Мамырда кезекті маусымын ұсынатын сериалдардан гөрі, жаңадан шығатындар көп. Біз сізді барлығымен таныстыруға тырысамыз. Бірнеше бөліктен тұратын шолуымыздың алғашқысын оқыңыз.

Талпыныс / Попытки / Trying

Apple TV + платформасына арналған британ комедиясы. Сюжеті Никки және Джейсон есімді ерлі-зайыпты туралы. Олар балалы болғысы келеді, бірақ денсаулығына байланысты ол мүмкін емес. Кейіпкерлер бала асырап алмақ болады. Бірақ бұндай қадамға бару үшін де біраз дайындық керек: туыстармен, достармен ақылдасу керек, зиянды әдеттерден арылу керек, әлеуметтік қызметкерлердің көңілінен шығу керек.

Премьерасы: 1 мамыр.

Бетти / Betty

Кристал Мозеллдің 2018 жылғы «Скейт-асүй» көркем фильмі бойынша түсірілген сериал. Жасөспірімдерге арналған комедия Нью-Йоркте тұратын жас қыздар туралы. Олар еркектерге арналған спорт деп есептелетін скейтбординг әлемінде өз орнын табуға тырысады.

Премьерасы: 2 мамыр.

Жүктеу / Загрузка / Upload

Amazon Prime Video платформасына шығатын сатира бағытындағы фантастикалық сериал. Сюжетте болашақ әлем көрсетіледі. Адамдар санасын өзі қалаған әлемге жүктеуді үйренген. Егер ол өліп қалса, санасы виртуал дүниеде оянады. Кенеттен қайтыс болған Натан есімді кейіпкер өзі қалаған жұмақ әлемге тап болып, бұл жерде Нора деген қызды кездестіреді.

Премьерасы: 2 мамыр.

Голливуд / Hollywood

Netflix-те шығатын мини-сериал. Жобаны «Американың хоррор оқиғасы», «Америкалық қылмыс оқиғасы» секілді антологияларды жасаған Райан Мерфи түсірді.

Сюжеті 1940 жылдары Голливудта өрбиді. «Алтын ғасыр» деп саналған заманның кейіпкерлері карьера құрып, кино әлемінен өз орнын табуға талпынады. Олардың арасында Рок Хадсон секілді өмірде болған актерлер де бар.

Премьера: 2 мамыр.

Валерия / Valeria

Испанияда түсірілген драма Валерия есімді кейіпкердің өмірін баяндайды. Оның жұмысы алға баспай, отбасы өмірі де қиын жағдайға тап болған. Өміріне оң өзгеріс енгізу үшін құрбыларының көмегіне жүгінеді. Осыдан кейін төрт келіншек махаббат пен достықтан, қызғаныш пен опасыздықтан, уайым мен қуаныштан тұратын жаңа оқиғаларға ұрынады.

Көрермендер бұл сериалды Netflix сервисінен 8 мамырдан бастап көре алады.

Күннің қарсы беті / Солнечные противоположности / Solar Opposites

«Рик пен Морти» авторлары жасаған анимациялық веб-сериал. Hulu платформасынан көрсетілетін комедия бөгдепланеталық отбасы туралы. Күйреп жатқан өз планетасынан қашып, олар Жерге құлайды. АҚШ-тың бір провинциясына орналасып, жергілікті өмір салтына бейімделуге тырысады.

Премьерасы: 9 мамыр.

Эдди / Водоворот / The Eddy

Өндірісіне Дэмьен Шазелл («Ла-Ла Ленд») атсалысқан мини-сериал форматындағы музыкалық драма. Netflix тапсырысымен түсірілген жоба Эллиот Удо деген Нью-Йорктың джаз пианисті туралы баяндайды. Ол ісі тұралай бастаған клубты басқарады және сонда жұмыс істейтін музыкалық топқа жетекшілік етеді. Бір күні бизнес-серіктесі оның сыртынан жасырын тірлік жасап жүргенін біледі.

Премьерасы: 9 мамыр.

Кезекті маусыммен шыққан сериалдар:

4 мамыр:
– Миллиардтар / Миллиарды / Billions; драма (АҚШ): 5 маусым

8 мамыр:
– Беймәлім аймақ / Слепая зона / Blindspot; драма, қылмыстық, детектив (АҚШ): 5 маусым

9 мамыр:
– Мен үшін өлі / Мертв для меня / Dead to Me; комедия (АҚШ): 2 маусым

Жалғасы бар…

Бөлісу
  • 2
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған