7 қаңтар премьералары: Вуди Аллен мен Ғажап әйел

Осы аптаның басты премьералары – DC-дің «Ғажап әйел 1984» блокбастері мен Вуди Алленнің «Рифкин фестивалі» комедиясы. Сонымен қатар бірнеше хоррор-фильм бар.

Ғажап әйел 1984 / Чудо-женщина: 1984 / Wonder Woman 1984 [12+]

DC комикстеріне негізделген блокбастер 2017 жылы шыққан бірінші бөлімнің оқиғасын әрі өрбітеді. Фильм сюжеті 1980 жылдардың ортасында өтеді. Максвелл Лорд (Педро Паскаль) деген бизнесмен ерекше күш беретін сиқырлы артефактіні іздейді. Ол мақсатына қол жеткізу үшін Барбара Энн Минерва (Кристен Уиг) деген археологтың көмегіне жүгінеді. Артефактілердің бірі Минерваны Гепардаға айналдырып жібереді де, бұған ашуланған әйел Максвеллден өш алмақшы болады. Ол Диана Принстен (Галь Гадот) көмек сұрауға мәжбүр болады. Есесіне бизнесмен оған ғашығы Стив Треворды (Крис Пайн) тірілтіп беруге дайын.

Рифкин фестивалі / Фестиваль Рифкина / Rifkin’s Festival [16+]

Вуди Алленнің жаңа режиссерлік жұмысы Сан-Себастьянға арналады. Бұл шуақты Испанияның жағасында орналасқан, романтикалық көңіл-күй сыйлайтын және мыңдаған адамды, жарқыраған киножұлдыздарды жинайтын әлемдік кинофестивалі бар әдемі қала. Негізгі оқиға кино сиқырына еліткен ерлі-зайыптының төңірегінде өрбиді.

Бір қызығы бұл фильмнің әлемдік премьерасы Сан-Себастьян кинофестивалінде өтті.

Бастау / Проклятие монахини Роуз / The Dawn [16+]

Америкалық үрейлі фильм Роуз деген қыздың басынан өткен оқиғасын баяндайды. Әкесі есінен алжасып, бүкіл отбасын қырып тастаған, кейін өзін өлтірген. Аман қалған жалғыз Роуз осыдан кейін монастырға орналасады. Әйтсе де әкесін билеген жын оның соңына түседі. Монстырда жарық пен түнектің күштері бетпе-бет келеді.

Менің өлімім / С днем смерти / Death of Me [18+]

«Ара» / «Saw» франшизасының үш бөлімін түсірген Даррен Линн Боусманның қолынан шыққан тағы бір хоррор. Басты рөлдерде – белгілі актерлер Мэгги Кью мен Люк Хемсворт. Сюжетте аралдағы қонақүй бөлмесінде оянған Кристин мен Нейл деген ерлі-зайыпты туралы айтылады. Осыған дейін не болғаны екеуінің де есінде жоқ. Олар тауып алған видеожазбадан Нейл Кристинді өз қолымен өлтіріп, жерлегенін көреді. Ерлі-зайыптыны аралдың қорқынышты құпиясы мен тылсым күштің иесі күтіп тұр.

Дрон / The Drone [18+]

Комедия элементтері бар хоррорда өлген маньяктың жаны кәдімге дронға еніп кетеді. Рухы электронды құрылғыға өткеннен кейін ол жас жұбайларды қорқытуға кіріседі.

Премьералар легі бұнымен бітпейді. Отбасылық сеанстарға арналған «Рождество кота Боба» / «A Christmas Gift from Bob» британ драмасы мен әйгілі мультсериалдың толықметраж жалғасы – «Барбоскины на даче» анимациялық картинасы прокатқа шығады.

Бөлісу
  • 3
  •  
  •  
  •  
  • 2
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған