«Оскар 2020» өтті, жеңімпаздар марапатталды, фильмдер талқыланды. Енді сол фильмдерді көру ғана қалды 🙂

Біздің прокатта көрсетілгені бар, әлі шықпағаны бар – биылғы «Оскардың» негізгі лауреаттарын қай жерден және қалай көруге болады – осы туралы толық ақпарат береміз.

«Паразит / Parasite»: Үздік фильм, Үздік режиссерлік жұмыс, Үздік түпнұсқа сценарий, Үздік халықаралық толықметраж фильм.

Қайдан көреміз: Жүзі таныс видеосервистерді ақтарып, тек Okko-дан таптық. Бағасы 99 рубльден (589 теңге) басталады, сапасына қарай қымбаттай түседі. Стерео дыбысты және қанықтығы ең жоғары Full HD сапада көрем десеңіз 399 рубль (2373 теңге) төлеу керек.

Сосын: Алматы тұрғындарына үлкен экраннан көруге мүмкіндік бар. Chaplin Mega Alma-Ata кинотеатрында күн сайын бір сеанс қосады екен. Бұл шектеулі прокаттың қашанға дейін созыларын кім білген, сондықтан көріп қалуға асығыңыз. Бағасы 800 теңгеден басталады.

«1917»: Үздік операторлық жұмыс, Үздік дыбыс, Үздік визуал эффектілер.

Қайдан көреміз: Сэм Мендестің әскери драмасы біздің прокатқа 30 қаңтарда шықты және әлі де жүріп жатыр. Үлкен экраннан көруге толық мүмкіндік бар. Роджер Дикинстің тамаша операторлық жұмысын, картинаның техникалық артықшылықтарын сезіну үшін киноға баруды ұсынар едік. Ал цифрлық релизі 26 наурызға жоспарланған. Онлайн-кинотеатрларға шыққан соң көру құны 1600 теңгеден басталады.

«Джокер / Joker»: ең көп номинацияға ілігіп (11), екеуін алды – Үздік актер және Үздік музыка.

Қайдан көреміз: Хоакин Феникстің тамаша рөлін үлкен кинодан енді көре алмаспыз, бірақ цифрлық релиздері бар. Ivi-де 548 теңгеден, Megogo-да 590 теңгеден, Okko-да 99 рубльден (589 теңге) басталады.

«Бір күні… Голливудта / Once upon a Time…in Hollywood»: Екінші пландағы үздік актер, Үздік қоюшы-суретші.

Қайдан көреміз: Тарантиноның картинасы біздің прокатта тамызды болып кетті. Сол себепті тек онлайн-кинотеатрлардан ғана көре аламыз: Okko – 99 рубльден (589 теңге), Кинопоиск – 399 рубль (2373 теңге), Megogo – 590 теңгеден, Ivi – 548 теңгеден бастап көрсетеді.

«Форд Феррариге қарсы / Ford v Ferrari»: Үздік монтаж, Үздік дыбыс монтажы.

Қайдан көреміз: Кристиан Бэйл мен Мэтт Дэймон қатысқан бұл картинаның да прокаты күзде өтіп кетті. Цифрлық нұсқаларын көруге болады: Ivi – 1899 теңгеден, Кинопоиск – 299 рублден (1775 теңге), Megogo – 1890 теңгеден, Okko – 349 рубльден (2070 теңге) басталады.

«Қоян Джоджо / Jojo Rabbit»: Тайка Вайтити «Үздік бейімделген сценарий» номинациясында үздік шықты.

Қайдан көреміз: Қазақстан прокатына қашан келетіні айтылмайды, ал әлемдік премьерасы 2019 жылы қыркүйекте өтті. Бізге белгілі онлайн-сервистерде де әзірге жоқ. Ағылшын тілді Amazon, DirectTV видеосервистерінен сатып алуға болады. Құны 6 доллардан басталады.

«Неке оқиғасы / Marriage Story»: Екінші пландағы үздік актриса.

Қайдан көреміз: Бұның да прокаттағы тағдыры белгісіз. Бастапқыда Netflix арқылы таралғандықтан, осы стриминг-сервистің қолданушылары шектеусіз көре алады. Ағылшын тілін білмейтіндер үшін орысша субтитр қосу мүмкіндігі бар. Ал біз жиі бас сұғатын орысша видеосервистерде әзірге жоқ.

«Кішкентай әйелдер / Little Women»: Үздік костюм дизайны.

Қайдан көреміз: Классикалық шығарманың кезекті экранизациясы қазір еліміздің киносында жүріп жатыр. Ал цифрлық релизі 5 наурызда деп белгіленген. Шыққан кезде Okko сервисіндегі құны 299 рублден (1775 теңге), Ivi-де 1530 теңгеден басталады.

«Төбеден жай түскендей / Bombshell»: Үздік бет әрлеу және шаш үлгісі.

Қайдан көреміз: Шарлиз Терон, Николь Кидман, Марго Робби секілді жұлдыздардың басын қосқан драманы қазір еліміздің кинотеатрларынан көруге болады. Ақылы видеосервистерге қашан шығатыны әзірге белгісіз.

«Джуди / Judy»: Үздік актриса.

Қайдан көреміз: Рене Зеллвегерге екінші «Оскар» алып берген байопик Қазақстанда Олег Борецкийдің киноклубы аясында қаңтарда көрсетіліпті. Көремін деген ниеттіге онлайн-кинотеатрлар цифрлық нұсқасын ұсынады: Кинопоиск – 399 рублден (2369), Megogo – 990 теңгеден, Ivi – 1700 теңгеден, Okko – 299 рублден (1775 теңге) бастап.

«Ойыншықтар хикаясы 4 / Toy Story 4″: Үздік анимациялық толықметраж фильм.

Қайдан көреміз: Pixar студиясының мультфильмі бізде былтыр жазда көрсетіліп кетті. Қазақша дубляжбен шыққандықтан, оның қазақша аудиодыбысы бар цифрлық нұсқасын да табуға болады: Megogo-да 590 теңгеден, Ivi-де 548 теңгеден басталады. Сонымен қатар Okko мен Кинопоиск видеосервистерінен 99 рублден (589 теңге) көруге болады. Алайда бұларда қазақша нұсқа жоқ.

«Рокетмен / Rocketman»: Үздік ән.

Қайдан көреміз: Элтон Джонның өміріне негізделген мюзикл кинотеатрларда жазда көрсетілді. Фильм онлайн-кинотеатрларда бар: Кинопоиск пен Okko-да 99 рублден (589 теңге), Megogo-да 490 теңгеден, Ivi-де 548 теңгеден басталады.

Сонымен қатар «Үздік деректі толықметраж фильм» номинациясын жеңіп алған «Америка фабрикасы / American Factory» фильмін Netflix-тен орысша субтитрмен көруге болады.

Бөлісу
  • 23
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған