2021 жылғы ақпанның сериалдары: 2 бөлік

Netflix аман болсын дейміз тағы. Кіші экранның контент тапшылығын стриминг сервистер толтырып тұр. Ақпанның екінші жартысында нашақор жасөспірімдерге арналған неміс драмасы, Супермен мен Лоистың отбасылық өміріне арналған кинокомикс, басқа да бірнеше қызық жоба шығады.

Біз Зообақ балаларымыз / Мы дети станции Зоо / 

«Біз Зообақ станциясының балаларымыз» – 1978 жылы жарияланған өмірбаян кітаптың кезекті интерпретациясы. Кітапта Кристина деген қыздың мысалымен Берлиннің нашақор жасөспірімдерінің өмірі суреттеледі. Қыз 14 жасында героинға тәуелді болып үлгереді, доза үшін өзін сатады. Кітаптың және сериалдың атауы Берлиндегі «Зообақ» вокзалына сілтейді. Бұл жер 1970-1980 жылдары нашақорлардың бас қосатын орны болды.

Басты кейіпкерлер Кристина, Стелла, Басби, Бенно, Аксель және Мичи – түрлі отбасыдан шыққан алты дос. Бос уақытын олар есірткі мен музыкаға арнайды. Олар өзін іздейді, түрлі нәрселерді басынан өткізіп тексереді. Уақыт өте келе олардың тәуелділігі күшейіп, ал жасаған қылықтары қауіпті бола түседі.

Премьерасы: 19 ақпан.

Еуропа тайпалары / Племена Европы / Tribes Of Europa

Netflix ұсынған фантастикалық драманың оқиғасы 2074 жылы өрбиді. Жаһандық апаттан кейін Еуропа антиутопиялық тайпалық микромемлекеттерге бөлініп кетеді, олар өзара қырқысып, үстемдікке қол жеткізуге тырысады. Ағалы-інілі екеу мен олардың қарындасы сиқырлы кубты тауып алғаннан кейін Еуропа тағдырын шешетін қанды қырғынға ұрынады.

Премьерасы: 19 ақпан.

Супермен және Лоис / Супермен и Лоис / Superman and Lois

The CW телеарнасының DC қаһармандарына арналған киноғаламының жаңа жобасы. Супермен рөлінде тағы да Тайлер Хэклин, актер осы кейіпкерді осыған дейін «Супергерл», «Жебе», «Флеш» сериалдарында ойнады.

Сюжетте Кларк Кент зұлымдармен күресін аяқтап, жары Лоис Лейнмен кәдімгі отбасылық өмірді көрмек болады. Балалы болған соң ата-ананың тірлігі де оңай емес екенін түсінеді. Бұл да зұлымдармен күрес секілді күшті қажет етеді екен.

Лоис Лейн рөлінде Битси Таллокты көреміз, актриса The CW арнасының DC қаһармандарына арналған сериалдарының барлығына дерлік түсті.

Премьерасы: 23 ақпан.

Джинни мен Джорджия / Джинни и Джорджия / Ginny & Georgia

Netflix драмасы 30 жастағы Джорджия деген әйел туралы. Ол өмірін жаңадан бастамақ болып екі баласымен бірге басқа қалаға көшіп келеді. 15 жасар Джинни өтпелі жастың қиындығын көріп жатыр. Жаңа жерге үйренісіп, достар табу қиын болады. Бәрінен бұрын анасымен тіл табысу үлкен сынаққа айналады: анасы өткен өмірі туралы мүлдем айтпайды, кез келген проблеманы көзге ілмейді.

Премьерасы: 24 ақпан.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

20 ақпан:
– Күллі адамзат үшін / Ради всего человечества / For All Mankind; фантастика (АҚШ): 2 маусым

22 ақпан:
– Ұмытылмаған / Незабытый / Unforgotten; драма, қылмыстық, детектив, мистика (Ұлыбритания): 4 маусым

25 ақпан:
– Қалың қар / Снегопад / Snowfall; драма (АҚШ): 4 маусым

Бөлісу
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған