Морбиус деген кім және неге біз бұл фильмді күтуіміз керек

Sony студиясы «Морбиус»Morbius») кинокомиксінің алғашқы трейлерін жариялады. Marvel комиксін негізге алған фильмнің басты кейіпкеріне және жалпы осы фильмнің әлеміне қатысты қызық фактілер бар. 

Комикс бойынша доктор Майкл Морбиус – кемеңгер ғалым, химиядан Нобель сыйлығының иегері. Ол сирек кездесетін қан дертіне шалдыққан. Сырқатын жазу үшін эксперимент түріндегі емге келісім береді. Процедура жарқанат-вампирлерді және электршок терапиясын қолдануды қажет етеді. Осы сынақтың салдарынан Майклдың терісі бозарып, тісі үшкірленеді. Сөйтіп ол вампирге айналады.

Морбиусты жағымды кейіпкер деп те, зұлым деп те айту қиын. Бір комикс шығарылымдарында ол Өрмекші-адаммен кескілескен шайқасқа түссе, басқа парақ беттерінде тек зұлымдардың қанын ішетін вампир болады.

Ол сырқатынан айығу себебімен сынаққа қатысқаннан кейін біраз ерекше қабілетке ие болды. Морбиус өте күшті, жылдам, рефлексі жақсы, епті және сезу мүшелері жақсы жұмыс істейді. Оның тәні регенерацияға бейім, сол себепті алған жарақатынан, тиген оқтан, кесілуден тез жазылады. Сондай-ақ дәстүрлі вампирлер секілді адамдарды гипноздай алады, левитация жасай алады.

2020 жылы шілденің соңында шығатын «Морбиус» фильмінде бұл кейіпкерді Джаред Лето ойнайды. Бұл «Оскарлы» музыкантты біз басқа кинокомикстен білеміз: ол DC-дің «Суицидшілер жасағы» фильмінде әйгілі зұлым – Джокер образымен көрінген еді. Сол себепті бұл актерді бәсекелес деуге болатын басқа киноғаламнан көрудің өзі қызық жағдай.

«Морбиус» – Sony-дің Marvel қаһармандарына негізделген киноғаламына кіреді. Яғни осыған дейін шыққан «Веном» фильмімен байланысы бар. Десек те бұл жалғыз байланыс емес. Трейлердегі кадрлардан белгілі болғандай бұл фильмнің Marvel-дің негізгі киноғаламына да қатысы бар. Роликте «Өрмекші адам: Үйге оралу» фильмінде зұлым кейіпкер Құзғынды ойнаған Майкл Китонды көруге болады. Демек бұл актер өз рөліне қайта оралады деген сөз. Еске сала кетейік Өрмекші-адамды Sony де, Marvel де пайдалана алады. Екі киноғаламның интеграциясын трейлердегі тағы бір кадр растай түсетін секілді:

Бұндай фактілер мен сілтемелер көрерменнің осы жобаға қызығушылығын арттыра түсуі тиіс. Сіз де трейлерді шолып көріңіз, мүмкін басқа да детальдар анықтарсыз:

Бөлісу
  • 7
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған