Айдауда / От звонка до звонка / Starred Up [18+]

Британ режиссері Дэвид Маккензидің қылмыстық драмасы. Басты рөлдерде Бен Мендельсон мен Джек О’Коннелл ойнайды. Фильмде ересектер түрмесіне ауыстырылған тәртібі қиын тентек жасөспірім туралы баяндалады. Бұл жерде ол өз әкесін кездестіреді.

Картина 2013 жылы жарық көрді. Қазақстан кинотеатрларында 2015 жылы қазанда көрсетілді. Фильм сценарийші Джонатан Ассердің өмірінде болған оқиғаға сүйенген. Ол бұрын түрмеде ерікті түрде терапевт болып жұмыс істеген.

 Рейтинг: Кинопоиск: 6.7; IMDb: 7.4; Rotten Tomatoes: 99% (7.8/10) 

Асау жүрек / Это чертово сердце / Dieses bescheuerte Herz [16+]

2017 жылы шыққан неміс драмасы мейірімділік пен қайырымды болуға шақырады. Басты кейіпкер Леннидің жалғыз тірлігі – достарымен бірге сауық-сайран құру. Оның кез келген еркелігін әкесі төлейді. Онымен бір қалада 15 жасар Дэвид тұрады. Ол бар уақытын үйде өткізеді. Дэвидтің жүрегінде ақау бар және дәрігерлердің болжамы көңіл көншітерлік деуге келмейді. Ұлының жалқаулығынан шаршаған Леннидің әкесі оған жұмыс тапсырады. Енді ол Дэвидке қамқор болуы керек. Көп кешікпей екеуі достасады. Ленни балаға өмірді сезінуге, арманының орындалуына көмектеседі, ал Дэвид өз өмірі мен жақындарының өмірі үшін жауапкершілікті сезінуге сеп болады.

 Рейтинг: Кинопоиск: 7.4; IMDb: 7.0 

Саудагер / Коммивояжер / Forushande [18+]

Атақты Иран режиссері Асгар Фархадидің бұл картинасы біраз жүлденің иегері. «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» алғанын былай қойсақ, қоржынында Канн кинофестивалінің екі жүлдесі, Азия киноакадемиясының бір марапаты бар.

Сюжеті Эмад және Рана есімді ерлі-зайыпты туралы. Эмад мектепте сабақ береді. Ал кешке жұбайы екеуі Артур Миллердің «Саудагердің өлімі» пьесасы бойынша қойылған спектаклге дайындалады. Олар көшіп келген жаңа үй береке ошағы болуы тиіс еді. Алайда бұл орын қылмыс орнына айналады.

 Рейтинг: Кинопоиск: 6.6; IMDb: 7.8; Rotten Tomatoes: 96% (7.9/10) 

Бекзат [12+]

«Хабар» телеарнасының тапсырысымен түсірілген телефильм. Былтыр қазанда алдымен картинаның кинотеатрға арналған нұсқасы ұсынылды.

Фильм Сидней олимпиадасының чемпионы, марқұм Бекзат Саттархановқа арналады. Фильмде Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады. Балалық шағы, боз бала кезеңі және өмірінің соңғы сәті.

Басты рөлде Самат Әзімқұлов есімді жас актер ойнайды. Фильмді Мұрат Бидосов түсірді.

 Рейтинг: Kino.kz: 9.1 

Қаламгер

Бұл да «Хабар» телеарнасы үшін түсірілген Мұрат Бидосовтың картинасы. Прокатта былтыр қыркүйекте болды.

Сюжет бойынша Сәтжан есімді жас жазушы Алматыға келеді. Жазушылар Одағына қабылданып, шығармаларымен бірден көзге түседі. Ғылым жолына бет бұрып, «Алаш» тақырыбына диссертация жаза бастаған оған қысым көрсетіле бастайды. Яғни фильмде өткен ғасырдың 1970-80 жылдардағы ақын-жазушылардың басынан кешкен жағдай басты кейіпкер Сәтжан арқылы бейнеленеді. Сәтжан – жиынтық образ. Себебі драматургия заңдылығында кейіпкердің барлығын беру мүмкін емес. Кинокартинада ұлтын ұлықтаған тұлғалардың образы, оған қоса махаббат драмасы осы Сәтжанның бойынан табылады.

 Рейтинг: Kino.kz: 6.8 
Бөлісу
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған