Сәуірде шығатын сериалдарға арналған шолудың төртінші әрі соңғы бөлігі. Топтамада корей, жапон, британ, қытай жобалары бар. Бастапқы үш сериалды Netflix шығарады.

Патша: Мәңгілік әміршісі / Король: Правитель вечности / The King: The Eternal Monarch

Оңтүстік Кореяда түсірілген фэнтези мелодрама екі параллель ғалам туралы. Біреуі Кореяға ұқсайды, технологиясы дамып, өмір ағыны дамудың жылдам қарқынымен келеді. Екіншісі – монарх басқаратын империя. Зұлым күштер ашқан, екі ғалам арасындағы порталды Корей императоры Ли Гон жабуға тырысады.

Премьерасы: 17 сәуір.

Түнгі уағыз / Полуночное Евангелие / The Midnight Gospel

Америкалық анимациялық комедияда ғарышқа сапар шеккен подкастшы туралы айтылады. Ол мультиғалам симуляторының көмегімен түрлі әлем тұрғындарымен сұхбат жүргізеді.

Ересектерге арналған мультсериалға комик Дункан Трасселдің подкасты арқау болған. Премьерасы: 21 сәуір.

Сауыт киген елес: SAC_2045 / Призрак в доспехах: Синдром одиночки 2045 / Ghost in the Shell SAC_2045

Жапон аниме-сериалының оқиғасы 2045 жылы өрбиді. Жаһандық дефолттың кесірінен жасанды интеллект жылдам дамып, көп кешікпей адамзат машиналармен соғысуға мәжбүр болады. Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің 9 бөлімінің бұрынғы киборг-полицейлері қарапайым жалданбалы жауынгерлерге айналған. АҚШ-тың батыс жағалауымен сапар шегіп келе жатып, олар киборгтардан жылдам, күшті және төзімді постадамдар түріндегі жаңа қатермен бетпе-бет келеді.

Премьерасы: 23 сәуір.

Лондон бандалары / Банды Лондона / Gangs of London

Ұлыбританияда түсірілген қылмыстық драманың оқиғасы Лондонда өрбиді. Қалада түрлі халықаралық қылмыстық топтар арасында соғыс басталады. Осындай бір ұйымның басшысын өлтіріп кеткеннен кейін жағдай ушыға түседі. Осыдан бастап кек алуды және босаған орынға таласуды көздеген топтардың арасында қанды қырғын басталады.

Премьерасы: 23 сәуір.

Джейкобты қорғау / Защищая Джейкоба / Defending Jacob

Уильям Лэндейдің 2012 жылғы аттас романы бойынша түсірілген мини-сериал. Басты рөлде Крис Эванс ойнайды.

Сюжетте округ прокурорының көмекшісі Энди Барбер туралы баяндалады. Ол бір жасөспірімнің өлімін тергейді. Бұл істің басты күдіктісі – Эндидің 14 жасар ұлы Джейкоб. Әке баласын бар күшімен ақтап алуға тырысады, бірақ айғақтың бәрі Эндиді нұсқайды.

Премьерасы: 25 сәуір.

Қарапайым адамдар / Нормальные люди / Normal People

Hulu сервисіне арналып түсірілген британ драмасы.

Мектепте Коннел есімді ұл Мэриэнн есімді қызбен кездескен еді. Бірақ бала бұл қарым-қатынас туралы ешкімге айтпады. Өйткені өзі мектептің ең танымал баласы, жергілікті футбол командасының жұлдызы болса, ал қыз, керісінше – ұялшақ оқу озаты еді. Оның үстіне Коннеллдің анасы Мэриэннің анасына тазалықшы болып жұмыс істеген еді. Мектеп бітірер алдында ғашықтар ажырасады. Бірақ екеуі бір колледжге түседі. Бұл жолы Мэриэннің соңына түскен жігіттерде есеп жоқ еді. Ал Коннелл жергілікті қауымдастыққа сіңісе алмай, қиналып жүреді.

Премьерасы: 26 сәуір.

Арзанқол ертегі: Періштелер қаласы / Страшные сказки: Город ангелов / Penny Dreadful: City of Angels

Үрейлі драманың оқиғасы 1938 жылы Лос-Анджелесте өрбиді. Қалада болған оқиға Санта Муэрте культімен және Жын ізбасарларымен байланысты болады. Шынайы оқиғалар фонында аңызбен байланысты бөтен әлемдік тылсым жағдайлар орын алады.

Премьерасы: 27 сәуір.

Мен ешқашан / Я никогда / Never Have I Ever

Оқушы қыздар туралы америкалық комедия. Басты кейіпкер – үнді қызы, өз ортасында танымал болғысы келетін жасөспірім. Алайда мінезіне бола ісі алға баспай, қиын жағдайларға ұрына береді.

Сериал Netflix сервисіне 28 сәуірде шығады.

404 код / Ошибка 404 / Code 404

Британ комедиясының сюжеті Джон Мэйор және Рой Карвер деген екі детектив төңірегінде өрбиді. Олар арнайы тергеу бөлімінің үздік мамандары. Бір күні олардың астыртын операциясы іске аспай, Мэйорға оқ тиіп, қаза табады. Оның бөлімі осындай бағалы қызметкерден айырылғысы келмейді. Сол себептен оны тірілтуге арналған экспериментке келіседі. Мэйордың денесіне оның санасының цифрлық көшірмесі енгізіледі. Бірақ технология әлі де шикілеу, сондықтан Мэйордың бойынан қателіктер байқалады.

Премьерасы: 29 сәуір.

Құрбан кім / Игра в жертву / Shui shi bei hai zhe

Тайванда түсірілген триллер. Жан түршіктірер бірнеше кісі өлімі болады. Құрбандардың денесі қатты зақымданғаны соншалықты, олардың кім екенін анықтау мүмкін емес. Полиция маньякты іздеуге шығады. Аспергер синдромы бар сотмед сарапшысы осы оқиғаларға қызының қатысы бар екенін біліп, бұл істі өзі тергемек болады.

Премьерасы: 30 сәуір.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

24 сәуір:
– «Өмірден кейін» / «После жизни» / «After Life»; драма, комедия (Ұлыбритания): 2 маусым;
– «Сүңгуір қайық» / «Подводная лодка» / «Das Boot»; драма, әскери (Германия): 2 маусым.

Соңы.

Бөлісу
  • 3
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған