28 қаңтар премьералары

Қаңтардың соңғы уикенді бізге Дензел Вашингтон-Рами Малек-Джаред Лето үштігін біріктірген детективті, монстрлармен шайқасқан Милла Йововичті, Оливер Твисттің заманауи хикаясын ұсынады.

Елеусіз түйткілдер / Дьявол в деталях / The Little Things [18+]

Джон Ли Хэнкоктың нео-нуары Лос-Анджелесте кісі өлтірушіні қолға түсірмек болған екі полицей туралы. Басты рөлдерде Дензел Вашингтон мен Рами Малек ойнайды. Ал күдікті рөлінде Джаред Лето. Аталған үш актердің де «Оскары» бар екенін айта кету керек (Вашингтонда екеу) Детектив фильмнің оқиғасы 1990 жылдары өрбиді.

Монстр аулаушы / Охотник на монстров / Monster Hunter [16+]

Актриса Милла Йовович пен оның күйеуі Пол В.С. Андерсон «Resident Evil» видеоойынының көп сериялы кинонұсқасында бірге жұмыс істегені белгілі. Ерлі-зайыптылардың шығармашылық тандемі тағы фантастикалық жобада жалғасын тауып отыр. Фильмдегі құбыжықтар параллель әлемде тұратын тіршілік иелері. Басты кейіпкер – лейтенант Артемис осы әлемге тап болады. Кері қайтатын жолды табу үшін ол осы қорқынышты әлемнің құжынаған құбыжықтарымен шайқасуы керек. Оған осы әлемде өмір сүріп үйренген Аңшы (Тони Джа) көмекке келеді.

Твист / Афера Оливера Твиста / Twist [16+]

Британ қылмыстық драмасы Чарльз Диккенстің 1838 жылғы «Оливер Твисттің басынан кешкендері» романының жаңаша баяндалуы. Басты рөлдерде: Рафферти Лоу, Майкл Кейн, Лина Хиди, Рита Ора және Софи Симнетт. Сюжетте Лондонда тұратын жас, талантты суретші туралы айтылады. Ол баға жетпес картинаны ұрламақ болған бандаға кездейсоқ тап болады.

Беймаза аруақ / Бывшая с того света / Blithe Spirit [16+]

Британ фэнтези-мелодрамасы 1941 жылғы аттас пьесаның желісімен түсірілген. Басты кейіпкер Чарльз Кондомайн – шығармашылық дағдарыстағы романшы. Шабыт іздеймін деп спирит сеансын өткізеді. Шақырған медиумы байқаусызда о дүниелік болған қызғаншақ әйелінің аруағын оятып алады. Осыдан кейін жазушының өмірінен сән кетеді: аруақ оның қазіргі әйеліне күн көрсетпей, күйеуін одан тартып алмақ болады.

Юба елінің соңғы жаңалықтары / Дать дуба в округе Юба / Breaking News in Yuba County [18+]

Тейт Тейлордың драмасы Эллисон Дженни, Мила Кунис, Регина Холл секілді актрисалардың басын қосты. Сюжетте көзге түсіп, танымал болуды армандайтын Сью деген әйел туралы баяндалады. Бір күні оның арманы орындалады. Күйеуі жоғалып кетіп, көпшіліктің назары оған ауады. Әйтсе де бұл мәселеге полиция да назар аударады, оның үстіне бандиттер де соңына түседі.

Сергек / Диббук / The Vigil [16+]

Үрейлі фильмде Яков деген жігіт ақша үшін шомер болуға келіседі. Бұлай деп еврей дәстүрінде өлген адамның жанында түнімен отыратын адамды атайды. Оның міндеті – дұға оқып, мүрдені зұлым аруақтардан қорғау. Алайда Яков өз міндетіне атүсті қарайды. Көп кешікпей біртүрлі елестерді көріп, дыбыстарды ести бастайды.

Бұлардан бөлек прокатқа ресейлік «Зоя» әскери драмасы (диверсант Зоя Космодемьянская туралы) мен канадалық «Говард и Подводное королевство» мультфильмі шықты.

Бөлісу
  • 2
  •  
  •  
  •  
  • 2
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған