Венеция кинофестивалі 2021: жеңімпаздар мен жүлдегерлер

Одри Диван марапаттау кезінде

78-ші Венеция халықаралық кинофестивалінің жұмысы аяқталды. 1-11 қыркүйек аралығында өткен кино мейрамында француз режиссері Одри Диванның «Оқиға» / «L’événement» драмасы «Алтын арыстанды» жеңіп алды, ал итальян мэтрі Паоло Соррентиноның «Құдайдың қолы» / «È stata la mano di Dio» картинасымен қазылар гран-приіне ие болды.

Фестивалді екі рет «Оскар» алған испан режиссері Педро Альмодовардың «Параллель аналар» / «Madres paralelas» фильмі ашып берді. Ал 4 «Оскардың» иегері Пон Чжун Хо негізгі конкурстың қазылар алқасын басқарды.

Жаңазеландия режиссері Джейн Кэмпион «Иттің күші» / «The Power of the Dog» жұмысы үшін «Күміс арыстан» алды. Вольпи кубогы жүлдесінде Пенелопа Крус («Параллель аналар» / «Madres paralelas») үздік актриса, Джон Арсилья («Жұмыста: Жоғалған 8» / «On the Job: The Missing 8») үздік актер атанды. Үздік сценарийші ретінде «Жоғалған қыз» / «The Lost Daughter» картинасын әкелген Мэгги Джилленхол марапатталды.

Қазылардың арнайы сыйлығы итальян фильммейкері Микеланджело Фраммартиноға, Марчелло Мастроянни атындағы сыйлық «Құдайдың қолы» / «È stata la mano di Dio» фильмінде ойнаған Филиппо Скоттиға берілді.

«Көкжиек» бағдарламасының негізгі конкурсында Литвадан келген Лауринас Барейшаның «Пірәдәр» / «Piligrimai» фильмі үздік шықты.

Құрметті «Алтын арыстан» сыйлығымен актерлер Роберто Бениньи мен Джейми Ли Кёртис марапатталды.

Нео оралды: жаңа «Матрицаның» трейлері шықты

Warner Bros. студиясы «The Matrix Resurrections» («Матрица: Тірілу») фантастикалық боевигінің алғашқы трейлерін жариялады. Бұл сол кезде ағайынды болған Вачовскилердің «Матрица» трилогиясының жалғасы. Жобаға жынысын ауыстырғаннан кейін Лана Вачовски деген атпен белгілі, бұрынғы Лоуренс Вачовски бір өзі режиссер болды.

Видеороликте Киану Ривздің кейіпкері көрсетіледі: ол заманауи әлемде өмір сүреді және әлдебір ұмытқан естеліктерін еске түсіруге тырысады. Ол психотерапевпен кездесіп жүреді және үнемі көк таблетка қабылдайды.

Төртінші бөлім 2021 жылы желтоқсанда жарық көреді. Картина бір мезгілде прокатқа да, HBO Max платформасына да шығады деп мәлімделді. Сюжетте Нео мен Тринити қайта көрсетіледі, сондай-ақ жаңа кейіпкерлер де пайда болады. Соның бірі – түпнұсқа трилогияда Морфеусті ойнаған Лоуренс Фишборнның орнына Яхья Абдул-Матин II келді.

«Ақтастағы Ахико»: өмірін қазақ жерінде өткізген жапон тұтқыны туралы фильм

Алматы облысында Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен жапон туралы картина түсіріліп жатыр. «Ақтастағы Ахико» деп аталатын жобаның өндірісімен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы айналысады.

Сюжеті өмірден алынған кең ауқымды тарихи фильмде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тұтқынға түскен жапон курсанты Ахико Тэцуроның өмір жолы мен тағдыры баяндалады. Фильмнің қоюшы режиссері – Елдар Қапаров. Тең режиссер әрі тең продюсер Сано Синдзю (Жапония). Басты рөлдерде Сырым Қашқабаев (Қазақстан) және Эйсаку Огасавара (Жапония) ойнайды.

– Ахико Тэцуро туралы фильмді түсіру  идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болды. Оның қилы тағдырын естіп білген соң, онымен танысып, кейінгі өмірі туралы білгім келді. Сол мақсатпен 2007 жылы Қарағанды облысы Ақтас ауылына барып, Ахико Тэцуромен таныстым. Ол туралы деректі фильмді де түсірдік. Ол өз тағдыры туралы егжей-тегжей баяндап берді. Осылайша көркем фильмнің сценарийі дүниеге келді, – деді фильмнің продюсері әрі тең режиссері Әлия Уәлжанова.

Айта кетсек, «Ақтастағы Ахико» көркем фильмі 2019 жылдың басында өндіріске жіберілген болатын. Кинотуындының продюсері Әлия Уәлжанованың айтуына қарағанда сол жылы қыркүйек айында фильмнің кейбір сахналары Қапшағай қаласының маңында тұрғызылған «Карафуто» декорациясында жүргізілген, кейін пандемияға байланысты фильмнің түсірілімдері уақытша тоқтатылған екен. Өндіріс қазір қайта жанданды.

Фильм премьерасы 2022 жылдың соңына таман жоспарланған.

AÝT Central Asia 2021: үздік деректі фильмдер анықталды

Елімізде алғаш рет AÝT Central Asia 2021 Орталық Азиядағы деректі жобалар питчингі өтті.  AYT Central Asia 2021 – бұл Qara Film Festival аясында деректі кино жанрының жас авторларын қолдау және Орта Азиядағы деректі жобалар қауымдастығын кеңейту мақсатында өткізілген алғашқы питчинг.

Онлайн форматта өткен шараға Германия, Чехия, Ресей, Литва, Дания, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, Португалия, Тәжікстан және Түркіменстан сияқты елдердің киноиндустрия мамандары қатысты.

Жеңімпаз жобаларға ынталандыру жүлделері берілді.

Сонымен, Сүйінбике Сулейменованың «MÄTIL» жобасы DOK Leipzig халықаралық кинофестивалінің өкілі Ульрике Шмидттің назарына ілігіп, жобаның авторы биыл Германияда өтетін DOK Leipzig жиынына қатысуға аккредитация алды, сондай-ақ халықаралық ко-продукция өндіруге бағытталған еуропадағы DOK Co-Pro ірі кинонарығына бақылаушы есебінде қатысу мүмкіндігіне ие болды.

«Артдокфест» халықаралық деректі кинофестивалінің президенті, режиссер-документалист Виталий Манский «Өзен қандай түс көреді» жобасын (реж: Кристина Михайлова, прод: Дана Сабитова) үздік деп таныды, сондай-ақ, Диана Жилкенованың «Жертөле» деп аталатын туындысына ерекше баға берді. Бұл жеңімпаз жобалар биылғы жылдың 9-12 қыркүйегінде өтетін Artdocfest/Riga питчингіне қатысуға мүмкіндік алды, сондай-ақ, биыл желтоқсан айында Мәскеуде өтетін «Артдокфест» фестиваліне сапар (тревел-грант) шегеді.

Ал Internews өкілдері Алевтина Мадьярова мен Манана Асламазян «Балдай тәтті дүмбіл» фильміне  1000 доллар көлемінде ақшалай сыйлық берді (реж: Айжан Қасымбек, прод: Диана Ашимова).

Pixar студиясының «Лука» мультфильмі қазақша дубляжбен көрсетіледі

Disney/Pixar студиясының «Лука» / «Luca» анимациялық картинасы Қазақстан кинотеатрларына қазақша дубляжбен шығады.

Мультфильм «Болашақ» корпоративтік қорының және «Меломан» компаниясының бастамасымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында аударылып отыр. Осыған дейін дубляждалған фильмдерді қоса есептесек бұл 37-жоба.

Сюжетте Лука есімді балақай Италияның Ривьерасындағы теңіз жағалауында орналасқан әдемі қалаға демалуға келеді. Онда ол өзіне уақытты бірге қызықты өткізетін жаңа дос табады. Екеуі бірге түрлі ұмытылмас оқиғаларға тап болады. Барлығы керемет, алайда Луканың жаңа досы – бала кейпіндегі жағалау суларының тереңін мекендейтін теңіз монстры екен…

Мультфильм 17 маусымда прокатқа шығады.

«Оскар 2021» жеңімпаздары

25 сәуірде 93 «Оскар» жүлдесімен марапаттау шарасы өтті. Американың кинематография өнері мен ғылымы академиясы 23 номинация бойынша үздіктерді анықтады.

Фаворит саналған «Көшпенділер елі / Nomadland» алты номинацияның үшеуін жеңіп алды. Ал 10 номинацияға іліккен «Манк / Mank» картинасы екеуін ғана иемденді. 2 «Оскардан» алғандар тізімінде «Әке / The Father», «Иуда және қара мессия / Judas and the Black Messiah», «Металл үні / Sound of Metal», «Ма Рейнидің Қара биі / Ma Rainey’s Black Bottom», «Жан / Soul» фильмдері бар.

Сонымен «Оскар 2021» жеңімпаздарының толық тізімі:

  • Үздік фильм: «Көшпенділер елі / Nomadland»
  • Үздік актер: Энтони Хопкинс  – «Әке / The Father»
  • Үздік актриса: Фрэнсис Макдорманд – «Көшпенділер елі / Nomadland»
  • Екінші пландағы үздік актер: Дэниел Калуя – «Иуда және қара мессия / Judas and the Black Messiah»
  • Екінші пландағы үздік актриса: Юн Ёджон – «Минари / Minari»
  • Үздік анимациялық толықметраж фильм: «Жан / Soul»
  • Үздік операторлық жұмыс:  Эрик Мессершмидт – «Манк / Mank»
  • Үздік костюм дизайны: Энн Рот – «Ма Рейнидің Қара биі / Ma Rainey’s Black Bottom»
  • Үздік режиссерлік жұмыс: Хлоя Чжао – «Көшпенділер елі / Nomadland»
  • Үздік деректі толықметраж фильм: «Менің сегізаяқ ұстазым / My Octopus Teacher» (Пиппа Эрлих, Джеймс Рид, Крейг Фостер)
  • Үздік деректі қысқаметраж фильм: «Колетт / Colette» (Энтони Джаккино, Элис Доярд)
  • Үздік монтаж: Миккель Э. Г. Нильсен – «Металл үні / Sound of Metal»
  • Үздік халықаралық толықметраж фильм: «Жұмысбасты / Druk» (Дания)
  • Үздік бет әрлеу және шаш үлгісі: Матики Анофф, Мия Нил, Ларри М. Черри – «Ма Рейнидің Қара биі / Ma Rainey’s Black Bottom»
  • Үздік музыка: Трент Резнор, Аттикус Росс,  Джо Батист – «Жан / Soul»
  • Үздік ән: «Fight for You» – «Иуда және қара мессия / Judas and the Black Messiah»
  • Үздік қоюшы-суретші: Дональд Грэм Бёрт, Джен Паскаль – «Манк / Mank»
  • Үздік анимациялық қысқаметраж фильм: «Бірдеңе болып жатса – мен сені сүйемін / If Anything Happens I Love You» (Уилл МакКормак и Майкл Говье)
  • Үздік қысқаметраж көркем фильм: «Алыстағы екі бейтаныс / Two Distant Strangers» (Трэвон Фри, Мартин Десмонд Роу)
  • Үздік дыбыс: Николас Беккер, Хайме Бакшт, Мишель Куттоленк, Карлос Кортес, Филип Блад – «Металл үні / Sound of Metal»
  • Үздік визуал эффектілер: Эндрю Джексон, Дэвид Ли, Эндрю Локли, Скотт Фишер – «Теңет / Tenet»
  • Үздік бейімделген сценарий: Кристофер Хэмптон, Флориан Зеллер – «Әке / The Father»
  • Үздік түпнұсқа сценарий: Эмеральд Феннелл – «Болашағы бар қыз / Promising Young Woman»

«Алтын таңқурай 2021»: жылдың нашар фильмдері мен актерлері аталды

алтын таңқурай

алтын таңқурай

Әдеттегідей «Оскар» марапаттау кешінің қарсаңында 2020 жылғы кинематограф саласындағы күмәнді жетістіктер үшін «Алтын таңқурай» антижүлдесінің иегерлері белгілі болды. 41-ші марапаттың иегерлері Razzies YouTube арнасында 2021 жылы 24 сәуірде жарияланды.

Сонымен «Алтын таңқурай 2021» лауреаттары:

Нашар фильм: «Бұлтартпас дәлел» / «Absolute Proof»

Нашар актер: Майк Линделл – «Бұлтартпас дәлел» / «Absolute Proof»

Нашар актриса: Кейт Хадсон – «Мьюзик» / «Music»

Екінші пландағы нашар актер: Руди Джулиани – «Борат 2» / «Borat Subsequent Moviefilm»

Екінші пландағы нашар актриса: Мэдди Зиглер – «Мьюзик» / «Music»

Нашар режиссер: Sia – «Мьюзик» / «Music»

Нашар сценарий: Blanka Lipinska, Tomasz Klimala, Томаш Мандес, Барбара Бяловас – «365 күн / 365 dni»

Нашар приквел, ремейк, жасанды немесе сиквел – «Дулиттл» / «Dolittle»

Нашар экран комбинациясы: Руди Джулиани және оның шалбарының сыдырмасы – «Борат 2» / «Borat Subsequent Moviefilm»

Дереккөз: razzies.com

Ресейліктер қазақ даласында «шаман нуарын» түсіріп жатыр

«Шаман» фильмінің түсірілімінен кадр / facebook.com/123production

Қазақстанда «Шаман» деген сериалдың түсірілімі басталды. Режиссері – ресейлік Рустам Мосафир, ол осыған дейін «Скиф» тарихи боевигін түсірген еді.

Сериал «готика элементтері бар шаман нуары» деп суреттеледі. Басты кейіпкер – шағын елді мекенде тұратын полиция тергеушісі. Александрдың бойында шамандық қасиет бар, бұл оған қиын істерді ашуға көмектеседі. Кейіпкер рухтармен тілдесе алады, тылсым күштердің құрсауына түскен адамдарды құтқарады.

Сериалда этникалық жөн-жоралғылар көп болады, бірақ белгілі бір этностың салтына байланып қалмайды. Сценарийшілер Бромның, Лавкрафттың, Клайв Баркердің, Стивен Кингтің еңбектерінен шабыт алған. Ал түсіру тобы локацияны қазақ даласынан таңдаған кезде Эндрю Ньюэлл Уайеттің картиналарына сүйенген.

Жобаға орыс, бурят, қазақ актерлері қатысады. Өндірісті ресейлік 1-2-3 Production компаниясы жүргізеді.

Данияр Алшынов француз триллерінде басты рөлде ойнайды

данияр алшынов

«Қап-қара адам» (2020) фильмінен кадр

Қазақ актерлері Данияр Алшынов пен Самал Еслямова француз триллеріне түседі. Canal+ телеарнасының «Infiniti» мини-сериалының оқиғасы Қазақстанда өтеді.

Сюжеті жұмбақ өлімді тергеу туралы. Халықаралық ғарыш станциясымен байланыс үзіліп, экипаждың тағдыры беймәлім болады. Сол кезде Қазақстанда үйдің төбесінен денесі бөлшектелген адамның денесі табылады. Тергеу барысында бұл ХҒС-да жұмыс атқарып жатқан америкалық астронавттың мәйіті екені анықталады. Бұрынғы француз ғарышкері (Селин Саллетт) мен қазақ полицейі (Данияр Алшынов) парадоксқа толы осы істі зерттейді.

Актерлердің халықаралық құрамында, сондай-ақ, Влад Иванов, Лекс Шрэпнел, Карина Арутюнян, Анатолий Панченко, Эллора Торчия, Лорен Капеллуто, Джаррет Дж. Мерц, Самал Еслямова бар. Режиссері – Тьерри Пуаро («Zone Blanche«).

6 сериядан тұратын жобаның түсірілімі 1 наурызда басталды. 14 аптаға созылатын түсірілім жұмыстары Украинада, Қазақстанда және Францияда өтеді.

Дереккөз: CANAL+ / https://www.canalplus.com/

Браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшылар туралы фильм түсірілімі басталды

Ақмола облысында браконьерлердің қолынан қаза болған инспекторлар Ерлан Нұрғалиевке және Қаныш Нұртазиновке арналған «Дала» («Степь») көркем фильмінің түсірілімі басталды.

Фильм режиссері әрі продюсері Максим Акбаров. Ол көпшілікке актер ретінде танылған еді («Сказ о розовом зайце», «Инопланетяне ни при чем», т.б.). Жобаға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК қолдау білдірді, ал өндірісімен Golden Man Media компаниясы айналысады.

Түсірілім басталмай жатып алаңда қолайсыз жағдай болды – актерлердің біреуі іс-түссіз жоғалып кетті. Ол туралы режиссер  Facebook парақшасында хабарлады: «Фильмде түсіп жатқан актерлердің бірі ескертулерге қарамастан дүлей боран кезінде қаршанаға мініп жоғалып кетті. Дер кезінде ұйымдастырылған құтқару операциясының нәтижесінде бірнеше сағаттан соң актерді таптық».

Сюжет желісіне 2019 жылы қаңтарда және 2019 жылы шілдеде болған екі оқиға арқау болып отыр. Біріншісі Қарағанды ​​облысының Нұра ауданында болды. 17 ақбөкенді атып алған браконьерлер «Охотзоопром» қорық қызметкерлерінің көзіне түседі. Олар қашып құтыламыз деп инспектор Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкке шабуыл жасаған. Нәтижесінде екі қызметкер де ауыр жарақат алды. Ер адамдар олардың қызметтік көлігі мен GPS кілттерін алып кеткендіктен, зардап шеккендерді бірнеше сағаттан кейін ғана табу мүмкін болған. Алайда Ерлан Нұрғалиев ауруханада көз жұмды.

Екінші оқиға Ақмола облысының Жарқайың ауданында болды. «Охотзоопромның» инспекторлары заңсыз аң аулап жүрген «Нива» автокөлігінің соңына түсіп, жолын кеспек болғанда браконьер қос ауыз аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Осы кезде инспектор Қаныш Нұртазинов қайтыс болған еді. Ал оның серігі Самат Оспанов жүрек тұсынан жараланып, аман қалды.

Ақмола облысындағы түсірілім наурыздың соңына дейін жалғасады. Кейін жаз айларында Қостанай облысында жалғасады.