Сатыбалды Нарымбетовтың фильмдерін қайдан көруге болады

Қазақ киносының мэтрі, белгілі режиссер, сценарийші, жазушы Сатыбалды Нарымбетов дүниеден озды. Оның он шақты режиссерлік жұмысы бар, сценарийші ретінде де қазақ киносына еңбегі сіңді.

Біз қайраткердің артында мұра болып қалған кинокартиналардың интернетте көруге қолжетімдісін осы жерге жинап, топтама ретінде ұсынамыз.

Күзгі бұралаң жол / Осенние извилистые дороги (1983)

Сатыбалды Нарымбетов Г.Н. Данелия атындағы сценарийшілер мен режиссерлердің жоғарғы курсын тәмамдап, соған диплом жұмысы ретінде түсірген қысқаметраж жұмысы. Картинаға Сайын Мұратбековтың аттас әңгімесі арқау болған. Басты рөлдерде Құдайберген Сұлтанбаев пен Тұңғышбай Жаманқұлов.

Ауылдан келген күйеу бала / Зять из провинции (1987)

Комедия мафияға қарсы күрескен жас жігіт туралы баяндалады.

Созақтан шыққан Гамлет / Гамлет из Сузака, или Мамайя Кэро (1990)

Бұл драманы режиссер жоғалған ұрпақ туралы дейді. Оның кейіпкері тоқырау заманының өкілі, оның тағдыры тұтас ұрпақтың бет-бейнесі деуге болады.

Фильмді Megogo онлайн-кинотеатрынан тегін көруге болады.

Көзімнің қарасы / Жизнеописание юного аккордеониста (1994)

Сюжет желісі қарапайым кеншілер кентінде өрбиді. Мұнда аккордеонда ойнай алатын баланың өмірі суреттеледі. Оның әкесі жапондық әскери тұтқындарды үйіне қонаққа шақырғаны үшін 2 жылға түрмеге қамалады.

Фильм халықаралық дәрежеде біраз жетістікке жетті. Атап айтқанда: «Киношок» кинофестивалінде «Адамгершілік және мейірімділік үшін» сыйлығы, Францияның Анже қаласындағы халықаралық кинофестивалде қазылар дипломы, Латвиядағы «Арсенал» ХКФ Гран-при жүлдесі, Француз киноөнер академиясының сыйлығы, ҚР Мемлекеттік сыйлығы.

Омпа (1998)

Ескілеу ұшақ сатып алып, тасымалмен айналысатын екі достың хикаясы. Дәуір – Саратов қазағы, ал Александр – Қостанай орысы. Екі ұшқыштың өмірі қызыққа толы, басты кейіпкерлер де ешқашан мойымайтын жандар.

Басты рөлдерде Досхан Жолжақсынов пен Александр Панкратов-Черный ойнайды.

Қыз жылаған / Молитва Лейлы / Ләйләнің зары (2002)

Роза Мұқанованың “Мәңгілік бала бейне” шығармасының желісімен түсірілген драма Семей полигонының қасіреті көрсетіледі. Фильмді Megogo онлайн-кинотеатрынан тегін көруге болады.

Дала экспресі / Степной экспресс (2005)

Пушкиннің «Станционный смотритель» повесі бойынша түсірілген картинада сюжет біздің заманға ауыстырылған, ал оқиғасы қазақ даласында және Францияда өтеді.

Фильмді Megogo онлайн-кинотеатрынан тегін көруге болады.

Мұстафа Шоқай (2008)

Байопик ХХ ғасырдың алғашқы тоқсанында саяси қызмет атқарған Мұстафа Шоқайдың өмірін суреттейді. Фильмде елінің азаттығын аңсаған азаматтың саяси жолы, Түркістан, Кавказ, Түркия, Франция елдеріндегі эмигранттық тағдыры, айдауға түскен кезде көрген қиыншылықтары көрініс табады. Тарихи тұлғаны Азиз Бейшеналиев ойнайды.

Бұл фильмді де Megogo платформасынан көрсеңіз болады. Ақы алынбайды.

Сонымен қатар Сатыбалды Нарымбетов белгілі режиссер Қанымбек Қасымбековтың «Шоқ пен Шер» картинасының сценариін жазды. 1972 жылғы картинаны да Youtube видеохостингінен көруге болады.

Бөлісу
  •  
  •  
  •  
  •  
  • 2
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған