Жеткіншек, есірткі және 18 кГц: Фархат Шәріповтың жаңа фильмі жайында

«Қызғылт қоян туралы ертегі», «Тұлғалық өсу тренингі» картиналарын түсірген Фархат Шәріпов жаңа жұмысын көпшілік назарына ұсынбақшы. «18 килогерц» деп аталатын драма алдымен екі халықаралық кинофестивалге қатысып қайтады.

«18 килогерц» – бұл тоқсаныншы жылдардың соңындағы жасөспірімдердің өмірінен сыр шертетін фильм.

«18 килогерц – ересектер естімейтін дыбыс жиілігі. Фильм жасөспірімдердің проблемаларына арналған… Есейе келе жыл сайын жас буынның қиындықтарын түсіну қиын болып бара жатыр. Өзіміз де жасөспірім болдық, кейбір проблемалар шешілмейтіндей болып көрініп еді. Тіпті тығырықтан шығатын жол таба алмай, тұла бойыңды қорқыныш билеген кездер де болды. Біздің фильм сол кездерді еске түсіру үшін арнайы түсірілді», – деді режиссер Фархат Шарипов.

Түсірілім жұмыстары Алматы қаласында жүргізілді. Басты рөлдерде Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әдікен, Камила Фун-Со деген жас дебютант-актерлер ойнайды.

Режиссердің жаңа жұмысының әлемдік премьерасы Орталық және Шығыс Еуропаның ең беделді фестивалдерінің бірі – 36 Варшава халықаралық кинофестивалінің (WFF) негізгі конкурсы аясында өтеді. «А» санатына жататын бұл кинофорум биыл 9-18 қазан аралығында дәстүрлі форматта өтеді.

Одан бөлек «18 килогерц» фильмі Азиядағы ең ірі фестивалдердің бірі – 25 Пусан халықаралық кинофестиваліне (BIFF) қатысады. Кинотуынды «Азия киносына терезе» (A Window on Asian Cinema) бағдарламасына еніп отыр. ПХК 21-30 қазан аралығында өтеді.

Осы орайда айта кетейік Ернар Нұрғалиевтің «Жаным, ты не поверишь» қара комедиясы да Варшава кинофестиваліне қатысады. Картина «Free Spirit Competition» бағдарламасына еніп, 9 қазанда көрсетілімі болады.

Бөлісу
  • 3
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған