2020 жылғы сәуірдің сериалдары: 2 бөлік

Сәуірде шығатын сериалдарына шолуды жалғастырамыз. Материалда Quibi мен Netflix сервистерінің жаңа жобалары, «Кезбе өліктердің» спин-оффы туралы айтамыз.

Көше шамдарының астында / Под уличными фонарями / When the Streetlights Go On

Жаңадан ашылған Quibi платформасы үшін жасалған 4 бөлімді детектив. Оқиғасы 1995 жылы жазда өрбиді. Шағын америкалық қалашықтың тұрғындарын шошытқан екі кісінің өлімі болады. Тергеу барысында олардың достары мен таныстарының жан түршіктірер құпиялары ашылады. Жас қыз бен мұғалімді өлтірген адамды табу қиынға соғады.

Премьерасы: 7 сәуір

Сырашы ағайын / Пивные братья / Brews Brothers

Netflix сервисіне шыққан комедия. Режиссері – «Үлкен жарылыс теориясы» / «The Big Bang Theory» ситкомын жасауға қатысқан Роберт Коэн. Сюжетте бір-бірін жек көретін, бірақ отбасы бизнесі үшін бірге жұмыс істеугі мәжбүр ағайынды Вильгельм мен Адам туралы баяндалады. Олардың XXXtreme деп аталатын пабы бар, жұрт атауына бола үнемі секс-шоппен шатастырады. Екеуі жиі ұрысады, сыра қайнатудың техникасына қатысты дауласады, бір-бірін сынап, тіпті төбелесуге дейін барады. Бірақ екеуі біріксе оларға тең келер ешкім жоқ.

Премьерасы: 10 сәуір

Кезбе өліктер: Тысқары әлем / Ходячие мертвецы: мир за пределами / The Walking Dead: World Beyond

Оқиғасы әйгілі «Кезбе өліктер» зомби-сериалының әлемінде өрбитін жаңа телешоу. Бұның сюжеті негізгі сериалдың оқиғаларынан 10 жыл өткеннен кейін басталады. Басты кейіпкерлер – зомби-апокалипсис кезінде туып-өскен балалардың алғашқы буыны. Олар жақсы қорғалған жерде өмір сүреді. Балалар тұратын қала – зұлмат басталғанға дейінгі әлемді еске түсіреді. Бірақ осындай жақсы өмірге қол жеткізу үшін алдыңғы ұрпақ көп құрбан болды және олардың ерлігін қазіргі буын ұмытқан жоқ. Бір топ жасөспірім нағыз әлемді көру үшін сыртқа шығады.

Премьерасы 13 сәуірге жоспарланған.

Жоғалған жұмақ / Потерянный рай / Paradise Lost

Мистикалық триллерде Йейтс Форсайт есімді отағасы туралы айтылады. Араға жылдар салып ол Калифорниядан Миссисипи штатындағы туған қалашығына оралады. Бірақ оны қонақжайлылық емес, қайтыс болған қарындасымен байланысы бар өткен шақтың құпиясы күтіп тұр.

Премьерасы: 14 сәуір

#РэйшонғаЕркіндік / #СвободуРэйшону / #FreeRayshawn

Quibi сервисінің қолданушыларына арналған қылмыстық драма. Басты рөлдердің бірін Лоренс Фишберн ойнайды. Сюжетте Ирак соғысының ардагері Рэйшон үйіне оралады. Ол есірткіге қатысты іске қатысты деп айыпталады. Кейіпкер жағдайға мойынсынғысы келмей туыстарымен бірге үйге бекініп алып, билікке берілуден бас тартады. Қылмыскерлермен келіссөз жүргізуді тәжірибелі полицей Стивен Пойнси қолға алады.

Премьерасы: 14 сәуір.

Үрейлі 50 штат / 50 штатов страха / 50 States of Fright

Бұл да Quibi мобилдік платформасының жобасы. Антология форматындағы сериал АҚШ-тың түрлі аймақтарында болған қорқынышты оқиғаларды баяндайды. Жобаға белгілі кинематографшы, «Зұлым өліктер» хоррорын түсірген Сэм Рэйми жетекшілік етеді.

Премьерасы: 14 сәуір

Жаңа маусыммен шыққан сериалдар:

10 сәуір:
– «Жақсы күрес» / «Хорошая борьба» / «The Good Fight»; драма (АҚШ): 4 маусым

13 сәуір:
– «Пиарщица» / «Flack»; комедия (Ұлыбритания): 2 маусым
– «Қауіпті» / «Белая ворона» / «Insecure»; комедия (АҚШ): 4 маусым
– «Еваны өлтіру» / «Убивая Еву» / «Killing Eve»; драма, қылмыстық, детектив (АҚШ): 3 маусым

14 сәуір:
– «Америкалық әке!» / «Американский папаша» / «American Dad!»; комедия, мультфильм (АҚШ): 15 маусым

Жалғасы бар…

Бөлісу
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған