Дени Вильневтің «Шағылы». Фильмді не үшін күтуіміз керек?

Дени Вильневтің «Шағыл» («Dune«) фантастикалық картинасының алғашқы кадрлары жарияланды.

© Vanity Fair

Осыған орай фильм туралы әңгімелеп, оны не себептен күтуіміз керек деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

«Шағыл», орысша «Дюна» – Фрэнк Герберттің аттас романының экранизациясы. Әлемдік премьерасы 2020 жылы 18 қарашаға жоспарланған. Сюжеті Шағыл ғаламының бірінші кітабында айтылған оқиғалардың жартысын қамтиды.

Алдымен әдеби түпнұсқасы туралы айтып кеткен дұрыс шығар. Америкалық жазушының 1963-1965 жылдары жарияланған ғылыми-фантастикалық романы Хьюго және Небьюл сыйлықтарының иегері, ХХ ғасырдың ең танымал ғылыми-фантастикалық романдарының қатарына кіреді.

Сюжеті алыс болашақта жұлдызаралық империяға қарасты галактикада өрбиді. Бұл әлемде феодалдар тұтас планеталарды иемденіп алған. Пол Атрейдес есімді жас аристократ әскери төңкерістен кейін шағыл тұрғындары – фремендер арасында жасырынуға мәжбүр. Оның отбасы иелік ететін Арракис планетасында дәмдеуіш деген ерекше зат өндіріледі, сол зат ғарыш сапарларын жүзеге асыруға пайдаланылады.

«Шағылда» ғылыми-фантастика мен философиялық романның белгілері үйлесім тауып, 1960 жылдардағы америкалық фантастика үшін экзотика саналған Таяу Шығысқа (араб, иран) тән есімдер мен образдар қолданылады. Шығарма саясат, дін, технология және экология тақырыптарын қозғап, көп қатпарлы баяндау тәсілін қолданады.

Бірнеше кітаптан тұратын роман осыған дейін бірнеше рет экрандалды. Ең танымалы – Дэвид Линчтің 1984 жылғы картинасы. Бұл фильмнің прокатта жолы болмады, жазушының оқырмандары режиссерді түпнұсқа сюжеттен тым алыстап кетті деп айыптады.

1984 жылғы «Шағыл» фильмінің кадры, реж. Дэвид Линч

«Шағылдың» Дени Вильнев жасап жатқан нұсқасы Дэвид Линчтің қателіктерін қайталамай, лайық туынды болып шығады деуге негіз бар. Режиссердің өзі бұны «өмірінің басты жобасы» деп атаған еді. Ал Вильневті біз өте талантты, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, әр жұмысы шыққан сайын таңғалта алатын маман ретінде танимыз, ғылыми-фантастикада да сәтті тәжірибесі бар. Оның «Келу» («Arrival»), «Жүзбен жүгіруші 2049» («Blade Runner 2049») фантастикалық картиналары жоғары бағаланды.

«Жүзбен жүгіруші» демекші, бұның «Шағылмен» кейбір ұқсастықтары бар. Жанр жағынан ұқсастығы, бұл – бір. Ауқымы мен бюджет тұрғысынан режиссердің алғашқы ірі жобасы және ол өзіне артылған міндетті абыроймен атқарып, үмітті ақтады. Екіншіден, «2049» – Ридли Скотт түсірген, культқа айналған 1982 жылғы «Blade Runner» картинасының жалғасы. Вильневке, былайша айтқанда, бір культ туындының негізінде тағы бір культ жасау міндеті жүктелді. Канадалық кинематографшы жоғары деңгейде жұмыс істей алатынын дәлелдей алды деуге болады.

Режиссер «Шағылдың» жаңа экранизациясына талантты актерлерді топтастыра алды. Пол Атрейдес рөліне жас талант Тимоти Шаламе бекітілген. Ол «Оскарға» ұсынылған ең жас актер атағына ие. Одан бөлек Ребекка Фергюсон, Оскар Айзек, Джош Бролин, Стеллан Скарсгард, Дэйв Батиста, Зендея, Шарлотта Рэмплинг, Джейсон Момоа, Хавьер Бардем секілді танымал әртістер бар.

Фильмге музыканы атақты кинокомпозитор Ханс Циммер жазды. IMDb сайтының деректеріне сәйкес «Шағыл» 2020 жылдың көп күтілетін 10 фильмінің қатарына кіреді.

Бөлісу
  • 6
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған