Тамызда шығатын сериалдар саны жағынан көп емес. Дегенмен назар аударуға тұрарлық жобалар да бар. Соның ішінде франко-кубалық-америкалық жазушы Анаис Ниннің «Кішкентай құстар» эротикалық әңгімелер жинағының желісімен түсірілген драмаға, Джейсон Судейкис ойнаған Apple TV+ сервисінің комедиясына және өндірісіне Джей Джей Абрамс пен Джордан Пил қатысқан фантастикалық триллерге назар аударуды ұсынар едік.
Бүгінгі Маппеттер / Маппеты сегодня / Muppets Now
Классикалық телешоудың жалғасы. Қысқаметраж эпизодтардан құралған сериалда көңілді қуыршақтар шоу-бизнестің танымал тұлғаларымен кездеседі. Шоу Disney+ стриминг-сервисінен көрсетілмекші. Алғашқы маусым 6 эпизодтан тұрады деп хабарланды. Премьерасы: 1 тамыз.
Кішкентай құстар / Маленькие пташки / Little Birds
Сериал оқиғасы 1955 жылы Танжерде өрбиді. Бір-біріне ұқсамайтын екі әйелдің тағдыры тоғысады. Америкалық Люси Мароккоға келеді. Ол болашақ жарымен бірге ережелер мен шарттардан қашып келген. Оның сүйгені – ағылшын лорды Люси мен танжерлік еркектің біреуіне таңдау жасауы тиіс. Ал осы қалада тұратын жезөкше Шерифа осы кезде төңірегіндегі әлемді өзгертіп, өз тәуелсіздігі үшін күресіп жатады.
«Кішкентай құстар» франко-кубалық-америкалық жазушы Анаис Ниннің эротикалық әңгімелер жинағының желісімен түсірілген. Премьерасы: 4 тамыз.
Стартрек: Төменгі палуба / Звездный путь: Нижние палубы / Star Trek: Lower Decks
Оқиғасы «Стартрек» франшизасының әлемінде өрбитін анимациялық сериал. Сюжеті 2380 жылы өрбиді. Капитан Фриман және оның командасы Жұлдызды флоттың ең пайдасыз және мәні жоқ кемесімен алыс сапарға аттанады. Оларға ең лас, ешкім орындамайтын тапсырмалар жүктеледі.
Премьерасы: 7 тамыз.
Тед Лассо / Ted Lasso
Джейсон Судейкис ойнаған Apple TV+ сервисінің комедиясы. Басты кейіпкер – колледждің футбол командасын жаттықтыратын Тед Лассо. Оған Англиядан ұсыныс түсіп, жергілікті командаға бапкер болуы керек. Бірақ бір проблема бар. Тед – америкалық футбол маманы, классикалық футболдан түк хабары жоқ.
Премьерасы: 15 тамыз.