Сонымен Киностанның пайда болу тарихына арналған әңгімемді жалғастырайын.

Сайттың салтанатты түрде ашылуы. Фото: kerekinfo.kz

Kinostan 1.0

Сайтты жасау Садық Шерімбек деген жас сайт жасауға тапсырылды. Ол кісі қазір Michael Sherimbek деген есіммен белгілі интернет-тұлға, жазушы-саяхатшы 🙂

Процесіне қатысты дәл қазір бірнәрсе айту қиын – өйткені есімде қалмапты. Шамамен 2-3 аптадай жасалған шығар деп ойлаймын. Соңғы штрихтарын Тимирязев-Шашкин көшелерінің қиылысындағы «QWERTY» интернет-орталығында түнімен жасап, 2011 жылы 11 маусым күні таныстырдық. Сайттың алғашқы нұсқасы Joomla жүйесінде жасалды.

Сайттың ашылуы туралы пост Керекинфода әлі сақталыпты 🙂

Осы орайда дұрыс кеңестерін беріп, контент жасау мен сайт жүргізуге қатысты ақылын аямаған – қазақ блогосферасының ақсақалы Асхат Еркімбайдың есімін де атап өту қажет.

Kinostan 2.0

Киностан осы Джумлада 2012 жылдың қарашасына дейін істепті. Сосын Жалғас Ертайдың көмегімен кәсіби мамандардың қолдауына ие болдық. Олар тұтас команда жұмыс істей алатындай портал жасап берді. Ол 2019 жылдың 31 қаңтарына дейін істеп келген нұсқа болатын.

Бұл нұсқада мәтіндік контентке (жаңалық, мақала, сұхбат, фоторепортаж, т.б.) арналған бөлігіне қоса кинобаза да жұмыс істеді. Кинобазаның жұмысы Кинопоиск, IMDb жүйесіне ұқсас еді: актерлердің, режиссерлердің, сценарийшілер мен продюсерлердің жеке парақшасы, сондай-ақ фильмдердің профайлы бар.

2012-2019 жылдар аралығында Киностанның базасына 20 мыңнан астам персонаның, 3 мыңнан астам фильмнің профайлы енгізіліпті. Бұлар негізінен – екінші нұсқа іске қосылғаннан бері прокатқа шыққан шетелдік және қазақстандық фильмдер, отандық сериалдар және аздаған шетелдік сериалдар. Персоналар да осы фильмдер мен сериалдардың өндірісіне қатысқан тұлғалар.

Осы кинобазаның арқасында кассалық табыс бойынша, қолданушылардың бағалауы бойынша рейтингтер жасауға мүмкіндік болды. Бір өкініштісі қолданушыларымыз аз болғандықтан лайықты рейтинг құра алмадық. Үздік фильмдерге арналған ТОП жасау идеямыз осылай іске аспай қалды («Кинопоиск 250» секілді).

Сайт контентінің біраз бөлігін қолданушылар да жасау алатын еді. Қолданушы ретінде фильмге рецензия жазу, блог жүргізу функциялары жұмыс істеді. Бірақ жоғарыда атап өткендей – белсенді қолданушымыз аз болды.

Екінші нұсқаның ауқымы үлкен болғанын түсінген де шығарсыздар. Димаш уақыт тапшылығына байланысты сайтты бірлесе жүргізе алмаған соң, бір команданың жұмысы бір адамға біраз жүк болды. Мен де күні бойы энтузиазммен құрылған жобамен айналысып отыра алмаймын. Осылайша Kinostan 2.0 жұмысын тоқтатты.

Кім біледі, мүмкін, болашақта бұл кинопортал жобасына қайта оралармыз. Әлде біздің ісімізді басқалар жалғастырар. Қалай болғанда да осындай қазақ тіліндегі ең ірі киносайт жүргізу идеясы әлі де маңызды және ол, мейлі, менің қатысуыммен, немесе қатысуымсыз әрі дамып жатса – мен тек қуанамын.

Бөлісу
  • 9
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған