Қазақстан фильмдерін көрсететін Youtube-арналар

Өткен аптада шетелдік фильмдерді заңды түрде көрсететін Youtube-арналар туралы айтып едік. Енді қазақстандық фильмдер туралы әңгімелегіміз келеді. Әдетте Youtube арқылы таралатын отандық картиналарды соны түсірген компанияның ресми аккаунтынан көре аламыз.

Жақында пайда болған тамаша жаңалық – Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Алтын қорға» кіретін, қазақ киносының классикасы саналатын біраз фильмді тегін таралымға шығарды. Оны осы киностудияның аккаунтындағы бөлек плейлисттен тамашалауға болады.

Енді қазіргі заманның киносы туралы. Біздің кино өндірісінде қалыптасқан құбылыстардың бірі – кинокомпания немесе режиссер өз өнімін прокат мерзімі аяқталған соң бірнеше айдан кейін Youtube хостингіне шығарады.

Жанна Исабаева Zhanna Issabayeva – тәуелсіз режиссер, сценарийші, продюсер Жанна Исабаеваның арнасы. Отандық кинематографшы бүкіл жұмысын осы жерге салды. Көпшілік оны «Ойпырмай» комедиясынан кейін тани бастады. Бірақ автордың басты жанры – әлеуметтік драма.

OMNIARS – бұл тәуелсіз кинокомпанияның арнасы. Компанияны құрушы – режиссер, актер, сценарийші және продюсер Ермек Шахмет. Талдықорғаннан шыққан кинематографшы 2009 жылы «Анаша» деген псевдодеректі картинасымен белгілі болған еді. Бұл режиссердің қолынан «Кредитомания», «Бекзат», «Selfie с мертвецами» секілді фильмдер шықты.

KANAIDAR PRODUCTION – режиссер Қанағат Мұстафин мен продюсер Айдархан Әділбаевтың компаниясы. Бұл продюсерлік орталық «Рывок», «16 қыз» және басқа да ромкомдар шығарды.

Shine Production – Баян Алагөзованың продюсерлік орталығы. Компания музыкалық жобалармен ғана емес, кино және телефильмдер жасаумен айналысатыны белгілі. Соңғы жылдары шыққан бірнеше туындысын осы арнадан табуға болады. Қысқа видеолар мен клиптердің арасында адасып кетпесеңіз болды 🙂

Koyanbayev Live – Продюсер, шоумен, актер Нұрлан Қоянбаевтың арнасы. Соңғы жылдары «Қазақша бизнес» сериясымен бірнеше фильм шығарып танылды. Арнадан оның продюсерлік етуімен жасалған фильмдерді табуға болады.

bissembin film – режиссер Асқар Бисембиннің арнасы. Бұнда оның барлық картинасы бар деп айта алмаймыз, бірақ бірнешеуі табылады. Одан бөлек біраз қысқаметраж картиналар да бар.

Nurtas Adambay – әмбебап кинематографшы Нұртас Адамбайдың арнасы. Аккаунтын тұрақты түрде жаңартатын сирек адамдардың бірі. Сол үшін бір респект жолдауға болады. Прокатта болып кеткен фильмдерінің барлығын таба аласыз.

Каникулы off-line 2 – Astana Film Fund компаниясының аккаунты. Арна атауы жарнамаланып жатқан өнімге байланысты өзгеріп тұрады. Бұнда Ақан Сатаевтың «Бизнесмены», «Районы», сондай-ақ «Каникулы OFF-LINE» картиналары жүктелген. Ал режиссердің бұрынырақтағы фильмдерін көрем десеңіз – SATAIFILM арнасы да бар.

Асель Садвакасова TV – продюсер Әсел Садуақасованың арнасында фильмдер көп емес, бірақ болашақта жаңа өнімдермен толыға түседі деген үміт бар. Әселдің продюсерлік етуімен жасалған соңғы екі картинаны осы жерден көріңіз. Ал оның актриса және продюсер ретіндегі басқа жұмыстарын 1kino.kz арнасынан көруге болады.

Corich group – актриса және продюсер Құралай Анарбекованың компаниясы. Арнада фильмдер аз, бірақ бұл да тұрақты жаңарып отыратын арна. Сол себепті әлі де фильмдер салынады деп ойлаймыз.

B8 PRODUCTION – бастапқыда «Женатики», «Городские легенды» секілді телевизиялық юмор жобалармен айналысқан компания соңғы жылдары кино өндірісіне де қатысып жүр. «Гудбай, мой бай», «Аташка на хайпе» солардың өнімі.

SATAIFILM – «Sataifilm» кинокомпаниясының арнасы. Бұнда «Рэкетирден» бастап компания осы күнге дейін шығарған фильмдердің біразы бар.

Назардан тыс қалған тағы қандай Youtube-арнаны білесіздер? Комментке жазыңыз, біз осы материалға қосамыз.

Бөлісу
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған