10 желтоқсан: Мутанттардың соңғы тұяғы және ішіп кеткен Мадс Миккельсен

Бүгін тарих қойнауына кеткен 20th Century Fox студиясының соңғы кинокомиксі кешігіп болса да прокатқа шықты. Сондай-ақ кинотеатрлардан Роберт Де Ниро, Морган Фриман, Томми Ли Джонс үштігі бас қосқан экшн-комедияны, Мадс Миккельсен ойнаған драманы, Дайан Лэйн мен Кевин Костнер түскен триллерді көруге болады.

Жаңа мутанттар / Новые мутанты / The New Mutants [16+]

Бұл 20th Century Fox студиясының (қазір бұл студия Disney құрамына енді) «Икс адамдар» киносериясына кіретін ақырғы кинокомиксы. Фильмде құпия мекемеге тап болған жасөспірімдер туралы баяндалады.

Әлдебір тылсым да күшті құйын жүріп өткеннен кейін Дэниель Мунстар аурухана төсегінде есін жияды. Бұл мекемеде одан бөлек тағы төрт жасөспірім болады. Оларға түрлі сынақ жүргізіліп, ерекше қабілетін бақылауда ұстауды үйретеді. Бұл мекеннен өз еркіңмен шыға алмайсың, ал қамаудағы балаларға шындықтан айырмасы жоқ елестер көріне бастайды.

Фильмге Блю Хант, Алиси Брага, Мэйси Уильямс, Аня Тейлор-Джой, Чарли Хитон, Генри Зага түсті.

Кері қайтатын жол / Афера по-голливудски / The Comeback Trail [16+]

Роберт Де Ниро, Морган Фриман, Томми Ли Джонс секілді Голливуд ардагерлерінің басын қосқан экшн-комедия. Сюжетте Макс Барбер есімді әккі кинопродюсер мафия боссына қарыз болып қалады. Тез арада ақша табудың бір ғана амалы бар – кино жұлдызы өліп қалса ірі көлемде сақтандыру ақысын алуға болады. Ол үшін түсірілімге жарылыс көріністері мен қауіпті трюктерді көбірек қосу керек.

Жұмысбасты / Еще по одной / Druk [18+]

Дат кинематографшысы Томас Винтербергтің картинасы қызық эксперимент өткізген төрт мұғалімнің хикаясын баяндайды. Тарих профессоры, психолог, экономист мен дене тәрбиесі мұғалімі барға барып, адам қанына алкоголь жетпегендіктен жұмыс қабілеті төмендейді деген теорияны тексеріп көрмек болады. Көп кешікпей бұл эксперимент шектен шығып кетеді.

Фильмде басты рөлдердің бірін Мадс Миккельсен ойнайды.

Оған еркіндік бер / Кровные узы / Let Him Go [18+]

Дайан Лэйн мен Кевин Костнер ойнаған қылмыстық драма ерлі-зайыпты туралы. Бұрынғы шериф Джордж бен жары Маргарет ранчода бір қалыпты өмір кешуде. Ұлының қазасы отбасындағы ахуалды өзгертеді. Ұлдан қалған немере тағдырдың жазуымен қатыгез отбасыға тап болған. Баланы қайтарып алу үшін ерлі-зайыпты бәріне дайын.

Дайан Лэйн мен Кевин Костнер осыған дейін де Супермен туралы «Болат адам» фильмінде ерлі-зайыптыны ойнаған еді.

Сондай-ақ прокатқа шыққан басқа да фильмдер:
«Дублерша» / «The Stand In» (комедия), басты рөлде: Дрю Бэрримор;
«Глубокое погружение» / «Breaking Surface» (драма, триллер);
«Бараны» / «Rams» (комедия, қызық оқиғалы, драма);
«Скуби-ду» / «Scoob!» (детектив, комедия, мультфильм, қызық оқиғалы, отбасылық);
«Линия горизонта» / «Horizon Line» (триллер);
«Вдова» (үрейлі, триллер);
«Не все дома» / «10 jours sans maman» (комедия).

Бөлісу
  • 2
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған