«Маяк» фильмінен кадр

Прокатқа жылдың ең ерекше фильмдерінің бірі – Роберт Эггерстің балағат пен уытты еркек рухынан құралған, иронияға толы «Маягы» шығады. Маскулиндікті анайы сюрмен быт-шыт қылу үшін Эггерске ақ-қара картина мен екі-ақ актер жеткілікті: маяктың әккі бақылаушысы рөліндегі Уиллем Дефо мен оның жас маусымдық көмекшісі рөліндегі Роберт Паттинсон. «Лента.ру» сайтының Паттинсонмен жүргізген – шағаланы өлтіретін даулы көрінісі, актерлік секемшілдігі және оның болашақ Бэтмен рөлі туралы сұхбатын аударып беріп отырмыз.

Режиссер Роберт Эггерстің айтуынша, сіз Уиллем Дефо екеуіңіз «Мыстан» фильмін көргеннен кейін оған бірге жұмыс істеу ұсынысымен келіпсіз. Бұл фильм несімен әсер етті?

«Мыстан» өзіндік кинотілі бар, ойламаған жерден ерекше фильм болып шықты. Киноны былай қойғанда, Роберттің өзі кейіпкерлерді мейілінше қарабайыр, бірақ сырлы диалогпен сөйлету үшін диалектінің ұзақ үйренгені көрініп тұрды. Сосын кино өте қорқынышты және өзінше көңіл көтере де алады… Оны қарау қиын емес, ол ауыр да, күрделі де емес. Маған «Маяктың» сценариінде де ұқсас элементтер бар секілді көрінді, соның ішінде тығыз, екшеленген әрі күлкілі диалогтар. Бұған қоса сюрреалистік образдар, грек мифологиясының элементтері, неміс экспрессионизмінің тәсілдері – бұның бәрі сондай қойыртпақ бола тұра тұтас полотно болып құралған, бөлшектерге ыдырамайды. Бұлардың бәрі біртүрлі және үйреншікті болмаса да іске асып отыр.

Роберт диалектісін бұл жерде де ұмытпапты: сіздер кадрда бір қызық сөздермен сөйлейсіздер.

Ол маған телефон ұстатты да, Жаңа Англия жағалауындағы Нантакет аралының лобстер аулаушысымен сөйлестірді. Біз онымен емін-еркін сөйлестік, маған оның дауысы мен сөйлеу мәнері ұнап қалды. Кейіпкерді жасауда дәл осы элементтен бастау дұрыс идея болып көрінді, себебі қалғаны кейін құралады. Өзіңе тән емес акцентпен сөйлеуге тырысқан кезде аузың кішкене біртүрлі формаға ие болады, бет қимылы ғана емес, қол сермеуің мен жүрісің де өзгереді. Сондықтан мен акценттен бастадым, ал әрі қарай мені тоқтату мүмкін емес. Әдетте мен солай істеймін: жоспармен жүрудің орнына, түйсікке ырық беріп, менің дауысым мен тәнім қайда әкелетінін байқап көремін.

Бұл қауіпті емес пе? Оның қайда әкелерін кім білген!

Соңғы бірнеше жылда өзіме деген сенімсіздігім маза бермейді. Сондықтан әрбір рөл – сынақ. Сол себепті барымды салып, өте-өте жақсы ойнауым керек деп қайраумен боламын. Алайда мықты болуды өзіңе бұйыруға болмайды, міне, мен – мықтымын деп шешіп, бірден солай болып кете алмайсың. Бірақ осының бәрінен ләззат алу үшін не істеу керектігін ұғуға болады. Өз жұмысың қызық болатындай және кино әлемі қызық болатындай қылуға болады. Әйтпесе бір нәрсені жасау процесі қалай ләззат әкелетіні түсініксіз болады, ал мен актерлік жұмысты бір нәрсе жасау деп есептеймін.

«Маяк» фильмінен кадр

Сіздер киноны өте қатаң жағдайда түсірдіңіз. Сізге таза павильонның орнына локацияда болу маңызды болды ма?

Иә, біз канадалық Жаңа Шотландия провинциясында түсірдік, ол жақта жан-жағынан жел ұрып тұратын мүйістен орын таптық. Жалпы Жаңа Шотландияда ауа-райы құбылмалы – бір сағат ішінде барлық маусымның өзгерісін байқауға болады. Қазір қар жауып тұрса, 10 секундтан кейін күн шақырайып кетеді. Бұндай натурада дұрыс жарық қою өте қиын. Сол себепті ұзақ күтуге, суықта, жаңбыр астында тұруға тура келді. Бірақ бұл ісіміз ақталды. Артыңда осындай натура тұрғанда, тамағың жыртылғанша ойнау оңайырақ. Менің қалағаным да осы еді. Бетіңе біреу бақырып тұрса, бос бөлмеде тұрып жасанды айқайлағанша, оған дәл солай жауап берген әлдеқайда оңай. Бұл жерде малмандай су да боласың, тоңасың, жүрісің қиындап, үсті-басың кір-қожалақ та болады… Осындай жағдайда еркінсу, эмоцияға ерік беру жеңіл.

Рөлмен жұмыс кезінде табиғат жағдайынан басқа тағы қандай қиындықтарға ұрындыңыздар?

Кейде сценарийдің жақсы болып шыққаны сонша, фильм спектаклге ұқсап кетпей ме деп уайымдайсың. Соңына қарай менің монологтарымның бірінде менің кейіпкерім жүйкесі әбден сыр береді, бірақ сценарийде ол мейілінше жұмсақ сөйлейді. Сол себепті, қолыңда мінсіз сценарий болғанда, оның мінсіздігін сәл төмендету қажет. Репликаларды шынайы және орынды қылу керек. Бұлай жасау оңай емес. Бұл жерде де ахуал көмектесті – үстің үнемі лас, үнемі комфорт аймағыңнан тысқарыдасың. Ол жақта сценарийдің театрланғанын әлсіреткен сәттер жеткілікті болып, оны сахнадан жерге қайтарып отырды.

Десек те Роберт сіздерді көп репетиция жасауға мәжбүрлепті. Сізге бұл әрекет ұнамағаны рас па?

Негізі, міне, дәл сол сәт келді, енді қателессем – бәрі бітті деп ойлаған кездегі қаныңды адреналин буырқандыратын сәт ұнайды. Бірақ репетицияда бәрі аздап… артықтау. Уақыт жоғалтып жатқандай болам. Маған осыны айтқан, диалогтарды үнемі жүгіртіп алған ұнайды. Режиссермен өз рөліңді тым ұзақ талқылағанды қаламаймын. Яғни аздап сөйлесіп алдық – сол жетеді. Не істеу керектігіңді көп ойлаған кезде – бұл түйсікті тұншықтырады, ал мен түйсікке қатты сенемін. Сол себепті мен ешқашан театрда ойнамаймын. Мен ол жақта оғаш қылықтарыммен алжып кетер едім.

Мен, тіпті, бір жерден сіз режиссердің бетін тегістеп жібермек болдыңыз деп оқыдым.

(Күледі.) Әзілдеген едім. Роберт бұны естіп: «Сен шынымен мені ұрғың келді ме?» – дейді. Ал мен: «Жооқ, ол не дегенің!». Сіздерге, журналистерге, ештеңе айтуға болмайды, тіпті әзілдеуге де!

«Маяк» фильмінен кадр

Бірақ ол сонда да талапшыл болды ма?

Солай болды, мен кейде қатты кейіп жүрдім! Бірақ мен ешкімді ұруды ойлаған емеспін. Кейде мен не болып жатқанын түсінбей, көз алдымда не болып жатқанын көрмеген кездер болды. Фильмде жаңбыр менің бетіме ұрғылап тұратын бір көрініс бар. Камераларға жаңбырдың жазылуы қиын, жауып тұрған кезде де кадрға ілігу үшін ол аздық етті, оның үстіне контрастылық жоғары. Жаңбыр менің бетімді қалай осып жатқанын ірі планмен түсіру үшін бізге өрт сөндіру шлангын әкелді. Бұны камераға іліктірудің жалғы тәсілі – ағынды менің бетіме тура бағыттау болды. Әр дубль сайын! Ағынның күшті болғаны сонша, брандспойттен көзіме, мұрныма, аузыма атқылап тұрды. Мен: «Бұның шынайы көрінетінін қайдан білесіңдер?!» – деп айқайладым. Жаңбырдың бетіңе тура ағынмен атқылағанын кім көрген? Ақырында көз көгерді. Мен ашуландым, бірақ әзілдеп қана. Көз көгерсе – көгерсін, бәрібір бәрі қызық өтті.

Фильмдегі ең қатыгез көріністердің бірі – сіздің кейіпкердің шағаланы аяусыз өлтіруі. Түсірілім кезінде бірде-бір шағала зардап шеккен жоқ қой?

Мен түсірілім кезінде нағыз шағаланы жақыннан да көрмеппін. Аспанда айналып ұшып жүрген шағалалардың бәрі – компьютерде жасалуы тиіс еді. Бірақ түсірілімнің бірінші күні бізді тамашалауға ұшып келді. Әдетте бұл мүйісте адам көп емес, ал енді бірден түсірілім тобы жиналды. Оның үстіне өзімен бірге тамақ алып келді. Олар біздің тамақ қойылған үстелдерімізді айналып ұшып жүрді, бұл Хичкоктың фильмінен көрініс секілді болды. Жүздеген шағала, қай жақтан екені белгісіз, келіп жатыр-келіп жатыр. Біз бұл мүмкіндікті пайдаға асыру үшін күн сайын территорияға шіріген балық шаштық, ал шағалалар үстімізде үнемі айналып ұшып жүрді.

Соңғы кезде сіз «комфорт аймағы» аталып кеткен шеңберге кірмейтін фильмдерді жиі таңдайсыз. Сіз мейнстрим киноға оп-оңай түсіп, танымалдықты сақтап қалар едіңіз. Сіз неге осындай біркелкі емес және күрделі рөлдерді таңдайсыз?

Шынымды айтсам мейнстрим актер дегенді түсіне бермеймін. Сәтті, ұзақ карьера құра алған актерлер – ең күрделі және түсініксіз рөлдерді қуана таңдағандар. Бірақ, менің ойымша, белгілі бір аудиторияның артынан еруге тырысу – қауіпті сияқты. Мен әрбір жаңа рөлім соңғысы болады деген сенімдемін. Сол себепті мен былай ойлаймын: осы рөл соңғысы екен, демек, бұл шынымен ойнауға тұрарлық рөл болсын. Мен ешқашан «егер мен бұл фильмге түссем, адамдар мені көруге келеді, сосын маған тағы сондай ірі рөл ұсынады» деген секілді жоспар құрмаймын. Маған жеке өзім үшін тартымды және жақсы болып көрінген нәрсені ғана істеген қызық. Мен карьерама немесе жалпы индустрияға қатысты емес, дәл қазіргі сәтті айтып отырмын.

Қазіргі кезде сізге Бэтменді ойнау қызық болғаны ғой.

Иә, бұл кейіпкердің бай мұрасы бар, кеңінен көсілуге болады. Сіз түсінген де шығарсыз, мен бәрін өз түйсігіме сүйеніп жасаймын. Осы рөл туралы үш-төрт жыл бұрын ойлай бастағаным есімде, сол кезде жақсы сезім пайда болды. Ол кезде мені осы образда ешкім елестететіп те көрмеген еді. Бір қызығы бұл менікі екенін білдім. Бұл кейіпкердің тарихы тереңде жатыр, бұндайды мен бұрын ойнамағанмын, бұның бәрі мен үшін жаңа және қызық. Бэтменнің пайда болғанына 80 жылдай болған. Әрине менде әдебиет кейіпкерлеріне негізделген, өз мұрасы мен фанаттар базасы бар рөлдер болды. Бірақ олардың ешқайсысы маған дейін экранда көрініс таппаған. Ал енді Бэтменді талай мықты актерлер ойнаған. Адамдар сүйікті Джеймс Бондтан гөрі, сүйікті Бэтменді көбірек таңдайтын шығар. Бұның бәрі мені толқытады әрі қорқытады, ал жұмыс жағына келсек, мен – адреналин джанкиімін. Маған қан айналып тұрғаны керек, сол кезде ешқашан іш пыспайды. Ал менің ішім пыспаса, онда көрерменнің көңілін көтеру үшін бәріне барамын.

Бөлісу
  • 8
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған