2020 жылғы тамыздың сериалдары

Тамызда шығатын сериалдар саны жағынан көп емес. Дегенмен назар аударуға тұрарлық жобалар да бар. Соның ішінде франко-кубалық-америкалық жазушы Анаис Ниннің «Кішкентай құстар» эротикалық әңгімелер жинағының желісімен түсірілген драмаға, Джейсон Судейкис ойнаған Apple TV+ сервисінің комедиясына және өндірісіне Джей Джей Абрамс пен Джордан Пил қатысқан фантастикалық триллерге назар аударуды ұсынар едік.

Бүгінгі Маппеттер / Маппеты сегодня / Muppets Now

Классикалық телешоудың жалғасы. Қысқаметраж эпизодтардан құралған сериалда көңілді қуыршақтар шоу-бизнестің танымал тұлғаларымен кездеседі. Шоу Disney+ стриминг-сервисінен көрсетілмекші. Алғашқы маусым 6 эпизодтан тұрады деп хабарланды. Премьерасы: 1 тамыз.

Кішкентай құстар / Маленькие пташки / Little Birds

Сериал оқиғасы 1955 жылы Танжерде өрбиді. Бір-біріне ұқсамайтын екі әйелдің тағдыры тоғысады. Америкалық Люси Мароккоға келеді. Ол болашақ жарымен бірге ережелер мен шарттардан қашып келген. Оның сүйгені – ағылшын лорды Люси мен танжерлік еркектің біреуіне таңдау жасауы тиіс. Ал осы қалада тұратын жезөкше Шерифа осы кезде төңірегіндегі әлемді өзгертіп, өз тәуелсіздігі үшін күресіп жатады.

«Кішкентай құстар» франко-кубалық-америкалық жазушы Анаис Ниннің эротикалық әңгімелер жинағының желісімен түсірілген. Премьерасы: 4 тамыз.

Стартрек: Төменгі палуба / Звездный путь: Нижние палубы / Star Trek: Lower Decks

Оқиғасы «Стартрек» франшизасының әлемінде өрбитін анимациялық сериал. Сюжеті 2380 жылы өрбиді. Капитан Фриман және оның командасы Жұлдызды флоттың ең пайдасыз және мәні жоқ кемесімен алыс сапарға аттанады. Оларға ең лас, ешкім орындамайтын тапсырмалар жүктеледі.

Премьерасы: 7 тамыз.

Тед Лассо / Ted Lasso

Джейсон Судейкис ойнаған Apple TV+ сервисінің комедиясы. Басты кейіпкер – колледждің футбол командасын жаттықтыратын Тед Лассо. Оған Англиядан ұсыныс түсіп, жергілікті командаға бапкер болуы керек. Бірақ бір проблема бар. Тед – америкалық футбол маманы, классикалық футболдан түк хабары жоқ.

Премьерасы: 15 тамыз.

Лавкрафт елі / Страна Лавкрафта / Lovecraft Country

Өндірісіне Джей Джей Абрамс пен Джордан Пил қатысқан фантастикалық триллер. Сюжетте жас афроамерикалық Аттикус Блэк, оның ағасы Джордж және сүйгені Летиша Америка ішіне саяхатқа аттанады. Олар Аттикустың жоғалып кеткен әкесін табуға тырысады. Оларды ақ америкалықтардың расизмі ғана емес, қорқынышты монстрлармен кездесу күтіп тұр.

Сериал Америка жазушысы Сэтт Руффтың аттас романының желісімен түсірілген. Премьерасы: 17 тамыз.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

1 тамыз:
– Амбрелла академиясы / Академия Амбрелла / The Umbrella Academy; фэнтези, боевик (АҚШ): 2 маусым

7 тамыз:
– Ашық теңіз / Открытое море / Alta mar; драма, қылмыстық, детектив (Испания): 3 маусым

22 тамыз:
– Люцифер / Lucifer; фэнтези (АҚШ): 5 маусым

26 тамыз:
– Әшекейлер / Воровки / Trinkets; драма (АҚШ): 2 маусым

2020 жылы шілдеде шығатын сериалдар: 2 бөлік

Шілденің сериалдарына арналған шолудың екінші бөлігінде қара нәсіл стриптизшілердің тағдыры туралы драма, жалған образбен өзін жұлдызға айналдырған қыздың хикаясы, Peacock және Netflix сервистерінде шығатын фантастикалық сериалдар, Кевин Харт пен Джон Траволта ойнаған комедия туралы айтамыз.

П аңғары / Долина соблазна / P-Valley

Теледрамада қара нәсіл стриптизшілердің тағдыры суреттеледі. Әр серия – Миссисипи сағасының бойында орналасқан шағын қалашықтағы стриптиз-клубтың өмірі туралы бір хикая. Бұл бикештер сахнада нағыз ғажапты көрсетсе де, олардың тағдыры құштарлыққа толы биге мүлдем ұқсамайды. Бірінші маусым 8 эпизодтан құралады.

Премьерасы: 13 шілде.

Анджелина / Angelyne

Рени Голдберг – 1950 жылдары Польшадан көшіп келген иммигранттар отбасынан шыққан бойжеткен. 1980 жылдары өзін поп-икона қылып көрсетеді: Анджелина деген төсі үлкен сұлу әйелдің образын ойлап тауып, өз фотосын Лос-Анджелес билбордтарына іледі. Ешкім Анджелинаның кім екенін білмеді, бірақ оны көшеде көргенде бәрі танитын болды.

Сериалға The Hollywood Reporter журналисі Гари Бауманның зерттеуі негіз болған. Басты рөлде «Ұятсыздар» жұлдызы Эмми Россам ойнайды. Премьерасы: 15 шілде.

Ғажап жаңа әлем / Дивный новый мир / Brave New World

Peacock стриминг-сервисінде шығатын сатиралық антиутопияға Олдос Хакслидің аттас романы арқау болған. Сюжетте тұтыну культқа айналған, қоғам кастаға бөлінген болашақ әлем суреттеледі. Бір күні Лондонның екі тұрғыны қала сыртына шығып, қанды ереуілдің ортасында қалады.

Премьерасы: 16 шілде.

Қарғыс атқан / Проклятая / Cursed

Netflix платформасының фэнтезиі мистикалық қабілетке ие Нимуэ деген жас қыздың оқиғасын баяндайды. Анасы қайтыс болған соң Артур есімді жас жігітке еріп, бір қарияны іздеуге шығады. Олар көне қылышты тапсыруы керек. Сапар кезінде көп нәрсе олардың өмірін өзгертеді, Нимуэ батырлық пен көтерілістің символына айналып, патша шапқыншыларына қарсы тұрады.

«Қарғыс атқан» Фрэнк Миллер мен Том Уилердің графикалық романы желісімен түсірілген. Премьерасы: 18 шілде.

Мықты Харт / Крепкий Харт / Die Hart

Quibi платформасында көрсетілетін Кевин Харт ойнаған экшн-комедия. Атауы әйгілі «Die Hard» боевигіне сілтейді. Сюжетте комедия актері амплуасын өзгертуді ойлайды. Ірі боевикке түсу үшін экшн-жұлдыздар дайындайтын мектепте оқып шығуы керек. Джон Траволта ойнайтын қатал оқытушының сынынан өту оңай емес.

Премьерасы: 21 шілде.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

20 шілде:
– Алиенист / The Alienist; драма, қылмыстық, тарихи, детектив (АҚШ): 2 маусым

21 шілде:
– Есірткіні онлайн қалай сатады / Как продавать наркотики в Интернете (быстро) / How To Sell Drugs Online; драма, комедия, қылмыстық (Германия): 2 маусым
– Аванпост / The Outpost; фэнтези (АҚШ): 3 маусым

23 шілде:
– Корпорация / Монстры корпорации / Corporate; комедия (АҚШ): 3 маусым

25 шілде:
– 104 бөлме / Комната 104 / Room 104; комедия (АҚШ): 4 маусым

Соңы.

2020 жылы шілдеде шығатын сериалдар

Шілдеде шығатын жаңа сериалдардың басым бөлігін стриминг-сервистер ұсынады. Сіздерді Netflix, HBO Max, Apple TV+ өнімдерімен таныстырамыз.

Қарғыс: Әлқисса / Проклятие: Начало / Ju-On: Origins

Жапонның атақты хоррор-франшизасына жаңа дем беріліпті. Енді бұл жоба Netflix-те мини-сериал форматында жарық көреді. Жобаның сценарий авторлары – тағы бір танымал хоррор-франшиза – «Шеңбер/Қоңырау» («Ringu») авторлары.

Сюжет Харука Хондзе деген актриса төңірегінде өрбиді. Бір күні үйінен әлдекімнің жүргенін, біртүрлі дыбыстар естиді. Харука психоэнергия зерттеушісінің көмегіне жүгініп, тылсым құбылыстың мәнін ұқпақ болады.

Премьерасы: 3 шілде.

Жауынгер-монах әйел / Монахиня-воин / Warrior Nun

Аттас комикс желісімен түсірілген Netflix ұсынған фантастикалық боевик. Сюжетте 19 жасар қыз моргта оянады. Оған өмір сүруге екінші мүмкіндік ашылып, тіпті ерекше қабілетке де ие болады. Енді ол – Жер бетіндегі жын-перілермен күресетін ежелгі орденнің мүшесі.

Премьера: 3 шілде.

Бала бағушылар клубы / Клуб нянек / The baby-sitters club

Netflix-тің отбасылық комедиясы он үш жасар қыз балалар туралы. Олар қала түбінде тұрады және бос уақытында бала бағып табыс табады. Олардың өмірінде жасөспірімге тән оқиғалар жетерлік: достасады, ғашық болады, ұрысып, кейін қайта татуласады, ата-анасымен келіспей қалады, сабақ оқиды. Ал бала бағу дағдыларын үйренуге Google көмектеседі.

Премьерасы: 4 шілде.

Мейілінше жақын / Достаточно близко / Close Enough

HBO Max сервисінің анимациялық комедиясы қарапайым отбасы туралы: күйеуі, әйелі және кішкентай қыз. Олар күн сайын тұрмыстың түрлі мәселелеріне ұрынады: жұмыс, достар, бала тәрбиесі, уақыт тапшылығы, зұлым опоссумдар, алып өрмекші-мутанттар, аруақтар, клоун-стриптизерлер мен жеңіл есірткінің әсерінен болған елестер. Бұл отбасыны үлгілі деу қиын, дегенмен олар мейілінше тырысады.

Премьерасы: 10 шілде

Кішкентай дауыс / Голосок / Little Voice

Apple TV+ ұсынған музыкалық драмада 20 жастағы бойжеткеннің өмірі баяндалады. Бесс бала кезінен музыканы сүйіп өсті, есейгенде өмірі сахнамен тығыз байланысты болады деп ойлады. Алайда бәрі өзі ойлағандай болмады. Реті келсе шағын клубтарда өнер көрсетеді, нәпақасын репетиторлықтан тауып жүр. Үлкен зал, хит-парадтағы алдыңғы орын, платина күйтабақ – бұның бәріне бойжеткен енді қол жеткізе алмайтындай көрінеді.

Премьерасы: 11 шілде.

Сондай-ақ 4 шілдеде «Ханна» / «Ханна. Совершенное оружие» / «Hanna» триллерінің 2 маусымы шығады.

Жалғасы бар…

Youtube релиздері: Ван Гог пен леди Макбет

Youtube платформасына шыққан цифрлық релиздер арасынан Ван Гогтың өміріне арналған, Уиллем Дефо ойнайтын байопикті, қатал отбасыға шыққан бойжеткеннің өмірін баяндайтын британ драмасын және Джессика Честейн ойнаған саяси триллерді ұсынамыз.

Мәңгілік қақпасының алдында / Ван Гог. На пороге вечности / At Eternity’s Gate [16+]

Нидерланд суретшісі Винсент Ван Гогтың өміріне арналған кинотуынды 2018 жылы жарық көрді. Суретшіні ойнаған Уиллем Дефо осы рөлі үшін Венеция кинофестивалінің сыйлығын алып, «Оскар» мен «Алтын глобусқа» үміткер болды.

Фильмнің жасалуына да суретшілер атсалысты. Режиссері Джулиан Шнабелдің жұмыстары әлемнің көптеген қаласында көрсетілген. Оператор Бенуа Деломм да суретші, кинодан қолы бос кезінде кескіндемемен айналысады. Ал сценарий авторы -«Оскар» мен екі BAFTA сыйлығының иегері, Канн кинофестивалінің лауреаты Жан-Клод Карьер.

Уиллем Дефо сомдаған Ван Гог – кескіндемеге бар жанымен берілген және әлемді өзгертуді армандаған адам. Ол Парижде тұрып, Гогенмен дос болды. Тірі кезінде оның жұмыстары бағаланған жоқ, ал қазір – әлемдегі ең қымбат картиналар санатында.

Рейтинг
Кинопоиск: 7.0
IMDb: 6.9

Леди Макбет / Lady Macbeth [18+]

Британ драмасы Николай Лесковтың шығармасының желісімен түсірілген. Премьерасы 2016 жылы Торонто кинофестивалінде өтті.

Сюжеті Виктория заманында өрбиді. Кэтрин есімді қыз тәрбиесі қатал отбасыға тұрмысқа шығады. Оған серуендеуге тыйым салынады, күйеуі мен оның туыстары Кэтринге тіл тигізумен болады. Бірде үйде ешкім жоқ кезде ол осы үйдің жұмысшысы Себастианмен танысады. Көп кешікпей екеуінің арасында сезім пайда болады.

Рейтинг
Кинопоиск: 6.3
IMDb: 6.8

Мисс Слоун / Опасная игра Слоун / Miss Sloane [18+]

2016 жылғы саяси триллер басты рөлде ойнаған Джессика Честейнге «Алтын глобус» номинациясын алып берді. Басты кейіпкер Элизабет Слоун – АҚШ саяси бизнесінің акуласы, беделді лоббиші. Психологиялық ойынымен, манипуляция өнерін пайдаланып, ол қарсыластарын жеңіп шығады. Мықты саяси тұлғаларға қарсы кампанияны қолға алғаннан кейін Слоунға және оның жақындарының өміріне қауіп төнеді.

Рейтинг
Кинопоиск: 7.6
IMDb: 7.5

2020 жылы маусымда шығатын сериалдар: 3 бөлік

Маусымның сериалдарына арналған шолуымыздың үшінші әрі соңғы бөлігінде HBO арнасының екі мини-сериалы туралы айтамыз.

Перри Мейсон / Perry Mason

Мини-сериал форматындағы детектив. Эрл Стэнли Гарднер шығармаларының желісімен түсірілген сериалдың оқиғасы Лос-Анджелесте 1932 жылы өтеді. Басты кейіпкер – Перри Мейсон деген адвокат. Ол балалардың жоғалуымен байланысты істі қолға алады. Мейсон клиенттерін қорғап қана қоймай, қылмысты өз бетімен де тергей беретін әрекетімен белгілі.

Премьерасы: 22 маусым.

Қараңғылыққа сіңіп жоқ боламын / Я исчезну в темноте / I’ll Be Gone in the Dark

«Калифорниялық кісі өлтіруші» деген атпен белгілі маньяктың оқиғасына арналған деректі мини-сериал. Джозеф Деанджело 1976 мен 1986 жыл аралығында кем дегенде 10 адамды өлтіріп, 50 шақты адамды зорлаған. Жоба осы істі зерттеген жазушы Мишель МакНамараның зерттеуі бойынша түсірілген және қылмыскердің құрбандары туралы айтады.

Премьерасы: 29 маусым.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

26 маусым:
– Тағдыр патрулі / Роковой патруль / Doom Patrol; драма, фантастика, боевик, қылмыстық (АҚШ): 2 маусым
– Ымырт аймақ / Сумеречная зона / The Twilight Zone; драма, фантастика, фэнтези, үрейлі, триллер, детектив (АҚШ): 2 маусым
– Көңілді іздеу / В поиске / Search Party; комедия (АҚШ): 3 маусым

27 маусым:
– Түнек / Тьма / Dark; триллер, детевтив, мистика (Германия): 3 маусым

Соңы.

2020 жылы маусымда шығатын сериалдар: 2 бөлік

Маусымның сериалдарына арналған шолудың екінші бөлігінде Hulu және Netflix стриминг-сервистерінің жаңа сериалдары туралы көп айтамыз.

Романс / Romance

Француздың фантастикалық мелодрамасы Жереми деген жігіт жайында. Бір күні клубтың қабырғасына ілінген сұлу әйелдің фотосуретін көреді. Сол сәтте фото жасалған уақытқа – 1960 жылға тап болады. Жереми бұнда Алиса деген құпия сұлумен және оның күйеуі Криспен танысады. Көп кешікпей әйел әлдебір сырды жасырғанын біледі.

Басты әйел рөлінде – Ольга Куриленко. Премьерасы: 10 маусым.

Курон / Затопленный город / Curon

Италияда түсірілген, Netflix сервисінде көрсетілетін мистикалық триллер Курон деген әйелдің тағдырын баяндайды. Ол 17 жыл бұрын бір қайғылы оқиғадан кейін ауылынан кетіп қалған болатын. Талай жылдардан соң балаларын ертіп туған жеріне оралады. Көп кешікпей Курон із-түссіз жоғалып кетеді, ал балалары көне аңыздармен, түнекке батқан отбасы құпиясымен бетпе-бет келеді.

Премьерасы: 10 маусым.

Ленокс-Хилл / Lenox Hill

Netflix-ке шығатын деректі сериал Нью-Йорктағы атақты «Ленокс-Хилл» клиникасының төрт дәрігінің кәсіби карьерасы туралы айтады. Екі нейрохирург, терапевт пен бас дәрігер күн сайын өлімге қарсы тұрады, адам өмірін құтқарып және қауіпті шешім қабылдайды. Олардың клиникадан тыс жеке өмірі де көрсетіледі.

Премьерасы: 11 маусым.

Бас / Голова / The Head

Hulu ұсынатын испан детективінің оқиғасы халықаралық арктикалық зерттеу станциясында өтеді. Алты айға созылған поляр түнінен кейін зерттеу тобының бір бөлігі өлі күйінде табылады. Ал қалған бөлігі із-түссіз жоғалып кеткен. Оларды алмастыруға келген Йохан Берг не болғанын анықтау керек.

Премьерасы: 12 маусым.

Орман / В густом лесу / The Woods

Netflix-те көрсетілетін детектив америкалық жазушы Харлан Кобеннің романы бойынша түсірілген. Сюжеті Павел Копински деген прокурор төңірегінде өрбиді. Варшава түбіндегі жазғы лагерде жиырмадан астам жыл бұрын төрт жасөспірім жоғалып кеткен еді. Екеуінің өлі денесін полиция табады, ал бір бозбала мен қыз тірі күйінде де, өлі күйінде де табылмай кетеді. Жоғалған қыз Павелдің қарындасы еді. Полиция бір еркектің өлі денесін тауып, осыдан жиырма жыл бұрын жоғалған бозбаланыкі деп анықтайды. Осыдан бастап Павел өз тергеуін бастайды.

Айқасқан қылыштар / Скрещенные мечи / Crossing Swords

Hulu сервисіне арналып түсірілген мультипликациялық сериал. Басты кейіпкер – мейірімді, рыцарь болуды армандайтын жас шаруа. Бір күні арманы орындалып, патша қамалына жұмысқа орналасады. Бірақ бәрі өзі ойлағаннан өзгеше болып щығады. Сөйтсе сарайы жемқорлыққа, қатыгездік пен азғындыққа толы екен.

Басты кейіпкерді актер Николас Холт дыбыстайды. Премьерасы: 13 маусым.

Солсберидегі улау / Отравления в Солсбери / The Salisbury Poisonings

Британ драмасы өмірде болған оқиғаны суреттейді. 2018 жылы наурызда Солсбери қаласында әлдекімдер бұрынғы ГРУ агенті Сергей Скрипалді және оның қызын жүйке-паралич затымен улап кеткен болатын. BBC тележелісінің жобасы үш эпизодтан ғана тұрады.

Премьерасы: 14 маусым.

Махаббатпен, Виктор / С любовью, Виктор / Love, Victor

Hulu сервисінің мелодрамасы отбасымен бірге басқа қалаға көшіп келген Виктор деген жасөспірім туралы баяндайды. Оған жаңа мекенге, мектепге сіңісу қиынға соғады. Қоныс аударғаннан кейін отбасында да ұрыс көбейеді. Бәрінен бұрын өзінің бойынша қарама-қайшы сезімдерді игеру, өзінің жыныстық бағдарын анықтау қиынға соғады.

«Махаббатпен, Виктор» – 2018 жылы шыққан «Махаббатпен, Саймон» драмасының спин-оффы. Премьерасы: 20 маусым.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

13 маусым:
– О дегеніміз Отбасы / С Значит Семья / F Is for Family; комедия, мультфильм (АҚШ): 4 маусым;

18 маусым:
– Бәрін бүлдірген сен / Смотри, что ты наделал / Mira lo que has hecho; комедия: 3 маусым;

19 маусым:
– Орден / Тайный орден / The Order; драма, фэнтези, триллер, мистика (АҚШ); 2 маусым;

20 маусым:
– Саясаткер / Политик / The Politician; комедия, музыка (АҚШ): 2 маусым;

22 маусым:
– Йеллоустоун / Yellowstone; драма, вестерн (АҚШ): 3 маусым;
– Чи / The Chi; драма (АҚШ): 3 маусым;
– Носферату / Страна Рождества / NOS4A2; фантастика, үрейлі (АҚШ): 2 маусым.

Жалғасы бар…

2020 жылы маусымда шығатын сериалдар

Жаздың алғашқы айында комедия көп болатын секілді. Quibi платформасы музыкалық комедиясын, BBC One Дэвид Теннант пен Майкл Шиннің қатысуымен жаңа ситкомын ұсынады. Олардан бөлек «Тентек жігіттер» экшн-комедиясының спин-оффы саналатын сериалдың 2 маусымы шығады.

Гонорар / Royalties

Quibi платформасына арналған музыкалық комедия. Сюжеті Сара және Пирс деген кейіпкерлер төңірегінде өрбиді. Олар бірлесіп ән жазып, түрлі тапсырыстар орындайды. Тапсырыс берушілер арасында біртүрлі, қалыптан тыс клиенттер кездеседі. Солардың тапсыруымен бас кейіпкерлер жарнама джинглдары мен басқа әншілерге арнап жаңа ән жазуға да мәжбүр болады.

Премьерасы: 1 маусым.

Алекс Райдер / Alex Rider

Британ жазушысы Энтони Хоровицтің аттас кітаптап сериясының желісімен түсірілген боевик. Басты кейіпкер – Алекс деген мектепте оқитын қарапайым жасөспірім. Оны кішкентайынан бағып өсірген көкесі Йен Райдер британ барлаушысы болып шығады. Ол өлген сәтіне дейін баланы шпион болуға баулыған екен. Енді МИ-6 агенттері бұған шығып, алғашқы миссиясын орындауға тапсырма береді.

Премьерасы: 5 маусым.

Мен сені құртып жібере аламын / Я могу тебя уничтожить / I May Destroy You

Британ драмасы Арабелла есімді жазушы әйел туралы. Интим қарым-қатынас туралы дебют кітабы оны танымал қылады. Арабелла өз шығармасында келтірілген моралдік принциптерді ұстанатын. Бірақ бәрі бір күнде тас-талқан болады. Клубта көңіл көтеріп жүрген сәтінде әлдекімдер оның сусынына есірткі қосып, зорлап кетеді. Осыдан кейін бас кейіпкер өмірге көзқарасын түбегейлі өзгертеді, өзін жаңаша танудың жолына түседі.

Премьерасы: 8 маусым.

Қойылым / Постановочное / Staged

Дэвид Теннант және Майкл Шин секілді танымал актерлердің басын қосқан комедия. Көтерген тақырыбы да бәрімізге ортақ – коронавирус. Пандемия кесірінен театр актерлерлері жұмыссыз қалады. Бірақ оқшаулануда іш пыспасын деп олар репетицияны тоқтатпайды. Бұл кейіпкерлерді күлкілі және абсурд жағдайларға ұрындырады.

Премьерасы: 11 маусым.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

3 маусым:
– Арам Джон / Грязный Джон / Dirty John; қылмыстық (АҚШ): 2 маусым

6 маусым:
– 13 себеп / 13 причин почему / 13 Reasons Why; драма, триллер, мистика (АҚШ): 4 маусым

9 маусым:
– Лос-Анджелестің мықтылары / Лучшие в Лос-Анджелесе / L.A.’s Finest; комедия, боевик, қылмыстық (АҚШ): 2 маусым

Жалғасы бар…

2020 жылы мамырда шығатын сериалдар: 3 бөлік

Мамырдың сериалдарына арналған шолуымыздың соңғы бөліміне жанрлық тұрғыдан жеңіл жобалар жиналыпты. Бұнда Анна Кендрик, Стив Карелл, Джон Малкович секілді жұлдыздар түскен жаңа сериалдар туралы айтамыз.

Старгерл / Stargirl

Фантастикалық теледрама Кортни деген жоғары сынып оқушысы туралы. Ол есеюдің қиындықтарын көріп, жаңа жерге көшіп келгеніне уайымдайды. Оның үстіне анасының жаңа күйеуі Пэтпен де тіл табысу оңайға соқпайды. Бір күні жертөледегі қораптардың бірінен суперқаһарманның киімін тауып алады. Сөйтсе оның өгей әкесі жақында қайтыс болған Старменнің досы екен. Кортни өзінің бойынан ерекше қабілет байқап, Старгерлға айналады.

Премьерасы: 20 мамыр.

Жеке өмір / Личная жизнь / Love Life

Анна Кендрик қатысқан мелодрама. Антология форматында ұсынылатын сериалдың әр маусымы бір кейіпкердің оқиғасын баяндайды. Көрермендер персонаждың алғашқы ғашық болу, шын махаббатын кезіктіру секілді жеке өмірінің сәттеріне куә болады.

Сериал HBO Max платформасында 28 мамырда жарық көреді.

Орталық парк / Центральный парк / Central Park

Apple TV + сервисіне арналып түсірілген мультипликациялық ситком. Басты кейіпкерлер – Нью-Йорктың Орталық паркінің қараушылары. Отбасы мүшелері тәртіпті қадағалап, жеке өмірде кездесетін проблемаларымен күреседі, кейде тіпті әлемді де құтқарады.

Анимациялық кейіпкерлерді Кристен Белл, Джош Гад, Стэнли Туччи, Кэтрин Хан секілді актерлер дыбыстайды. Премьерасы: 30 мамыр.

Ғарыш әскері / Космические войска / Space Force

Netflix сервисінің комедиясы. Стив Карелл, Джон Малкович секілді актерлердің басын қосқан сериалда түрлі елдердің билігі бірігіп, ғарыш әскерін құруға шешім қабылдайды. Оның құрамына ғарышкерлер, әскери мамандар мен ғалымдар кіреді. Алғашқы тапсырмалардың бірі – Айға сарбаздар жіберу.

Премьера: 29 мамыр.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

21 мамыр:
– Жүздік / Сотня / The 100; фантастика (АҚШ): 7 маусым

23 мамыр:
– Үйге оралу / Возвращение домой / Homecoming; драма (АҚШ): 2 маусым

26 мамыр:
– Кемеңгер / Гений / Genius; драма, тарихи, өмірбаян (АҚШ): 3 маусым

28 мамыр:
– Қ.А.Л.Қ.А.Н. агенттері / Агенты «Щ.И.Т.» / Agents of S.H.I.E.L.D.; драма, фантастика, боевик (АҚШ): 7 маусым

30 мамыр:
– Рами / Ramy; комедия (АҚШ): 2 маусым

Соңы.

2020 жылы мамырда шығатын сериалдар: 2 бөлік

Осы бөлікте Николь Кидман, Марк Руффало, Джуд Лоу, Эль Фаннинг пен Николас Холт секілді жұлдыздардың қатысуымен түсірілген жаңа сериалдар туралы айтамыз. Сонымен қатар Пон Джун-хоның 2013 жылы шыққан әйгілі картинасының ремейкі де бар.

Шегініс / Отыграть назад / The Undoing

Джин Ханфф Корелиц деген америкалық жазушының романы желісімен түсірілген теледрама. Басты рөлде Николь Кидман ойнайды.

Басты кейіпкер Грейс Сакс – Нью-Йоркта тұратын бақытты әйел және табысты психотерапевт. Бірнеше аптадан кейін отбасы бақыты туралы оның алғашқы кітабы жарық көреді. Алайда кенеттен оның күйеуі жоғалып кетеді де ертегі секілді өмірі бір күнде күйрейді.

Премьерасы: 12 мамыр.

Бұның рас екенін білемін / Я знаю, что это правда / I Know This Much Is True

Бұл драмада Марк Руффало бірден екі рөлді ойнайды. Ол қоятын образдар – егіз Доминик пен Томас. Бір сыңары параноид шизофрениясымен ауырады. Оқиғасы ХХ ғасырдың басында Америкада өрбіп, сатқындық, кек және кешірім тақырыптарын қозғайды.

Мини-сериал форматындағы жоба Уолли Ламбтың аттас романы бойынша түсірілген. Премьерасы: 12 мамыр.

Үшінші күн / Третий день / The Third Day

Джуд Лоу қатысқан британ-америкалық драма. Сюжетте Сэм есімді ер адам бір құпия аралға келеді. Бұнда тұратын адамдар өзгелерге ұқсамайтын дәстүрді ұстанады. Олардың жөн-жоралғысын көргеннен кейін Сэм баяғыда ұмыт болған зақымын еске түсіреді. Көп кешікпей шынайылық пен қиял арасындағы шекара жоғалады.

Премьерасы: 13 мамыр

Ақ сызықтар / Белые линии / White Lines

Netflix платформасында шығатын британ-испан детективі. Сюжетте әйел Ибицаға келіп, 20 жыл бұрын осында жоғалып кеткен бауырының ісін зерттейді. Бауыры кезінде танымал ди-джей болған еді. Оның мүрдесі енді табылып отыр.

Премьерасы: 15 мамыр.

Ұлы / Великая / The Great

Тарихи драма император әйел Екатерина II-нің жас кезін суреттейді. Бойжеткен орыс патшасы Петр ІІІ-ге тұрмысқа шығып, православие қабылдайды. Алайда көп кешікпей күйеуінің бойындағы адамдық қасиетінен де, билеуші қасиетінен де көңілі қалады.

Сериалда басты рөлдерде Эль Фаннинг пен Николас Холт ойнайды. Премьерасы: 15 мамыр.

Шырақтар / The Luminaries

Мини-сериалдың оқиғасы 1860 жылдары Жаңа Зеландияда өрбиді. Алтын дүрлікпесі қызып тұрған шақ. Алтын іздеуші қайтыс болып, оның лашығынан мол қазына табылады. Бұл өлімнен кейін құпия оқиғалар тізбегі басталып, басты кейіпкер – жас қазына іздеуші Уолтер Муди осы оқиғаларға ұрынады.

Қызық оқиғалы драма 17 мамырда жарық көреді.

Кайфтаун / Hightown

Қылмыстық драма Провинстаун деген қалашықта балық аулауды бақылау қызметінің офицері Джеки Куинонс төңірегінде өрбиді. Ол жұмысына берілген жандардың қатарынан емес, тұрақты айлық үшін ғана осында жүр десе де болады. Пистолеті мен төсбелгісін сұлуларға қырындау үшін пайдаланады. Бір күні бәрі өзгереді – Джеки қыздың мәйітін тауып алып, героин эпидемиясына ұрынады.

Премьерасы: 18 мамыр.

Қар бұзар / Сквозь снег / Snowpiercer

Пон Джун-хоның 2013 жылы шыққан әйгілі картинасының ремейкі. Сюжеті түпнұсқа картинамен бірдей: болашақта Жер бетінде мұз дәуірі орнап, аман қалған адамдар өмірі тоқтамайтын жүрдек пойыздың ішінде бас сауғалайды. Пойыз құрамы әлеуметтік топтарға жіктелген. Соңғы вагондарда жұмысшылар, кедейлер өмір сүреді, ал байлар – алдыңғы вагондарда. Әлеуметтік теңсіздіктерге шыдай алмаған тұрғындар көтеріліс бастайды.

Премьерасы: 18 мамыр.

Жалғасы бар…

2020 жылы мамырда шығатын сериалдар

Мамырда кезекті маусымын ұсынатын сериалдардан гөрі, жаңадан шығатындар көп. Біз сізді барлығымен таныстыруға тырысамыз. Бірнеше бөліктен тұратын шолуымыздың алғашқысын оқыңыз.

Талпыныс / Попытки / Trying

Apple TV + платформасына арналған британ комедиясы. Сюжеті Никки және Джейсон есімді ерлі-зайыпты туралы. Олар балалы болғысы келеді, бірақ денсаулығына байланысты ол мүмкін емес. Кейіпкерлер бала асырап алмақ болады. Бірақ бұндай қадамға бару үшін де біраз дайындық керек: туыстармен, достармен ақылдасу керек, зиянды әдеттерден арылу керек, әлеуметтік қызметкерлердің көңілінен шығу керек.

Премьерасы: 1 мамыр.

Бетти / Betty

Кристал Мозеллдің 2018 жылғы «Скейт-асүй» көркем фильмі бойынша түсірілген сериал. Жасөспірімдерге арналған комедия Нью-Йоркте тұратын жас қыздар туралы. Олар еркектерге арналған спорт деп есептелетін скейтбординг әлемінде өз орнын табуға тырысады.

Премьерасы: 2 мамыр.

Жүктеу / Загрузка / Upload

Amazon Prime Video платформасына шығатын сатира бағытындағы фантастикалық сериал. Сюжетте болашақ әлем көрсетіледі. Адамдар санасын өзі қалаған әлемге жүктеуді үйренген. Егер ол өліп қалса, санасы виртуал дүниеде оянады. Кенеттен қайтыс болған Натан есімді кейіпкер өзі қалаған жұмақ әлемге тап болып, бұл жерде Нора деген қызды кездестіреді.

Премьерасы: 2 мамыр.

Голливуд / Hollywood

Netflix-те шығатын мини-сериал. Жобаны «Американың хоррор оқиғасы», «Америкалық қылмыс оқиғасы» секілді антологияларды жасаған Райан Мерфи түсірді.

Сюжеті 1940 жылдары Голливудта өрбиді. «Алтын ғасыр» деп саналған заманның кейіпкерлері карьера құрып, кино әлемінен өз орнын табуға талпынады. Олардың арасында Рок Хадсон секілді өмірде болған актерлер де бар.

Премьера: 2 мамыр.

Валерия / Valeria

Испанияда түсірілген драма Валерия есімді кейіпкердің өмірін баяндайды. Оның жұмысы алға баспай, отбасы өмірі де қиын жағдайға тап болған. Өміріне оң өзгеріс енгізу үшін құрбыларының көмегіне жүгінеді. Осыдан кейін төрт келіншек махаббат пен достықтан, қызғаныш пен опасыздықтан, уайым мен қуаныштан тұратын жаңа оқиғаларға ұрынады.

Көрермендер бұл сериалды Netflix сервисінен 8 мамырдан бастап көре алады.

Күннің қарсы беті / Солнечные противоположности / Solar Opposites

«Рик пен Морти» авторлары жасаған анимациялық веб-сериал. Hulu платформасынан көрсетілетін комедия бөгдепланеталық отбасы туралы. Күйреп жатқан өз планетасынан қашып, олар Жерге құлайды. АҚШ-тың бір провинциясына орналасып, жергілікті өмір салтына бейімделуге тырысады.

Премьерасы: 9 мамыр.

Эдди / Водоворот / The Eddy

Өндірісіне Дэмьен Шазелл («Ла-Ла Ленд») атсалысқан мини-сериал форматындағы музыкалық драма. Netflix тапсырысымен түсірілген жоба Эллиот Удо деген Нью-Йорктың джаз пианисті туралы баяндайды. Ол ісі тұралай бастаған клубты басқарады және сонда жұмыс істейтін музыкалық топқа жетекшілік етеді. Бір күні бизнес-серіктесі оның сыртынан жасырын тірлік жасап жүргенін біледі.

Премьерасы: 9 мамыр.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

4 мамыр:
– Миллиардтар / Миллиарды / Billions; драма (АҚШ): 5 маусым

8 мамыр:
– Беймәлім аймақ / Слепая зона / Blindspot; драма, қылмыстық, детектив (АҚШ): 5 маусым

9 мамыр:
– Мен үшін өлі / Мертв для меня / Dead to Me; комедия (АҚШ): 2 маусым

Жалғасы бар…