2020 жылғы қарашаның сериалдары: 3 бөлік

Қарашаның сериалдарына арналған шолудың соңғы бөлігіне Marvel киноғаламына арналған деректі сериал, Гималайға барған монхинялар туралы драма, Кейли Куоко ойнаған мистикалық комедия еніп отыр.

Земля-616 / Marvel’s 616

Деректі сериал-антология Marvel компаниясын мәдени феномен ретінде зерттейді. Әр бөлім – осы ауқымды ғаламның дамуына үлес қосқан адамдар туралы жеке әңгіме. Сериал әлемге әйгілі суретшілер туралы, комикс индустриясындағы алғашқы әйелдер туралы, Marvel-дің ұмыт болған кейіпкерлері туралы, фанаттар мен косплей туралы, Marvel Comics баспасымен байланысты басқа да жайттар туралы баяндайды.

Сериалдың атауы – Marvel’s 616 ғаламына сілтейді. Яғни комикстарда Marvel’s 616 деп комикстардың негізгі оқиғалары өрбитін әлемді атайды. 7 эпизодтан тұратын жоба Disney+ сервисіне 21 қарашада шығады.

Қара нарцисс / Черный нарцисс / Black Narcissus

Румер Годден деген жазушының аттас романының желісімен түсірілген мини-сериал. Осы шығарма негізінде 1947 жылы толықметраж фильм шыққан екен.

Сюжетте бірнеше католик монахиня Гималайда орналасқан алыс елді мекенге аттанады. Олардың мақсаты – сол жерде мектеп тұрғызу. Миссионерлерді жергілікті халық жылы қабылдай қоймайды, оның үстіне өз арасында келіспеушілікке ұрынады.

Драманың премьерасы 23 қарашада.

Қоңыраудың арқасында аман қалғандар / Спасенные звонком / Saved by the Bell

Peacock стриминг платформасының комедиясы 1990 жылдары көрсетілген ситкомды жалғастырады. Түпнұсқа сериалдың басты кейіпкері Зак Моррис ержетіп, Калифорнияның губернаторы болады. Оның бастамасымен көптеген даулы шешімдер қабылданады: жұмысшылар санатына арналған мектептер жабылып, оқушылар элитаға арналған беделді мектептерге орналастырылады. Экспериментке кезінде Моррис білім алған, қазір ұлы Мэк оқып жатқан Бэйсайд мектебі де қатысады.

Премьерасы: 25 қараша.

Бортсерік / Стюардесса / The Flight Attendant

HBO Max-тың мистикалық триллерінде басты рөлде «Үлкен жарылыс теориясының» жұлдызы Кейли Куоко ойнайды. Сюжетте ұшақта бортсерік болып істейтін Кэсси деген қыз туралы баяндалады. Бір күні сауық кешінен кейін таңертең өліктің жанында оянады. Қыз кеше не болғанын есіне түсіре алмайды, сол себепті оқиғалар ретін анықтауға кіріседі.

Премьерасы: 26 қараша.

Соңы.

Бөлісу
  • 1
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған