл VI-ден көмек сұрайды. Патша екі тарапты тыңдай келе даудың шешімі әділ жекпе-жек болуы керек дейді. Карруж жеңілсе жалған айып таққаны үшін тірілей өртелмек.

Фильмде Мэтт Дэймон, Адам Драйвер, Бен Аффлек ойнайды. Премьерасы: 14 қазан.

Орындалмас миссия 7 / Mission: Impossible 7

Кристофер Маккуорридің қызық оқиғалы боевигі алдыңғы бөлімдердің сюжетін жалғастырады. Том Круз бастаған негізгі актерлік құрам өзгеріссіз қалды. Бұл франшизаның фанаттары әр бөлім Том Круздың қайталанбас трюктарымен ерекшеленетінін жақсы біледі. Жаңа серияда актер биік құздан мотоциклмен секіреді. Премьерасы 18 қараша деп белгіленді.

Элвис / Elvis

Элвис Пресли туралы Баз Лурманның байопигі. Рок-н-ролл аңызын Остин Батлер деген актер ойнайды. Ол осыған дейін Квентин Тарантиноның «Бір күні Голливудта» / «Once Upon a Time… in Hollywood» және Джим Джармуштың «Өліктер өлмейді» / «The Dead Don’t Die» фильмдерінде көрінді. Одан бөлек актерлік құрамда Том Хэнкс пен Люк Брейси бар. Премьерасы 4 қараша деп жарияланды.

Қорқыныш аллеясы / Nightmare Alley

Гильермо дель Торо режиссер болған Уильям Линдсэй Грешамның аттас шығармасының экранизациясы. Сюжеті жас алаяқ Стэн Карлайл туралы. Ол карнавалда фокус көрсетеді. Бір күні өзін өліктермен сөйлесе алатын адам деп көрсете бастайды.

Гильермо дель Тороның бұрынғы жұмыстарымен салыстырғанда, бұнда фантастика элементтері болмайды. Актерлік құрамда Брэдли Купер, Кейт Бланшетт, Руни Мара, Уиллем Дефо секілді жұлдыздар бар. Фильм премьерасы желтоқсанға жоспарланған.

Уест Сайд оқиғасы / West Side Story

Стивен Спилбергтің музыкалық драмасы 1957 жылғы аттас Бродвей мюзиклінің кинонұсқасы. Ал мюзиклге Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» пьесасы арқау болған. 1961 жылы бір экранизациясы шыққаны белгілі, алайда бұл жолы Бродвей сценариіне көбірек жақын болады деп айтылды.

Сюжет бойынша 1950 жылдары Нью-Йоркте екі көше бандасы болады. Біреуінде Тони деген бозбала, ал екіншісінде Мария деген қыз бар. Бір-біріне жау екі топтың ұлы мен қызы бір-біріне ғашық болады. Премьерасы 9 желтоқсанда.

Том Холланд ойнайтын Өрмекші-адам туралы үшінші фильм, әзірге ресми атауы белгісіз. Жоба Marvel киноғаламының төртінші фазасына кіреді, сондай-ақ Sony Pictures студиясының да киноғаламына қатысы бар. Түрлі қауесеттер бұл фильмге бұрын Өрмекші-адамды ойнаған Тоби Магуайр мен Эндрю Гарфилд тартылады дейді. Сондай-ақ Джейми Фокс 2014 жылғы «The Amazing Spider-Man 2» фильміндегі Электро, Альфред Молина 2004 жылғы «Spider-Man 2» фильміндегі Доктор Сегізаяқ рөлін қайталайды деген де хабар бар. Демек «Кек алушылардың» соңғы бөліміндегі мультиғалам идеясы жалғасын табатын секілді. Әзірге премьерасы 16 желтоқсанда деп айтылды.

Матрица 4 / The Matrix 4

«Матрица» фильмдер сериясының жаңа бөлімді Лана Вачовски бір өзі түсіреді. Сюжеті бұрынғы бөлімдер секілді компьютерлік жүйе мен адамдар арасындағы соғыс төңірегінде болады. Нақты деталдері туралы айтылмайды, бірақ бұл приквел емес, бұрынғы трилогияны әрі өрбітетіні белгілі. Басты рөлге Киану Ривз пен Кэрри-Энн Мосс оралады. Жоспар бойынша 23 желтоқсанда шығуы тиіс.

Макбет трагедиясы / The Tragedy of Macbeth

Джоэл Коэннің картинасы Шекспирдің әйгілі трагедиясының желісімен түсірілді. Бір ерекшелігі Макбетті – алғаш рет қара нәсіл актер Дензел Вашингтон ойнайды. Леди Макбет рөлінде Фрэнсис МакДорманд. Сондай-ақ Брендан Глисон (Дункан патша), Кори Хокинс (Макдуф) түсті. Премьерасының нақты датасы әзірге белгісіз.

Soggy Bottom

Пол Томас Андерсонның картинасы. Сюжеті 1970 жылдары Сан-Фернандо аңғарында өрбиді. Басты кейіпкер – жастығына қарамай табысты актерге айналған мектеп оқушысы. Негізгі рөлдердің бірін Брэдли Купер ойнайды. Премьера күні әзірге белгісіз.

Аннетт / Annette

Адам Драйвер мен Марион Котийяр қатысқан француз-америкалық мюзикл. Сюжетте стендап-комик опера әншісі болған жарынан айырылады, сөйтіп екі жасар қызымен қалады. Көп кешікпей қыздың бойынан ерекше қабілет анықталады. Премьерасының датасы әлі жарияланған жоқ.

14 қаңтар премьералары: қайсар қыздар уикенді

Осы аптаның премьералары әйел кейіпкерлерімен ерекше: біреуі кек алушы, екіншісі сырқатымен күресуші, үшіншісі өгей ұлын аруақтардан құтқарушы және тағы біреуі Садакомен күресуші.

Болашағы бар қыз / Девушка, подающая надежды / Promising Young Woman [18+]

Британ кинематографшысы Эмиральд Феннелдің триллері беделді университетте оқитын сұлу, ақылды, болашағынан зор үміт күттіретін бойжеткен туралы. Оның келешегі алдын ала айқындалып қойғандай еді. Бірақ бір қайғылы оқиға оның өмірін өзгертеді. Енді қыз кек үшін өмір сүреді.

Фильмнің әлемдік премьерасы «Сандэнс» кинофестивалі аясында өтті. Кейін «Sunset Film Circle Awards» жүлдесінің үш номинациясын жеңіп алды (үздік фильм, үздік актриса, үздік режиссер) және Лос-Анджелес киносыншылар ассоциациясының екі жүлдесіне (үздік актриса, үздік сценарий) ие болды. Басты рөлде Кэри Маллиган («Ұлы Гэтсби») ойнайды.

Құдай күте тұрады / Небеса подождут / Gott, du kannst ein Arsch sein [16+]

Неміс режиссері Андре Эркаудың мелодрамасы 16 жастағы Штеффи деген қыздың басынан өткен оқиғасын баяндайды: алғашқы махаббат, мектеппен қоштасу, сыныптастармен бірге Парижге сапар. Алайда дәрігерлердің кесімінен кейін бұның бәрінен бас тартуға тура келеді. Штеффи ауруханада жатып емделуі керек. Бірақ адамға өмір бір рет беріледі, жастық шақ та енді қайтып келмейді.

Басқа дүние / Заклятье: Другая сторона / Andra sidan [18+]

Швед хоррорының сюжеті жеті жасар баланың төңірегінде өрбиді. Әкесі іссапарға кеткеннен кейін оның үйінде біртүрлі оқиға басталады. Лукас «басқа әлемнің» баласымен достасады. Көп кешікпей ол жоғалып кетеді. Ал өгей анасы ұлды табу үшін басқа дүниеге енуге мәжбүр болады.

Садако / Звонок. Последняя глава / Sadako [18+]

Кішкентай қызын өлтірмек болған әйел пәтерін өртейді, алайда өзі қайтыс болады. Аман қалған қызды әлдекімдер тауып алып, психолог Маю Акикаваға тапсырады. Сөйлесе келе Маю кішкентай қыздың бойынан ерекше қасиет байқайды – ол аруақтармен байланысқа түсе алады. Фильм әйгілі жапон «Ringu» хоррор-франшизасының жалғасы.