Youtube желісінде шетелдік фильмдерді тегін ұсынатын арналар

Қазақстанда коронавирусқа қатысты жарияланған төтенше жағдайға байланысты көпшілік жиналатын орындардың жұмысы тоқтатылғаны белгілі. Оның ішіне кинотеатрлар да кіреді.

Үйде отырып кино көру – уақытша оқшаулануға мәжбүр бұқараның негізгі ермектерінің біріне айналады. Осыған орай Youtube желісінен тегін әрі заңды түрде шетелдік кино өнімдерін ұсынатын арналар туралы айтпақпыз.

Алдымен фильмдерді еркін таралымға шығаратын арналар туралы айтып өтейік. Көбінесе бұлар – Ресей кинодистрибьюторлары мен прокат компанияларының Youtube арналары. Сонымен қатар телеарналар мен киностудиялардың ресми аккаунттары. Прокат мерзімі аяқталған кейбір кинотуындылар солардың ресурстары арқылы тегін таратылады.

VideoLand – ресейлік ірі видео-лейбл, контент агрегаторы және DVD мен BLU Ray дисктердің дистрибьюторы. Компания VOD, PAY TV, Free TV құқықтарды басқарумен айналысады. Каталогында көркем, деректі және мультипликациялық фильмдер, блокбастер мен арт-хаус, кеңестік кино өнімдері бар.

VideoLand ресейлік CD Land Group компаниялар тобының құрамына кіреді. Осы топтың құрамында тағы бір Youtube жоба бар. Ол CD Land Video деп аталады. Бұл жерде де түрлі жанрдағы фильмдер жарияланады. CD Land Group құрамына, сондай-ақ, балалар контентін жариялайтын Детский Клуб арнасы да кіреді. Бұнда мультфильмдер мен балаларға арналған көркем фильмдер жарияланады.

Filmster – лицензиялық релиздерді таратумен айналысатын ресейлік арна. Олар өндіруші студиялардан құқық сатып алып, Youtube желісіне таратады. Соңғы жылдардың хиттары мен прокаттан тыс қалған фильмдерді көруге болады.

RWV Films – фестивалдік және тәуелсіз кино туындыларын таратумен айналысатын Russian World Vision компаниясының ресми аккаунты. Бұл арнада фестивалдерге қатысатын картиналардың, түрлі хит және блокбастер фильмдердің релиздері бар. Аптасына үш реттен жаңарып отырады.

Epic Media – Ресейдің ірі продюсерлік компаниясы. Компания көпсериялы фильмдердің өндірісімен және дистрибуциясымен айналысады. Оның қорында түрлі жанрдағы 50 шақты жоба бар. Өзінің Youtube арнасына өзі өндірген сериалдар мен көп бөлімді фильмдерін шығарады.

All Media Company – Ресей мен ТМД территориясында түрлі платформаларға арналған контенттің дистрибьюторы. Атап айтқанда – кинотеатр прокатына, ТВ, Интернетке, DVD, BluRay және мобилдік құрылғыларға арналған туындылар.

All Media шетелдің The Weinstein Company, Red Granite, Wild Bunch, Studio Canal, QED International, Entertainment One секілді компанияларымен әріптестік орнатқан. Солардың контентінен құралған қорда жеті жүзден астам фильм бар.

RVISION – лицензиялық видеоконтент тарататын арна. Иегер компания туралы ақпарат көп емес. Түсінгеніміз – ақпараттық технология саласында және контент иегерлеріне сервис көрсететін компания. RVISION – кино көруге арналған жалғыз арна емес. Осы аккаунттың «Арналар» (Каналы) бөліміне өтсеңіз, осы компанияның тақырыптық арналар тізімін көре аласыздар: драмалар, Совет фильмдері, мелодрамалар, әлемдік кино, т.б.

Cinematic – әлемдік киноны онлайн тарататын компанияның арнасы. Коллекция жиі жаңарады дей алмаймыз, бірақ арасында тым тәуір және танымал фильмдер бар.

Домашний – отбасы болып көруге болатын кинохиттарды көрсететін арна. Оның серіктес арнасы – Ashtray арнасына да кіре кетіңіз. Бұнда түрлі жанрдағы жаңа фильмдер шығады.

Central Partnership – Ресейдің ірі кинодистрибьюторы және кино мен тележобалар өндіруші. Ол өзі түсірген фильмдерден бөлек, Голливудтың Paramount Pictures, Lionsgate және Summit Entertainment компанияларының туындыларын эксклюзив таратады. Youtube арнасына шетелдік хиттар салып тұрады.

Фильмдерді киностудиялардың ресми аккаунттарынан да табуға болады. Youtube-та Киноконцерн «Мосфильм»Дирекция КиноКинокомпания «СТВ» секілді арналар бар.

2020 жылғы наурыздың сериалдары. 2 бөлік

Наурыздың екінші жартысында шығатын сериалдардың арасында көпшілік күтетін «Озарк» сияқты хиттармен қатар біраз жаңа да қызық жобалар бар. Арасынан Зигмунд Фрейдке арналған, Октавия Спенсердің, Риз Уизерспунның қатысуымен түсірілген сериалдарды атап өту қажет.

Белгравия / Belgravia

Джулиан Феллоуздың романына сүйенген 6 сериялы британ драмасы. Оқиғасы 1840 жылдары өтеді. Негізгі кейіпкерлер – ауқатты Тренчардтар отбасы мен ақсүйек Белласистер династиясы. Осыдан көп жыл бұрын болған оқиғаның ізі әлі сақталған, сондықтан екі отбасы арасындағы құпия мен кикілжің олардың келешегіне қауіп әкелмек.

Сериалға «Даунтон Аббаттығы» авторлары атсалысқан. Премьерасы 16 наурызда.

Отан: Форт Салем / Родина: Форт Салем / Motherland: Fort Salem

Фантастикалық драмада 300 жыл бұрын Салем мыстандарының үкіметпен жасаған келісімі сюжет өзегі болады. Келісімге сәйкес сиқыры бар әйелдер қудалаудан босатылады, есесіне олар ел игілігіне қызмет етеді. Барлық әскери іс-қимылдарға, террористік актілерге салемдік мыстандар өз қабілетін пайдаланып, АҚШ билігіне көмектеседі. Қазіргі заманда Салем әскери фортқа айналып, онда мыстан жауынгерлер жаттығады. Басты кейіпкерлер – қызметке жаңа қабылданған үш сиқыршы қыз.

Көрсетілімі 18 наурыздан басталады.

Барлық жерді өрт шарпыды / И повсюду тлеют пожары / Little Fires Everywhere

Мини-сериал форматындағы жоба америкалық жазушы Селеста Ингтың аттас романына негізделген. Басты кейіпкер – үлгілі шаруақор әйел миссис Ричардсон. Ол үйінде ғана емес, төңіректің бәрін өз бақылауында ұстағанды ұнатады. Бірде Миа есімді бір келіншек пайда болады. Ол бөтен адам орнатқан ережеге бағынып үйренбеген, өз дегенімен өмір сүргенді ұнатады. Бір-біріне қарама-қайшы екі кейіпкердің арасында кикілжің пайда болады.

Басты рөлде Риз Уизерспун ойнайды. Сериал 19 наурызда шығады.

Патшаға жазылған хат / Письмо для короля / The Letter For The King

Нидерландта түсірілген отбасылық фэнтезидің сюжеті орта ғасырлық әлемде өрбиді. Тьюри есімді жас атқосшыға ерекше тапсырма беріледі: үш патшалықты кесіп өтіп, Патшаға құпия хат жеткізу керек. Бүкіл патшалықтың тағдыры оның тапсырмасына байланысты екенін ол әлі түсінбеген болатын.

Сериал дат жазушысы Тонке Драгттың 1962 жылғы ертегі-романына сүйенген. 20 наурыздан бастап көрсетіледі.

Селф-мейд: Мадам Си Джей Уокер / Self Made: Inspired by the Life of Madam C.J. Walker

Өмірбаян-драма 1 млн доллар тапқан тарихтағы алғашқы қара нәсіл әйелдің өмірін баяндайды. Афроамерикалық кәсіпкер Си Джей Уокер шаш күтіміне арналған құрал ойлап табады. Нәсілшілдік сегрегация заманында өмір сүргеніне қарамастан, Уокер өз компаниясын құрып қоймай, басқа да әйелдерге кәсіпкерлік бойынша көмектесті.

Сюжеті Си Джей Уокердің ұрпағы Алейла Бандлздың кітабы бойынша жасалған. Премьерасы 21 наурызда.

ФрейдFreud

Мини-сериал түріндегі детективке психоанализ теориясының негізін қалаушы Зигмунд Фрейдтің өмірі арқау болған. Оқиғасы Австрияда ХІХ ғасырда өрбиді. Басты кейіпкер медиуммен және жергілікті полициямен бірігіп Венаның мазасын алған кісі өлтірушінің ізіне түседі. Фрейд тергеуге өзінің новаторлың әдістерін қолданады.

23 наурыздан бастап көрсетіледі.

Қаңғыбас патшайым / Бродячая королева / Vagrant Queen

Аттас комикс бойынша түсірілген фантастикалық сериалдың әлемі кең: республикаға айналған патшалық, галактика мен алыс әлемдер. Басты кейіпкер – Элида тақ мұрагері. Алайда жастайынан жетім қалып, галактиканың қиыр түкпірінде жасырынып жүреді. Ол күндердің күнінде республикаға айналған өз отанына оралуға мәжбүр болады.

Премьерасы: 28 наурыз

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

12 наурыз:

Менің ауданымда / На районе / On My Block; комедия (АҚШ): 3 маусым

20 наурыз:

Оқ өтпес / Пуленепробиваемый / Bulletproof; боевик, қылмыстық (Ұлыбритания): 2 маусым

24 наурыз:

Наша девочка / Our Girl; драма, әскери (Ұлыбритания): 4 маусым

28 наурыз:

Озарк / Ozark; драма, қылмыстық (АҚШ): 3 маусым

Цифрлық релиздер: «Мұзды өлке 2» мен «Қынсыз қанжар»

Ақпанның соңында онлайн-кинотеатрларға шыққан фильмдерге арналған тағы бір шолу. Бұл топтамаға Роланд Эммерихтің «Мидуэй» тарихи боевигі, қазақша дубляждалған «Мұзды өлке 2«, Дэниэл Крэйг ойнаған «Қынсыз қанжар» детективі және басқа да қызықты релиздер еніп отыр.

Қария мен тапанша / Старик с пистолетом / The Old Man & the Gun

Басты рөлдерде Роберт Редфорд пен Кейси Аффлек ойнаған қылмыстық комедия. Сценарийге 2003 жылы The New Yorker журналында басылған Дэвид Граннның мақаласы негіз болған. Бұл жарияланым кейін автордың «Жын мен Шерлок Холмс» кітабына енді.

Сюжеті Форрест Таккер есімді ұры туралы. Өмірінің көп бөлігін банк тонауға және түрмеден қашуға арнаған қария бұрынғы әдетіне қайта басып, соңғы рет сүйікті ісін қайта қолға алады.

Қайдан көреміз: Ivi (1700 теңге), Кинопоиск (299 рубль – шамамен 1700 теңге), Megogo (390 теңге), Okko (299 рубль – шамамен 1700 теңге) платформаларында бар.

Рейтинг:  Кинопоиск: 6.4; IMDb: 6.7; Rotten Tomatoes: 93% (7.5/10)  

Трейлер

Мидуэй / Midway

Роланд Эммерихтің тарихи боевигі. Актерлік құрамда Эд СкрейнПатрик УилсонВуди ХаррельсонЛюк ЭвансДеннис КуэйдАарон Экхарт секілді жұлдыздар бар.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Тынық мұхитында болған ең ірі теңіз шайқастарының бірі туралы хикая. 1942 жылы маусымда адмирал Честер Нимиц басқарған америкалық флот Мидуэй атоллының маңында жапон әскерімен соғысып, маңызы зор жеңіске жеткен еді.

Қайдан көреміз: Ivi (1700 теңге), Кинопоиск (299 рубль – шамамен 1700 теңге), Megogo (990 теңге), Okko (299 рубль – шамамен 1700 теңге) платформаларында бар.

Рейтинг: Кинопоиск: 6.3; IMDb: 6.7; Rotten Tomatoes: 43% (5.2/10) 

Трейлер

Кешіріңіз, сіз үйде емес екенсіз / Извините, мы вас не застали / Sorry We Missed You

Британ режиссері Кен Лоучтың драмасы. Картина 2019 жылы Канн кинофестиваліне қатысты. Сан-Себастьяндағы фестивалде көрермендер көзайымы жүлдесін алды.

Сюжет бойынша Тернерлер отбасының жағдайы 2008 жылғы дағдарыстан кейін нашарлап кетеді. Отбасын тығырықтан алып шығу мақсатымен Рикки соңғы ақшасына фургон сатып алып, жеткізу қызметіне жұмысқа тұрады. Бірақ өмірдің қиындығы бұнымен азаймайды. Жеткізуші жұмысы ол ойлағандай тиімді болмай шығады.

Қайдан көреміз: Ivi (1700 теңге), Кинопоиск (299 рубль – шамамен 1700 теңге), Megogo (990 теңге), Okko (199 рубль – шамамен 1140 теңге) платформаларында бар.

Рейтинг:  Кинопоиск: 7.0; IMDb: 7.7; Rotten Tomatoes: 86% (7.6/10) 

Трейлер

Ерекше адамдар / Особенные / Hors normes

Француз киножұлдыздары Венсан Кассель мен Реда Катеб ойнаған комедия. Фильмді бізге «1+1» деген атаумен белгілі танымал картинаның режиссерлері түсірген.

Сюжетте көп жылдан бері аутизмге шалдыққан адамдарға көмек көрсетумен айналысатын Бруно және Малик есімді екі кейіпкер туралы баяндалады. Олардың ұйымына тексеріс жүргізілгеннен кейін жабылып қалу қаупі төнеді.

Қайдан көреміз: Ivi (1700 теңге), Okko (199 рубль – шамамен 1140 теңге).

Рейтинг:  Кинопоиск: 7.7; IMDb: 7.6; Rotten Tomatoes: 78% (7.5/10) 

Трейлер

Мұзды өлке 2 / Холодное сердце 2Frozen II

Disney студиясының әйгілі анимациялық туындысының жалғасы. Мультфильм биыл «Оскарға» ұсынылып, «Үздік ән» номинациясына үміткер болды. Бұл былтыр қазақша дубляждалған туындылардың бірі, сол себепті Ivi және Megogo видеосервистерінен оның қазақша нұсқасын табуға болады.

Анна, Эльза, Кристоф, оның сенімді бұғысы Свен және үнемі көңілді жүретін аққала Олаф патшалықты тастап, солтүстікке аттанады. Олар елдің өткеніне қатысты құпияны ашпақшы.

Қайдан көреміз: Ivi (1700 теңге), Megogo (990 теңге), Кинопоиск (399 рубль – 2289 теңге), Okko (299 рубль – шамамен 1700 теңге).

Рейтинг:  Кинопоиск: 7.0; IMDb: 7.1; Rotten Tomatoes: 77% (6.7/10) 

Трейлер

Қынсыз қанжар / Достать ножи / Knives Out

Дэниэл Крэйг, Ана де Армас, Крис Эванс, Джейми Ли Кёртис, Майкл Шеннон секілді жұлдыздардың басын қосқан комедия элементтері бар детектив.

Фильмдегі негізгі оқиғаның өрбуіне қылмыстық романдардың 85 жастағы авторының жұмбақ себеппен қайтыс болуы себеп болады. Детектив Бенуа Блан бұл істі қолға алады. Ол Харланның отбасы құрған өтіріктер шырмауын үзіп, шындықтың түбіне жетпекші.

Қайдан көреміз: Ivi (1700 теңге), Megogo (990 теңге), Кинопоиск (399 рубль – 2289 теңге), Okko (299 рубль – шамамен 1700 теңге).

Рейтинг:  Кинопоиск: 7.8; IMDb: 8.0; Rotten Tomatoes: 97% (8.3/10) 

Трейлер

2020 жылғы наурыздың сериалдары

Антиутопия мен балама тарих. Наурыз телепремьералары арасында фантастика мен фэнтези туындылар көп екен. Наурыздың жаңа сериалдарына арналған шолуымыздың алғашқы бөлігін ұсынамыз.

Крестер мен нөлдер / Крестики-нолики / Noughts & Crosses

Сериал 2001 жылы шыққан Иэн Рэнкиннің аттас роман-антиутопиясы бойынша түсірілген. Оқиғасы балама Англияда ХХІ ғасырда өрбиді. Сэфи мен Каллум түрлі нәсілдің өкілдері, бірақ бір-бірін сүйеді. Оларға бірге болуға тыйым салынған, бірақ теңдік үшін күреседі. Бір қызығы бұл ғаламда – қара нәсілділер үстем там өкілі де, ақ нәсілділер қоғамның төменгі табы саналады.

Премьерасы: 5 наурыз

Таңғажайып оқиғалар / Удивительные истории / Amazing Stories

1985-1987 жылдар аралығында көрсетілген аттас антологияның ремейкі. Фэнтези мен хоррор элементтері бар сериал Спилбергтің идеясына құрылған болатын. 5 «Эмми» алған осы тележобаның жаңа нұсқасы көрермен назарына ұсынғалы тұр. Apple TV+ стриминг сервисінің сериалында әр эпизод белгілі бір тақырыпты қозғайды.

Премьерасы: 6 наурыз

Құрылғышылар / Разрабы / Devs

Мини-сериал форматындағы фантастикалық драма. Сюжетте Лили есімді компьютер маманы туралы баяндалады. Қыз озық технологиялық компанияда жұмыс істейді. Ол өзінің жігітінің өліміне осы фирма басшылығы кінәлі деп санайды. Қылмыстың ізін табамын деп жүріп құпия бөлімше туралы біледі.

Премьерасы: 6 наурыз

Көп балалы / Настрогали / Breeders

Мартин Фриманның қатысуымен түсірілген британ комедиясы. Сериал Пол және Элли есімді үш баласы бар ерлі-зайыпты төңірегінде өрбиді. Олар жақсы ата-ана болу үшін барын салып тырысады. Бірақ қазіргі заманда отбасылық өмір мен жұмыс, достар мен туыстар арасында тепе-теңдік сақтап тұру қиынның қиыны.

Премьерасы: 13 наурыз

Америкаға қарсы қастандық / Заговор против Америки / The Plot Against America

Америка Құрама Штаттарының балама тарихын баяндайтын мини-сериал. Сюжетке Филип Роттың аттас романы негіз болған. 1940 жылы Франклин Рузвельт сайлауда изоляционист және авиация батыры Чарльз Линдбергке жол береді. Осыдан кейін жаңа президент Адольф Гитлермен одақтасып, елде антисемиттік бағдарлама бастайды. Басты кейіпкерлер – Нью-Джерсиде тұратын еврей отбасы елде нацистік диктатураның қалыптасып келе жатқанына куә болып, бақытты өмірдің соңғы күндерін сүріп жатады.

Премьерасы: 17 наурыз

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

2 наурыз
– Өтірікші / Лжец / Liar; драма, триллер (Ұлыбритания): 2 маусым

6 наурыз
– Кастлвания / Castlevania; фэнтези, үрейлі, триллер, мультфильм (АҚШ): 3 маусым

14 наурыз
– Патшалық / Королевство / Kingdom; драма, боевик, үрейлі, триллер (АҚШ, Оңтүстік Корея): 2 маусым

16 наурыз
– Қара дүйсенбі / Черный понедельник / Black Monday; комедия (АҚШ): 2 маусым
– Батыс әлемі / Мир дикого запада / Westworld; драма, фантастика, вестерн (АҚШ): 3 маусым

17 наурыз
– Розуэлл, Нью-Мексико / Roswell, New Mexico; драма, мелодрама, фантастика (АҚШ): 2 маусым

Жалғасы бар…

Цифрлық релиздер: «Жетімсіреген Бруклин» мен «Құдай тәні»

Ақпанның соңына таман онлайн-кинотеатрларға шыққан кинофильмдер туралы айтамыз.

Жетімсіреген Бруклин / Сиротский Бруклин / Motherless Brooklyn

Голливуд жұлдызы Эдвард Нортонның жобасы. Ол фильмде басты рөл ойнап қоймай, режиссер, сценарийші, продюсер міндеттерін де өзі атқарды. Актерлік құрамда, сондай-ақ, Гугу Эмбата-Ро, Алек Болдуин, Бобби Каннавале, Уиллем Дефо, Брюс Уиллис бар.

Неонуар стиліндегі қылмыстық драма Туретт синдромына шалдыққан жалғыз басты детектив Лайонел Эссрог туралы. Ол тәлімгерінің және жалғыз досы Фрэнктің өлімін тергемекші. Оның қолында азғантай ғана айғақ бар. Құпияны ашу мақсатымен Гарлемнің джаз клубтарын, Бруклиннің қауіпті көшелерін, элита көңіл көтеретін алтындатылған орындарды аралауға тура келеді. Ол досының атын ақтап алу үшін гангстерлердің ашуына тиеді, жемқорлықтың бетін ашып, қаланың ең қауіпті адамына ұрынады.

Картина биыл «Үздік саундтрек» номинациясы бойынша «Алтын глобусқа» үмітті болды.

Қайдан көреміз: Ivi, Megogo, Okko сияқты онлайн-кинотеатрларда. Ең арзаны Megogo сайтында – 990 теңгеден басталады.

Рейтинг:  Кинопоиск: 7.0; IMDb: 6.9; Rotten Tomatoes: 62% (6.2/10) 

Трейлер

Екі мен / Он и она / Deux moi

Француз режиссері Седрик Клапиштің мелодрамасы. Фильм оқиғасы Парижде өтеді. Реми мен Мелани – жалғыз басты жандар, олар бір-біріне жақын тұрады. Бірақ ешқашан кездеспеген. Үлкен қалада ішкі гармония мен махаббатты іздеп жүріп, екеуі үнемі бір-біріне жақын маңда жүреді, алайда бір-бірін таппайды. Түбінде ізденіс пен күйбеңнен шаршаған екі жанды тағдыр жолықтырмақ.

Қайдан көреміз: Ivi, Megogo, Okko, Кинопоиск видеосервистерінде. Ең арзаны Megogo сайтында – 990 теңгеден басталады.

Рейтинг:  Кинопоиск: 6.9; IMDb: 6.6; Rotten Tomatoes: 100% 

Трейлер

Маған қанат бер / Расправь крылья / Donne moi des ailes

Франция мен Норвегияда түсірілген отбасылық картина. Сюжет Кристиан есімді орнитолог пен оның жасөспірім ұлы төңірегінде өрбиді. Әке – бүкіл өмірін жабайы қаздарға арнаған зерттеуші. Видеоойынға құмар ұл үшін каникулды ауылда әкесімен бірге өткізу – азаппен тең. Бірақ құстарды құтқару үшін екеуі бірігіп, дельтапланмен Норвегияға аттану керек.

Қайдан көреміз: Ivi, Megogo, Okko, Кинопоиск видеосервистерінде. Ең арзаны Megogo сайтында – 390 теңгеден басталады.

Рейтинг:  Кинопоиск: 7.7; IMDb: 7.1. 

Трейлер

Фахим / Шахматист / Fahim

Негізгі рөлдердің бірін Жерар Депардье ойнаған байопик. Картина жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Фахим Мохаммадтің өмірін баяндайды.

Жас шахмат кемеңгері Фахим әкесімен бірге туған Бангладешін тастап, Парижден пана табады. Бұл жерде бала Францияның үздік гроссмейстерлерінің бірі Сильвианмен танысады. Олардың таныстығы достыққа ұласады, екеуінің өмірінде үлкен өзгеріске әкеледі.

Қайдан көреміз: Megogo, Okko видеосервистерінде. Ең арзаны Megogo сайтында – 990 теңгеден басталады.

Рейтинг:  Кинопоиск: 7.0; IMDb: 6.7. 

Трейлер

Құдай тәні / Тело Христово / Boze Cialo

Биыл Польша атынан «Үздік халықаралық толықметраж фильм» номинациясы бойынша «Оскарға» үміткер болды. Драмада абақтыда діни жаңғырып шыққан 20 жасар жігіт туралы айтылады. Ол өмірін құдайға қызмет қылуды армандайды, бірақ сотталғандығы бұған кедергі болады. Жағдайда пайдаланып, өзін семинария түлегі деп таныстырып, ауырып қалған постардың орнына тұрады. Білімнің жетіспей қалған тұстарында импровизациямен құтылып, көпшіліктің көңілінен шығады. Алайда әрбір қайырымды істің өз ауыртпалығы бар.

Қайдан көреміз: Ivi, Megogo, Okko, Кинопоиск видеосервистерінде. Ең арзаны Megogo сайтында – 690 теңгеден басталады.

Рейтинг:  Кинопоиск: 7.6; IMDb: 7.7; Rotten Tomatoes: 98% (7.6/10). 

Трейлер

2020 жылы қазақша дубляжбен шығатын 7 голливудтық фильм

Биыл Голливудтың жеті фильмі қазақша дыбысталып, прокатта көрсетіледі. Көрермендерді машиналар көтерілісі, айдаһарға табынатын ежелгі өркениеттің өмірі, адам өткісіз джунглидағы шым-шытырық оқиғалар, басқа да қызық сюжеттер күтуде. 2020 жылы қазақша дубляжбен шығатын картиналар туралы толығырақ әңгімелеп береміз.

Алға / Вперёд / Onward

Pixar анимациялық студиясының қала фэнтезиі жанрындағы мультфильмі. Басты рөлдерді Том Холланд пен Крис Пратт дыбыстайды.

Сюжеті эльфтар, троллдар, кентаврлар мен басқа да мақұлықтар тіршілік ететін сиқырлы әлемде өрбиді. Кезінде бұл әлемде сиқыр көп еді, бірақ уақыт өте келе жағдай өзгеріп, кейіпкерлер қарапайым өмірді бейімделеді. Бұрын бухгалтер болып істеген эльф-отағасы бұл әлемнен жоғалып кетер алдында сиқырлы таяқты екі ұлына мұра қылып қалдырған болатын. 16 жасқа толғанда әлгі таяқ олардың қолына тиеді. Оның сиқырының күшімен балалар әкесін бір күнге қайтара алады. Ағайындылар әкемен кездесу үшін қызықты сапарға аттанып, тіпті бұрын бәрі қолдана алған сиқырдың да құпиясына үңілмекші.

Анимациялық картина прокатқа 5 наурызда шығады.

Мулан / Mulan

Disney студиясы түсірген фэнтези-боевик. Бұл қытай аңызына негізделген 1998 жылғы аттас мультфильмнің киноремейкі. Рөлдерден Донни ЙенДжет ЛиДжейсон Скотт Ли секілді Голливуд және Қытай киносының жұлдыздарын көреміз.

Сюжет бойынша Қытай императоры әр отбасыдан бір ер адам соғысқа аттансын деген бұйрық береді. Қарт жауынгердің Хуа Мулан есімді тұңғыш қызы сырқат әкесінің орнына өзі аттанбақ болады. Еркек болып киінген бойжеткенді ерлікке бастайтын қауіпті сапар күтіп тұр.

Осы картинаға қатысты бір қызық дерек: төбелес қойылымдарын қазақстандық Nomad Stunts каскадерлер тобы қойды. Оларды ғұн жауынгерлерінің рөлінде көретін боламыз.

Прокатқа 27 наурызда шығады.

Артемис Фаул / Artemis Fowl

Кеннет Брана режиссер болған ғылыми-фэнтези фильм. Disney студиясында өндірілген жобаның сюжетіне ирланд жазушысы Оуэн Колфердің аттас кітаптар сериясының алғашқы романы арқау болған.

Фильмде гномдар, эльфтар, пиксилер, лепрекондар, браунилер секілді сиқырлы тіршілік иелері мекендейтын жер астындағы әлем туралы айтылады. Олар адамдардан жасырынып, өзінше дамыған өркениет құрған. Алаяқтықты кәсіп қылған жасөспірім Артемис Фаул осы әлемді ашып қана қоймай, ондағы тұрғындарды тонамақшы болады.

Фильм киноға 28 мамырда жол тартады.

Жан / Душа / Soul

Бұл да Pixar студиясының анимациялық фильмі. Басты кейіпкерді Джейми Фокс дыбыстайды.

Сюжетте Джо Гарднер есімді музыка мұғалімі туралы баяндалады. Ол сахнаға шығып джаз орындауды армандайтын. Бұл арманына қол жеткізер күн де келеді. Бірақ оқыс оқиғадан кейін оның жаны тәнінен бөлініп шығып, өзге де адамдардың жаны бас қосатын жерге тап болады. Бұл жерде оның жаны дамытылып, жаңадан туған сәбиге қонуы керек.

Премьерасы 18 маусымда.

Джунглидегі круиз / Круиз по джунглям / Jungle Cruise

Диснейлендтің аттас аттракционына негізделген қызық оқиғалы фэнтези. Басты рөлде Дуэйн Джонсон мен Эмили Блант.

Оқиғасы 20 ғасырдың басында өрбиді. Өзен кемесінің капитаны Фрэнк жабайы табиғат зерттеушісі Лили Хоутонды Амазонка бойымен алып жүруі тиіс. Ғалым емдік қасиеті бар аңыз ағашты іздеп таппақшы. Жолаушыларға Амазон бойындағы қауіпті өсімдіктер мен жануарлар ғана емес, бәсекелес экспедиция өкілдері де қатер төндірмек.

Прокатқа 23 шілдеде шығады.

Сондай-ақ:

  • «The Mitchells Vs. the Machines» немесе «Connected». Қазақша атауы әзірге белгісіз. Sony Pictures Animation студиясының мультфильмі. Прокатта 17 қыркүйектен бастап.
  • «Райя и последний дракон» / «Raya and the Last Dragon». Қазақша атауы әзірге белгісіз. Куманда ертегі патшалығы туралы мультфильм-мюзикл. Прокатта 26 қарашадан бастап.

Аталған фильмдердің қазақша дубляжы «Болашақ» корпоративтік қоры «Өзіңнен баста» жобасы аясында жүзеге асырылады. 2011 жылдан бері іске асып келе жатқан бастама аясында Disney, Sony Pictures, Marvel, Lucas Films, Bazelevs және т.б. студиялардың 33 кинокартинасына дубляж жасалған. Жоба «Меломан» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылатын әлеуметтік жоба болып табылады және коммерциялық мақсаттарды көздемейді. Жобаның жаһандық мақсаты – Қазақстан азаматтарына әлемдік студиялардың контентін ана тілде қол жетімді ету.

9 жыл ішінде «Өзіңнен баста» жобасының аясында қазақша сөйлеген шетелдік кинотуындыларды 170 000-нан астам көрермен қараған. «Мұзды өлке 2» мультфильмін (2019 ж.) 26 900 адам қарап, жоба тарихында көрермендердің рекордтық санын жинады.

«Оскар 2020» жеңімпаз-фильмдерін қайдан көреміз

«Оскар 2020» өтті, жеңімпаздар марапатталды, фильмдер талқыланды. Енді сол фильмдерді көру ғана қалды 🙂

Біздің прокатта көрсетілгені бар, әлі шықпағаны бар – биылғы «Оскардың» негізгі лауреаттарын қай жерден және қалай көруге болады – осы туралы толық ақпарат береміз.

«Паразит / Parasite»: Үздік фильм, Үздік режиссерлік жұмыс, Үздік түпнұсқа сценарий, Үздік халықаралық толықметраж фильм.

Қайдан көреміз: Жүзі таныс видеосервистерді ақтарып, тек Okko-дан таптық. Бағасы 99 рубльден (589 теңге) басталады, сапасына қарай қымбаттай түседі. Стерео дыбысты және қанықтығы ең жоғары Full HD сапада көрем десеңіз 399 рубль (2373 теңге) төлеу керек.

Сосын: Алматы тұрғындарына үлкен экраннан көруге мүмкіндік бар. Chaplin Mega Alma-Ata кинотеатрында күн сайын бір сеанс қосады екен. Бұл шектеулі прокаттың қашанға дейін созыларын кім білген, сондықтан көріп қалуға асығыңыз. Бағасы 800 теңгеден басталады.

«1917»: Үздік операторлық жұмыс, Үздік дыбыс, Үздік визуал эффектілер.

Қайдан көреміз: Сэм Мендестің әскери драмасы біздің прокатқа 30 қаңтарда шықты және әлі де жүріп жатыр. Үлкен экраннан көруге толық мүмкіндік бар. Роджер Дикинстің тамаша операторлық жұмысын, картинаның техникалық артықшылықтарын сезіну үшін киноға баруды ұсынар едік. Ал цифрлық релизі 26 наурызға жоспарланған. Онлайн-кинотеатрларға шыққан соң көру құны 1600 теңгеден басталады.

«Джокер / Joker»: ең көп номинацияға ілігіп (11), екеуін алды – Үздік актер және Үздік музыка.

Қайдан көреміз: Хоакин Феникстің тамаша рөлін үлкен кинодан енді көре алмаспыз, бірақ цифрлық релиздері бар. Ivi-де 548 теңгеден, Megogo-да 590 теңгеден, Okko-да 99 рубльден (589 теңге) басталады.

«Бір күні… Голливудта / Once upon a Time…in Hollywood»: Екінші пландағы үздік актер, Үздік қоюшы-суретші.

Қайдан көреміз: Тарантиноның картинасы біздің прокатта тамызды болып кетті. Сол себепті тек онлайн-кинотеатрлардан ғана көре аламыз: Okko – 99 рубльден (589 теңге), Кинопоиск – 399 рубль (2373 теңге), Megogo – 590 теңгеден, Ivi – 548 теңгеден бастап көрсетеді.

«Форд Феррариге қарсы / Ford v Ferrari»: Үздік монтаж, Үздік дыбыс монтажы.

Қайдан көреміз: Кристиан Бэйл мен Мэтт Дэймон қатысқан бұл картинаның да прокаты күзде өтіп кетті. Цифрлық нұсқаларын көруге болады: Ivi – 1899 теңгеден, Кинопоиск – 299 рублден (1775 теңге), Megogo – 1890 теңгеден, Okko – 349 рубльден (2070 теңге) басталады.

«Қоян Джоджо / Jojo Rabbit»: Тайка Вайтити «Үздік бейімделген сценарий» номинациясында үздік шықты.

Қайдан көреміз: Қазақстан прокатына қашан келетіні айтылмайды, ал әлемдік премьерасы 2019 жылы қыркүйекте өтті. Бізге белгілі онлайн-сервистерде де әзірге жоқ. Ағылшын тілді Amazon, DirectTV видеосервистерінен сатып алуға болады. Құны 6 доллардан басталады.

«Неке оқиғасы / Marriage Story»: Екінші пландағы үздік актриса.

Қайдан көреміз: Бұның да прокаттағы тағдыры белгісіз. Бастапқыда Netflix арқылы таралғандықтан, осы стриминг-сервистің қолданушылары шектеусіз көре алады. Ағылшын тілін білмейтіндер үшін орысша субтитр қосу мүмкіндігі бар. Ал біз жиі бас сұғатын орысша видеосервистерде әзірге жоқ.

«Кішкентай әйелдер / Little Women»: Үздік костюм дизайны.

Қайдан көреміз: Классикалық шығарманың кезекті экранизациясы қазір еліміздің киносында жүріп жатыр. Ал цифрлық релизі 5 наурызда деп белгіленген. Шыққан кезде Okko сервисіндегі құны 299 рублден (1775 теңге), Ivi-де 1530 теңгеден басталады.

«Төбеден жай түскендей / Bombshell»: Үздік бет әрлеу және шаш үлгісі.

Қайдан көреміз: Шарлиз Терон, Николь Кидман, Марго Робби секілді жұлдыздардың басын қосқан драманы қазір еліміздің кинотеатрларынан көруге болады. Ақылы видеосервистерге қашан шығатыны әзірге белгісіз.

«Джуди / Judy»: Үздік актриса.

Қайдан көреміз: Рене Зеллвегерге екінші «Оскар» алып берген байопик Қазақстанда Олег Борецкийдің киноклубы аясында қаңтарда көрсетіліпті. Көремін деген ниеттіге онлайн-кинотеатрлар цифрлық нұсқасын ұсынады: Кинопоиск – 399 рублден (2369), Megogo – 990 теңгеден, Ivi – 1700 теңгеден, Okko – 299 рублден (1775 теңге) бастап.

«Ойыншықтар хикаясы 4 / Toy Story 4″: Үздік анимациялық толықметраж фильм.

Қайдан көреміз: Pixar студиясының мультфильмі бізде былтыр жазда көрсетіліп кетті. Қазақша дубляжбен шыққандықтан, оның қазақша аудиодыбысы бар цифрлық нұсқасын да табуға болады: Megogo-да 590 теңгеден, Ivi-де 548 теңгеден басталады. Сонымен қатар Okko мен Кинопоиск видеосервистерінен 99 рублден (589 теңге) көруге болады. Алайда бұларда қазақша нұсқа жоқ.

«Рокетмен / Rocketman»: Үздік ән.

Қайдан көреміз: Элтон Джонның өміріне негізделген мюзикл кинотеатрларда жазда көрсетілді. Фильм онлайн-кинотеатрларда бар: Кинопоиск пен Okko-да 99 рублден (589 теңге), Megogo-да 490 теңгеден, Ivi-де 548 теңгеден басталады.

Сонымен қатар «Үздік деректі толықметраж фильм» номинациясын жеңіп алған «Америка фабрикасы / American Factory» фильмін Netflix-тен орысша субтитрмен көруге болады.

Онлайн: «Жыныстық белгісі бойынша», «Буырқану» және «Авторы жоқ жұмыс»

Youtube желісіне шыққан фильмдердің арасынан үздіктерін іріктеп, назарларыңызға ұсынамыз. Бүгінгі топтамада – Фелисити Джонс ойнаған, Американың атақты заңгері Рут Бейдер туралы байопик, Тильда Суинтон мен Рэйф Файнс қатысқан психологиялық триллер және неміс суретшісі Герхард Рихард туралы псевдобайопик.

Жыныстық белгісі бойынша / По половому признаку / On the Basis of Sex [16+]

Америкалық өмірбаян драма Жоғарғы сот судьясы Рут Бейдер туралы. Оны кинода Фелисити Джонс ойнайды. Соның ішінде Бейдер еркектер мен әйелдердің тең құқығы үшін күресі сөз болады.

Актерлік құрамда Арми ХаммерДжастин ТеруДжек РейнорКрис МалкиСтивен РутСэм Уотерстон секілді жұлдыздар бар.

Айтпақшы Рут Бейдер Жоғарғы сот судьясы лауазымына 1993 жылы тағайындалған екен. Фильм оның осы постта жұмысына 25 жыл толуына орай жасалды.

 

Буырқану / Большой всплеск / A Bigger Splash [18+]

Итальян режиссері Лука Гуаданьиноның психологиялық триллері. Негізгі рөлдерде – Тильда Суинтон, Маттиас Шонартс, Рэйф ФайнсДакота Джонсон. Фильм Венеция кинофестиваліне қатысып, екі жүлде алды. Сюжеті 1969 жылғы «Бассейн» картинасына негізделген.

Рок-жұлдыз Марианна Лэйн мен оның сүйген жігіті Италияның оңтүстігінде демалыста жүреді. Олардың жайдары көңіл-күйін кенеттен пайда болған Марианнаның бұрынғы жігіті Гарри бұзады. Жеңілтек ойын, астарсыз флирт, нағыз құмарлық және ерікке бағынбайтын қызғаныш кейіпкерлерге үлкен қауіп алып келмек.

 

Авторы жоқ жұмыс / Работа без авторства / Werk ohne Autor [18+]

Неміс суретшісі Герхард Рихардтің өмірбаяны бойынша жасалған псевдобайопик. Картина былтыр «Шет тіліндегі үздік фильм», «Үздік операторлық жұмыс» номинациялары бойынша «Оскарға» ұсынылды.

Сюжет балалық шағы нацистік режимде, жасөспірім кезі коммунистік заманда өткен неміс суретшісі туралы. ГДР-ден ГФР-ге қашып, өз тағдыры мен тұтас ұрпақтың тарихы туралы картиналар жазады.

 

2020 жылғы ақпанның сериалдары – 2 бөлік

Ақпанның сериалдарына арналған материалды жалғастырамыз. Әдеттегідей алдымен премьераларға тоқталамыз.

НольНольНоль / ZeroZeroZero

Италияда түсірілген қылмыстық драма Роберто Савианоның аттас бестселлеріне негізделген. Сюжетте Оңтүстік Америкадан Еуропаға келетін кокаин контрабандасы туралы сөз болады. Басты кейіпкерлер – мафия кланының басшысы Муно, оны сатып кетуді ойлаған немересі, есірткінің жолын кесуді мақсат еткен мексикалық арнайы жасақ, жергілікті наркобарондарға қызмет ететін полицей. Қысқасы «Нарко» стиліндегі сериал болатын секілді.

Премьерасы 14 ақпанда.

Утопияның күйреуі / Крушение утопии / Utopia Falls

Оқиғасы болашақта өрбитін канадалық фантастикалық музыкалық драма. Жаңа Вавилон деп аталатын Жер колониясында жыл сайын музыкалық сайыс өтеді. Оған қатысатын 24 жасөспірім үшін бұл – тарихта із қалдыруға мүмкіндік. Қала шенеунігінің қызы Алия да осы сайысқа қатыспақшы. Ол ежелгі архивтен ұмыт болған хип-хоп мәдениеті туралы біледі.

Сериал 14 ақпаннан бастап көрсетіледі.

Hi Fi / High Fidelity

Америкалық комедияда Роб есімді музыка дүкенінің иесі туралы баяндалады. Ол музыка фанаты және поп-мәдениеттің білгірі. Жақында ғана болған сәтсіз махаббатының себебін музыканың көмегімен түсінуге тырысады. Бұрынғы романтикалық қарым-қатынастарын ой елегінен өткізіп, өзінің кемшіліктерін талдайды.

Сериал Ник Хорнбидің «Фанатик» бестселлерінің еркін бейімделген нұсқасы. Премьерасы 14 ақпанда.

Қайырымды мырзаның құсы / Птица доброго Господа / The Good Lord Bird

Оқиғасы Америкада азамат соғысы жылдары өрбиді. Канзас құлдықты жақтаушылар мен қарсы шыққандар арасындағы соғыс алаңына айналған. Онион есімді жалшы бала қыз болып киініп, аболиционист Джон Браунмен бірге одақтастар армиясына қарай қашады. Ұлды қатерге толы саяхат пен тарихи оқиғалар күтіп тұр.

Драма 17 ақпанда шығады

Торуылшылар / Охотники / Hunters

Аль Пачино ойнаған драма. Сюжеті Нью-Йоркте 1977 жылы өрбиді. Нацистердің ізіне түскен торуылшылар тобы Гитлердің идеяластары қарапайым халық арасында тұрып жатқанын, АҚШ-та Төртінші рейх орнатуды көздейтінін біледі. Олар жаңа геноцидтің алдын алу үшін нацистерді іздеуге шығады.

Премьерасы 21 ақпанда.

Бұл маған ұнамайды / Мне это не нравится / I Am Not Okay With This

Чарльз Форсманның аттас комиксіне негізделген фантастикалық комедия. Сериалда Сидни есімді жас қыз туралы айтылады. Оған жасөспірімге тән – оқудағы, ата-анамен қарым-қатынасындағы, жеке өміріндегі және жыныстық жетілудені проблемалар аз болғандай, оған бойында байқалған ерекше қабілетпен күресуге тура келеді.

27 ақпанда жарық көреді.

Сондай-ақ кезекті маусымын ұсынған сериалдар:

  • 9 ақпан: Жоғары сапалы қызмет /Кайф с доставкой / High Maintenance; АҚШ; драма, комедия – 4 маусым
  • 11 ақпан: Сплит / Развод по-английски / The Split; Ұлыбритания; драма – 2 маусым
  • 13 ақпан: Нарко: Мексика / Narcos: Mexico; Мексика; драма, қылмыстық – 2 маусым
  • 14 ақпан: Байланысшы қыздар / Телефонистки / Las chicas del cable; Испания; драма – 5 маусым
  • 17 ақпан: Жақсы қыздар / Хорошие девчонки / Good Girls; АҚШ; драма – 3 маусым
  • 17 ақпан: Бөтен / Чужестранка / Outlander; АҚШ; драма, фантастика, қызық оқиғалы – 5 маусым
  • 24 ақпан: Бірден Солға хабарласыңыз / Лучше звоните Солу / Better Call Saul; АҚШ; драма, комедия, қылмыстық – 5 маусым
  • 28 ақпан: Түрленген көміртек / Видоизмененный углерод / Altered Carbon; АҚШ; драма, фантастика, қылмыстық, триллер – 2 маусым

Соңы.

Цифрлық релиздер: онлайн-кинотеатрлардағы жаңа фильмдер

Танымал онлайн-кинотеатрлар мен видеосервистерді шолып, ақпанның басында цифрлық нұсқада шыққан премьералар тізімін ұсынамыз.

Қашалмаған асылтастар / Неогранённые драгоценности / Uncut Gems

© Netflix

Ағайынды Бен Сэфди мен Джошуа Сэфди түсірген қылмыстық триллер. Олар 2017 жылы «Good Time» картинасымен танылған еді. Жаңа режиссерлік жұмысын 2019 жылы тамызда Теллуридтегі кинофестивалде ұсынды, ал прокатқа желтоқсанда шықты.

Сюжетте зергерлік дүкен иесі, құмар ойыншы Говард Ратнер туралы баяндалады. Ол аз уақыт ішінде жиналып қалған берешектерінен құтылуы тиіс.

Фильмде басты рөлде Адам Сэндлер ойнайды. АҚШ киносыншыларының ұлттық кеңесі актерді осы рөлі үшін жыл үздіктерінің қатарына қосты.

Қайдан көреміз: фильм Netflix қолданушыларына қол жетімді, орысша дубляжы бар.

Рейтинг:  Rotten Tomatoes: 92% (8.4/10); IMDb: 7.8; Кинопоиск: 7.3. 

Трейлер

Терминатор: Бұлыңғыр тағдыр / Терминатор: Тёмные судьбыTerminator: Dark Fate

© Paramount Pictures

Джеймс Кэмерон франшиза құқығын өзіне қайтарып алып, қайта жандандырған серия. Бүкіл франшиза есебінен алсақ – алтыншы, ал Кэмерон жасаған канонмен есептесек үшінші бөлім. Жобаға бірінші, екінші фильмдерде ойнаған Арнольд Шварценеггер мен Линда Хэмилтон қайтып оралды.

Сюжеті болашақтан келген өлтіргіш роботтармен күресін тоқтатпаған Сара Коннор оқиғасын жалғастырады. Ол Басты қауіп Джон Коннорға төніп тұр деп ойлап еді. Алайда Дани Рамоспен кездесіп, оның да адамзат тағдырына маңызы бар екенін біледі.

Қайдан көреміз: Megogo, Ivi секілді онлайн-кинотеатрларға шықты, бағасы 1890 теңгеден басталады.

Рейтинг:  Rotten Tomatoes: 70% (6.2/10); IMDb: 6.3; Кинопоиск: 5.9. 

Трейлер

Атлантика / Atlantique

© Ad Vitam

Алдарыңызда 2019 жылғы Канн кинофестивалінің әділқазылар Гран-приінің иегері.

Фильм оқиғасы Дакарда өтеді. Атлант мұхитының жағалауында орналасқан қаланың маңынан алып ғимарат тұрғызылады. Бұл жерде істеген құрылысшылар айлап ақы алмаған. Бір күні жұмысшылар елді тастап, жаңа өмір іздеп кетеді. Олардың арасында Ада есімді сұлуға ғашық Сулейман деген жігіт те бар еді. Қыз ата-анасының шешімімен басқа біреуге күйеуге шықпақшы.

Қайдан көреміз: Ivi онлайн-кинотеатрына шықты, бағасы 1700 теңге.

Рейтинг:  Rotten Tomatoes: 96% (7.8/10); IMDb: 6.8; Кинопоиск: 6.6. 

Трейлер

21 көпір / 21 мост / 21 Bridges

Marvel фильмдерінде Қара Пантера рөлімен белгілі Чедвик Боузман ойнаған боевик. Ал «Капитан Американың» екі, «Кек алушылардың» екі бөлімін түсірген ағайынды Энтони Руссо мен Джо Руссо жобаға продюсер болды.

Наркодилерлерді ұстамақ болған 8 Нью-Йорк полицейі қаза табады. Детектив Андре Дэвиске қылмыскерлерді тауып, әріптестерінің кегін қайтару тапсырылады. Ол Манхэттенді толығымен бұғаттау үшін, қаламен байланыстыратын 21 көпірді жауып тастайды.

Қайдан көреміз: Ivi (1700 тг), Megogo (1226 тг), Кинопоиск (299 рубль = 1800 тг) және басқа да онлайн-кинотеатрлар.

Рейтинг:  Rotten Tomatoes: 51% (5.3/10); IMDb: 6.6; Кинопоиск: 6.6. 

Трейлер