Ақпанда шығатын жаңа және кезекті маусымын ұсынған сериалдарға шолу.

Тысқарыдан келген хабар / Отправления извне / Dispatches from Elsewhere

Америкалық драма төрт адамның оқиғасын көрсетеді. Олар бір-бірін танымайды, бірақ оларды байланыстыратын бір нәрсе бар – кейіпкерлер өмірінде бірдеңенің жетіспейтінін сезеді, алайда нақты не екенін түсінбейді. Бір күні олар күнделікті өмірдің артында қиын басқатырғы жасырылғанын біледі. Жұмбақтарды шешу арқылы кейіпкерлер біртіндеп сиқыр әлемі мен шектеусіз мүмкіндіктер әлемін ашады.

Жаңа сериал 2 ақпаннан бастап көрсетіле бастайды.

Орталық Бағдад / Центральный Багдад / Baghdad Central

Ұлыбританияда түсірілген әскери драманың оқиғасы 2003 жылы қазанда Бағдадта болған оқиға туралы. Америка әскері Иракқа басып кіргеннен кейін, осы елдің армиясы мен полициясы таратылған еді. Осыдан кейін орнаған хаос пен қылмыс арасында бұрынғы полицей Мухсин әл-Хафаджи өзінің және сырқат қызы Мроуждың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысады. Үлкен қызы Саусан із-түссіз кетіп, соны іздеуге шығады. Хафаджи көп кешікпей бұл жоғалудың артында қауіпке толы құпия жатқанын біледі.

Премьерасы 3 ақпанда.

МакМиллиондар / МакМиллионы / McMillions

Өткен ғасырдың соңында болған ірі алаяқтық туралы баяндайтын 6 бөлімді деректі сериал. 1989-2001 жылдар аралығында «Макдоналдс» фастфуд желісі 24 миллион доллардан айырылды. Бұған кінәлі – осы компанияның қауіпсіздік қызметін басқарған бұрынғы полицей. Ол жылдар бойы «Макдоналдстағы монополия» промоакциясының жүлделі стикерлерін ұрлап, сатумен айналысқан.

Сериалдың түсіріліміне «Макдоналдс» менеджерлері, адвокаттар, «жеңімпаздар», осы іске қатысы бар алаяқтар мен ФТБ агенттері қатысты.

3 ақпаннан бастап көрсетіледі.

Тергеу / Допрос / Interrogation

Қылмыстық драма шын оқиғаны тергейді және 30 жылдан астам уақытты қамтиды. Басты кейіпкер – өз анасын өлтірді деген айыппен сотталған жігіт. Ол 20 жыл бойы өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысты. Сериалдың әр эпизоды полиция есептері мен хаттамаларына сүйенген және осы іске қатысы бар адамдардан алынған жауап төңірегінде өрбиді. Әр серияда басты кейіпкердің өмірінің түрлі кезеңдері айтылады. Сериалдың бір ерекшелігі – соңғы эпизодтан басқаларын кез келген реттілікпен көре беруге болады.

Премьерасы: 7 ақпан

Тернистый путь / Briarpatch

Розарио Доусонның қатысуымен түсірілген детектив драма. Басты кейіпкер – Вашингтон штатында жұмыс істейтін талантты тергеуші Аллегра Дилл. Диллдің детектив болып істейтін сіңлісі өз автокөлігінде жарылып қайтыс болады. Басты кейіпкер өлтірушіні табу үшін туған жеріне қайтып келеді. Тергеу барысында Аллеграның өткен шағының құпиялары да мәлім болады.

Сериал 7 ақпанда шығады.

Кэти Кин / Katy Keene

Бұл музыкалық комедия «Арчи» баспасының комикстарына негізделіп, «Ривердейл» шоуының спин-оффы саналады.

Ривердейлден шыққан жас, талантты және амбициялы достардан құралған бір топ жас туралы. Олардың арасында жас модельер Кэти Кини мен әнші Джози МакКой бар. Олар өз арманын іске асыру үшін Нью-Йоркқа келеді. Олар бай, танымал тұлғаға айналып, Бродвейді бағындыруды армандайды. Осы мақсат үшін көп жұмыс істеуге, тәуекелге баруға дайын.

Локки мен кілт / Локки и ключ / Locke & Key

Үрейлі фэнтези Нина Локки есімді жесір туралы баяндайды. Үш баласымен ол Кілттер үйі деген иелікке келеді. Жаңа үйде отбасы бақытты өмірге оралып, қайғы мен қасіретті ұмытамыз деп үміттенеді. Бірақ иелікте басқа әлемге ашылатын порталдардың сиқырлы кілттері жасырылған болып шығады. Осы кілттерді құбыжықтар да іздеп жүр.

Сериал 8 ақпанда жарық көреді.

Сондай-ақ жаңа маусымын ұсынған сериалдар:

  • 3 ақпан: Шекспир мен Хэтэуэй / Шекспир и Хэтэуэй: Частные детективы / Shakespeare & Hathaway; Ұлыбритания; комедия, мистика; 3 маусым
  • 7 ақпан: Күнәһар / Грешница / The sinner; АҚШ; қылмыстық, триллер; 3 маусым
  • 7 ақпан: Бруклин 9-9 / Brooklyn Nine-Nine; АҚШ; комедия; 7 маусым
  • 10 ақпан: Әзіл / Шучу / Kidding; АҚШ; мелодрама, комедия; 2 маусым
  • 10 ақпан: Отан / Родина / Homeland; драма, детектив; 8 маусым

Жалғасы бар…

Бөлісу
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған