2020 жылғы қыркүйектің сериалдары

Қыркүйектің басында шығатын сериалдардың арасында Ридли Скотт басқарған ғылыми-фантастикалық драма, ауыл ветеринары туралы британ теледрамасы, детектив Валландердің жас кезіне арналған детектив бар.

Барлық тіршілік иелері, үлкені де, кішісі де / Все существа, большие и малые / All Creatures Great and Small

1978-1990 жылдар аралығында көрсетілген британ теледрамасының римейкі. Сериал «If Only They Could Talk and It Shouldn’t Happen to a Vet» деп аталатын әдеби түпнұсқаның жарияланғанына 50 жыл толуына орай ұсынылып отыр.

Басты кейіпкер – Йоркширдегі ауылда тұратын ветеринар. Ол жануарлардың ғана емес, олардың қожайындарының да тілін таба білген жан. Драманың сюжетіне ұзақ жыл бойы мал дәрігері болып істеген Джеймс Хэрриоттың мемуары арқау болды.

Премьерасы: 1 қыркүйек

Екі аптада үлгеру / Успеть за две недели / Two Weeks To Live

«Тақтар ойыны» сериалының жұлдызы Мэйси Уильямс ойнаған қылмыстық комедия. Сюжетте өркениеттен жырақта өскен жас қыз туралы баяндалады. Отағасынан айырылған анасы оны кішкентай кезінде алысқа алып кетеді. Анасы қызды жабайы табиғаттың заңдарына төзуді және қару-жарақ қолдануды үйретті. Бір күні басты кейіпкер әкесінің моласына барады. Сол жерде күтпеген оқиғаға тап болып, полиция мен қылмыскерлердің нысанасына ілігеді.

Премьерасы: 2 қыркүйек

Жас Валландер / Молодой Валландер / Young Wallander

Басты кейіпкер – инспектор Курт Валландер туралы екі сериал шықты – шведтік және британдық. Енді шыққалы жатқан мини-сериал форматындағы үшінші жоба – басты кейіпкердің жастық шағына арналмақ. Netflix ұсынатын қылмыстық драма 6 эпизодтан тұрады.

Сюжетте полиция академиясын енді аяқтаған Курт Валландер қанды қылмыстың куәсі болды. Бастығының жетекшілігімен істі тергеуге кіріседі.

Премьерасы: 3 қыркүйек

Қасқырдың қолында өскендер / Воспитанные волками / Raised by Wolves

Ридли Скоттың жетекшілігімен HBO Max сервисіне арналып түсірілген ғылыми-фантастикалық драма. Сериалдың оқиғасы колонияға айналған басқа планетада өрбиді. Онда екі андроид адамдардың балаларын тәрбиелейді. Халық саны өскен сайын адамдарда өзінің шығу тегі туралы сұрақ көбейе түседі.

Премьерасы: 3 қыркүйек

Алыста / Вдали / Away

Netflix көрермендеріне арналған фантастикалық драма. Басты рөлде – екі мәрте «Оскар» иегері Хилари Суэнк. Оның кейіпкері – Марсқа аттанатын команданы бастап баратын америкалық астронавт. Жерде оның қызы мен күйеуі қалды. Қауіпті миссияны орындау үшін ол үш жыл отбасын көрмейді.

Премьерасы: 5 қыркүйек.

Сондай-ақ 5 қыркүйекте «Жүгірмектер» / «Пацаны»/ «The Boys» фантастикалық боевигінің екінші маусымы, ал 10 қыркүйекте «Лос-Анджелестің мықтылары» / «Лучшие в Лос-Анджелесе» / «L.A.’s Finest» экшн-комедиясының екінші маусымы басталады.

Жалғасы бар…

Бөлісу
  • 4
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған