2020 жылғы қазанның сериалдары

Қазанның алғашқы күндерінде бізді екі антология күтіп тұр. Біреуі құбыжықтар әлемін көрсетсе, екіншісі махаббатын жаңа тәсілмен іздеген адамдар туралы. Сондай-ақ әйгілі Comedy Store клубының тарихын білеміз, «Кезбе өліктер» әлемінің жаңа оқиғаларын көреміз.

Монстарлар мекені / Земля монстров / Monsterland

Hulu платформасының фантастикалық триллерінде әр серия бөлек оқиға. Әр эпизодта түрлі құбыжықпен бетпе-бет келген кейіпкер туралы баяндалады. Сериал құпияға толы параллель әлемдерді, балама һәм қарама-қайшылыққа толы өмірді көрсетеді. Зұлымдар – әлсіз адамдарды жаман қылыққа итермелейтін вампирлер, қасқыр-адамдар, азғын періштелер, су перілері.

Антология Натан Бэллингрудтің әңгімелер жинағының желісімен түсірілген. Премьерасы 2 қазанда.

Париждегі Эмили / Эмили в Париже / Emily in Paris

Лили Коллинз ойнаған драманы Netflix сервисі көрсетеді. Сюжетте Эмили деген америкалық бойжеткен Парижде жұмыс істеуге ұсыныс алады. Ол Францияның танымал маркетинг агенттігінде еңбек етпекші. Жаңа, бейтаныс мекенде Эмили күн сайын түрлі қиындықтарға ұрынады. Ол карьерасын құруға, жаңа достар тауып, махаббатын жолықтыруға тырысады.

Жоба авторы – әйгілі «Секс және қала» / «Sex and the City» сериалын жасаушы Даррен Стар. Премьерасы 2 қазанда.

Комедия дүкені / Комедийный магазин / The Comedy Store

5 бөлімнен тұратын деректі мини-сериал. Жоба 1972 жылы ашылған «Комедия дүкені» клубы туралы. Жарты ғасырлық тарихында бұл клубтың сахнасында жүздеген комик өнер көрсетті. Олардың арасында Джим Кэрри, Луис С.К., Билли Кристал, Вупи Голдберг секілді жұлдыздар бар. Клуб резиденттерінің бірі – режиссер, продюсер, сценарийші әрі актер Майк Байндер осы орынның тарихын баяндайды, атақты әріптестерімен әңгімелеседі, юмор пайда болатын сахна сыртын көрсетеді.

Премьерасы 4 қазанда.

Кезбе өліктер: Тысқары әлем / Ходячие мертвецы: мир за пределами / The Walking Dead: World Beyond

Оқиғасы әйгілі «Кезбе өліктер» зомби-сериалының әлемінде өрбитін жаңа телешоу. Бұның сюжеті негізгі сериалдың оқиғаларынан 10 жыл өткеннен кейін басталады. Басты кейіпкерлер – зомби-апокалипсис кезінде туып-өскен балалардың алғашқы буыны. Олар жақсы қорғалған жерде өмір сүреді. Балалар тұратын қала – зұлмат басталғанға дейінгі әлемді еске түсіреді. Бірақ осындай жақсы өмірге қол жеткізу үшін алдыңғы ұрпақ көп құрбан болды және олардың ерлігін қазіргі буын ұмытқан жоқ. Бір топ жасөспірім нағыз әлемді көру үшін сыртқа шығады.

Премьерасы бастапқыда 13 сәуірге жоспарланған еді. Пандемияға байланысты уақыты шегеріліп, енді 4 қазанға белгіленіпті.

Қайырымды мырзаның құсы / Птица доброго Господа / The Good Lord Bird

Бастапқыда 17 ақпанда шығады деп, кейінге шегерілген жобалардың бірі. Оқиғасы Америкада азамат соғысы жылдары өрбиді. Канзас құлдықты жақтаушылар мен қарсы шыққандар арасындағы соғыс алаңына айналған. Онион есімді жалшы бала қыз болып киініп, аболиционист Джон Браунмен бірге одақтастар армиясына қарай қашады. Ұлды қатерге толы саяхат пен тарихи оқиғалар күтіп тұр.

Итан Хоук ойнайтын тарихи драма 4 қазанда шығады.

Жаны жақын адам / Родственные души / Soulmates

Фантастикалық мелодраманың сюжеті 2035 жылы өрбиді. Ғалымдар жер бетіндегі барлық адамның өмірін өзгертетін жаңалық ашады. Жаңа тесттің көмегімен жаны жақын адамыңды анықтауға болады. Бұл ақпаратқа ие болған кейіпкерлер түрліше әрекет етеді, өйткені әрқайсымыздың нағыз махаббат туралы танымымыз әр түрлі.

«Жаны жақын адам» – сериал-антология: әр эпизодта жаңа кейіпкерлердің қатысуымен жаңа оқиға баяндалады. Премьерасы 5 қазанда.

Жаңа маусыммен шыққан сериалдар:

3 қазан:
Воин / Warrior; драма, боевик, тарихи (АҚШ): 2 маусым

5 қазан:
Пандора / Pandora; драма, фантастика, боевик (АҚШ): 2 маусым

9 қазан:

Аванпост / The Outpost; фэнтези (АҚШ): 3 маусым

Жалғасы бар…

Бөлісу
  • 2
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған