Ресейдің кинопрокат компаниялары Youtube желісіне бірнеше ай/жыл бұрын прокатта болған кинокартиналарды жиі жариялап тұрады. Ал біз әр апта сайын үздіктерін топтастырып, сіздің назарыңызға ұсынып отыратын боламыз.

Ескерту: Фильмдер орысша дубляжбен немесе орысша дыбысталып шығарылады.

Неон демон / Неоновый демон / The Neon Demon

«Драйв» режиссері Николас Виндинг Рефнның тағы бір арт-хаус туындысы. Психологиялық триллер жанрындағы картина 69 Канн кинофестивалінде алғаш көрсетілді.

Талантты актриса Эль Фэннинг орындауындағы Джесси есімді қыз модель болуды армандап, мектеп бітіре салысымен Лос-Анджелеске аттанады. Біртіндеп арманына да қол жеткізе бастағандай еді. Бірақ бәсекелесі қызғаныштан жолындағының бәрін құртуға дайын болып шығады.

Киелі бұғыны өлтіру / Убийство священного оленя / The Killing of a Sacred Deer

«Лобстер», «Фаворит» секілді танымал картиналарды түсірген Йоргос Лантимостың 2017 жылғы туындысы. Фильм Канн кинофестивалінде үздік сценарий үшін жүлде алды. Бұдан басқа да ірілі-ұсақты кинофестивалдерге қатысып, марапатталған. Актерлік құрамда Колин Фаррелл мен Николь Кидман бар.

Сюжеті Стивен Мерфи есімді кардиохирург туралы баяндайды. Ол қайтыс болған бір пациентінің ұлы — 16 жасар Мартинмен танысады. Стивен оған сыйлық беріп, отбасымен таныстырады. Бірақ бұл ісіне көп кешікпей өкінеді. Мартин оның соңынан қалмай, үнемі кездесуге сұранып тұрады. Бір күні дәрігердің ұлы жүре алмай қалады. Бұның себебін Мартин айтады: кардиологтың қолынан қаза тапқан әкесі үшін осындай әрекетке барған. Стивен отбасы мүшелерінің бірін құрбан қылуы керек, әйтпесе бәрі өледі.

Менікі / Она / Her

Спайк Джонстың («Джон Малкович болу») 2013 жылғы режиссерлік жұмысы. Басты рөлде Хоакин Феникс. Сценарий үшін «Оскар» алып, АҚШ киносыншыларының ұлттық кеңесі 2013 жылдың үздік фильмі деп атаған фантастикалық мелодрама.

Басты кейіпкер Теодор — жалғыз басты жазушы, қолданушының тілегін орындауға қабілетті операциялық жүйе сатып алады. Бір қызығы, Теодор мен операциялық жүйе арасында сезім пайда болады.

Бөлісу
  • 2
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Leave a Comment

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *