2020 жылы шілдеде шығатын сериалдар

Шілдеде шығатын жаңа сериалдардың басым бөлігін стриминг-сервистер ұсынады. Сіздерді Netflix, HBO Max, Apple TV+ өнімдерімен таныстырамыз.

Қарғыс: Әлқисса / Проклятие: Начало / Ju-On: Origins

Жапонның атақты хоррор-франшизасына жаңа дем беріліпті. Енді бұл жоба Netflix-те мини-сериал форматында жарық көреді. Жобаның сценарий авторлары – тағы бір танымал хоррор-франшиза – «Шеңбер/Қоңырау» («Ringu») авторлары.

Сюжет Харука Хондзе деген актриса төңірегінде өрбиді. Бір күні үйінен әлдекімнің жүргенін, біртүрлі дыбыстар естиді. Харука психоэнергия зерттеушісінің көмегіне жүгініп, тылсым құбылыстың мәнін ұқпақ болады.

Премьерасы: 3 шілде.

Жауынгер-монах әйел / Монахиня-воин / Warrior Nun

Аттас комикс желісімен түсірілген Netflix ұсынған фантастикалық боевик. Сюжетте 19 жасар қыз моргта оянады. Оған өмір сүруге екінші мүмкіндік ашылып, тіпті ерекше қабілетке де ие болады. Енді ол – Жер бетіндегі жын-перілермен күресетін ежелгі орденнің мүшесі.

Премьера: 3 шілде.

Бала бағушылар клубы / Клуб нянек / The baby-sitters club

Netflix-тің отбасылық комедиясы он үш жасар қыз балалар туралы. Олар қала түбінде тұрады және бос уақытында бала бағып табыс табады. Олардың өмірінде жасөспірімге тән оқиғалар жетерлік: достасады, ғашық болады, ұрысып, кейін қайта татуласады, ата-анасымен келіспей қалады, сабақ оқиды. Ал бала бағу дағдыларын үйренуге Google көмектеседі.

Премьерасы: 4 шілде.

Мейілінше жақын / Достаточно близко / Close Enough

HBO Max сервисінің анимациялық комедиясы қарапайым отбасы туралы: күйеуі, әйелі және кішкентай қыз. Олар күн сайын тұрмыстың түрлі мәселелеріне ұрынады: жұмыс, достар, бала тәрбиесі, уақыт тапшылығы, зұлым опоссумдар, алып өрмекші-мутанттар, аруақтар, клоун-стриптизерлер мен жеңіл есірткінің әсерінен болған елестер. Бұл отбасыны үлгілі деу қиын, дегенмен олар мейілінше тырысады.

Премьерасы: 10 шілде

Кішкентай дауыс / Голосок / Little Voice

Apple TV+ ұсынған музыкалық драмада 20 жастағы бойжеткеннің өмірі баяндалады. Бесс бала кезінен музыканы сүйіп өсті, есейгенде өмірі сахнамен тығыз байланысты болады деп ойлады. Алайда бәрі өзі ойлағандай болмады. Реті келсе шағын клубтарда өнер көрсетеді, нәпақасын репетиторлықтан тауып жүр. Үлкен зал, хит-парадтағы алдыңғы орын, платина күйтабақ – бұның бәріне бойжеткен енді қол жеткізе алмайтындай көрінеді.

Премьерасы: 11 шілде.

Сондай-ақ 4 шілдеде «Ханна» / «Ханна. Совершенное оружие» / «Hanna» триллерінің 2 маусымы шығады.

Жалғасы бар…

Бөлісу
  • 4
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған