Онлайн: Абай туралы фильмдер

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған фильмдер топтамасын жасадық. Бұл фильмдер Абай өмірінің түрлі кезеңдерін суреттейді, оның шығармаларымен таныстырады. Топтама қазақтың бас ақынының дүниесі жайында, ол қалдырған мол мұрасы туралы толық картина қалыптастыруға себепші болады деп үміттенеміз.

Абай туралы алғашқы фильм 1945 жылы шықты. Қазіргі «Қазақфильмнің» алдында Алматы көркем және хроникалық фильмдер студиясы болған еді. Осы студияда Григорий Рошальдің және Ефим Аронның режиссерлік етуімен Мұхтар Әуезовтың романының желісімен «Абай әндері» картинасы түсірілді.

Фильмде Абай адал махаббаттың арашашысы ретінде көрінеді. Өзінің сүйгенін, көрші ауылдың жесірін ұрлап әкеліп үйленіп, Айдар ата салтын бұзады. Абай ақсақалдар кеңесінде өз махаббаты үшін ата дәстүрін бұзуға мәжбүр болған Айдар әрекетін ақтап шығады. Халық махаббатына бөленген Абайдың достары көп. Бірақ дұшпандары да аз емес. Ерден бай мен діндар Шәріп Абайды халықпен араздастырып қоюға әрекет жасайды. Мақсатына жете алмаған Шәріп ақыры у беріп, Абайды өлтіріп тынады.

Сценарийін Мұхтар Әуезов, музыкасын Латиф Хамиди жазды. Абай рөлін Қалыбек Қуанышбаев сомдайды.

Ардақ Әмірқұловтың «Абай» деген екі бөлімді фильмі 1995 жылы жарық көрді. Бұл да Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының желісімен түсірілген. Сюжетте ХІХ ғасырдағы қазақ даласының өмірі, тұрмысы суреттеледі, қазақ қоғамындағы рулық және адами қарым-қатынастар көрсетіледі. Экранда баяндалған оқиғалар жас Абайдың тұлға болып қалыптасуына, шығармашылық өміріне әсер етеді.

Жас Абайды Ғабиден Тұрықбаев, әкесі Құнанбайды Тұңғышбай әл-Тарази ойнайды. Картинаның өндірісіне Қазақстан мен Франция атсалысқан.

Қоғамда Абай мен әкесі Құнанбай арасындағы қарым-қатынас ерекше талқыланады. Мұхтар Әуезовтың шығармасында да бұл тақырыпқа көп көңіл бөлінген. Қазақ ойшылының қалыптасуына әкесі де біраз ықпал еткенге ұқсайды. Құнанбайды тану арқылы Абайдың де дүниесіне терең үңілуге болады.

Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» (2015) драмасы осы мәселеге жауап іздеуге біраз септігін тигізетін секілді. Картина атақты дала кемеңгері, қарадан шығып хан атанған Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды.

Құнанбайға ел билеу ісі, одан қалды ағайын арасындағы шиеленістер мен ру аралық дау-шарларды шешу оңайға түскен жоқ. Сондай сәттерде ол қашан да әділетке жүгінді. Құнанбай өз халқының жанашыр перзенті ретінде қалың бұқара алдындағы қарызы мен парызын терең түсінді. Ол баласы Абайдан мол үміт күтті. Оны ел жастайынан ел билеу ісіне баулыды. Алайда Абай (Ибраһим) әкесі күткен межеден асып түсті. Жастайынан жанына терең ойды серік еткен Абай туған халқының данышпан перзентіне айналды. Көп жыл өткеннен кейін Абай әкесін түсіне бастады.

Онлайн: әйел теңдігі туралы 5 фильм

Әйел өмірі әділетсіздікке толы, теңсіздік оқиғаларына көп ұрынады дейді. Бірақ бұны еркек болып туған адамға түсіну қиын. Жалпы жыныстық көзқарасты былай қойып, адами тұрғыдан алып қарасақ та – проблеманың шын мәнін – дәл сол проблемаға ұрынған адамнан артық ешкім ұғына алмайды.

Осы орайда әділетсіздік пен кемсітушіліктің құрбаны болған әйелдердің өмірін суреттейтін тамаша кинофильмдер топтамасын ұсынамыз. Бұл жыныстық теңсіздікке қатысты түрлі проблемаларды білуге, әйел жанын жақыннан түсінуге көмек болады деп үміттенеміз.

Үлкен көздер / Большие глаза / Big Eyes

Маргарет Кин есімді америкалық суретшінің шын өмірін баяндайтын драма. Оның жұмыстары 1950 жылдары ерекше танымал болды, үлкен көзді балалар туралы картиналары поп-арттың пайда болуына көп ықпал еткен еді. Бірақ оның жазған картиналары күйеуі Уолтер Кин атынан жарияланады. Сол себепті атақ-даңқтың бәрін күйеуі иемденеді, ал өзі қамаудағы өнім берушіге айналады.

Тим Бертон түсірген фильм біраз беделді сыйлыққа қол жеткізді. Басты рөлде ойнаған Кристоф Вальц пен Эми Адамс «Алтын глобус», BAFTA номинацияларына ұсынылды (актриса «Алтын глобус» алды).

Коммивояжер / Forushande

Иран кинематографшысы Асгар Фархадидің 2015 жылғы картинасында айтылған мәселе біздің қоғамға да тән деуге болады. «Ұят болады», «құрысыншы» деп проблеманы ұмытуға тырысу, «қол сынса жең ішінде» деп жеке басқа қатысты мәселені жасыру одан да ауыр салдарға әкелеуі мүмкін. Фильмнің басты әйел кейіпкері зорлық құрбаны болса да, жұрттың сөзінен қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданбайды, бәрін тез ұмытуға тырысады. Бірақ бұл әрекеттің бәрі күйеуімен арадағы қарым-қатынастың нашарлауына, өзіңді іштеу қазбалау мен басқа да психологиялық ауыртпалыққа алып келеді.

Әлбетте Фархади бұл фильмінде тек әйел проблемасына ғана тоқтатып қоймайды, онда айтылған басқа да ойлар бар. Дегенмен басты кейіпкерлер – ерлі-зайыптылардың басынан өткен жағдай мен оның салдары сюжеттің өрбуіне түрткі болады. Жалпы жыныстық зорлыққа және қоғамның түсінбеушілігіне тап болған әйелдің ахуалы жақсы суреттелген. Драма «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясында «Оскар» алып, Канн кинофестивалінің екі жүлдесіне ие болды.

Жыныстық белгісі бойынша / По половому признаку / On the Basis of Sex

Америкалық өмірбаян драма Жоғарғы сот судьясы Рут Бейдер туралы. Оны кинода Фелисити Джонс ойнайды. Соның ішінде Бейдер еркектер мен әйелдердің тең құқығы үшін күресі сөз болады.

Рут Бейдер Жоғарғы сот судьясы лауазымына 1993 жылы тағайындалды. Жас кезінен бастап ол қоғамда ерлер мен әйелдер арасында теңсіздікті көріп өседі. Гарвардқа оқуға түскенде курсында қыздарға тек тоғыз орын ғана бөлінеді. Белсенділігімен көзге түсе бастағанда жігіттердің мазағына айналады. Олардың ойынша қыздар оқуға түсу арқылы дарында жігіттерді мүмкіндіктен айырады. Оның үстіне факультет ғимаратында қыздарға арналған әжетхана болмай шығады, қыздарға академиялық үзіліс алуға болмайды, тұрақты жұмыс табуда да кедергілер жетерлік. Осы әділетсіздікті көріп, Руд заң жолындағы карьерасын жыныстық теңдікке қол жеткізу жолына арнайды.

Актерлік құрамда Арми ХаммерДжастин ТеруДжек РейнорКрис МалкиСтивен РутСэм Уотерстон секілді жұлдыздар бар.

Капернаум / Capernaum

Балиғатқа толмай еркінен тыс күйеуге шығу, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, заңсыз мигрант әйелдердің ауыр тағдыры – Ливан кинематографшысы Надин Лабакидің картинасына өзек болған проблемалар. Фильм 2018 жылы Канн кинофестивалінде таныстырылып, әділқазылардың екі сыйлығын алды және Ливан атынан «Оскарға» ұсынылды.

Сюжеттегі оқиғалар 12 жасар Зейннің көзімен көрсетіледі. Бала болғанына қарамастан ауыр жұмыс істеп, бауырларына бас-көз болуға мәжбүр болады. Ол басқа елге көшіп кетуді армандайды. Күйеуге ерте шыққан әпкесінің өлімі үшін кек аламын деп түрмеге түседі. Сол жақта жүріп осындай хәлге жеткізген жауапсыз ата-анасын сотқа береді.

Аластатылғандар / Отвергнутые

Отандық режиссер Жанна Исабаеваның картинасы қазақ әйелінің тағдырын суреттейді. Көп балалы отбасыдан шыққан 25 жасар Айғаным біраз уақыттан соң туған үйіне оралады. 7 жыл бұрын білім алу үшін Алматыға кетіп, сол жақта бір жігітпен танысқан болатын. Алдымен үйленемін деп алдап алып, Айғанымды екіқабат күйінде тастап кетеді. Отбасы қыздан және оның некесіз туған ұлынан бас тартады. Алайда туыстарын сағынған ол ауылына келеді. Келіншек қол үзіп қалған отбасыға қайта сіңісіп, солардың бірі болғысы келеді.

«Жұрт не дейді», «ұят болады» деген тар түсініктің аясында өмір сүру қандай нәтижеге алып келетінін көрсететін ауыр да шыншыл фильм.

Осы тақырыпқа сай келетін тағы қандай кинотуындылар білесіздер?

Youtube релиздері: «Сибил», «Сүйек томагавк» және «Еркек бол»

Youtube арқылы көрерменге жол тартқан фильмдер арасынан Канн кинофестиваліне қатысушы «Сибил» француз драмасын, каннибал аборигендер туралы вестерн-хоррорды, су астында қалып қойғандар туралы британ картинасын және Саймон Пеггтің қатысуымен түсірілген ромкомды іріктеп алдық.

Сибил / Соблазн / Sibyl [18+]

Француз режиссері Жюстин Триенің бұл картинасы Канн кинофестивалінің бас жүлдесіне үміткерлер қатарынан көрінді. Драмада психотерапиямен айналысатын Сибил деген әйел туралы баяндалады. Ол кітап жазу ниетін іске асыру үшін практикадан бас тартқысы келеді. Бір күні Сибил қолдауға мұқтаж Марго деген жас актрисамен танысады. Жаңа пациентінің оқиғасына еліткен Сибил, өз өмірінің түбегейлі өзгеріске ұшырайтынын сезбейді.

Басты рөлдерде Виржини Эфира мен Адель Экзаркопулос ойнайды.

Рейтинг
Кинопоиск: 5.4
IMDb: 5.8

Сүйек томагавк / Костяной томагавк / Bone Tomahawk [18+]

Курт Рассел, Мэттью Фокс, Патрик Уилсон ойнаған вестерн-хоррор. Сюжетте төрт ер адам каннибалдар үңгірінен тұтқындарды құтқару үшін Жабайы Батыс өлкесіне аттанады.

Рейтинг
Кинопоиск: 6.6
IMDb: 7.1

Қысым / Опасное погружение / Pressure [16+]

Британ картинасы тереңдігі бес шақырым болатын су астында тұрып қалған шағын капсуладағы төрт адам туралы. Оттегі уақыт санап азаюда, ал құтқарылуға деген үміт жоғалуда. Оларда аман қалу үшін өз беттерімен шешім қабылдаудан басқа амал жоқ.

Рейтинг
Кинопоиск: 5.9
IMDb: 5.6

Еркек бол / Краденое свидание / Man Up [16+]

Британ-француз ромкомында Лэйк Белл мен Саймон Пегг ойнайды. Сюжетте күтпеген жерден соқыр кездесуге тап болып, өмірлік серігін жолықтырған жалғыз басты келіншек туралы баяндалады.

Рейтинг
Кинопоиск: 6.5
IMDb: 6.8

Онлайн: «Неон демон», «Киелі бұғыны өлтіру» және «Менікі»

Ресейдің кинопрокат компаниялары Youtube желісіне бірнеше ай/жыл бұрын прокатта болған кинокартиналарды жиі жариялап тұрады. Ал біз әр апта сайын үздіктерін топтастырып, сіздің назарыңызға ұсынып отыратын боламыз.

Ескерту: Фильмдер орысша дубляжбен немесе орысша дыбысталып шығарылады.

Неон демон / Неоновый демон / The Neon Demon

«Драйв» режиссері Николас Виндинг Рефнның тағы бір арт-хаус туындысы. Психологиялық триллер жанрындағы картина 69 Канн кинофестивалінде алғаш көрсетілді.

Талантты актриса Эль Фэннинг орындауындағы Джесси есімді қыз модель болуды армандап, мектеп бітіре салысымен Лос-Анджелеске аттанады. Біртіндеп арманына да қол жеткізе бастағандай еді. Бірақ бәсекелесі қызғаныштан жолындағының бәрін құртуға дайын болып шығады.

Киелі бұғыны өлтіру / Убийство священного оленя / The Killing of a Sacred Deer

«Лобстер», «Фаворит» секілді танымал картиналарды түсірген Йоргос Лантимостың 2017 жылғы туындысы. Фильм Канн кинофестивалінде үздік сценарий үшін жүлде алды. Бұдан басқа да ірілі-ұсақты кинофестивалдерге қатысып, марапатталған. Актерлік құрамда Колин Фаррелл мен Николь Кидман бар.

Сюжеті Стивен Мерфи есімді кардиохирург туралы баяндайды. Ол қайтыс болған бір пациентінің ұлы – 16 жасар Мартинмен танысады. Стивен оған сыйлық беріп, отбасымен таныстырады. Бірақ бұл ісіне көп кешікпей өкінеді. Мартин оның соңынан қалмай, үнемі кездесуге сұранып тұрады. Бір күні дәрігердің ұлы жүре алмай қалады. Бұның себебін Мартин айтады: кардиологтың қолынан қаза тапқан әкесі үшін осындай әрекетке барған. Стивен отбасы мүшелерінің бірін құрбан қылуы керек, әйтпесе бәрі өледі.

Менікі / Она / Her

Спайк Джонстың («Джон Малкович болу») 2013 жылғы режиссерлік жұмысы. Басты рөлде Хоакин Феникс. Сценарий үшін «Оскар» алып, АҚШ киносыншыларының ұлттық кеңесі 2013 жылдың үздік фильмі деп атаған фантастикалық мелодрама.

Басты кейіпкер Теодор – жалғыз басты жазушы, қолданушының тілегін орындауға қабілетті операциялық жүйе сатып алады. Бір қызығы, Теодор мен операциялық жүйе арасында сезім пайда болады.

Онлайн: «Семьянин», «Көкпар», «Осторожно, корова!»

Қазақстан киносында көрермендерге тиімді құбылыстардың бірі – Youtube желісіне шығуы. Әдетте прокаты аяқталған соң бірнеше айдан кейін оның ресми цифрлық нұсқасын интернеттен тегін көру мүмкіндігі пайда болады. Бұл тұрақты үрдістің жаңалықтарымен біз де үнемі бөлісіп тұратын боламыз. Сонымен Жаңа жыл қарсаңында Youtube арқылы жарық көрген отандық фильмдер легін ұсынамыз.

Отағасы / Семьянин

Ақпарат
Сюжеті: Мұхтар – бірнеше кредиті бар, өзі таксист болып істейтін отағасы. Бірде қызы күйеуге тиетінін хабарлайды. Бұл деген тағы да шығындалуды қажет етеді. Осылай күйзеліп жүрген сәтінде оған өмірін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік туады. Алайда ол үшін отбасынан бас тартуға тура келеді.

Режиссер: Фархат Көлбаев

Басты рөлдерде: Әсел СәдуақасоваӘбунасыр СеріковМарйам СатаеваМейірғат АмангелдинҚайрат ӘділгерейЕламан ЕсентаевБекзат Елеусізов.

Көкпар / Время стойких / Көк-бөрү

Ақпарат
Қырғызстан мен Қазақстан бірігіп түсірген фильм Мақсат деген жігіт және оның «Аманат» деген командасы туралы. Мақсат «Жалын» атты команда құрамында ойнайтын көкпар ойыншысы. Маңызды ойындағы жеңілістен кейін оны командадан шығарып жібереді. Туған жеріне оралған соң, Мақсат тұрғындар арасынан өз командасын жасақтамақ болады.

Режиссер: Руслан Акун

Басты рөлдерде: Асылхан ТөлеповГүлназ Жоланова, т.б.

Абайлаңыз, сиыр! / Осторожно, корова!

Ақпарат
120 келі салмағы бар Айгүл атты кеңестік кезеңнің студенті бүгінде бай-бағландардың қатарында: жеке мұнай компаниясы бар, бақуатты әйел, артық салмақтан айрылған кербез сұлу. Бір кездері өзін елдің алдында аймандай еткен Әйгерім атты группаласының себепші болуымен жастық шағының махаббаты Марленді қайта жолықтырған ол бұрынғы сүйгеніне ерегіскенде Аққайнар ауылының атынан облыстық мәслихатқа депутат болып сайлануға таласып, бірге түспек болды. Алыстағы ауылға аттанған қалалық керімнің қызығы мен шыжығы, көрер құқайы осы жерден басталады.

Режиссер: Асқар Ұзабаев

Басты рөлдерде: Баян Мақсатқызы, Азамат Сатыбалды , Азат СейтметовӘбунасыр СеріковАйгүл ИманбаеваАзамат Әбділдинов