Ақпанның сериалдарына арналған материалды жалғастырамыз. Әдеттегідей алдымен премьераларға тоқталамыз.

НольНольНоль / ZeroZeroZero

Италияда түсірілген қылмыстық драма Роберто Савианоның аттас бестселлеріне негізделген. Сюжетте Оңтүстік Америкадан Еуропаға келетін кокаин контрабандасы туралы сөз болады. Басты кейіпкерлер – мафия кланының басшысы Муно, оны сатып кетуді ойлаған немересі, есірткінің жолын кесуді мақсат еткен мексикалық арнайы жасақ, жергілікті наркобарондарға қызмет ететін полицей. Қысқасы «Нарко» стиліндегі сериал болатын секілді.

Премьерасы 14 ақпанда.

Утопияның күйреуі / Крушение утопии / Utopia Falls

Оқиғасы болашақта өрбитін канадалық фантастикалық музыкалық драма. Жаңа Вавилон деп аталатын Жер колониясында жыл сайын музыкалық сайыс өтеді. Оған қатысатын 24 жасөспірім үшін бұл – тарихта із қалдыруға мүмкіндік. Қала шенеунігінің қызы Алия да осы сайысқа қатыспақшы. Ол ежелгі архивтен ұмыт болған хип-хоп мәдениеті туралы біледі.

Сериал 14 ақпаннан бастап көрсетіледі.

Hi Fi / High Fidelity

Америкалық комедияда Роб есімді музыка дүкенінің иесі туралы баяндалады. Ол музыка фанаты және поп-мәдениеттің білгірі. Жақында ғана болған сәтсіз махаббатының себебін музыканың көмегімен түсінуге тырысады. Бұрынғы романтикалық қарым-қатынастарын ой елегінен өткізіп, өзінің кемшіліктерін талдайды.

Сериал Ник Хорнбидің «Фанатик» бестселлерінің еркін бейімделген нұсқасы. Премьерасы 14 ақпанда.

Қайырымды мырзаның құсы / Птица доброго Господа / The Good Lord Bird

Оқиғасы Америкада азамат соғысы жылдары өрбиді. Канзас құлдықты жақтаушылар мен қарсы шыққандар арасындағы соғыс алаңына айналған. Онион есімді жалшы бала қыз болып киініп, аболиционист Джон Браунмен бірге одақтастар армиясына қарай қашады. Ұлды қатерге толы саяхат пен тарихи оқиғалар күтіп тұр.

Драма 17 ақпанда шығады

Торуылшылар / Охотники / Hunters

Аль Пачино ойнаған драма. Сюжеті Нью-Йоркте 1977 жылы өрбиді. Нацистердің ізіне түскен торуылшылар тобы Гитлердің идеяластары қарапайым халық арасында тұрып жатқанын, АҚШ-та Төртінші рейх орнатуды көздейтінін біледі. Олар жаңа геноцидтің алдын алу үшін нацистерді іздеуге шығады.

Премьерасы 21 ақпанда.

Бұл маған ұнамайды / Мне это не нравится / I Am Not Okay With This

Чарльз Форсманның аттас комиксіне негізделген фантастикалық комедия. Сериалда Сидни есімді жас қыз туралы айтылады. Оған жасөспірімге тән – оқудағы, ата-анамен қарым-қатынасындағы, жеке өміріндегі және жыныстық жетілудені проблемалар аз болғандай, оған бойында байқалған ерекше қабілетпен күресуге тура келеді.

27 ақпанда жарық көреді.

Сондай-ақ кезекті маусымын ұсынған сериалдар:

  • 9 ақпан: Жоғары сапалы қызмет /Кайф с доставкой / High Maintenance; АҚШ; драма, комедия – 4 маусым
  • 11 ақпан: Сплит / Развод по-английски / The Split; Ұлыбритания; драма – 2 маусым
  • 13 ақпан: Нарко: Мексика / Narcos: Mexico; Мексика; драма, қылмыстық – 2 маусым
  • 14 ақпан: Байланысшы қыздар / Телефонистки / Las chicas del cable; Испания; драма – 5 маусым
  • 17 ақпан: Жақсы қыздар / Хорошие девчонки / Good Girls; АҚШ; драма – 3 маусым
  • 17 ақпан: Бөтен / Чужестранка / Outlander; АҚШ; драма, фантастика, қызық оқиғалы – 5 маусым
  • 24 ақпан: Бірден Солға хабарласыңыз / Лучше звоните Солу / Better Call Saul; АҚШ; драма, комедия, қылмыстық – 5 маусым
  • 28 ақпан: Түрленген көміртек / Видоизмененный углерод / Altered Carbon; АҚШ; драма, фантастика, қылмыстық, триллер – 2 маусым

Соңы.

Бөлісу
  • 4
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған