26 қараша: корей зомби-хорроры, Роберт Де Ниро, қара нәсіл Питер Пэн мен Алиса

Түбек / Поезд в Пусан 2: Полуостров / Bando [18+]

Оңтүстік Корея режиссері Ён Сан-хоның 2016 жылғы «Пусанға апаратын пойыз» зомби-хоррорының жалғасы. Сюжеті бірінші фильмнің оқиғасынан кейін төрт жыл өткен соң өрбиді. Кореяны зомбиға айналған адамдар кезіп жүр. Індеттен аман қалғандары қалың қабырғаның ар жағында бас сауғалауға мәжбүр. Осындай жабық аймақтардың біріне Гонконгтан бір жасақ аттанады. Олардың мақсаты – ақша тиелген жүк көлігін табу. Оларды апокалипсис әкелген қатерден бөлек, өзара қырқысқан адамдардың қатігез ойыны күтіп тұр.

Атамен соғыс / Дедушка нелегкого поведения / The War with Grandpa [6+]

Роберт Де Ниро басты рөлде ойнаған отбасылық комедия. Одан бөлек Оакс Фигли, Кристофер Уокен, Ума Турман түсті.

Басты кейіпкер – Эд есімді зейнеткер. Супермаркетте күзетшімен төбелескен соң, полицияның кеңесімен қызының үйіне көшіп келеді. 12 жасар жиені Питер бұл жағдайға қуана қоймайды. Өйткені оның бөлмесін атасына беріп, өзін шатырдың астындағы бөлмеге көшіреді. Әділетсіздікке көнгісі келмеген бала атасына соғыс жариялайды. Бірақ атасы да оңай берілуді білмейтін жан.

Арман мекен / Страна грёз / Dreamland [18+]

Финн Коул мен Марго Робби түскен драманың оқиғасы 1930 жылдары өрбиді. 17 жасар Юджин банк тонаған әйелді қолға түсірмек болады. Оның басына ақшалай сыйлық тағайындалған. Юджин әйелді ұстап, сыйды алса отбасы фермасын борыштан құтқармақ.

Қаш / Взаперти / Run [16+]

Сара Полсон ойнаған триллер. Фильмде ана мен қыздың қарым-қатынасы суреттеледі. Хлоя – арбаға таңызған мүгедек, үнемі дәрі ішеді, үйде оқып, ешкіммен араласпайды. Диана – қызын толықтай бақылап, ерекше күтіммен тәрбиелеп отырған ана. Хлоя өскен сайын бұл жерде әлдебір құпия барын сезеді.

Сандырақ / Дичь / Freaky [18+]

Винс Вонның қатысуымен түсірілген комедия элементтері бар триллер. Басты кейіпкер – түсініксіз жағдайдан кейін жаны маньяктың тәнімен ауысып кеткен бойжеткен. Ол 24 сағаттың ішінде бәрін қалпына келтіруі керек, әйтпесе жағдай ушығып кетеді.

Питер Пэн и Алиса в стране чудес / Come Away [6+]

Екі ертегінің кейіпкерлері тоғысатын жаңа фэнтези. Алиса Ғажайыптар еліне, Питер Пэн Жоқландияға аттанбас бұрын олар ағалы-қарындасты болған екен. Екеуінің қиялдай білу қабілеті ата-анасынан қалған. Отбасы қандай қиын жағдайға ұрынбасын, армандауды ешқашан доғарған емес.

Фильмді «Батыл жүрек» режиссері, «Оскарлы» Бренда Чепмен түсірді. Актерлік құрамда Анджелина Джоли, Дэвид Ойелоуо, Гугу Мбата-Роу, Майкл Кейн секілді жұлдыздар бар.

Бұлардан бөлек прокатқа ресейлік «Подольские курсанты» әскери драмасы мен «Глубже!» комедиясы, мексикалық «Академия монстров» және «Кот под прикрытием» қытай-француз мультфильмдері шықты.

P.S. Шолудағы премьералардан бөлек 23 қарашада прокатқа 2 отандық картина шықты: Нияз Әбдіғапардың «Туча» боевигі және Әсел Аушакимованың «Welcome to the USA» драмасы.

Бөлісу
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған