Биыл Голливудтың жеті фильмі қазақша дыбысталып, прокатта көрсетіледі. Көрермендерді машиналар көтерілісі, айдаһарға табынатын ежелгі өркениеттің өмірі, адам өткісіз джунглидағы шым-шытырық оқиғалар, басқа да қызық сюжеттер күтуде. 2020 жылы қазақша дубляжбен шығатын картиналар туралы толығырақ әңгімелеп береміз.

Алға / Вперёд / Onward

Pixar анимациялық студиясының қала фэнтезиі жанрындағы мультфильмі. Басты рөлдерді Том Холланд пен Крис Пратт дыбыстайды.

Сюжеті эльфтар, троллдар, кентаврлар мен басқа да мақұлықтар тіршілік ететін сиқырлы әлемде өрбиді. Кезінде бұл әлемде сиқыр көп еді, бірақ уақыт өте келе жағдай өзгеріп, кейіпкерлер қарапайым өмірді бейімделеді. Бұрын бухгалтер болып істеген эльф-отағасы бұл әлемнен жоғалып кетер алдында сиқырлы таяқты екі ұлына мұра қылып қалдырған болатын. 16 жасқа толғанда әлгі таяқ олардың қолына тиеді. Оның сиқырының күшімен балалар әкесін бір күнге қайтара алады. Ағайындылар әкемен кездесу үшін қызықты сапарға аттанып, тіпті бұрын бәрі қолдана алған сиқырдың да құпиясына үңілмекші.

Анимациялық картина прокатқа 5 наурызда шығады.

Мулан / Mulan

Disney студиясы түсірген фэнтези-боевик. Бұл қытай аңызына негізделген 1998 жылғы аттас мультфильмнің киноремейкі. Рөлдерден Донни ЙенДжет ЛиДжейсон Скотт Ли секілді Голливуд және Қытай киносының жұлдыздарын көреміз.

Сюжет бойынша Қытай императоры әр отбасыдан бір ер адам соғысқа аттансын деген бұйрық береді. Қарт жауынгердің Хуа Мулан есімді тұңғыш қызы сырқат әкесінің орнына өзі аттанбақ болады. Еркек болып киінген бойжеткенді ерлікке бастайтын қауіпті сапар күтіп тұр.

Осы картинаға қатысты бір қызық дерек: төбелес қойылымдарын қазақстандық Nomad Stunts каскадерлер тобы қойды. Оларды ғұн жауынгерлерінің рөлінде көретін боламыз.

Прокатқа 27 наурызда шығады.

Артемис Фаул / Artemis Fowl

Кеннет Брана режиссер болған ғылыми-фэнтези фильм. Disney студиясында өндірілген жобаның сюжетіне ирланд жазушысы Оуэн Колфердің аттас кітаптар сериясының алғашқы романы арқау болған.

Фильмде гномдар, эльфтар, пиксилер, лепрекондар, браунилер секілді сиқырлы тіршілік иелері мекендейтын жер астындағы әлем туралы айтылады. Олар адамдардан жасырынып, өзінше дамыған өркениет құрған. Алаяқтықты кәсіп қылған жасөспірім Артемис Фаул осы әлемді ашып қана қоймай, ондағы тұрғындарды тонамақшы болады.

Фильм киноға 28 мамырда жол тартады.

Жан / Душа / Soul

Бұл да Pixar студиясының анимациялық фильмі. Басты кейіпкерді Джейми Фокс дыбыстайды.

Сюжетте Джо Гарднер есімді музыка мұғалімі туралы баяндалады. Ол сахнаға шығып джаз орындауды армандайтын. Бұл арманына қол жеткізер күн де келеді. Бірақ оқыс оқиғадан кейін оның жаны тәнінен бөлініп шығып, өзге де адамдардың жаны бас қосатын жерге тап болады. Бұл жерде оның жаны дамытылып, жаңадан туған сәбиге қонуы керек.

Премьерасы 18 маусымда.

Джунглидегі круиз / Круиз по джунглям / Jungle Cruise

Диснейлендтің аттас аттракционына негізделген қызық оқиғалы фэнтези. Басты рөлде Дуэйн Джонсон мен Эмили Блант.

Оқиғасы 20 ғасырдың басында өрбиді. Өзен кемесінің капитаны Фрэнк жабайы табиғат зерттеушісі Лили Хоутонды Амазонка бойымен алып жүруі тиіс. Ғалым емдік қасиеті бар аңыз ағашты іздеп таппақшы. Жолаушыларға Амазон бойындағы қауіпті өсімдіктер мен жануарлар ғана емес, бәсекелес экспедиция өкілдері де қатер төндірмек.

Прокатқа 23 шілдеде шығады.

Сондай-ақ:

  • «The Mitchells Vs. the Machines» немесе «Connected». Қазақша атауы әзірге белгісіз. Sony Pictures Animation студиясының мультфильмі. Прокатта 17 қыркүйектен бастап.
  • «Райя и последний дракон» / «Raya and the Last Dragon». Қазақша атауы әзірге белгісіз. Куманда ертегі патшалығы туралы мультфильм-мюзикл. Прокатта 26 қарашадан бастап.

Аталған фильмдердің қазақша дубляжы «Болашақ» корпоративтік қоры «Өзіңнен баста» жобасы аясында жүзеге асырылады. 2011 жылдан бері іске асып келе жатқан бастама аясында Disney, Sony Pictures, Marvel, Lucas Films, Bazelevs және т.б. студиялардың 33 кинокартинасына дубляж жасалған. Жоба «Меломан» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылатын әлеуметтік жоба болып табылады және коммерциялық мақсаттарды көздемейді. Жобаның жаһандық мақсаты – Қазақстан азаматтарына әлемдік студиялардың контентін ана тілде қол жетімді ету.

9 жыл ішінде «Өзіңнен баста» жобасының аясында қазақша сөйлеген шетелдік кинотуындыларды 170 000-нан астам көрермен қараған. «Мұзды өлке 2» мультфильмін (2019 ж.) 26 900 адам қарап, жоба тарихында көрермендердің рекордтық санын жинады.

Бөлісу
  •  
  •  
  •  
  •  
  • 2
  •  
  •  
  •  

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған