2020 жылғы желтоқсанның сериалдары: 2 бөлік

Желтоқсанда шығатын сериалдар басқа айлармен салыстырғанда көп емес. Оның үстіне телевизиялық сериалдар үлесі де аз. Премьералардың басым бөлігі стриминг сервистерге тиесілі болып отыр. Атап айтқанда елсіз аралға тап қыздар туралы драма, қызғаныш пен бәсекеге толы балет әлеміне арналған триллер, Стивен Кингтің культ романының желісімен түсірілген хоррор, дат фэнтези-триллері бар.

Жабайылар / Дикарки / The Wilds

Amazon Prime Video сервисі ұсынған драма әуе апатынан кейін елсіз аралған тап болған бір топ қыз туралы баяндайды. Бұнда ешкім тұрмайды, көмекке келер де ешкім жоқ. Қыздарға аралда өліп қалу қаупі төніп тұр, оның үстіне бір-бірін де танымайды. Әрқайсысының өз өткені, өз мәселесі бар. Бір-бірімен сыр бөлісуге де, бірігіп қауіпке қарсу тұруға да дайын емес. Сол себепті арадағы шиеленіс өрши түседі.

Премьерасы: 12 желтоқсан.

Майда әдемі бұйымдар / Хрупкие создания / Tiny Pretty Things

Netflix платформасының драмасында басты оқиға Чикагоның элиталы балет мектебінде өрбиді. Бұл жерде оқыс оқиға болып, бір оқушы қыз шатырдан құлап өледі. Оқу орнының басшылығы жағдайдың себебіне көз жұма қарайды. Осы мектепке талантты биші Невея шақырту алады. Қыз өтірікке, астыртын ойын мен қатал бәсекелестікке толы ортаға тап болады.

Премьерасы: 14 желтоқсан.

Қарсылық / Противостояние / The Stand

Стивен Кингтің культ романының желісімен түсірілген хоррор элементтері бар фантастикалық мини-сериал. Сюжеті постапокалипсис әлемде өрбиді. Жер халқы қатерлі вирустан қырылып қалады. Аман қалған америкалықтар екі қарсы топқа бөлініп кетеді. Біреуін мейірімді Абагейл ана басқарады. Ол Інжіл өсиеттері арқылы жаңа қоғам құруға тырысады. Екінші топты билікшіл, қатыгез Рэндалл Флэгг басқарады, оның мақсаты – қатал тоталитар қоғам құру.

Актерлік құрамд Джеймс Марсден, Эмбер Херд, Вупи Голдберг, Александр Скарсгард, Мэрилин Мэнсон, Эзра Миллер секілді жұлдыздар бар.

Премьерасы: 17 желтоқсан.

Эль Сид / El Cid

Amazon Prime Video сервисінің тарихи драмасы испан патшаларының текетіреске толы өмірінен сыр шертеді. Эль Сид есімді жас дворян Санчо әміршіге адал қызмет етеді. Ол әкесінен мұра болып қалған қылышпен шебер шайқаса алады. Санчоның бауырымен текетіресінде жеңіске жетуіне Эль Сид көмектеседі. Осылайша патша сарайынан жақсы лауазымға үмітті еді. Бірақ қан мен қайғыға әкелер астыртын ойынның ортасына тап болады.

Премьерасы: 18 желтоқсан.

Бриджертон / Bridgerton

Netflix стриминг сервисінің драмасы америкалық жазушы Джулия Куиннің тарихи махаббат романдар сериясын негізге алған. Оқиғасы ХІХ ғасырдың басында Лондонда өрбиді. Сериал байлық, сатқындық, нәпсіқұмарлық сияқты Регенттік кезеңнің зиялы қауым өкілдеріне тән болған қасиеттерді сөз етеді. Желісі қуатты да ықпалд Бриджертон отбасының көзімен беріледі.

Премьерасы: 25 желтоқсан.

Теңелу / Равноденствие / Equinox

Netflix ұсынған дат фэнтези-триллері. Сюжеті Астрид деген әйелдің төңірегінде өрбиді. Ол 1999 жылы мектеп автобусының жоғалғанына куә болған еді. Оның ішінде сіңлісі Ида да болды. Бұл оқиға қыздың санасына қаяу түсіріп, бүкіл өміріне әсер етеді. Жиырма жыл өткен соң Астрид радиода жұмыс істейді. Бір күні эфирге әлдекім хабарласып, сол жоғалған автобуста болғанын, ішіндегі балаларға не болғанын да білетінін айтады.

Премьерасы: 30 желтоқсан.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

14 желтоқсан:
– Пенниуорт / Pennyworth; драма, фэнтези, боевик, қылмыстық (АҚШ): 2 маусым;

17 желтоқсан:
– Пространство / The Expanse; фантастика, детектив (АҚШ): 5 маусым.

Соңы.

Бөлісу
  • 2
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған