Осы бөлікте Николь Кидман, Марк Руффало, Джуд Лоу, Эль Фаннинг пен Николас Холт секілді жұлдыздардың қатысуымен түсірілген жаңа сериалдар туралы айтамыз. Сонымен қатар Пон Джун-хоның 2013 жылы шыққан әйгілі картинасының ремейкі де бар.

Шегініс / Отыграть назад / The Undoing

Джин Ханфф Корелиц деген америкалық жазушының романы желісімен түсірілген теледрама. Басты рөлде Николь Кидман ойнайды.

Басты кейіпкер Грейс Сакс – Нью-Йоркта тұратын бақытты әйел және табысты психотерапевт. Бірнеше аптадан кейін отбасы бақыты туралы оның алғашқы кітабы жарық көреді. Алайда кенеттен оның күйеуі жоғалып кетеді де ертегі секілді өмірі бір күнде күйрейді.

Премьерасы: 12 мамыр.

Бұның рас екенін білемін / Я знаю, что это правда / I Know This Much Is True

Бұл драмада Марк Руффало бірден екі рөлді ойнайды. Ол қоятын образдар – егіз Доминик пен Томас. Бір сыңары параноид шизофрениясымен ауырады. Оқиғасы ХХ ғасырдың басында Америкада өрбіп, сатқындық, кек және кешірім тақырыптарын қозғайды.

Мини-сериал форматындағы жоба Уолли Ламбтың аттас романы бойынша түсірілген. Премьерасы: 12 мамыр.

Үшінші күн / Третий день / The Third Day

Джуд Лоу қатысқан британ-америкалық драма. Сюжетте Сэм есімді ер адам бір құпия аралға келеді. Бұнда тұратын адамдар өзгелерге ұқсамайтын дәстүрді ұстанады. Олардың жөн-жоралғысын көргеннен кейін Сэм баяғыда ұмыт болған зақымын еске түсіреді. Көп кешікпей шынайылық пен қиял арасындағы шекара жоғалады.

Премьерасы: 13 мамыр

Ақ сызықтар / Белые линии / White Lines

Netflix платформасында шығатын британ-испан детективі. Сюжетте әйел Ибицаға келіп, 20 жыл бұрын осында жоғалып кеткен бауырының ісін зерттейді. Бауыры кезінде танымал ди-джей болған еді. Оның мүрдесі енді табылып отыр.

Премьерасы: 15 мамыр.

Ұлы / Великая / The Great

Тарихи драма император әйел Екатерина II-нің жас кезін суреттейді. Бойжеткен орыс патшасы Петр ІІІ-ге тұрмысқа шығып, православие қабылдайды. Алайда көп кешікпей күйеуінің бойындағы адамдық қасиетінен де, билеуші қасиетінен де көңілі қалады.

Сериалда басты рөлдерде Эль Фаннинг пен Николас Холт ойнайды. Премьерасы: 15 мамыр.

Шырақтар / The Luminaries

Мини-сериалдың оқиғасы 1860 жылдары Жаңа Зеландияда өрбиді. Алтын дүрлікпесі қызып тұрған шақ. Алтын іздеуші қайтыс болып, оның лашығынан мол қазына табылады. Бұл өлімнен кейін құпия оқиғалар тізбегі басталып, басты кейіпкер – жас қазына іздеуші Уолтер Муди осы оқиғаларға ұрынады.

Қызық оқиғалы драма 17 мамырда жарық көреді.

Кайфтаун / Hightown

Қылмыстық драма Провинстаун деген қалашықта балық аулауды бақылау қызметінің офицері Джеки Куинонс төңірегінде өрбиді. Ол жұмысына берілген жандардың қатарынан емес, тұрақты айлық үшін ғана осында жүр десе де болады. Пистолеті мен төсбелгісін сұлуларға қырындау үшін пайдаланады. Бір күні бәрі өзгереді – Джеки қыздың мәйітін тауып алып, героин эпидемиясына ұрынады.

Премьерасы: 18 мамыр.

Қар бұзар / Сквозь снег / Snowpiercer

Пон Джун-хоның 2013 жылы шыққан әйгілі картинасының ремейкі. Сюжеті түпнұсқа картинамен бірдей: болашақта Жер бетінде мұз дәуірі орнап, аман қалған адамдар өмірі тоқтамайтын жүрдек пойыздың ішінде бас сауғалайды. Пойыз құрамы әлеуметтік топтарға жіктелген. Соңғы вагондарда жұмысшылар, кедейлер өмір сүреді, ал байлар – алдыңғы вагондарда. Әлеуметтік теңсіздіктерге шыдай алмаған тұрғындар көтеріліс бастайды.

Премьерасы: 18 мамыр.

Жалғасы бар…

Бөлісу
  • 3
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған