18 ақпан премьералары: Шәріповтың 18 килогерці, брутал Мадс Миккельсен, Джоди Фостер мен Бенедикт Камбербэтчтің ұрысы

Бұл уикенд қызық жобаларға толы: Фархат Шәріповтың жаңа режиссерлік жұмысы, Гуантанамо түрмесінде күнделік жүргізген айыпталушының өмірі туралы драма, Мадс Миккельсен ойнаған дат комедиясы, Розамунд Пайк түскен алаяқ әйелдің хикаясы бар.

18 килогерц [16+]

Қазақстан режиссері Фархат Шәріповтың жаңа жұмысы – 90 жылдар соңындағы қала жасөспірімдерінің көшедегі өмірін суреттейді. Фильмге Зара Есенаманның «Хардкор» хикаяты арқау болған.

Картина фестивалдерге де қатысып, жүлде алып үлгерді. 36 Варшава халықаралық кинофестивалінің Гран-приін, Котбустегі (Германия) 30 халықаралық кинфестивалдің Youth Film Competition конкурстық бағдарламасында үздік шықты.

Мавритандық / Мавританец / The Mauritanian [18+]

Джоди Фостер, Бенедикт Камбербэтч, Шейлин Вудли секілді Голливуд жұлдыздарының қатысуымен түсірілген британ триллері. Сюжеті өмірден алынған картинада Гуантанамо түрмесіне қамалған Мохаммед Ульд Слахи деген азамат туралы. Ол теракт жасады деген күдікке ілінеді, алайда ресми айып тағылмайды, сотта өзін қорғауға мүмкіндік те берілмейді. Осылайша абақтыда 6 жылын өткізеді. Осыдан кейін ғана адвокат жалдау құқығына ие болады.

Әділдік серілері / Рыцари справедливости / Retfærdighedens ryttere [18+]

Данияда түсірілген комедия әділдік іздеген жігіттердің оқиғасын баяндайды. Маркус деген кейіпкердің әйелі теміржол апатынан қайтыс болады. Былайша айтқанда қайғылы болса да кездейсоқ оқиға. Ал бұл жоспарланған қылмыс болса ше? Әскери қызметкер, ессіз математик және екі гик бірігіп осы істі тергемек болады. Фильмде басты рөлдердің бірін Мадс Миккельсен ойнайды.

Бәрі сенің қамың үшін / Аферистка / I Care a Lot [18+]

Розамунд Пайк пен Питер Динклэйдж түскен қылмыстық комедия Марла деген алаяқ әйел туралы. Ол қамқорлық танытқан болып өзгелерді пайдаланып кетудің шебері. Бай клиенттерін әп-сәтте тақырға отырғыза салады. Алайда жаңа танысы ол ойлағандай оңай шағыла қоймайды. Алаяқтың өмірі күрделене түседі.

Бұлттар арасындағы көлеңке / Воздушный бой / Shadow in the Cloud [16+]

Фантастикалық боевиктің сюжеті Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өрбиді. «Ұшатын қамал» бомбалаушы ұшағы құпия жүкті алып жүреді. Команданы жас қыз Мод Гарднер басқарады. Бұл жағдай сарбаздарға ұнай қоймайды. Әуеге көтерілгеннен кейін экипаж жапон жойғыштарымен шайқасуға мәжбүр болады. Оның үстіне әлдебір зұлым тіршілік иесі күтпеген жерден шабуылдайды. Капитан Мод команданы өзіне сендіре алатындай әрекетке баруы керек, сондай-ақ жауларымен шайқаса отырып жүкті тиісті жеріне жеткізуі тиіс. Фильмде басты рөлде Хлоя Грейс Морец ойнайды.

Прокатқа, сонымен қатар, ресейлік «Спасите Колю!» комедиясы мен «Пингвинёнок Пороро. Мир динозавров» мультфильмі жол тартты.

Бөлісу
  •  
  •  
  •  
  •  
  • 1
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған