Ақпанның соңына таман онлайн-кинотеатрларға шыққан кинофильмдер туралы айтамыз.

Жетімсіреген Бруклин / Сиротский Бруклин / Motherless Brooklyn

Голливуд жұлдызы Эдвард Нортонның жобасы. Ол фильмде басты рөл ойнап қоймай, режиссер, сценарийші, продюсер міндеттерін де өзі атқарды. Актерлік құрамда, сондай-ақ, Гугу Эмбата-Ро, Алек Болдуин, Бобби Каннавале, Уиллем Дефо, Брюс Уиллис бар.

Неонуар стиліндегі қылмыстық драма Туретт синдромына шалдыққан жалғыз басты детектив Лайонел Эссрог туралы. Ол тәлімгерінің және жалғыз досы Фрэнктің өлімін тергемекші. Оның қолында азғантай ғана айғақ бар. Құпияны ашу мақсатымен Гарлемнің джаз клубтарын, Бруклиннің қауіпті көшелерін, элита көңіл көтеретін алтындатылған орындарды аралауға тура келеді. Ол досының атын ақтап алу үшін гангстерлердің ашуына тиеді, жемқорлықтың бетін ашып, қаланың ең қауіпті адамына ұрынады.

Картина биыл «Үздік саундтрек» номинациясы бойынша «Алтын глобусқа» үмітті болды.

Қайдан көреміз: Ivi, Megogo, Okko сияқты онлайн-кинотеатрларда. Ең арзаны Megogo сайтында – 990 теңгеден басталады.

Рейтинг:  Кинопоиск: 7.0; IMDb: 6.9; Rotten Tomatoes: 62% (6.2/10) 

Трейлер

Екі мен / Он и она / Deux moi

Француз режиссері Седрик Клапиштің мелодрамасы. Фильм оқиғасы Парижде өтеді. Реми мен Мелани – жалғыз басты жандар, олар бір-біріне жақын тұрады. Бірақ ешқашан кездеспеген. Үлкен қалада ішкі гармония мен махаббатты іздеп жүріп, екеуі үнемі бір-біріне жақын маңда жүреді, алайда бір-бірін таппайды. Түбінде ізденіс пен күйбеңнен шаршаған екі жанды тағдыр жолықтырмақ.

Қайдан көреміз: Ivi, Megogo, Okko, Кинопоиск видеосервистерінде. Ең арзаны Megogo сайтында – 990 теңгеден басталады.

Рейтинг:  Кинопоиск: 6.9; IMDb: 6.6; Rotten Tomatoes: 100% 

Трейлер

Маған қанат бер / Расправь крылья / Donne moi des ailes

Франция мен Норвегияда түсірілген отбасылық картина. Сюжет Кристиан есімді орнитолог пен оның жасөспірім ұлы төңірегінде өрбиді. Әке – бүкіл өмірін жабайы қаздарға арнаған зерттеуші. Видеоойынға құмар ұл үшін каникулды ауылда әкесімен бірге өткізу – азаппен тең. Бірақ құстарды құтқару үшін екеуі бірігіп, дельтапланмен Норвегияға аттану керек.

Қайдан көреміз: Ivi, Megogo, Okko, Кинопоиск видеосервистерінде. Ең арзаны Megogo сайтында – 390 теңгеден басталады.

Рейтинг:  Кинопоиск: 7.7; IMDb: 7.1. 

Трейлер

Фахим / Шахматист / Fahim

Негізгі рөлдердің бірін Жерар Депардье ойнаған байопик. Картина жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Фахим Мохаммадтің өмірін баяндайды.

Жас шахмат кемеңгері Фахим әкесімен бірге туған Бангладешін тастап, Парижден пана табады. Бұл жерде бала Францияның үздік гроссмейстерлерінің бірі Сильвианмен танысады. Олардың таныстығы достыққа ұласады, екеуінің өмірінде үлкен өзгеріске әкеледі.

Қайдан көреміз: Megogo, Okko видеосервистерінде. Ең арзаны Megogo сайтында – 990 теңгеден басталады.

Рейтинг:  Кинопоиск: 7.0; IMDb: 6.7. 

Трейлер

Құдай тәні / Тело Христово / Boze Cialo

Биыл Польша атынан «Үздік халықаралық толықметраж фильм» номинациясы бойынша «Оскарға» үміткер болды. Драмада абақтыда діни жаңғырып шыққан 20 жасар жігіт туралы айтылады. Ол өмірін құдайға қызмет қылуды армандайды, бірақ сотталғандығы бұған кедергі болады. Жағдайда пайдаланып, өзін семинария түлегі деп таныстырып, ауырып қалған постардың орнына тұрады. Білімнің жетіспей қалған тұстарында импровизациямен құтылып, көпшіліктің көңілінен шығады. Алайда әрбір қайырымды істің өз ауыртпалығы бар.

Қайдан көреміз: Ivi, Megogo, Okko, Кинопоиск видеосервистерінде. Ең арзаны Megogo сайтында – 690 теңгеден басталады.

Рейтинг:  Кинопоиск: 7.6; IMDb: 7.7; Rotten Tomatoes: 98% (7.6/10). 

Трейлер
Бөлісу
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған