Жаңа маусымын ұсынғаны бар, алғаш шығып отырғаны бар – қаңтарда біраз сериал шығады. Арасынан іріктеп, қызық деген отыздан астамын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Гамильтон / Hamilton

Швецияда түсірілген боевик. Сюжеті Джеймс Бондтың швед нұсқасы туралы десе де болады. Карл Гамильтон есімді агент Стокгольмде болған бірнеше жарылыс пен кибер-шабуылдан кейін қауіпті миссияға кіріседі. Күдіктің іздері орыс, швед және америкалық барлау қызметтеріне алып келеді. Басты рөлде норвег актері Якоб Офтебро ойнайды.

Премьерасы: 1 қаңтар

Дракула / Dracula

Брэм Стокердің романына сүйенген британ үрейлі драмасы. Сериалдың өндірісімен «Доктор кім«, «Шерлок» секілді телешоуларды жасаған Марк Гатисс пен Стивен Моффат айналысты. Басты рөлде – дат актері Клас Банг.

Сюжеті Трансильванияда 1897 жылы өрбиді. Қанішер граф Дракула Лондонды жаулап алып, қара түнек орнатпақшы.

Премьерасы: 1 қаңтар

Айналу / Вращение / Spinning Out

Мәнерлеп сырғанау тақырыбындағы америкалық спорт драмасы. Сюжетте жарақатынан кейін карьерасымен қоштаспақ болған Кэт есімді талантты спортшы туралы айтылады. Бірақ кенеттен мұз алаңына қайта оралуға мүмкіндік алады, ол үшін жұп болып сырғанауы керек. Оның жұбы – Джастин. Ол Олимпиада ойындарына қатысуы тиіс еді, бірақ қырсық мінезіне бола біраз нәрседен құр қалған. Бірлесіп жұмыс істеу екеуінің де өмірін өзгертеді.

Премьерасы: 2 қаңтар

Мессия / Messiah

Қазіргі халықаралық геосаяси ахуалға назар аудартатын америкалық драма. Сюжет Ева Геллер есімді барлау офицері төңірегінде өрбиді. Сирияда Аль-Масих есімді адам пайда болып, өзін Құдай елшісімін деп жариялайды. Офицер ол шынымен мессия ма, әлде көздеген басқа мақсаты бар ма – соны анықтауы тиіс. Басты рөлде Мишель Монахэн ойнайды.

Премьерасы: 2 қаңтар

Орынбасар / Маршал / Deputy

Сәнді боевиктер режиссері Дэвид Эйр түсірген драма. Басты рөлде – Стивен Дорфф.

Оқиғасы Лос-Анджелес округында өтеді. Осы округтың шерифі қайтыс болып, орнына оның көмекшісі Холлистер келеді. Сержант принципшілдігімен және қаталдығымен белгілі.

Премьерасы: 3 қаңтар

Басыбайлы бойжеткен / Крепостная

Украинаның өткен жылдағы ең рейтингі жоғары тележобаларының бірі. Енді басқа елдердің экрандарына жол тартты.

Тарихи мелодрама 18 жасар Катеринаның оқиғасын баяндайды. Ол – Нежиндегі ең бай помещик Червинскийдің меншігі. Ол сұлу, ақылды және өкіл анасының қалауымен ақсүйектерше тәрбие көрген. Тағдыр оған көп сынақ дайындайды: жақындарының өлімі, оны өлтіргісі келетін әйелге кезігу, халық көтерілісі, маньяктың аңдуы, т.б.

Премьерасы: 6 қаңтар

Сонымен қатар жаңа маусыммен жалғасқан сериалдар:

  • 3 қаңтар: Соңғы нағыз еркек / Последний настоящий мужчина / Last Man Standing (драма), АҚШ; 8 маусым премьерасы
  • 7 қаңтар: Манифест / Manifest (драма, фантастика, детектив), АҚШ; 2 маусым премьерасы
  • 8 қаңтар: Шиттс Крик / Schitt’s Creek (комедия), АҚШ, Канада; 6 маусымның премьерасы; 6 маусым премьерасы

Жалғасы бар…

Бөлісу
  • 8
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған