Зак Снайдердің лигасы: күтуге лайық па?

«Snyder’s Cut» – соңғы айларда кинокомикс фанаттарын елеңдетіп отырған маңызды жаңалық. Әңгіме DC кинематография ғаламының 2017 жылы шыққан «Әділет лигасы» / «Justice League» картинасы туралы. Оқиғаның қызығы мынада – фильмнің өзінен гөрі, сол фильмді түсіруге қатысты, жобаның өндірісі төңірегіндегі әңгімелер көбірек қызығушылық тудырды.

Жақында күттірген алғашқы ролигі де көпшілікке ұсынылды.

Әлқисса

«Әділет лигасы» – DC киноғаламының бесінші фильмі және «Бэтмен Суперменге қарсы» фильмінің тікелей жалғасы. Осы киноғаламды дамыту жұмысының басы-қасында жүрген Зак Снайдер «Әділет лигасын» түсіріп бастап еді. Түсірілім кезеңі аяқталып та қалған болатын. Сол кезде Снайдердің отбасында қайғылы оқиға – қызы өзіне қол жұмсап қайтыс болады. Режиссер осы ауыр кезеңді отбасының қасында өткізгісі келетінін айтып, жобадан кетеді. Warner Bros. студиясы жұмысты аяқтауға басқа адам қарастырып, ақыры Джосс Уидонды («Кек алушылар», «Кек алушылар: Альтрон дәуірі») бекітеді. Оған қосымша көріністерді түсіру, сценарийді аздап түзету және постпродакшен жұмысы тапсырылады.

Бастапқыда Зак Снайдер жасап кеткен тірлікті соңына дейін жеткіземіз деп жоспарланғанымен, барлығы жаңа режиссер келісімен түбегейлі өзгереді. Қосымша түсірілім емес, қайта түсірілім болады деген хабар тарайды. Шынымен де Уидон жобаға өз көзқарасын енгізеді, сценарийдің тең жартысын түзетеді, тіпті түс коррекциясы мен атмосферасы да біраз өзгереді. Былайша айтқанда Зак Снайдер бірнеше жылын жұмсап құрған киноәлемнің тас-талқаны шығып, концепция басқа арнаға бұрылады.

Бірақ студия бәрі жақсы дегенінен танбайды. Тіпті Снайдердің тұнжыраған атмосферасын өзгерттік, диалогтарға әзіл қостық, сюжетін кішкене ашық-жарқын қыламыз деп мәлімдейді. Фильмнің қандай болып шыққанын көрермен жақсы біледі. Қайта түсірілімнің кесірінен өндіріс бюджетінің өзі 300 млн долларға өсіп, шығынды ақтау мүмкіндігін жоққа шығарды десе де болады. Оған маркетинг шығындарын қосыңыз. Шынымен де фильм прокаттан лайықты касса жинай алмады (657 млн). Оның үстіне біраз сынға да ұшырады.

«Уидон кет!» 

Басшылық Досс Уидонға тым көп үміт артқан сияқты көрінді. Иә, ол «Кек алушыларды» сәтті іске асырды, бірақ әр компанияның өз саясаты бар, ұзақмерзімді жоспарлары мен концепциясы бар. Оған орта жолдан кіріп, үйлесіп кету де оңай емес шығар. Ол аз десеңіз Уидон киноғаламның жалпы концепциясынан тайқып, өз қолтаңбасын көрсетуге тырысты.

Шынын айту керек «Әділет лигасы» қажетсіз сюжет желілерінен, тым көп компьютерлік графикадан құралған қойыртпақ ботқа болып шықты. «Кек алушылар» секілді тұтастық байқалмады.

Жалпы DC киноғаламы бұған дейін де оңып тұрғаны шамалы еді. Прокаттағы сәтсіздіктері, сыншылардың төмен рейтингі аздай, Уидонның режиссерлігінен кейін бірнеше жылға жоспарланып қойылған киноғаламның концепциясы тас-талқан болды. Оны Warner Bros. студиясы да мойындады. Қазіргі әр кейіпкерге арналған бөлек-бөлек фильмдер, бір-біріне сюжеттік тұрғыда қатысы жоқ, параллель жасалып жатқан жобалар («Джокер«, «Бэтмен», «Шазам«, т.б.) сәтсіз шыққан «Әділет лигасының» кесірінен болған өзгеріс нәтижесі.

«Әділет лигасы» туралы көп айтылды, көп нәрсе уәде етілді. Ақырында көпшілік қабылдай алмады, тіпті көп нәрсені кешіруге дайын фанаттар да. Осыдан туған негативтің бәрі Джосс Уидонға жауды. Енді логикаға салсақ Marvel-дің киноғаламына бәсеке болуы тиіс ауқымды киноконцепцияның күйреуіне Уидон кінәлі болып шыға келді.

Джосс Уидон нұсқасының кадры

«Снайдер кел!»

Қалың көрермен Зак Снайдердің өз «Әділет лигасы» бар деп есептейді. Яғни ол түсіріп кеткен материалдар бір жерде сақтаулы және одан тәп-тәуір фильм шығады. Warner Bros. студиясы Снайдердің нұсқасы туралы ақпардың бәрін жоққа шығарып келді. Шынымен де бұған тек наразы фанаттардың орындалмас арманы деп қарауға болар еді. Кенеттен… 2020 жылы мамырда Снайдердің режиссерлік нұсқасы шығады деп мәлімделді.

Режиссердің айтуынша 2016 жылы өзі түсіріп кеткен материалдан 4 бөлімнен тұратын мини-сериал құрастырылады. Монтажы, музыкасы жаңадан жасалады, жаңа визуал эффектілері қосылады. Уидонның нұсқасындағы кейбір кейіпкерлердің түрі өзгертіледі. Яғни Снайдер өзі қалаған, бірақ іске аса алмай қалған образдарды жаңғыртпақ. Бұған қосымша 20-30 млн доллар жұмсалады. Десек те студия Снайдерге қосымша түсірілімдер жасауға рұқсат етпепті. Оның үстіне араға жылдар салып бұрынғы актерлерді қайтару да оңай шаруа емес.

Сонымен «Zack Snyder’s Justice League» 2021 жылы HBO Max платформасында көрсетіледі.

Зак Снайдер нұсқасының трейлерінен алынған кадр

Кім кінәлі?

Бұл жерде ұтатын да, ұтылатын да Warner Bros. компаниясы. Зак Снайдердің жобадан кетуі тегін емес секілді. Кейбір инсайдерлік ақпарат тарататын сайттар студияның ішкі ахуалы мәз емес дегенді жазып жүрді. Режиссердің киножобаға қатысты өз көзқарасы мен жоспары болған және ол компания басшылығының жоспарымен сәйкеспеген. «Әділет лигасына» қатысты да режиссер мен студия арасында түсініспеушілік болған екен. Снайдердің қызы қайтыс болғанда, режиссер осы жағдайды уәж ретінде сәтті пайдаланып, жобадан бас тартады. Режиссер осындай шешімге қызы қайтыс болған сәтте емес, арада екі ай өткен соң келгенін ескерсек – отбасындағы қайғы (бірінші некесінде болған) жобадан өз еркімен, болмаса студияның қысымымен бас тартудың себебі болды деп пайымдауға негіз бар.

Арадағы келіспеушіліктің кесірінен фильмнің ойдағыдай болмайтынын да басшылық анық түсінеді. Түсінеді де кінәні артып тастауға болатын «оңбағанды» іздейді. Джосс Уидон осы рөлді артығымен орындап, болашақ жоспарларды да күйретіп кетті (саналы әлде бейсаналы түрде).

Осылайша Warner Bros. пікірі сәйкеспеген Снайдерден де құтылды, жобаны «ағызып жіберетін» адамды да тапты. Ұтты деңіз. Бірақ қырғын шығынға батты – ұтылды. Енді Снайдерді қайтарып, оның нұсқасын шығармақшы. Бір жағынан – фанаттардың алғысына бөленеді, екіншіден – шығынды қайтарып алуға тырысады.

Студия осыған дейін Снайдердің нұсқасы деген жоқ деп келген еді. Енді фанаттардың тілегін орындаймын деп сөзінен жаңылып отыр. Басшылықтың бұлай екі сөйлеуі «Әділет лигасы» төңірегінде болған біраз проблеманы растай түсетін секілді.

Warner bros. көрермен алдында ұпай жинаймын деп жүріп енді Пандора жәшігін ашып алған секілді. Петициямен дегенін істетуге болатыны білген көрермен болашақта сәтсіз шыққан әр фильмнің жаңа нұсқасын талап етпесіне кім кепіл?

Әу бастан-ақ жобаның басы-қасында жүргендердің әңгімесі жараспағанын ескерсек, түсірілген материалдан, мейлі ол Снайдердің жұмысы болсын, Уидонның жұмысы болсын – лайықты өнім шыға алмаған соң, аяқсыз қалған, бірнеше рет өзгертілген жобадан дәл қазір лайық дүние шығады дегенге сену қиын. «Snyder’s Cut» жай ғана маркетинг мақсатындағы жалаң сөз деңгейінде қалатын секілді.

P.S. Мақаладағы пайымдар ешқандай да тұжырым емес екенін ескерткіміз келеді. Автордың жеке ойы мен болжамы ғана.

Бөлісу
  • 4
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған