2021 жылғы наурыздың сериалдары

Көктемнің алғашқы сериалдары бөгдепланеталық кеменің сырын зерттеп, кайдзюлармен шайқасқан жасөспірімдердің ерлігін баяндайды, француз бандаларының тіршілігін ішінен көрсетіп, жасөспірімдер талқылайтын тақырыптарға назар аудартады.

Сынықтар / Обломки / Debris

NBC телеарнасының фантастикалық драмасы екі елдің агенті туралы баяндайды. Брайан Беневенти мен Финола Джонс ерекше тапсырма алады: олар бөгде планетадан келген кеменің табылған сынықтарын зерттеуі керек. Әлгі қалдықтар белгісіз себептермен адамзатқа әсер ете алады.

Премьерасы: 2 наурыз.

 

 

 

Тынық мұхит шебі: Қараңғылық / Тихоокеанский рубеж: Темная зона / Pacific Rim: The Black

Netflix көрермендеріне арналған мультсериал Гильермо Дель Торо құрған аттас киноғаламды әрі кеңейтеді. Мұхит түбіндегі алып кайдзюлар жер бетіне көтерілгенде қырғын соғыс басталған еді. Адамдар олармен күресу үшін «қорықшы» деп аталатын екі пилот басқаратын үлкен роботтар жасап шығарды. Құбыжықтар уақыт өте келе Австралияны басып алады. Тұрғындар материктен қашады, кейбірі сонда жасырынады. Ағасы мен қарындасы ата-анасын іздеп жүріп қорықшыны тауып алады. Сөйтіп екеуі роботты басқарып үйренбек болады.

Премьерасы: 4 наурыз.

Серке / Дилер / Caïd

Француз қылмыстық драмасы Netflix платформасына шығады. Басты кейіпкер – рэп әлемін бағындыруды көздеген Тони деген есірткі дилері. Ол режиссер мен оператор тауып, қауіпті әрі қылмысы көп ауданда музыкалық клип түсірмек болады. Алайда түсірілімнің астаң-кестеңі шығады, өйткені Тони бандалар арасындағы қанды қырғынға ұрынады. Есірткі саудасы, зорлық-зомбылық пен атыс-шабыстың бәрі камераға түсіп қалады.

Премьерасы: 10 наурыз.

Ұрпақ / Поколение / Generation

HBO Max сервисінің жасөспірімдерге арналған комедиясы мектеп өмірі мен жоғары сынып оқушылары арасында талқыланатын негізгі тақырыптарға арналады. Кейіпкерлер сексуалдық тақырыбын зерттеп, консерваторлық идеялар төңірегінде пікір таластырады. Сюжетке сценарийшілердің жас кезіндегі естеліктер арқау болған.

Премьерасы: 11 наурыз.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

3 наурыз:
– Флэш / The Flash; драма, фантастика, фэнтези, боевик, қызық оқиғалы (АҚШ): 7 маусым
– Жаңа Амстердам / Новый Амстердам / New Amsterdam; драма (АҚШ): 3 маусым

Жалғасы бар…

2021 жылғы ақпанның сериалдары: 2 бөлік

Netflix аман болсын дейміз тағы. Кіші экранның контент тапшылығын стриминг сервистер толтырып тұр. Ақпанның екінші жартысында нашақор жасөспірімдерге арналған неміс драмасы, Супермен мен Лоистың отбасылық өміріне арналған кинокомикс, басқа да бірнеше қызық жоба шығады.

Біз Зообақ балаларымыз / Мы дети станции Зоо / 

«Біз Зообақ станциясының балаларымыз» – 1978 жылы жарияланған өмірбаян кітаптың кезекті интерпретациясы. Кітапта Кристина деген қыздың мысалымен Берлиннің нашақор жасөспірімдерінің өмірі суреттеледі. Қыз 14 жасында героинға тәуелді болып үлгереді, доза үшін өзін сатады. Кітаптың және сериалдың атауы Берлиндегі «Зообақ» вокзалына сілтейді. Бұл жер 1970-1980 жылдары нашақорлардың бас қосатын орны болды.

Басты кейіпкерлер Кристина, Стелла, Басби, Бенно, Аксель және Мичи – түрлі отбасыдан шыққан алты дос. Бос уақытын олар есірткі мен музыкаға арнайды. Олар өзін іздейді, түрлі нәрселерді басынан өткізіп тексереді. Уақыт өте келе олардың тәуелділігі күшейіп, ал жасаған қылықтары қауіпті бола түседі.

Премьерасы: 19 ақпан.

Еуропа тайпалары / Племена Европы / Tribes Of Europa

Netflix ұсынған фантастикалық драманың оқиғасы 2074 жылы өрбиді. Жаһандық апаттан кейін Еуропа антиутопиялық тайпалық микромемлекеттерге бөлініп кетеді, олар өзара қырқысып, үстемдікке қол жеткізуге тырысады. Ағалы-інілі екеу мен олардың қарындасы сиқырлы кубты тауып алғаннан кейін Еуропа тағдырын шешетін қанды қырғынға ұрынады.

Премьерасы: 19 ақпан.

Супермен және Лоис / Супермен и Лоис / Superman and Lois

The CW телеарнасының DC қаһармандарына арналған киноғаламының жаңа жобасы. Супермен рөлінде тағы да Тайлер Хэклин, актер осы кейіпкерді осыған дейін «Супергерл», «Жебе», «Флеш» сериалдарында ойнады.

Сюжетте Кларк Кент зұлымдармен күресін аяқтап, жары Лоис Лейнмен кәдімгі отбасылық өмірді көрмек болады. Балалы болған соң ата-ананың тірлігі де оңай емес екенін түсінеді. Бұл да зұлымдармен күрес секілді күшті қажет етеді екен.

Лоис Лейн рөлінде Битси Таллокты көреміз, актриса The CW арнасының DC қаһармандарына арналған сериалдарының барлығына дерлік түсті.

Премьерасы: 23 ақпан.

Джинни мен Джорджия / Джинни и Джорджия / Ginny & Georgia

Netflix драмасы 30 жастағы Джорджия деген әйел туралы. Ол өмірін жаңадан бастамақ болып екі баласымен бірге басқа қалаға көшіп келеді. 15 жасар Джинни өтпелі жастың қиындығын көріп жатыр. Жаңа жерге үйренісіп, достар табу қиын болады. Бәрінен бұрын анасымен тіл табысу үлкен сынаққа айналады: анасы өткен өмірі туралы мүлдем айтпайды, кез келген проблеманы көзге ілмейді.

Премьерасы: 24 ақпан.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

20 ақпан:
– Күллі адамзат үшін / Ради всего человечества / For All Mankind; фантастика (АҚШ): 2 маусым

22 ақпан:
– Ұмытылмаған / Незабытый / Unforgotten; драма, қылмыстық, детектив, мистика (Ұлыбритания): 4 маусым

25 ақпан:
– Қалың қар / Снегопад / Snowfall; драма (АҚШ): 4 маусым

18 ақпан премьералары: Шәріповтың 18 килогерці, брутал Мадс Миккельсен, Джоди Фостер мен Бенедикт Камбербэтчтің ұрысы

Бұл уикенд қызық жобаларға толы: Фархат Шәріповтың жаңа режиссерлік жұмысы, Гуантанамо түрмесінде күнделік жүргізген айыпталушының өмірі туралы драма, Мадс Миккельсен ойнаған дат комедиясы, Розамунд Пайк түскен алаяқ әйелдің хикаясы бар.

18 килогерц [16+]

Қазақстан режиссері Фархат Шәріповтың жаңа жұмысы – 90 жылдар соңындағы қала жасөспірімдерінің көшедегі өмірін суреттейді. Фильмге Зара Есенаманның «Хардкор» хикаяты арқау болған.

Картина фестивалдерге де қатысып, жүлде алып үлгерді. 36 Варшава халықаралық кинофестивалінің Гран-приін, Котбустегі (Германия) 30 халықаралық кинфестивалдің Youth Film Competition конкурстық бағдарламасында үздік шықты.

Мавритандық / Мавританец / The Mauritanian [18+]

Джоди Фостер, Бенедикт Камбербэтч, Шейлин Вудли секілді Голливуд жұлдыздарының қатысуымен түсірілген британ триллері. Сюжеті өмірден алынған картинада Гуантанамо түрмесіне қамалған Мохаммед Ульд Слахи деген азамат туралы. Ол теракт жасады деген күдікке ілінеді, алайда ресми айып тағылмайды, сотта өзін қорғауға мүмкіндік те берілмейді. Осылайша абақтыда 6 жылын өткізеді. Осыдан кейін ғана адвокат жалдау құқығына ие болады.

Әділдік серілері / Рыцари справедливости / Retfærdighedens ryttere [18+]

Данияда түсірілген комедия әділдік іздеген жігіттердің оқиғасын баяндайды. Маркус деген кейіпкердің әйелі теміржол апатынан қайтыс болады. Былайша айтқанда қайғылы болса да кездейсоқ оқиға. Ал бұл жоспарланған қылмыс болса ше? Әскери қызметкер, ессіз математик және екі гик бірігіп осы істі тергемек болады. Фильмде басты рөлдердің бірін Мадс Миккельсен ойнайды.

Бәрі сенің қамың үшін / Аферистка / I Care a Lot [18+]

Розамунд Пайк пен Питер Динклэйдж түскен қылмыстық комедия Марла деген алаяқ әйел туралы. Ол қамқорлық танытқан болып өзгелерді пайдаланып кетудің шебері. Бай клиенттерін әп-сәтте тақырға отырғыза салады. Алайда жаңа танысы ол ойлағандай оңай шағыла қоймайды. Алаяқтың өмірі күрделене түседі.

Бұлттар арасындағы көлеңке / Воздушный бой / Shadow in the Cloud [16+]

Фантастикалық боевиктің сюжеті Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өрбиді. «Ұшатын қамал» бомбалаушы ұшағы құпия жүкті алып жүреді. Команданы жас қыз Мод Гарднер басқарады. Бұл жағдай сарбаздарға ұнай қоймайды. Әуеге көтерілгеннен кейін экипаж жапон жойғыштарымен шайқасуға мәжбүр болады. Оның үстіне әлдебір зұлым тіршілік иесі күтпеген жерден шабуылдайды. Капитан Мод команданы өзіне сендіре алатындай әрекетке баруы керек, сондай-ақ жауларымен шайқаса отырып жүкті тиісті жеріне жеткізуі тиіс. Фильмде басты рөлде Хлоя Грейс Морец ойнайды.

Прокатқа, сонымен қатар, ресейлік «Спасите Колю!» комедиясы мен «Пингвинёнок Пороро. Мир динозавров» мультфильмі жол тартты.

11 ақпан премьералары: Тендербайлар, Эмили Блант пен Джейми Дорнан, детектив Хилари Суэнк

Осы уикендті блокбастерсіз қарсы аламыз. Иә, мейджорлар пандемияның аяқталуын күтіп отыр, сол себепті ауқымы аз жобаларды қанағат ете тұрамыз.

Тендер [16+]

Отандық кинематографшылар ұсынған қылмыстық комедия бірге оқыған екі дос туралы. Олар бірлесіп мемлекеттік сатып алу арқылы пайда таппақ болады. Әдетте бұл бұл істің қызығына енген сайын заңсыз әрекеттері де көбейе түседі. Басты рөлдерде Данияр Тәженов пен Бекзат Достанов деген жас актерлер ойнайды. Актерлік құрамда жұлдыздардан Мұрат Бисенбин бар.

Жабайы тау жебірі / Дикая парочка / Wild Mountain Thyme [16+]

Эмили Блант пен Джейми Дорнан ойнаған британромкомы. Оқиғасы жабайы да көркем пейзаждың арасында өтеді. Энтони мен Розмари көршілер. Оларды бір-біріне сай деуге әбден болады, бірақ бұған бәр нәрсе кедергі. Бір күні Нью-Йорктан келген бір жігіт Розмариді өзімен бірге алып кетпекші болады. Ұялшақ Энтониде ғашығын өзіне қаратуға соңғы ғана мүмкіндік бар.

Қатер / Опасный соблазн / Fatale [18+]

Хилари Суэнк ойнаған триллер детектив әйел мен спорт агенті туралы. Жігіттің өмірі құпияға толы тергеушімен танысқаннан күрт өзгереді. Детектив оны өзі тергеп жүрген қылмыс істеріне тарта бастайды.

Дуа. Қара неке / Приворот. Черное венчание [16+]

Ресейде түсірілген үрейлі триллерде ер мен әйелдің қиын қарым-қатынасы сөз болады. Сүйген азаматы тастап кеткеннен кейін Женя деген қыз қиын қадамға барады: сыған әйелдің көмегімен қара неке ырымын жасайды. Көп кешікпей Кирилл оралады. Бірақ күннен күнге Кирилдің махаббаты ессіздікке айнала бастайды – ол қыздың әр қадамын қадағалап, көзден таса қылмайды.

Love [16+]

Ресейдің танымал юморисі Сергей Светлаковтың комедиясы. Фильм 14 ақпан – ғашықтар күніне орайластырылған, тематикасы да осы мейрам төңірегінде. Оқиғасы Love отелінде өтеді. Бұл жер ғашықтар үшін таптырмас мекен. Ғашықтар күнін ерекше атап өткісі келетіндер осында жиналады.

Премьералар қатарында Ресейдің тағы бір комедиясы бар: Сергей Бурунов ойнаған «Родные» картинасы роуд-муви бағытында түсірілген. Сондай-ақ кішкентай көрермендерге «Пончары. Глобальное закругление» және «Джек и механическое сердце» мультфильмдері бар.

2021 жылғы ақпанның сериалдары

Ақпанда біраз танымал франшиза өнімдері бар: Ганнибал Лектердің әлемі, Эквалайзер, тіпті Дуэйн «Жартас» Джонсонның өміріне арналған жоба бар.

Жарқырауықтар көшесі / Улица светлячков / Firefly Lane

Netflix ұсынған драма аттас кітаптың желісімен түсірілген. Екі әйелдің достығы туралы. Екеуі қырық жылдан бері айырылмас дос. Тұйық мінезді, қарапайым Кейт Маларки белсенді журналист Талли Харттың үнемі көлеңкесінде болып келді. Алайда бұл екеуінің достығына еш кедергі болған жоқ, екеуінің бір-біріне деген қарым-қатынасы талай сынақтан өткен еді.

Премьерасы: 4 ақпан

Теңестіруші / Великий уравнитель / The Equalizer

CBS арнасының боевигі 1985 жылғы аттас сериалдың жаңа нұсқасы. Басты рөлде – рэпер және актриса Куин Латифа. Оның кейіпкері – көмекке мұқтаж жандарға кез келген уақытта қол ұшын беруге әзір құпия адам. Ол епті, қолынан көп нәрсе келеді және атысып-төбелесуден алдына жан салмайды.

Премьерасы: 7 ақпан

Кларисса / Clarice

Сериалдың сюжеті Ганнибал Лектер әлемінде өрбиді. Оқиғасы 1993 жылғы «Қозылар үнсіздігі» («The Silence of the Lambs») фильмінен кейін жалғасады. ФТБ агенті Кларисса Старлинг Вашингтонға оралып, сексуалдық маньяктар мен кісі өлтірушілер ісін тергеуді жалғастырады.

Премьерасы: 11 ақпан.

Оның көздері / В ее глазах / Behind Her Eyes

Британ психологиялық триллерін Netflix ұсынады. Мини-сериал форматындағы жобаның басты кейіпкері – жалғыз басты ана. Ол бастығымен роман құрып, сондай-ақ сол еркектің әйелімен достық қарым-қатынас орнатады. Қалыптан тыс махаббат үшбұрышы көп кешікпей белгісіздік пен айтылмаған сыр туралы психологиялық хикаяға айналады.

Жас Жартас / Молодой Скала / Young Rock

Өмірбаян жанрындағы телесериал спортшы әрі актер Дуэйн «Жартас» Джонсонның балалығы мен жастық шағы туралы баяндайды. Жоба оның өмірінің балалық шағынан бастап Майами университетінде футбол ойнаған сәтіне дейінгі аралықты қамтиды.

Премьерасы: 16 ақпан.

 

 

 

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

8 ақпан:
– Хэрроу / Доктор Хэрроу / Harrow; драма (АҚШ, Австралия): 3 маусым

9 ақпан:
– Қара найзағай / Черная молния / Black Lightning; фантастика, боевик (АҚШ): 4 маусым

18 ақпан:
– Жағымды машақат / Приятные хлопоты / Good Trouble; драма, мелодрама, комедия (АҚШ): 3 маусым

28 қаңтар премьералары

Қаңтардың соңғы уикенді бізге Дензел Вашингтон-Рами Малек-Джаред Лето үштігін біріктірген детективті, монстрлармен шайқасқан Милла Йововичті, Оливер Твисттің заманауи хикаясын ұсынады.

Елеусіз түйткілдер / Дьявол в деталях / The Little Things [18+]

Джон Ли Хэнкоктың нео-нуары Лос-Анджелесте кісі өлтірушіні қолға түсірмек болған екі полицей туралы. Басты рөлдерде Дензел Вашингтон мен Рами Малек ойнайды. Ал күдікті рөлінде Джаред Лето. Аталған үш актердің де «Оскары» бар екенін айта кету керек (Вашингтонда екеу) Детектив фильмнің оқиғасы 1990 жылдары өрбиді.

Монстр аулаушы / Охотник на монстров / Monster Hunter [16+]

Актриса Милла Йовович пен оның күйеуі Пол В.С. Андерсон «Resident Evil» видеоойынының көп сериялы кинонұсқасында бірге жұмыс істегені белгілі. Ерлі-зайыптылардың шығармашылық тандемі тағы фантастикалық жобада жалғасын тауып отыр. Фильмдегі құбыжықтар параллель әлемде тұратын тіршілік иелері. Басты кейіпкер – лейтенант Артемис осы әлемге тап болады. Кері қайтатын жолды табу үшін ол осы қорқынышты әлемнің құжынаған құбыжықтарымен шайқасуы керек. Оған осы әлемде өмір сүріп үйренген Аңшы (Тони Джа) көмекке келеді.

Твист / Афера Оливера Твиста / Twist [16+]

Британ қылмыстық драмасы Чарльз Диккенстің 1838 жылғы «Оливер Твисттің басынан кешкендері» романының жаңаша баяндалуы. Басты рөлдерде: Рафферти Лоу, Майкл Кейн, Лина Хиди, Рита Ора және Софи Симнетт. Сюжетте Лондонда тұратын жас, талантты суретші туралы айтылады. Ол баға жетпес картинаны ұрламақ болған бандаға кездейсоқ тап болады.

Беймаза аруақ / Бывшая с того света / Blithe Spirit [16+]

Британ фэнтези-мелодрамасы 1941 жылғы аттас пьесаның желісімен түсірілген. Басты кейіпкер Чарльз Кондомайн – шығармашылық дағдарыстағы романшы. Шабыт іздеймін деп спирит сеансын өткізеді. Шақырған медиумы байқаусызда о дүниелік болған қызғаншақ әйелінің аруағын оятып алады. Осыдан кейін жазушының өмірінен сән кетеді: аруақ оның қазіргі әйеліне күн көрсетпей, күйеуін одан тартып алмақ болады.

Юба елінің соңғы жаңалықтары / Дать дуба в округе Юба / Breaking News in Yuba County [18+]

Тейт Тейлордың драмасы Эллисон Дженни, Мила Кунис, Регина Холл секілді актрисалардың басын қосты. Сюжетте көзге түсіп, танымал болуды армандайтын Сью деген әйел туралы баяндалады. Бір күні оның арманы орындалады. Күйеуі жоғалып кетіп, көпшіліктің назары оған ауады. Әйтсе де бұл мәселеге полиция да назар аударады, оның үстіне бандиттер де соңына түседі.

Сергек / Диббук / The Vigil [16+]

Үрейлі фильмде Яков деген жігіт ақша үшін шомер болуға келіседі. Бұлай деп еврей дәстүрінде өлген адамның жанында түнімен отыратын адамды атайды. Оның міндеті – дұға оқып, мүрдені зұлым аруақтардан қорғау. Алайда Яков өз міндетіне атүсті қарайды. Көп кешікпей біртүрлі елестерді көріп, дыбыстарды ести бастайды.

Бұлардан бөлек прокатқа ресейлік «Зоя» әскери драмасы (диверсант Зоя Космодемьянская туралы) мен канадалық «Говард и Подводное королевство» мультфильмі шықты.

2021 жылғы қаңтардың сериалдары: 3 бөлік

Назарларыңызда қаңтардың сериалдарына арналған соңғы шолу. Бүгін қайта оралған Техас рейнджері, үш гей дос, Netflix-тегі түрік қылмыстық драмасы туралы айтамыз.

Уокер, Техас рейнджері / Уокер / Walker, Texas Ranger

1990 жылдары культ болған «Уокер» сериалының ребуты. Бұрын басты рөлде Чак Норрис ойнаса, жаңа нұсқада «Supernatural» жұлдызы Джаред Падалеки ойнайды. Сюжетте Корделл Уокер екі жыл қызметтен кейін туған қаласы Остинге оралады. Онда кейіпкердің әйелі мен балалары тұрады. Алайда бейбіт өмірге деген үміті бұл өлкеде өршіп тұрған қылмыстың кесірінен сөніп қалады. Уокер әріптесімен бірге тәртіп орнатуға кіріседі.

Премьерасы: 22 қаңтар.

Тағдыр: Уинкс сагасы / Судьба: Сага Винкс / Fate: The Winx Saga

Итальян-британ драмасы Өзге әлемдегі сиқыршыларға арналған «Алфея» мектебінде оқитын құрбылас бес перінің есеюін баяндайды. Олар мектепте сиқыр күшін меңгереді. Оларды махаббат, бәсеке және қатерлі құбыжықтар күтіп тұр. Сериал Netflix платформасында шығады.

Премьерасы: 22 қаңтар.

Бұл күнә / Это грех / It’s a Sin

Британ телесериалы үш гей достың хикаясын көрсетеді. Оқиғасы 1980 жылдары Лондонда өтеді. Бұл заманда көп өзгеріс болды: киім, музыка, субкультура, есірткі, секс. Басты кейіпкерлер түнімен сауық құрады, өмірдің қызығын көріп, уақытты құр сарп етеді. Бір күні олардың біреуінен СПИД анықталады.

Премьерасы: 22 қаңтар.

50M2

Netflix ұсынған түрік сериалы. Қылмыстық драма киллердің төңірегінде өрбиді. Қожайынына жақпай қалғаннан кейін бас сауғалап тігін шеберханасына жасырынады. Оны сол шеберхана иесінің баласы деп қабылдайды, бас кейіпкер де өзгелердің алдында өзін солай ұстайды.

Премьерасы: 27 қаңтар.

Тұрғылықты келімсек / Пришелец-постоялец / Resident Alien

Фантастикалық комедия бөгде планетадан келген гуманоидтың Жердегі оқиғаларын баяндайды. Өліп қалған доктор Гарри Вендершпиглдің денесін иемденіп, ол біздің планетаның тұрғындарын зерттейді. Түпкі мақсаты – адамдарды жою. Адамдарды таныған сайын ол өзінің зұлым миссиясының дұрыстығына күмәндана бастайды.

Премьерасы 2020 жылы қарашаға жоспарланған болатын, қазір 28 қаңтарда шығады деп хабарланып отыр.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар: 

21 қаңтар:
– Ривердэйл / Riverdale; драма (АҚШ); 5 маусым
– Нэнси Дрю / Nancy Drew; детектив (АҚШ): 2 маусым

22 қаңтар:
– Мұра / Наследие / Legacies; драма, фэнтези, үрейлі, қызық оқиғалы, детектив (АҚШ): 3 маусым

23 қаңтар:
– Юра дәуірінің әлемі: Бор кезеңінің лагері / Мир Юрского периода: Лагерь Мелового периода / Jurassic World: Camp Cretaceous; боевик, қызық оқиғалы, мультфильм (АҚШ): 2 маусым

25 қаңтар:
– Дуаланғандар / Зачарованные / Charmed; драма, фэнтези (АҚШ): 3 маусым

26 қаңтар:
– Қар бұзар / Сквозь снег / Snowpiercer; драма, фантастика, боевик, триллер (АҚШ): 2 маусым

28 қаңтар:
– Жақындасу / Сближение / Bonding; драма, комедия (АҚШ): 2 маусым

21 қаңтар премьералары

Аптаның басты премьерасы – Disney/Pixar студиясының «Жан» мультфильмі. Кинотеатрдан қазақша дубляждалған нұсқасын көруге болады.

Жан / Душа / Soul [6+]

Disney/Pixar студиясының мультфильмі еліміздің кинотеатрларына қазақша дубляжбен шығады. Музыкаға, мейірімге және қызық оқиғаларға толы анимациялық картина мектепте музыкадан сабақ беретін орта жастан асқан Джо Гарднер туралы. Ол өмір бойы джаз ансамблінің құрамында сахнада өнер көрсетуді армандап келген еді. Күндердің күнінде атақты әншінің көзіне түсіп, онымен бірге сахнаға шығатын болады. Көшеде бақыттан басы айналып келе жатқанда құдыққа түсіп кетіп, қайтыс болады. Оның жаны о дүние алдындағы аралық әлемге тап болады. Бұл жерде жаңа жандар пайда болып, болашақ адамдардың арманы мен қызығушылығы қалыптасады. Өзін тапқан жан осы жерден Жерге аттанады. Джо 22 деген реттік саны бар, бірнеше ғасырдан бері бойынан арман отын таба алмай келе жатқан қырсық жанға тәлімгер болады.

Әнші құс / Птица в клетке. Заражение / Songbird [16+]

Бұл триллердің сюжеті қазіргі пандемия тақырыбына сай келетін секілді. Оқиғасы 2024 жылы өрбиді. Әлемді қауіпті вирус жаулаған. Індетке шалдыққандарды күштеп алып кетіп, карантин лагерлеріне тоғытады. Нико деген курьердің ауруға қарсы иммунитеті бар. Алайда сүйгені Сара вирус жұқтырып алады. Енді Нико әскерилер келмей тұрып, Сараны құтқаруы керек.

Астрал. Онлайн / Host [16+]

Screenlife форматында түсірілген үрейлі фильм, яғни оқиғасы монитор алдындағы кейіпкерлер арқылы баяндалады. Достар онлайн түрде спирит сеансын өткізіп, аруақтарды шақырмақ болады. Осыдан кейін олардың өмірінде тылсым, қорқынышты жағдайлар басталады.

Бұлардан бөлек «Қала күні» / «День города» деген ресейлік комедия прокатқа шықты.

14 қаңтар премьералары: қайсар қыздар уикенді

Осы аптаның премьералары әйел кейіпкерлерімен ерекше: біреуі кек алушы, екіншісі сырқатымен күресуші, үшіншісі өгей ұлын аруақтардан құтқарушы және тағы біреуі Садакомен күресуші.

Болашағы бар қыз / Девушка, подающая надежды / Promising Young Woman [18+]

Британ кинематографшысы Эмиральд Феннелдің триллері беделді университетте оқитын сұлу, ақылды, болашағынан зор үміт күттіретін бойжеткен туралы. Оның келешегі алдын ала айқындалып қойғандай еді. Бірақ бір қайғылы оқиға оның өмірін өзгертеді. Енді қыз кек үшін өмір сүреді.

Фильмнің әлемдік премьерасы «Сандэнс» кинофестивалі аясында өтті. Кейін «Sunset Film Circle Awards» жүлдесінің үш номинациясын жеңіп алды (үздік фильм, үздік актриса, үздік режиссер) және Лос-Анджелес киносыншылар ассоциациясының екі жүлдесіне (үздік актриса, үздік сценарий) ие болды. Басты рөлде Кэри Маллиган («Ұлы Гэтсби») ойнайды.

Құдай күте тұрады / Небеса подождут / Gott, du kannst ein Arsch sein [16+]

Неміс режиссері Андре Эркаудың мелодрамасы 16 жастағы Штеффи деген қыздың басынан өткен оқиғасын баяндайды: алғашқы махаббат, мектеппен қоштасу, сыныптастармен бірге Парижге сапар. Алайда дәрігерлердің кесімінен кейін бұның бәрінен бас тартуға тура келеді. Штеффи ауруханада жатып емделуі керек. Бірақ адамға өмір бір рет беріледі, жастық шақ та енді қайтып келмейді.

Басқа дүние / Заклятье: Другая сторона / Andra sidan [18+]

Швед хоррорының сюжеті жеті жасар баланың төңірегінде өрбиді. Әкесі іссапарға кеткеннен кейін оның үйінде біртүрлі оқиға басталады. Лукас «басқа әлемнің» баласымен достасады. Көп кешікпей ол жоғалып кетеді. Ал өгей анасы ұлды табу үшін басқа дүниеге енуге мәжбүр болады.

Садако / Звонок. Последняя глава / Sadako [18+]

Кішкентай қызын өлтірмек болған әйел пәтерін өртейді, алайда өзі қайтыс болады. Аман қалған қызды әлдекімдер тауып алып, психолог Маю Акикаваға тапсырады. Сөйлесе келе Маю кішкентай қыздың бойынан ерекше қасиет байқайды – ол аруақтармен байланысқа түсе алады. Фильм әйгілі жапон «Ringu» хоррор-франшизасының жалғасы.

2021 жылғы қаңтардың сериалдары: 1 бөлік

Жаңа жылдың алғашқы сериалдар легі комедияға толы. Әсіресе «Бейәдеп сөздер тарихына» назар аударуды ұсынамыз. Николас Кейдж ағылшын тіліндегі боқтық сөздердің тарихы мен мағынасын түсіндіріп береді.

Сақшылар / Стража / The Watch

Мини-сериал форматындағы британ фэнтезиіне Терри Пратчеттің шығармалары арқау болған. Басты кейіпкерлер – Анк-Морпорк деген қаланың ақылсыз полицейлері. Сэм Ваймс басқаратын сақшыларды өз жұмысына лайық деуге болмайды. Десек те олар күн сайын қылмыспен бетпе-бет келеді, тіпті тылсым күштің иелерімен де күресуге мәжбүр болады.

Премьерасы: 3 қаңтар.

Мені Кэт деп ата / Зовите меня Кэт / Call Me Kat

«Миранда» британ ситкомының желісімен түсірілген комедия. Басты кейіпкер – 39 жастағы Кэт. Күн сайын ол қоғаммен және анасымен күресіп, барға қанағат етіп те бақытты бола алатынын дәлелдеуге тырысады. Туыстарының бітпейтін қысымынан шаршап, Кэт ата-анасы тойына деп жинаған ақшаны алады да «мысықкафе» ашып алады.

Премьерасы: 3 қаңтар.

Мінсіз ғаламшар / Идеальная планета / A Perfect Planet

Деректі сериал Жердің күші мен осалдығын баяндайды. Бірегей зерттеуде ауа райы, мұхит ағысы, күн энергиясы мен вулкан сияқты табиғат күштері планетадағы алуан өмірді қалай қалыптастыратынын, қуат беретінін түсіндіреді.

Премьерасы: 4 қаңтар.

Бейәдеп сөздер тарихы / История ругательств / History Of Swear Words

Netflix-тің ересектерге арналған скетч-шоуы. Шоудың басты жұлдызы – Николас Кейдж. Ағарту бағытындағы комедияда ағылшын тілінде кеңінен таралған бейәдеп сөздердің шығу тегі мен мәдени мағынасы туралы айтылады. Шоуға этимология саласының сарапшылары мен басқа да әртістер және комиктер қатысты.

Премьерасы: 5 қаңтар.

Мистер мэр / Mr. Mayor

Комедия жасөспірім қызын таңғалдыру үшін Лос-Анджелес мэрі болуды ойлаған бизнесмен туралы. Күтпеген жерден ол сайлауда жеңіске жетіп, енді қаланы қалай басқару екенін үйренбекші.

Премьерасы: 7 қаңтар.

 

 

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

1 қаңтар:
– Сабринаның жан түршіктірер оқиғалары / Леденящие душу приключения Сабрины / The Chilling Adventures of Sabrina (фэнтези, үрейлі, триллер, мистика), АҚШ; 4 маусым

2 қаңтар:
– Кобра Кай / Cobra Kai (драма, комедия, боевик), АҚШ; 3 маусым

4 қаңтар:
– Жаңа қызметкер / Новобранец / The Rookie (драма, комедия, қылмыстық), АҚШ; 3 маусым
– Соңғы нағыз еркек / Последний настоящий мужчина / Last Man Standing (драма), АҚШ; 9 маусым

6 қаңтар:
– Зоидың экстраординар плейлисті / Экстраординарный плейлист Зои / Zoey’s Extraordinary Playlist (комедия, музыка), АҚШ: 2 маусым

Жалғасы бар…