Жамбыл туралы кинофильмнің түсірілімі басталды

Алматыда «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінің түсірілімі басталды. Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен шығады. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы хабарлайды.

Фильм ақын, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орайластырылған. Түсірілім тобын режиссер Жандос Құсайынов басқарады. Ол осыған дейін «Әли» және «Шабдалы» көркем фильмдерін, сондай-ақ «Жақсы адам», «Көке» сериалдарын түсірген.

Сюжетте ақынның кеңестік идеологияға қарсы шығуы сөз болады. Фильмде Жамбылдың өміріне әсер еткен айтулы оқиғалар қамтылады: ақындар слеті, ақын өлеңдерінің газет-журналдарда  жариялануы, Иосиф Гильманның Мәскеуден келуі, Жабаевтың Ораз Жандосовпен, Бауыржан Момышұлымен және дәуірдің басқа да көрнекті қайраткерлерімен кездесуі көрсетіледі.

Басты рөлде Қазақстанның Халық әртісі Досжан Жанботаев ойнайды. Сондай-ақ түсірілімге ҚР Халық әртісі Досхан Жолжақсынов, ҚР еңбек сіңірген әртістері Ерік Жолжақсынов пен Бекболат Тілеухан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеулов, актерлер Асан Мәжит, Қажымұқан Қалымбет және Ержан Нұрымбет қатысады.

Негізгі локациялар – Алматы және Алматы облысы. Қоюшы операторы – Еркінбек Птыралиев («Бой Атбая», «Желтая кошка»). Биылғы түсірілім 32 ауысымға созылады. Фильмнің негізгі және ауқымды көріністері келесі жылы түсіріледі.

Картинаны түсірумен «Мәдениет және шығармашылық бастамаларды қолдау» Қоғамдық Қоры айналысуда. Авторлар аты аңызға айналған Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы бірегей фильм қазақстандықтарға ғана емес, шетелдік көрермендерге де қызықты болады деген үмітте.

Естеріңізге сала кетейік, бұл Жамбыл туралы алғашқы көркем фильм емес. 1952 жылы режиссер Ефим Дзиган «Қазақфильм» студиясында басты рөлді Шәкен Кенжетайұлы Айманов сомдаған «Жамбыл» картинасын түсірген.  1996 жылы «Қазақфильм» киностудиясы «Жамбылдың жастық шағы» фильмін ұсынды. Қанымбек (Кано) Қасымбеков түсірген картинада басты кейіпкерді Мұхамеджан Тазабеков сомдады.

Бөлісу
  • 1
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған