2020 жылғы қазанның сериалдары: 3 бөлік

Қазанның сериалдарына арналған шолудың соңғы бөлігі. Бұнда герман тайпалары мен Рим империясы арасындағы соғыс туралы тарихи драма, норвег ханшайымы мен АҚШ президенті арасындағы қарым-қатынас туралы мини-сериал, Николь Кидман мен Хью Грант ойнаған триллер және басқа да қызық жобалар туралы айтамыз.

Варварлар / Варвары / Barbaren

Netflix ұсынған неміс сериалы тарихи оқиғалар арқылы үш түрлі адамның тағдырын баяндайды.

Тарихи драманың оқиғасы біздің дәуіріміздің 9 ғасырында, Рим империясы заманында өрбиді. Херускилер көсемі Арминий – әскери тактиканың білгірі – герман тайпаларын біріктіріп, Тевтобургс орманына жайғасады. Олар Квинтилий Вар бастаған үш Рим легионын қоршауға алады. Ормандағы шайқас тарихты өзгертті: Германия Рим империясының құрсауынан босап, тәуелсіздік күресіне кіріседі.

Премьерасы: 23 қазан.

Патшайымның жүрісі / Ход королевы / The Queen’s Gambit

Netflix сервисінің драмасы есірткіге тәуелді шахматшы қыз туралы баяндайды. Басты рөлде – Аня Тейлор-Джой.

1950 жылдар, Кентукки штаты. Жетімдер үйінде тұратын Бет Хармон деген қыздың бойынан шахматқа деген талант анықталады. Бұл оның қиындық пен күреске толы болашақ тағдырына әсер етеді.

Премьерасы: 23 қазан.

Атлантиканы кесіп өту / Пересекая Атлантику / Atlantic Crossing

Мини-сериал норвег кронханшайымы Мартаға және оның Америка президенті Франклин Рузвельтпен қарым-қатынасына арналған.

Норвегияны 1940 жылы Германия жаулап алғаннан кейін ханшайым Марта мен оның балалары Америка үкіметінің шақыруымен Ақ үйге жайғасады. Президент норвег ханшайымының бірегейлігіне, сұлулығы мен табандылығына тәнті болады. Тіпті Мартаның бұл жерге келуі мемлекет басшысының шешіміне де әсер ете бастайды. Көп кешікпей АҚШ Еуропада болып жатқан оқиғаларға қатысты саясатын өзгертеді.

Премьерасы: 25 қазан.

Шегініс / Отыграть назад / The Undoing

Джин Ханфф Корелиц деген америкалық жазушының романы желісімен түсірілген HBO Max драмасы. Басты рөлде Николь Кидман мен Хью Грант ойнайды.

Басты кейіпкер Грейс Сакс – Нью-Йоркта тұратын бақытты әйел және табысты психотерапевт. Бірнеше аптадан кейін отбасы бақыты туралы оның алғашқы кітабы жарық көреді. Алайда кенеттен оның күйеуі жоғалып кетеді де ертегі секілді өмірі бір күнде күйрейді.

Премьерасы бастапқыда 12 мамыр деп белгіленген еді. Уақыты кейінге шегеріліп, 25 қазанға белгіленіп отыр.

Бәріне түн кінәлі / Потому что ночь / Because the Night

Бұл триллердің сюжетіне ағылшын сценарийшісі және жазушысы Нил Кросстың романы арқау болған. Мини-сериалдың «The Sister» деген екінші атауы бар.

Басты кейіпкер Натан – бақытты отағасы. Бірақ оның бәрінен жасырған құпиясы бар. Бұны ұмыту да мүмкін емес, әлдекімге ашып айтуға да болмайды. Күндердің күнінде оның өмірінде көптен көрмеген танысы пайда болып, әлгі құпиясының ашылуына себепші болады. Осыдан бастап Натанның қалыпты өмірі астан-кестең болады.

Премьерасы: 26 қазан.

Зевстің қаны / Кровь Зевса / Blood of Zeus

Netflix-те жарық көретін анимациялық сериалда Олимп құдайларының титандармен соғысы баяндалады. Құдайлар жеңді, бірақ титандар оларға қарғыс жібереді. Соңғы титанның қаны теңіз суымен араласып, одан қуатты, жеңілуді білмейтін жындар пайда болады. Олар енді көкті де, жерді де түгелдей қырмақшы. Зевстің ұлы екенін білген Геронды бұл соғыста Олимп пен әлемнің құтқарушысы атағы күтіп тұр.

Премьерасы: 27 қазан.

Тіршілік / Жить / Hausen

Неміс хорроры әкесі мен 16 жасар ұлының басынан кешкен қорқынышты хикаяны баяндайды. Екеуі қала шетіндегі көп пәтерлі үйге көшіп келеді. Еркектер отбасында болған қайғылы оқиғадан кейін жаңа орынға бой үйретуге тырысқанымен, оларға айналада пайда болған біртүрлі құбылыстар кедергі болады. Үй дыбыстар мен елестерге толы екен. Бұлар – тірі кезінде қатты қиналған бұрынғы тұрғындардың аруағы болып шығады.

Премьерасы: 29 қазан.

Искатели истины / Truth Seekers

Prime Video сервисінде көрсетілетін фантастикалық комедия. Гас пен Дэйв – аруақ аулаушылар. Олар Ұлыбританияны аралап, аруақтар мекен еткен шіркеулерді, жер астындағы бункерлерді, қираған ауруханаларды тексереді, паранормал құбылыстың ізін кеседі. Бастан өткізген оқиғаларын видеоға түсіріп, онлайн-арнаға да салып отырады. Көп кешікпей екі дос адамзатқа қауіп әкелетін қатерге ұрынады.

Басты рөлдерде белгілі ағылшын актерлері Ник Фрост пен Саймон Пегг ойнайды. Премьерасы: 30 қазан.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

22 қазан:
– Коннерлер / Коннеры / The Conners; комедия (АҚШ): 3 маусым
– Голдбергтер / Голдберги / The Goldbergs; комедия (АҚШ): 8 маусым

28 қазан:
– Бұл біз / Это мы / This Is Us; драма, мелодрама, комедия, отбасылық (АҚШ): 5 маусым

31 қазан:
– Мандалорлық / Мандалорец / The Mandalorian; фантастика, фэнтези (АҚШ): 2 маусым

Соңы.

Бөлісу
  • 2
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған