24 желтоқсан: корей киллері, сөйлейтін кенгуру, Крудстар отбасы

24 желтоқсанда Қазақстан прокатына Корей режиссері Хон Вон-чханның экшн-триллері, Лин Шэй мен Тобин Белл түскен америкалық хоррор, сөйлейтін кенгуру туралы неміс комедиясы, өрт сөндірушілер жайында ресейлік драма, DreamWorks студиясының «Крудстар» анимациялық картинасының жалғасы шықты.

Жамандықтың беті аулақ / Избави нас от лукавого / Daman akeseo guhasoseo [18+]

Корей режиссері Хон Вон-чханның экшн-триллері Ин-нам есімді кейіпкер туралы. Ол бұрын Оңтүстік Кореяның арнайы қызметінде жансыз болған, енді тапсырыспен кісі өлтіреді. Соңғы тапсырмасын орындап Панамаға кетуді ойлайды. Соңғы миссиясы – якудза басшысын өлтіру. Бір күні бұрынғы ғашығын өлтіріп кеткенін біледі. Ал кішкентай қызын әлдекімдер алып кеткен. Ин-нам баланы іздеуге шығады. Осы кезде якудза басшысының інісі кек қайтармақ болып соңына түседі.

Қоңырау / Проклятие Лауры: Завещание / The Call [18+]

Америкалық хоррордың оқиғасы 1987 жылы өрбиді. Мыстан атанып кеткен кемпірдің үйінің маңында Лаура есімді қыз жоғалып кетті деген аңыз бар. Бірде күні бір топ жас ұл-қыз әлгі кемпірдің үйіне барады. Ертесіне қария қайтыс болады да, жастарға 100 мың долларды мұра қылып қалдырады. Алайда оны алудың шарты бар: олар мыстанның телефонына қоңырау шалу керек. Осыдан кейін тозақтың порталы ашылады. Кейіпкерлер аман қалу үшін бұрын жоғалып кеткен Лаураның қарғысының құпиясын ашу керек.

Фильмнің актерлік құрамында Лин Шэй, Тобин Белл сияқты ардагерлер бар.

Кенгурудің хикаясы / Осторожно, Кенгуру! / Die Känguru-Chroniken [16+]

Герман комедиясынан анимацияланған кенгурудің басынан өткен қызықты оқиғаларды көресіз. Басты кейіпкер – Марк деген музыкант. Бір күні оның есігін сөйлей алатын Кенгуру қағады. Осы күннен бастап ол Марктің өміріне етене араласып, қызық пен ыңғайсыз оқиғаларға толы күндер басталады.

Өрт / Огонь [6+]

Константин Хабенский ойнаған Ресей драмасы. Фильмнің басты кейіпкерлері – өрт сөндірушілер мен құтқарушылар. Өзгелер үшін ерлік деп саналған нәрсе оларға – жай ғана жұмыс. Олар қиын жағдайға тап болған адамдарды құтқарады, өлімнен арашалайды, тілсіз жаумен күреседі.

Крудстар: Жаңа дәуір / Семейка Крудс: Новоселье / The Croods: A New Age [6+]

Бұл DreamWorks студиясының 2013 жылғы мультфильмінің жалғасы. Бұл жолы көне дәуірдің адамдарынан құралған отбасы жаңа баспана іздеуге шығады. Олар алғаш рет өзге отбасымен бетпе-бет келеді: Беттермандардың жағдайы жақсы, өмір салты бұларға қарағанда дамып кеткен деуге болады. Бұл ақыры текетіреске алып келеді.

Бұларға қоса прокатқа ресейлік «Полное погружение» анимациялық картинасы мен «Реальные пацаны против зомби» фантастикалық комедиясы шықты.

Бөлісу
  • 3
  •  
  •  
  •  
  • 2
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған