Онлайн: Абай туралы фильмдер

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған фильмдер топтамасын жасадық. Бұл фильмдер Абай өмірінің түрлі кезеңдерін суреттейді, оның шығармаларымен таныстырады. Топтама қазақтың бас ақынының дүниесі жайында, ол қалдырған мол мұрасы туралы толық картина қалыптастыруға себепші болады деп үміттенеміз.

Абай туралы алғашқы фильм 1945 жылы шықты. Қазіргі «Қазақфильмнің» алдында Алматы көркем және хроникалық фильмдер студиясы болған еді. Осы студияда Григорий Рошальдің және Ефим Аронның режиссерлік етуімен Мұхтар Әуезовтың романының желісімен «Абай әндері» картинасы түсірілді.

Фильмде Абай адал махаббаттың арашашысы ретінде көрінеді. Өзінің сүйгенін, көрші ауылдың жесірін ұрлап әкеліп үйленіп, Айдар ата салтын бұзады. Абай ақсақалдар кеңесінде өз махаббаты үшін ата дәстүрін бұзуға мәжбүр болған Айдар әрекетін ақтап шығады. Халық махаббатына бөленген Абайдың достары көп. Бірақ дұшпандары да аз емес. Ерден бай мен діндар Шәріп Абайды халықпен араздастырып қоюға әрекет жасайды. Мақсатына жете алмаған Шәріп ақыры у беріп, Абайды өлтіріп тынады.

Сценарийін Мұхтар Әуезов, музыкасын Латиф Хамиди жазды. Абай рөлін Қалыбек Қуанышбаев сомдайды.

Ардақ Әмірқұловтың «Абай» деген екі бөлімді фильмі 1995 жылы жарық көрді. Бұл да Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының желісімен түсірілген. Сюжетте ХІХ ғасырдағы қазақ даласының өмірі, тұрмысы суреттеледі, қазақ қоғамындағы рулық және адами қарым-қатынастар көрсетіледі. Экранда баяндалған оқиғалар жас Абайдың тұлға болып қалыптасуына, шығармашылық өміріне әсер етеді.

Жас Абайды Ғабиден Тұрықбаев, әкесі Құнанбайды Тұңғышбай әл-Тарази ойнайды. Картинаның өндірісіне Қазақстан мен Франция атсалысқан.

Қоғамда Абай мен әкесі Құнанбай арасындағы қарым-қатынас ерекше талқыланады. Мұхтар Әуезовтың шығармасында да бұл тақырыпқа көп көңіл бөлінген. Қазақ ойшылының қалыптасуына әкесі де біраз ықпал еткенге ұқсайды. Құнанбайды тану арқылы Абайдың де дүниесіне терең үңілуге болады.

Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» (2015) драмасы осы мәселеге жауап іздеуге біраз септігін тигізетін секілді. Картина атақты дала кемеңгері, қарадан шығып хан атанған Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды.

Құнанбайға ел билеу ісі, одан қалды ағайын арасындағы шиеленістер мен ру аралық дау-шарларды шешу оңайға түскен жоқ. Сондай сәттерде ол қашан да әділетке жүгінді. Құнанбай өз халқының жанашыр перзенті ретінде қалың бұқара алдындағы қарызы мен парызын терең түсінді. Ол баласы Абайдан мол үміт күтті. Оны ел жастайынан ел билеу ісіне баулыды. Алайда Абай (Ибраһим) әкесі күткен межеден асып түсті. Жастайынан жанына терең ойды серік еткен Абай туған халқының данышпан перзентіне айналды. Көп жыл өткеннен кейін Абай әкесін түсіне бастады.