Цифрлық релиздер: онлайн-кинотеатрлардағы жаңа фильмдер

Танымал онлайн-кинотеатрлар мен видеосервистерді шолып, ақпанның басында цифрлық нұсқада шыққан премьералар тізімін ұсынамыз.

Қашалмаған асылтастар / Неогранённые драгоценности / Uncut Gems

© Netflix

Ағайынды Бен Сэфди мен Джошуа Сэфди түсірген қылмыстық триллер. Олар 2017 жылы «Good Time» картинасымен танылған еді. Жаңа режиссерлік жұмысын 2019 жылы тамызда Теллуридтегі кинофестивалде ұсынды, ал прокатқа желтоқсанда шықты.

Сюжетте зергерлік дүкен иесі, құмар ойыншы Говард Ратнер туралы баяндалады. Ол аз уақыт ішінде жиналып қалған берешектерінен құтылуы тиіс.

Фильмде басты рөлде Адам Сэндлер ойнайды. АҚШ киносыншыларының ұлттық кеңесі актерді осы рөлі үшін жыл үздіктерінің қатарына қосты.

Қайдан көреміз: фильм Netflix қолданушыларына қол жетімді, орысша дубляжы бар.

Рейтинг:  Rotten Tomatoes: 92% (8.4/10); IMDb: 7.8; Кинопоиск: 7.3. 

Трейлер

Терминатор: Бұлыңғыр тағдыр / Терминатор: Тёмные судьбыTerminator: Dark Fate

© Paramount Pictures

Джеймс Кэмерон франшиза құқығын өзіне қайтарып алып, қайта жандандырған серия. Бүкіл франшиза есебінен алсақ – алтыншы, ал Кэмерон жасаған канонмен есептесек үшінші бөлім. Жобаға бірінші, екінші фильмдерде ойнаған Арнольд Шварценеггер мен Линда Хэмилтон қайтып оралды.

Сюжеті болашақтан келген өлтіргіш роботтармен күресін тоқтатпаған Сара Коннор оқиғасын жалғастырады. Ол Басты қауіп Джон Коннорға төніп тұр деп ойлап еді. Алайда Дани Рамоспен кездесіп, оның да адамзат тағдырына маңызы бар екенін біледі.

Қайдан көреміз: Megogo, Ivi секілді онлайн-кинотеатрларға шықты, бағасы 1890 теңгеден басталады.

Рейтинг:  Rotten Tomatoes: 70% (6.2/10); IMDb: 6.3; Кинопоиск: 5.9. 

Трейлер

Атлантика / Atlantique

© Ad Vitam

Алдарыңызда 2019 жылғы Канн кинофестивалінің әділқазылар Гран-приінің иегері.

Фильм оқиғасы Дакарда өтеді. Атлант мұхитының жағалауында орналасқан қаланың маңынан алып ғимарат тұрғызылады. Бұл жерде істеген құрылысшылар айлап ақы алмаған. Бір күні жұмысшылар елді тастап, жаңа өмір іздеп кетеді. Олардың арасында Ада есімді сұлуға ғашық Сулейман деген жігіт те бар еді. Қыз ата-анасының шешімімен басқа біреуге күйеуге шықпақшы.

Қайдан көреміз: Ivi онлайн-кинотеатрына шықты, бағасы 1700 теңге.

Рейтинг:  Rotten Tomatoes: 96% (7.8/10); IMDb: 6.8; Кинопоиск: 6.6. 

Трейлер

21 көпір / 21 мост / 21 Bridges

Marvel фильмдерінде Қара Пантера рөлімен белгілі Чедвик Боузман ойнаған боевик. Ал «Капитан Американың» екі, «Кек алушылардың» екі бөлімін түсірген ағайынды Энтони Руссо мен Джо Руссо жобаға продюсер болды.

Наркодилерлерді ұстамақ болған 8 Нью-Йорк полицейі қаза табады. Детектив Андре Дэвиске қылмыскерлерді тауып, әріптестерінің кегін қайтару тапсырылады. Ол Манхэттенді толығымен бұғаттау үшін, қаламен байланыстыратын 21 көпірді жауып тастайды.

Қайдан көреміз: Ivi (1700 тг), Megogo (1226 тг), Кинопоиск (299 рубль = 1800 тг) және басқа да онлайн-кинотеатрлар.

Рейтинг:  Rotten Tomatoes: 51% (5.3/10); IMDb: 6.6; Кинопоиск: 6.6. 

Трейлер
Бөлісу
  • 6
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған