Әйел нені қалайды? «Алматы» телеарнасы жаңа сериалын таныстырды

«Өткінші жаңбыр» сериалы тағдырдың жазуымен Алматыда кездесіп, жақын дос болып, ортақ іс ашатын екі түрлі әйелдің тағдыры мен арманы туралы. Сюжет барысында олар өзгереді, жеке тұлға ретінде өседі, қиындықтарды жеңіп, табысқа жетуге ұмтылады.

Туындының басты кейіпкері – Жанар есімді көп балалы ана. Күнделікті үй шаруасынан зеріккен ол кәсіпкерлікті қолға алып, ел қатарлы жұмыс істегісі келеді. Алайда жұбайы бұл ойын құптамайды.

Екінші кейіпкер – Ажар. Ол жалғыз басты ана әрі шағын кәсіпкер. Тапсырыспен торт пісіру – оның басты табыс көзі. Жұмыстан жалыққан ол, керісінше, отбасылық өмірді аңсайды. Кейіпкерлердің тағдыры әр түрлі болғанымен, басқа түскен қиындық екеуінің басын бір арнаға тоғыстырады.

Екі басты кейіпкерді Нұргүл Мыңғатова мен Салтанат Бақаева ойнайды. Сондай-ақ актерлік құрамда Алмат Сақатов, Ажарлым Мағзум, Дәулет Бижанов, Ерғали Дүйсен. Режиссері – Дархан Сәркенов.

12 бөлімді «Өткінші жаңбыр» телехикаясы «Алматы» телеарнасында 2 қарашадан бастап көрсетіледі. Эфир уақыты: дүйсен-бейсенбі аралығында, сағат 20:40.

«Борат 2»: трейлері және премьера күні

2006 жылғы «Борат» қара комедиясының жалғасы 23 қазанда шығатын болды. «Borat: Gift of Pornography Monkey to Vice President Mikhael Pence to Make Benefit Recently Diminished Nation of Kazakhstan» (қазақша мағынасы – «Борат: Жақында азайып кеткен Қазақстан халқының игілігі үшін вице-премьер Микаэль Пенске порнографиялық маймылдың сыйлығы») деген ұзақ атауы бар фильм Amazon Prime платформасында көрсетіледі.

Осыған дейін қазақстандық журналист туралы псевдодеректі картинаның екінші бөлімі түсіріліп жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Жуырда Twitter әлеуметтік желісінде «Қазақстан үкіметінің Twitter-дегі ресми аккаунты» деген парақша пайда болып, сонда «Борат» фильмінің басты кейіпкері Борат Сағдиевтің дауысымен ролик жарияланды.

«Борат 2» фильмінде қазақ журналисі АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңында саяси өмірге зерттеу жүргізіп, коронавирус пандемиясының салдарымен күреседі. Авторы және басты рөлде ойнаушы – британ комигі Саша Барон Коэн.

1 қазанда бұл жобаның ресми трейлері жарияланды:

«Борат: Қазақстанның атақты халқы игілігі үшін америкалық мәдениетті зерттеу» (ағылш. Борат: Цұлтұрал Леарнінгс оф Амеріца фор Маке Бенефіт Глоріоұс Натіон оф Казакһстан) псевдодеректі фильм-комедиясы 2006 жылы шықты. Сюжетінде Саша Барон Коэн ойнаған қазақ журналист АҚШ-қа саяхаттап, әртүрлі адамдармен кездеседі.

Шектеулі прокатқа қарамастан, фильм 18 млн доллар бюджетпен әлемдік прокатта  261 млн доллар жинады. Саша Барон Коэн Борат рөлі үшін «Музыкалық фильмдегі және комедиядадағы үздік актер» номинациясында «Алтын глобусқа» ие болды. Сонымен қатар «Үздік бейімделген сценарий» номинациясында «Оскарға» ұсынылды.

Атышулы картина ТМД елдерінің ішінде Ресейде, Украинада, Беларусте және Қазақстанда кинотеатрлардан көрсетуге тыйым салынды.

Жеткіншек, есірткі және 18 кГц: Фархат Шәріповтың жаңа фильмі жайында

«Қызғылт қоян туралы ертегі», «Тұлғалық өсу тренингі» картиналарын түсірген Фархат Шәріпов жаңа жұмысын көпшілік назарына ұсынбақшы. «18 килогерц» деп аталатын драма алдымен екі халықаралық кинофестивалге қатысып қайтады.

«18 килогерц» – бұл тоқсаныншы жылдардың соңындағы жасөспірімдердің өмірінен сыр шертетін фильм.

«18 килогерц – ересектер естімейтін дыбыс жиілігі. Фильм жасөспірімдердің проблемаларына арналған… Есейе келе жыл сайын жас буынның қиындықтарын түсіну қиын болып бара жатыр. Өзіміз де жасөспірім болдық, кейбір проблемалар шешілмейтіндей болып көрініп еді. Тіпті тығырықтан шығатын жол таба алмай, тұла бойыңды қорқыныш билеген кездер де болды. Біздің фильм сол кездерді еске түсіру үшін арнайы түсірілді», – деді режиссер Фархат Шарипов.

Түсірілім жұмыстары Алматы қаласында жүргізілді. Басты рөлдерде Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әдікен, Камила Фун-Со деген жас дебютант-актерлер ойнайды.

Режиссердің жаңа жұмысының әлемдік премьерасы Орталық және Шығыс Еуропаның ең беделді фестивалдерінің бірі – 36 Варшава халықаралық кинофестивалінің (WFF) негізгі конкурсы аясында өтеді. «А» санатына жататын бұл кинофорум биыл 9-18 қазан аралығында дәстүрлі форматта өтеді.

Одан бөлек «18 килогерц» фильмі Азиядағы ең ірі фестивалдердің бірі – 25 Пусан халықаралық кинофестиваліне (BIFF) қатысады. Кинотуынды «Азия киносына терезе» (A Window on Asian Cinema) бағдарламасына еніп отыр. ПХК 21-30 қазан аралығында өтеді.

Осы орайда айта кетейік Ернар Нұрғалиевтің «Жаным, ты не поверишь» қара комедиясы да Варшава кинофестиваліне қатысады. Картина «Free Spirit Competition» бағдарламасына еніп, 9 қазанда көрсетілімі болады.

77 Венеция кинофестивалінің жеңімпаздары

венеция кинофестивалі

венеция кинофестивалі

77 Венеция халықаралық кинофестивалі 2-12 қыркүйек аралығында өтті. Негізгі конкурстың қазыларын Австралия актрисасы Кейт Бланшет басқарды. Ашылу фильмі ретінде итальян режиссері Даниэле Лукеттидің «Түйін» («Lacci») картинасы көрсетілді.

Коронавирус пандемиясына қарамастан кинофестиваль кейінгі шегерілген жоқ. Фестиваль кезінде барлық қауіпсіздік шарасы сақталыпты.

Бас жүлде – «Алтын арыстан» марапатын америкалық режиссер Хлоя Чжаоның «Көшпенділер елі» («Nomadland») фильмі алды.

Негізгі конкурстың жеңімпаздары:

  • Алтын арыстан – «Көшпенділер елі» / «Nomadland», реж. Хлоя Чжао (АҚШ)
  • Үлкен қазылар алқасының жүлдесі – Күміс арыстан – «Жаңа тәртіп» / «New Order», реж. Мишель Франко (Мексика, Франция)
  • Режиссура үшін Күміс арыстан – Киёси Куросава, «Шпионның әйелі» / «Wife of a Spy» (Жапония, Корея, Германия)
  • Үздік еркек рөлі үшін Вольпи кубогы – Пьерфранческо Фавино, «Біздің әке» / «Padrenostro» (Италия)
  • Үздік әйел рөлі үшін Вольпи кубогы – Ванесса Кирби, «Әйел бөлшегі» / «Pieces of a Woman» (Канада, Венгрия)
  • Алтын Озелла – үздік сценарий үшін жүлде – Чайтанья Тамхане, «Шәкірт» / «The Disciple» (Үндістан)
  • Қазылардың арнайы жүлдесі – «Құрметті жолдастар» / «Дорогие товарищи», реж. Андрей Кончаловский (Ресей)
  • Марчелло Мастроянни сыйлығы – Рухолла Замани, «Күн» / «The Sun» (Иран)

«Көкжиектер» бағдарламасында Ахмад Бахрамидің «Тақыр» (Иран) картинасы бас жүлдеге ие болды. Осы бағдарламаға қатысқан Қазақстан режиссері Әділхан Ержановтың «Сары мысық» фильмі жүлде алған жоқ.

Зак Снайдердің лигасы: күтуге лайық па?

«Snyder’s Cut» – соңғы айларда кинокомикс фанаттарын елеңдетіп отырған маңызды жаңалық. Әңгіме DC кинематография ғаламының 2017 жылы шыққан «Әділет лигасы» / «Justice League» картинасы туралы. Оқиғаның қызығы мынада – фильмнің өзінен гөрі, сол фильмді түсіруге қатысты, жобаның өндірісі төңірегіндегі әңгімелер көбірек қызығушылық тудырды.

Жақында күттірген алғашқы ролигі де көпшілікке ұсынылды.

Әлқисса

«Әділет лигасы» – DC киноғаламының бесінші фильмі және «Бэтмен Суперменге қарсы» фильмінің тікелей жалғасы. Осы киноғаламды дамыту жұмысының басы-қасында жүрген Зак Снайдер «Әділет лигасын» түсіріп бастап еді. Түсірілім кезеңі аяқталып та қалған болатын. Сол кезде Снайдердің отбасында қайғылы оқиға – қызы өзіне қол жұмсап қайтыс болады. Режиссер осы ауыр кезеңді отбасының қасында өткізгісі келетінін айтып, жобадан кетеді. Warner Bros. студиясы жұмысты аяқтауға басқа адам қарастырып, ақыры Джосс Уидонды («Кек алушылар», «Кек алушылар: Альтрон дәуірі») бекітеді. Оған қосымша көріністерді түсіру, сценарийді аздап түзету және постпродакшен жұмысы тапсырылады.

Бастапқыда Зак Снайдер жасап кеткен тірлікті соңына дейін жеткіземіз деп жоспарланғанымен, барлығы жаңа режиссер келісімен түбегейлі өзгереді. Қосымша түсірілім емес, қайта түсірілім болады деген хабар тарайды. Шынымен де Уидон жобаға өз көзқарасын енгізеді, сценарийдің тең жартысын түзетеді, тіпті түс коррекциясы мен атмосферасы да біраз өзгереді. Былайша айтқанда Зак Снайдер бірнеше жылын жұмсап құрған киноәлемнің тас-талқаны шығып, концепция басқа арнаға бұрылады.

Бірақ студия бәрі жақсы дегенінен танбайды. Тіпті Снайдердің тұнжыраған атмосферасын өзгерттік, диалогтарға әзіл қостық, сюжетін кішкене ашық-жарқын қыламыз деп мәлімдейді. Фильмнің қандай болып шыққанын көрермен жақсы біледі. Қайта түсірілімнің кесірінен өндіріс бюджетінің өзі 300 млн долларға өсіп, шығынды ақтау мүмкіндігін жоққа шығарды десе де болады. Оған маркетинг шығындарын қосыңыз. Шынымен де фильм прокаттан лайықты касса жинай алмады (657 млн). Оның үстіне біраз сынға да ұшырады.

«Уидон кет!» 

Басшылық Досс Уидонға тым көп үміт артқан сияқты көрінді. Иә, ол «Кек алушыларды» сәтті іске асырды, бірақ әр компанияның өз саясаты бар, ұзақмерзімді жоспарлары мен концепциясы бар. Оған орта жолдан кіріп, үйлесіп кету де оңай емес шығар. Ол аз десеңіз Уидон киноғаламның жалпы концепциясынан тайқып, өз қолтаңбасын көрсетуге тырысты.

Шынын айту керек «Әділет лигасы» қажетсіз сюжет желілерінен, тым көп компьютерлік графикадан құралған қойыртпақ ботқа болып шықты. «Кек алушылар» секілді тұтастық байқалмады.

Жалпы DC киноғаламы бұған дейін де оңып тұрғаны шамалы еді. Прокаттағы сәтсіздіктері, сыншылардың төмен рейтингі аздай, Уидонның режиссерлігінен кейін бірнеше жылға жоспарланып қойылған киноғаламның концепциясы тас-талқан болды. Оны Warner Bros. студиясы да мойындады. Қазіргі әр кейіпкерге арналған бөлек-бөлек фильмдер, бір-біріне сюжеттік тұрғыда қатысы жоқ, параллель жасалып жатқан жобалар («Джокер«, «Бэтмен», «Шазам«, т.б.) сәтсіз шыққан «Әділет лигасының» кесірінен болған өзгеріс нәтижесі.

«Әділет лигасы» туралы көп айтылды, көп нәрсе уәде етілді. Ақырында көпшілік қабылдай алмады, тіпті көп нәрсені кешіруге дайын фанаттар да. Осыдан туған негативтің бәрі Джосс Уидонға жауды. Енді логикаға салсақ Marvel-дің киноғаламына бәсеке болуы тиіс ауқымды киноконцепцияның күйреуіне Уидон кінәлі болып шыға келді.

Джосс Уидон нұсқасының кадры

«Снайдер кел!»

Қалың көрермен Зак Снайдердің өз «Әділет лигасы» бар деп есептейді. Яғни ол түсіріп кеткен материалдар бір жерде сақтаулы және одан тәп-тәуір фильм шығады. Warner Bros. студиясы Снайдердің нұсқасы туралы ақпардың бәрін жоққа шығарып келді. Шынымен де бұған тек наразы фанаттардың орындалмас арманы деп қарауға болар еді. Кенеттен… 2020 жылы мамырда Снайдердің режиссерлік нұсқасы шығады деп мәлімделді.

Режиссердің айтуынша 2016 жылы өзі түсіріп кеткен материалдан 4 бөлімнен тұратын мини-сериал құрастырылады. Монтажы, музыкасы жаңадан жасалады, жаңа визуал эффектілері қосылады. Уидонның нұсқасындағы кейбір кейіпкерлердің түрі өзгертіледі. Яғни Снайдер өзі қалаған, бірақ іске аса алмай қалған образдарды жаңғыртпақ. Бұған қосымша 20-30 млн доллар жұмсалады. Десек те студия Снайдерге қосымша түсірілімдер жасауға рұқсат етпепті. Оның үстіне араға жылдар салып бұрынғы актерлерді қайтару да оңай шаруа емес.

Сонымен «Zack Snyder’s Justice League» 2021 жылы HBO Max платформасында көрсетіледі.

Зак Снайдер нұсқасының трейлерінен алынған кадр

Кім кінәлі?

Бұл жерде ұтатын да, ұтылатын да Warner Bros. компаниясы. Зак Снайдердің жобадан кетуі тегін емес секілді. Кейбір инсайдерлік ақпарат тарататын сайттар студияның ішкі ахуалы мәз емес дегенді жазып жүрді. Режиссердің киножобаға қатысты өз көзқарасы мен жоспары болған және ол компания басшылығының жоспарымен сәйкеспеген. «Әділет лигасына» қатысты да режиссер мен студия арасында түсініспеушілік болған екен. Снайдердің қызы қайтыс болғанда, режиссер осы жағдайды уәж ретінде сәтті пайдаланып, жобадан бас тартады. Режиссер осындай шешімге қызы қайтыс болған сәтте емес, арада екі ай өткен соң келгенін ескерсек – отбасындағы қайғы (бірінші некесінде болған) жобадан өз еркімен, болмаса студияның қысымымен бас тартудың себебі болды деп пайымдауға негіз бар.

Арадағы келіспеушіліктің кесірінен фильмнің ойдағыдай болмайтынын да басшылық анық түсінеді. Түсінеді де кінәні артып тастауға болатын «оңбағанды» іздейді. Джосс Уидон осы рөлді артығымен орындап, болашақ жоспарларды да күйретіп кетті (саналы әлде бейсаналы түрде).

Осылайша Warner Bros. пікірі сәйкеспеген Снайдерден де құтылды, жобаны «ағызып жіберетін» адамды да тапты. Ұтты деңіз. Бірақ қырғын шығынға батты – ұтылды. Енді Снайдерді қайтарып, оның нұсқасын шығармақшы. Бір жағынан – фанаттардың алғысына бөленеді, екіншіден – шығынды қайтарып алуға тырысады.

Студия осыған дейін Снайдердің нұсқасы деген жоқ деп келген еді. Енді фанаттардың тілегін орындаймын деп сөзінен жаңылып отыр. Басшылықтың бұлай екі сөйлеуі «Әділет лигасы» төңірегінде болған біраз проблеманы растай түсетін секілді.

Warner bros. көрермен алдында ұпай жинаймын деп жүріп енді Пандора жәшігін ашып алған секілді. Петициямен дегенін істетуге болатыны білген көрермен болашақта сәтсіз шыққан әр фильмнің жаңа нұсқасын талап етпесіне кім кепіл?

Әу бастан-ақ жобаның басы-қасында жүргендердің әңгімесі жараспағанын ескерсек, түсірілген материалдан, мейлі ол Снайдердің жұмысы болсын, Уидонның жұмысы болсын – лайықты өнім шыға алмаған соң, аяқсыз қалған, бірнеше рет өзгертілген жобадан дәл қазір лайық дүние шығады дегенге сену қиын. «Snyder’s Cut» жай ғана маркетинг мақсатындағы жалаң сөз деңгейінде қалатын секілді.

P.S. Мақаладағы пайымдар ешқандай да тұжырым емес екенін ескерткіміз келеді. Автордың жеке ойы мен болжамы ғана.

Әділхан Ержановтың «Сары мысық» фильмі Венеция кинофестиваліне қатысады

«Сары мысық» фильмінің кадры

Режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» көркем фильмі 77 Венеция халықаралық кинофестивалінің «Көкжиектер» конкурстық бағдарламасына қатысады. Әлемнің ең ірі және беделді фестивалдерінің бірі биыл 2 мен 12 қыркүйек аралығында толыққанды жанды форматта өтеді. «Көкжиектердің» халықаралық қазыларын атақты француз кинематографшысы Клэр Дени («Жақсы жұмыс», «Іштегі жайдарлы шуақ», «Ақсүйектер қоғамы») басқарады. Картинаны Short Brothers (Қазақстан) компаниясының және «Қазақфильм» (Қазақстан) мен Arizona Productions (Франция) киностудияларының қатысуымен ZERDE FILMS (Қазақстан) компаниясы түсірген.

«Сары мысық» – режиссер Ержановтың тоғызыншы толықметраж көркем фильмі. Түсірілімі былтыр Алматы облысында өтті. Бас продюсер міндетін Әсел Сәдуақасова, Қанат Битеміров және Ербол Тойбаев атқарды.

«Сары мысық» фильмінің кадры

– Мен үшін Кермек – жазған кейіпкерлеріміздің ішіндегі ең мейірімдісі, оның қазіргідей күрделі уақытта пайда болуында да мән бар. «Көкжиектер» үшін де ризамын. Менің ойымша Венецияның жанды форматы – қазіргі кезде кез келген премьера үшін мәртебе. Командаға және іріктеушілерге осындай мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын, – деді Әділхан Ержанов.

Фильм қазақстандық «Бонни мен Клайдың» оқиғасын баяндайды десе де болады. Кермек деген жас жігіт түрмеден туған қаласына оралады. Бұл мекенді қылмыстық топ иемденіп алып, өзінің заңдарын орнатқан. Ева деген ғашығы осы адамдардың қысым көрсетуімен теріс жолға түсіп кеткен, Кермек те қылмысқа белшесінен батуға мәжбүр болады. Дегенмен ол сүйген қызбен бірге еркіндікке қол жеткізіп, кинотеатр салу туралы арманын тастамайды. Басты кейіпкер қалай да осы мақсатын іске асырмақ болады…

«Сары мысық» фильмінің кадры

Кермекті Ресей актері Азамат Нығманов ойнайды. Оны көрермендер Алексей Мизгиревтің «Конвой», Андрей Шальопаның «28 панфиловшы» картиналары арқылы біледі. Ева рөлінде Нариман Төребаевтың «Үлкен қаланың ласы», Әлішер Сүлейменовтың «Шатыр үстіндегі бұлт» картиналарына түскен қазақстандық жас актриса Камила Нұғманова ойнайды. Екі актер де Ержановтың картинасына алғаш рет түсіп отыр. Жамбас деген қылмыс серкесін осыған дейін режиссердің «Атбайдың шайқасы» және «Ұлболсын» фильмдеріне түскен актер Санжар Мәди ойнайды. Сонымен қатар актерлік құрамда Еркін Ғұбашев пен Ержан Жаманқұлов бар, олар Ержановпен осыған дейін де жұмыс істеген.

Сценарийді Әділхан Ержанов пен Инна Смаилова жазды. Режиссердің тұрақты әріптестері Серік Әбішев пен Ольга Хлащева әдеттегідей продюсер болды. Француз маманы Гийом де Сиель ко-продюсер қызметін атқарды. Операторы – Еркінбек Пітірәлиев, осыған дейін Ержановтың «Үкілі кәмшат» және «Атбайдың шайқасы» фильмдерін таспалады. Қоюшы-суретші Ермек Өтегенов те режиссердің тұрақты серіктесі. Фильм музыкасын қазақстандық танымал композитор Әлім Заиров жазды. жазды.

Әділхан Ержанов «Коллективный иммунитет» деген жаңа драмасын түсіріп бітті (+фото)

Қазақстан режиссері Әділхан Ержанов «Коллективный иммунитет» деген жаңа картинасының түсірілімін аяқтады.

Сюжетте іс жүргізу тәсілі бір-біріне қарама-қайшы екі полицей туралы айтылады. Біреуі – ауылдың учаскелік полицейі, жұрт оны заң бұзу жағдайларына көз жұма қарайтыны үшін жақсы көреді. Екіншісі – аудан полициясының принципшіл және адал бастығы. Ол ауылға келіп, жергілікті қылмысты жоймақшы болады. Ал ауыл учаскелік инспекторы қиын шешім қабылдауы керек – не ескі достық, не заңды ұстану.

Әділхан Ержановтың айтуынша бұл бадди-муви стиліндегі кино, яғни екі кейіпкер бәсекелесіп, жауға айналады. Ақырында ортақ шешімге келеді. Оқиға орны – режиссердің бірнеше фильмінде көрініс тапқан Қаратас ауылы.

Түсірілім 1-15 маусым аралығында өтті. Басты рөлдерде Данияр АлшыновҚап-қара адам«, «Атбайдың шайқасы»), Әсел Сәдуақасова («Атбайдың шайқасы»), Ержан Жаманқұлов ойнайды. Продюсерлер қатарында белгілі отандық кинематографшы Ақан СатаевӘлемге жылы бейжайлық«, «Қап-қара адам«) бар. Фильм прокатқа 2021 жылы қыста шығады деп жопарланған.

Қазақстан киносыншылары 2019 жылдың үздіктерін атады

Жыл сайын кино саласының үздіктерін анықтайтын Қазақстан Киносыншылар қауымдастығы «Сыншылар таңдауы-2020» жүлдесінің жеңімпаздарын жариялады. Жүлдегерлер мамыр айының 6 жұлдызында YouTube-те өткен онлайн-көрсетілім барысында анықталды. COVID-19 эпидемиясына байланысты, жүлдегелерді салтанатты түрде марапаттау кешін осындай форматта өткізуге тура келді. «Сыншылар таңдауы» мүсіндері әр жеңімпазға арнайы жеткізіліп, жеке табысталатын болады.

«Сыншылар таңдауы-2020» лауреаттары:

Үздік драма фильм – «Қап-қара адам» (прод. А.Сатаев, Э.Курмашев, С.Абишев, О.Хлащева)

Үздік жанрлық фильм – «OFF-LINE демалыс» (Э.Курмашев, С.Абишев)

Үздік режиссер – Әділхан Ержанов («Қап-қара адам»)

Үздік сценарий – Фархат Шәріпов («Тұлғалық өсу тренингі»)

Үздік қоюшы-оператор – Айдар Шәріпов («Қап-қара адам»)

Үздік қоюшы-суретші – Куат Тілеубаев («Томирис»)

Үздік ер адам бейнесі – Данияр Алшынов («Қап-қара адам»)

Үздік әйел бейнесі – Динара Бақтыбаева («Қап-қара адам»)

Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі – Ержан Түсіпов («Тұлғалық өсу тренингі»)

Екінші пландағы үздік әйел бейнесі – Дильназ Нұрсейіт («Композитор»)

Үздік композитор – Илья Одегов\ Эмиль Досов («Тұлғалық өсу тренингі»)

Үздік ән – Данэлия Төлешова & AlvinToday – «Каникулы off-line» («Off-line демалыс»)

Үздік дебют – Шәрипа Оразбаева («Мариям»)

Естеріңізге сала кетейік, өз жұмысын 2015 жылдан бері жалғастырып келе жатқан Қазақстан Киносыншылар қауымдастығы жыл сайын отандық кино саласындағы үздіктерді анықтап, «Сыншылар таңдауы» жүлдесін табыстайды. Киносыншылар қауымдастығы биыл жаңа мүшелермен толықты. Олар: Өнертану докторы Молдияр Ергебеков, кинотанушы, киносыншы Дана Әмірбекова және кинотанушы, Baiqonyr International Short Film Festival кинофестивалінің бағдарлама директоры Ержан Жұмабеков. Сондай-ақ, Қазақстан Киносыншылар қауымдастығына отандық белгілі кинотанушылар мен кинозерттеуші мамандар мүшелік етеді. Атап айтсақ, олар: Олег Борецкий, Төлеген Байтөкенов, Кәрім Қадырбаев, Баубек Нөгербек, Назира Мұқышева, Гүлажар Машрапова, Ғалия Байжанова, Дмитрий Мостовой, Инна Смаилова, Ольга Малышева, Мәди Мәмбетов және Александра Поршнева. Қазақстан Киносыншылар қауымдастығының президенті – Гүлнара Әбікеева. Қазақстан Киносыншылар қауымдастығының құрамы 16 кәсіби білікті маманнан тұрады.

Ерлердің ісі бітер ме: Тестостероныңды қайнататын 5 фильм

Ерлердің күні аталып кеткен – 7 мамыр – Қазақстан қарулы күштерінің құрылған күніне орай ерекше топтама ұсынғымыз келеді. Бүгін сөз қылатын киноқаһармандарымыз – көрерменге ерліктің үлгісін көрсетіп, экран алдындағы кез келген еркекті «паһ, шіркін!» деп бір қопаңдатып қоятындар қатарынан. Баяндалатын фильмдер жанрлық тұрғыдан да нағыз ерлерге арналған: экшн, триллер, әскери және криминал.

«Жендет: Сарбаздың күні» («Sicario: Day of the Soldado«): Бұл картинаны Дени Вильневтің 2015 жылғы «Жендет» («Sicario») боевигінің жалғасы деп санасақ та, бұны бөлек туынды деп қарастырған дұрысырақ. Өйткені сюжеті жаңа оқиғаны суреттейді, бірінші фильмдегі Эмили Блант актерлік құрамда жоқ және алдыңғы планға еркек кейіпкерлер шығады. Басты рөлдерде – қазіргі кинематографтың танымал еркектері Бенисио Дель Торо мен Джош Бролин.

Негізгі оқиға Алехандро Гиллике (Бенисио Дель Торо) деген кейіпкер төңірегінде өрбиді. Оның көмегімен АҚШ Орталық барлау басқармасы Мексикамен шекаралас аймақтардан астыртын наркотрафик жолдарын табады. Бұл «тесіктерді» есірткіге қатысы бар қылмыскерлер ғана емес, террористер де пайдаланатын болып шығады. Оның үстіне наркокартель басшысының қызы қолды болғаннан кейін Америка-Мексика шекарасындағы ахуал шиеленісе түседі. Екі ел арасында соғыс қаупі төнеді. Істеп жүрген тірлігі о бастан күмән туғызатын Алехандро Гиллике мен қылмыскерлердің ережесіз ойынына еті үйренген агент Мэтт Гравер (Джош Бролин) бірлесе жұмыс істеуге мәжбүр болады.

Бітімге келуді білмейтін брутал кейіпкерлер, сұмдық атмосфера, әдемі қойылған төбелес пен атыс – «Сикарионың» өзге боевиктерге ұқсамайтын қырларын аша түседі. Құр сөзбен мақтай беріп қайтеміз, одан да өзіңіз көріп көз жеткізіңіз 🙂

«Джон Уик» («John Wick») – барлық бөлімі: Бұл картина және онда ойнаған Киану Ривз стандартты төбелес пен атыс-шабысы бар боевиктерге қызығушылықты қайта оятты деуге болады. Әдемі қойылған жекпе-жектер, 90 жылдарға тән – шын жарылыстар мен көше атыстары кенеттен көрерменге әлі де қызық болып шықты. Сюжеттің қарапайымдығы, басты кейіпкердің кірпіге де түсінікті мотивациясы – аудитория ауқымын кеңейте түсті. Киану Ривзтың персонажында бір ғана мақсат бар: кек қайтару және өзі аман қалу. Актер таусылмас энергиясымен, төбелес көріністерін қоюда табандылығымен тәнті етеді. Әр серияны трюктер тұрғысынан жаңа белес деп қарастыруға болады және Киану әр жаңа деңгейді абыроймен бағындырады. Трилогияны бір деммен көріп тастауға болады.

«Эвакуация» («Extraction«): Netflix платформасы үшін түсірілген экшн-фильм. Marvel киноғаламы үшін бірнеше фильм жасаған ағайынды Руссолар мен Тор рөлімен белгілі Крис Хемсворт жаңа жоба аясында тағы әріптес болып отыр. Оның персонажы – бұрынғы сарбаз, қазір жалданбалы жауынгер Тайлер Рейк.

Үнді наркобароны мен Бангладеш наркобароны – бітіспес жаулар. Түрмеде отырған бәсекелесін құрту мақсатымен Бангладеш наркобароны оның ұлын ұстап алады. Үнді қылмыскерінің өкілдері Тайлер Рейктен баланы құтқаруды сұрайды.

Сценарий тұрғысынан мін тағуға болатын шығар, дегенмен Оңтүстік-Шығыс Азия киносына тән қоян-қолтық төбелес пен Голливудқа тән арнайы эффектілерді шебер үйлестіре алғаны үшін мақтауға болады. Әскери кино жанрында Крис Хемсвортты көру де көрерменге жаңа әсер сыйлайды.

«Джентельмендер» («The Gentlemen»): Араға жылдар салып Гай Ричи өзін танытқан стиліне оралып, жанрлық тұрғыда «Карта, ақша және екі мылтық», «Талан» секілді бұрынғы жұмыстарына ұқсайтын жаңа туындысын ұсынды. Актерлік құрамға Голливудтың ең брутал актерлерін жинапты: Мэттью Макконахи, Чарли Ханнэм, Генри Голдинг, Мишель Докери, Колин Фаррелл, Хью Грант, Джереми Стронг.

Бұл жерде Ричидің бұрынғы жұмыстарына тән барлық элемент кездеседі: қылмыс, есірткі, комедия, экшн, серілік және қызық сюжет. Ал сюжеттегі негізгі твист ерлер қауымының көңілінен шығары сөзсіз. Жігіттер кейбір репликаларды қанатты сөзге айналдырса да болады.

«Кезекшілік соңы» («End of Watch»): Екі полиция қызметкері туралы Дэвид Эйердің қылмыстық боевигі. Мокьюментари элементтері бар картина көрерменге қатысу эффектісін береді. Джейк Джилленхол мен Майкл Пенья ойнаған екі патруль Лос-Анджелес көшесінде тәртіпсіздікпен күресіп, күнделікті жұмысын атқарып жүреді. Бір күні олар байқаусызда наркобаронның ізіне түседі. Екеуінің басына ақы жарияланады.

Абырой мен даңқты, достық пен ерлікті дәріптейтін тамаша туынды.

Қайсысын көрдіңіз, қайсысын лайық деп санайсыз? Топтамаға тағы қандай фильмдер қосар едіңіз?

Дени Вильневтің «Шағылы». Фильмді не үшін күтуіміз керек?

Дени Вильневтің «Шағыл» («Dune«) фантастикалық картинасының алғашқы кадрлары жарияланды.

© Vanity Fair

Осыған орай фильм туралы әңгімелеп, оны не себептен күтуіміз керек деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

«Шағыл», орысша «Дюна» – Фрэнк Герберттің аттас романының экранизациясы. Әлемдік премьерасы 2020 жылы 18 қарашаға жоспарланған. Сюжеті Шағыл ғаламының бірінші кітабында айтылған оқиғалардың жартысын қамтиды.

Алдымен әдеби түпнұсқасы туралы айтып кеткен дұрыс шығар. Америкалық жазушының 1963-1965 жылдары жарияланған ғылыми-фантастикалық романы Хьюго және Небьюл сыйлықтарының иегері, ХХ ғасырдың ең танымал ғылыми-фантастикалық романдарының қатарына кіреді.

Сюжеті алыс болашақта жұлдызаралық империяға қарасты галактикада өрбиді. Бұл әлемде феодалдар тұтас планеталарды иемденіп алған. Пол Атрейдес есімді жас аристократ әскери төңкерістен кейін шағыл тұрғындары – фремендер арасында жасырынуға мәжбүр. Оның отбасы иелік ететін Арракис планетасында дәмдеуіш деген ерекше зат өндіріледі, сол зат ғарыш сапарларын жүзеге асыруға пайдаланылады.

«Шағылда» ғылыми-фантастика мен философиялық романның белгілері үйлесім тауып, 1960 жылдардағы америкалық фантастика үшін экзотика саналған Таяу Шығысқа (араб, иран) тән есімдер мен образдар қолданылады. Шығарма саясат, дін, технология және экология тақырыптарын қозғап, көп қатпарлы баяндау тәсілін қолданады.

Бірнеше кітаптан тұратын роман осыған дейін бірнеше рет экрандалды. Ең танымалы – Дэвид Линчтің 1984 жылғы картинасы. Бұл фильмнің прокатта жолы болмады, жазушының оқырмандары режиссерді түпнұсқа сюжеттен тым алыстап кетті деп айыптады.

1984 жылғы «Шағыл» фильмінің кадры, реж. Дэвид Линч

«Шағылдың» Дени Вильнев жасап жатқан нұсқасы Дэвид Линчтің қателіктерін қайталамай, лайық туынды болып шығады деуге негіз бар. Режиссердің өзі бұны «өмірінің басты жобасы» деп атаған еді. Ал Вильневті біз өте талантты, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, әр жұмысы шыққан сайын таңғалта алатын маман ретінде танимыз, ғылыми-фантастикада да сәтті тәжірибесі бар. Оның «Келу» («Arrival»), «Жүзбен жүгіруші 2049» («Blade Runner 2049») фантастикалық картиналары жоғары бағаланды.

«Жүзбен жүгіруші» демекші, бұның «Шағылмен» кейбір ұқсастықтары бар. Жанр жағынан ұқсастығы, бұл – бір. Ауқымы мен бюджет тұрғысынан режиссердің алғашқы ірі жобасы және ол өзіне артылған міндетті абыроймен атқарып, үмітті ақтады. Екіншіден, «2049» – Ридли Скотт түсірген, культқа айналған 1982 жылғы «Blade Runner» картинасының жалғасы. Вильневке, былайша айтқанда, бір культ туындының негізінде тағы бір культ жасау міндеті жүктелді. Канадалық кинематографшы жоғары деңгейде жұмыс істей алатынын дәлелдей алды деуге болады.

Режиссер «Шағылдың» жаңа экранизациясына талантты актерлерді топтастыра алды. Пол Атрейдес рөліне жас талант Тимоти Шаламе бекітілген. Ол «Оскарға» ұсынылған ең жас актер атағына ие. Одан бөлек Ребекка Фергюсон, Оскар Айзек, Джош Бролин, Стеллан Скарсгард, Дэйв Батиста, Зендея, Шарлотта Рэмплинг, Джейсон Момоа, Хавьер Бардем секілді танымал әртістер бар.

Фильмге музыканы атақты кинокомпозитор Ханс Циммер жазды. IMDb сайтының деректеріне сәйкес «Шағыл» 2020 жылдың көп күтілетін 10 фильмінің қатарына кіреді.