Киностан қалай пайда болды

Сайттың тарихына арнап бірнеше пост жазу керек деп шештім. Мүмкін біреуге қызық шығар.

Сайттың идеясы 2011 жылы BlogCamp – қазақ блогшыларының алғашқы құрылтайы кезінде келді. Дәлірегі – сол шараға дайындалып жүрген кезде. Ол кезде wordpress желісінде блог ашу қазақ блогшылары арасында тренд болатын. Димаш Зиядин сол жүйеден блог ашып, көрген фильмдеріне рецензия жазып жүр екен. Ал менде сол кезде Қазақстан киносына арналған әуесқой сайтым болды – ucoz сервисінде жасалған. Қайбір дені дұрыс сайт дейсің, базардан отандық фильмдер жазылған дискілер сатып алып, сондағы видеоконтентті салып қоятынмын. Ол кезде қарақшылық, авторлық құқық деген түсінік арымды мазаламайтын.

Димаш екеуміз блог-құрылтайға дайындалып жүрген кезде таныстық. Бір күні кино туралы жазып жүрген посттарымызды талқылап отырып, екеуміз бір сайт құрсақ қалай деген идея келе қалды. Оның үстіне алда болатын BlogCamp кезінде стартаптар конкурсы өтетін еді. Жеңімпазға жобаны дамытуға аздап қаржылай көмек берілмек. Болашақ сайтымызды сол конкурсқа ұсынамыз деп шештік.

BlogCamp дайындығы. Димашпен осы күні таныстық 🙂 Фото: newreporter.org

Киностан жобасы туралы алғашқы презентация BlogCamp-2011 аясындағы сайттар байқауында көрсетілді. Өкінішке қарай конкурстан ештеңе ұтпадық. Домен, хостинг секілді шығындарды осы байқаудан ұтқан тиын есебінен жабамыз деп үміттеніп едік. Енді өз қалтамыздан шығарамыз деп шештік.

BlogCamp наурыз айында өтті. Ал біз сайтты әне жасатамыз, міне жасатамыз деп жүріп жазға дейін созып алдық. Айтпақшы сайтты «Киностан» деп атауды ұсынған – қазақ блогосферасындағы, жалпы қазақша интернет әлеміндегі белгілі тұлға Аршат Оразов.

Ал келесі постта сайтты кім жасағанын айтып беремін. Ол адамды қазір бәрі таниды 😉

Бөлісу
  • 24
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған