«Қап-қара адам» прокатқа шығады: қазақ даласындағы нуар-триллер

2020 жылдың 6 ақпанында режиссер Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» / «Черный-черный человек» картинасы Қазақстан прокатына шығады.

Фильм «Short Brothers» және «Arizona Productions» компанияларының қатысуымен түсірілген драма ауылда өлтірілген баланың оқиғасын баяндайды. Тергеуші Бекзат (Данияр Алшынов) істі тез арада жапқысы келеді, себебі кінәліні – зиянсыз ақымақ Пукуарды (Теоман Хос) – жергілікті полицейлер тауып қойған. Тек қаладан келген журналист Ариана (Динара Бақтыбаева) іске араласқанда ғана, іс орнынан қозғалады. Енді тергеушіге осы істі өмірінде бірінші рет барлық ережеге сай жүргізуге тура келеді…

Картинаның әлемдік тұсаукесері 2019 жылы 23 қыркүйекте Испанияда өтті. Картина Сан-Себастьяндағы 67-ші Халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілді.

Осы көрсетілімнен кейін бірден әлемдік баспасөз басылымдарында фильм туралы жағымды пікірлер пайда бола бастады:

картинаны шет елдік сыншылар «әдемі, ирониялық, талғампаз», «қызықты авторлық триллер» деп атады және оның «қатал сұлулығын» атап өтті. Әлемдегі кино туралы жазатын ең беделді басылымдардың бірі, Variety, фильмге мақтаулы рецензия жариялап, оны «керемет, ымырасыз нуар», «ғажайып криминалдық драма» және «ырғақты, қызықты триллер» деп атады.

Өткен жылдың қараша айында Австралияның Брисбэн қаласында өткен «Asia Pacific Screen Awards-2019» сыйлығын табыстау салтанатында режиссер Әділхан Ержанов «Қап-қара адам» фильмі үшін «Үздік режиссер» номинациясында жеңімпаз атанды. Осылайша, Ержанов осы номинацияға ие болған алғашқы қазақстандық режиссер болып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы «Қап-қара адам» Almaty Film  Festival аясында питчинг жобаларының жеңімпазы атанған болатын.

Сценарий авторлары Әділхан Ержанов және нидерландтық Ролоф Ян Миннебоо. Халықаралық ілгерілету продюсері – Ольга Хлащева, атқарушы продюсер – Серік Әбішев, екеуі де режиссердің барлық фильмдерінде жұмыс істеген. Фильмнің операторы ресейлік Айдар Шәріпов, Ержановпен бұрын «Әлемнің ерке енжарлығы» фильмінде жұмыс атқарған. Қоюшы суретші Ермек Өтегенов, режиссердің тағы бір тұрақты серіктесі. Фильмнің әуенін атақты музыкант Ғалымжан Молданазар жазды.

«Бұл өзгеріп, адам болатын кейіпкер туралы фильм. Бұл классикалық оқиға, талай рет айтылған, бірақ ол әрқашан қызықты және ол мені толғандырады. Бұл анти-детектив. Бұл жерде ең бастысы адам өлтіру емес, бас кейіпкердің өзінің ішкі қақтығысын қалай шешетіні», – деді Әділхан Ержанов фильм туралы.

«Менің ойымша, бұл фильм – біздің ортақ үлкен жетістігіміз. Алаңдағы атмосфера тамаша болды, бұл режиссер Әділхан Ержановтың үлкен еңбегі. Алғашқы күннен бастап, ол маған менің кейіпкерім Бекзат қандай жолмен өтетіні туралы айтқан кезде, мен: «бұл маған арналған рөль, мен армандаған рөль» дедім», – деді басты рөлді сомдаушы Данияр Алшынов.

«Бұл Әділхан Ержанов түсірген менің сүйікті фильмдерімнің бірі. Өте атмосфералық, терең және салмақты, ол өз әлеміне алғашқы секундтан бастап тартып алады. Ариана рөлінің арқасында мен өзімнің жаңа қырларымды аштым, ал бұл мен үшін актриса ретінде баға жетпес тәжірибе. Мен осы жобаның бір бөлігі болғаныма бақыттымын және көрерменнің оны көретініне қуаныштымын!» – деді Динара Бактыбаева.

«Фильм бірден беделді халықаралық кинофестивальдардың үлкен қызығушылығын тудырды. Әлемдік премьерасы жер бетіндегі ең көне «А» класына жататын кинофестивальдердің бірі – Сан-Себастьяндағы негізгі конкурстық бағдарламасында болып өтті. Содан кейін «Қап-қара адам» Бусан (Оңтүстік Корея), Норвегия, Түркия және Керале (Үндістан) сияқты бірнеше басқа да салмақты фестивальдардың бағдарламаларына шақырылды. Қараша айында әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі «AsiaPacificScreenAwards» сыйлығын режиссурасы үшін алды. Сонымен бірге 2020 жылы бүкіл әлем бойынша алты ірі кинофестивальге қатысу жоспарланған», – деді өз сөзінде фильмнің халықаралық ілгерілету бойынша продюсері Ольга Хлащева.

Фильмнің дистрибьюторы Meloman Entertainment компаниясы, олар Әділхан Ержановтың «Әлемнің ерке енжарлығы» атты фильмін прокатқа шығарған болатын.

Бөлісу
  • 8
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған