Сәуірдің басында Quibi стриминг-платформасы іске қосылады. Мобилдік құрылғаға арналған сервис бірден бірнеше жобасын көрерменге ұсынғалы отыр. Осы шолуда аталған жаңа сервистің 4 сериалы туралы айтамыз. Одан бөлек Apple TV+, Amazon стримингтерінің де жаңа жобалары бар.

Жарлы / …и в бедности / Broke

Туысқандар қарым-қатынасына арналған комедия. Сюжетте Джеки есімді күйеусіз ананың өмірі баяндалады. Бір күні оған сіңлісі отбасымен бірге көшіп келеді. Олар бар байлығынан айырылып, үйсіз қалған екен. Джеки енді шақырусыз келген туысқандарын да асырауға мәжбүр болады.

Премьерасы: 3 сәуір

Қараңғы түскенше орал / Домой до темноты / Home Before Dark

Жас журналист Хильда Кейт Лисяктың жазбаларына сүйенген детектив. Автор зерттеу жұмыстарын тоғыз жасынан бері жүргізіп, әкесінің көмегімен құрастырады екен.

Apple TV+ сервисіне арналған драма тоғыз жасар Хильданың атынан баяндалады. Ол отбасымен бірге мегаполистен көл жағасындағы шағын қалаға көшіп келеді. Кішкентай қыз әкесі секілді мықты журналист болуды армандайды. Көшіп келгеннен кейін ол жергілікті тұрғындардың әкесіне басқаша қарайтынын байқайды. Көп жыл бұрын осы жерде бір оқиға болған, бұны әкесі де, басқалар да еске алмауға тырысады. Хильда осы оқиғаны зерттеуге кіріседі, ал нәтижесін өз қолымен шығаратын газетке жариялайды.

Премьерасы: 4 сәуір

Күрмек төңірегіндегі аңыздар / Байки из петли / Tales from the Loop

Amazon түсірген фантастикалық сериал ғалам құпияларын зерттеуге арналған машинаның түбінде орналасқан қалашық тұрғындары туралы. «Күрмек» деп аталатын машинаның кесірінен адам сенгісіз құбылыстар болады. Біртүрлі оқиғалар қалашық тұрғындарына да әсер етеді.

Премьерасы: 4 сәуір

Өте қауіпті ойын / Самая опасная игра / Most Dangerous Game

Лиам Хемсворт пен Кристоф Вальц түскен боевик. Сериал 6 сәуірде іске қосылатын Quibi атты жаңа стриминг платформасына шығады.

Сюжет ауыр сырқаттың салдарынан аз ғана өмірі қалған Додж есімді кейіпкер туралы. Отбасына ақша қалдыруды ойлап, ол аса қауіпті ойынға қатысуға келіседі. Ойын басталған соң ереженің өзі ойлағаннан да қатаң екенін біледі.

Премьерасы: 6 сәуір

Қашқын / Беглец / The Fugitive

Сериалдың сюжеті Харрисон Форд пен Томми Ли Джонс ойнаған 1993 жылғы боевикке негізделген. Лос-Анджелес метросында болған жарылысқа Майк есімді машинист кінәлі деп танылады. Сенсацияға құмар БАҚ пен әлеуметтік желілер бұл жалған айыпты өршітіп, халық арасында дүрбелең туғызады. Майк өзінің кінәсіз екенін дәлелдеу және отбасын жазықсыз жаланың салдарынан қорғау үшін қамаудан қашып шығады.

Бұл да жаңадан ашылғалы жатқан Quibi платформасына шығады. Премьерасы: 6 сәуір.

Астаң-кестең / Вверх тормашками / Flipped

Quibi сервисіне арналған комедия. Сюжеті Джэнн және Крикет Мелфи есімді ерлі-зайыпты туралы. Еш жерде жұмыс істемейтін олар бір күні өзін үй жаңарту маманымыз деп жариялап, өз видеоблогын ашады. Бір үйдің қабырғасын бұзып жатқанда наркокартелдің жасырылған ақшасын тауып алады. Ерлі-зайыпты ақшаны телевидениеде өз реалити-шоуын ашуға жұмсап, жұлдыз болуды көздейді. Оларды көп кешікпей наркокартель мүшелері тауып алып, ескі үйді жөндеуге жегеді.

Премьерасы: 7 сәуір

Аман қалу / Выжить / Survive

Алекс Морелдің аттас романына негізделген бұл триллер де Quibi платформасына шығады. Басты рөлде «Тақтар ойыны» жұлдызы Софи Тернер ойнайды.

Басты кейіпкер – ұшағы қалың қар басқан тауға құлағаннан кейін аман қалған Джейн есімді қыз. Одан бөлек тағы бір жолаушы аман қалады. Екеуін ешкім таба алмайды, сол себепті өмір үшін арпалыста және қауіпсіз жерге жету үшін тек өзіне сенім артуға тура келеді.

Премьерасы: 7 сәуір

Кезекті маусыммен шығатын сериалдар:

3 сәуір:
– «Жоспаршыл адам» / «Все схвачено» / «Man with a Plan»; комедия, отбасылық (АҚШ): 4 маусым
– «Сирена» / «Siren»; драма, триллер, мистика (АҚШ): 3 маусым

4 сәуір:
– «Харли Квинн» / «Harley Quinn»; фэнтези, комедия, боевик, қылмыстық, қызық оқиғалы, мультфильм (АҚШ): 2 маусым
– «Болашақтың адамы» / «Человек будущего» / «Future Man»; фантастика, комедия (АҚШ): 3 маусым

5 сәуір:
– «Үйректің хикаялары» / «Утиные истории» / «DuckTales»; комедия, қызық оқиғалы, отбасылық, мультфильм (АҚШ): 3 маусым

Жалғасы бар…

Бөлісу
  • 2
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған