Ахмет Байтұрсынов туралы фильмнің түсірілімі басталды

Алматыда «Соңғы үкім» фильмінің түсірілімі басталды. Фильм қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері және саяси публицист Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған.

Түсірілім тобын Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмурзин басқарады. Нұрмұхамбетов «Жаңғақ тал» фильмі үшін Пусан халықаралық кинофестивалі (Оңтүстік Корея) «Жаңа ағымдар» секциясының гран-при иегері. Режиссердің «Уақыт жолдары» деген соңғы картинасы биыл Францияда прокатқа шықты. Оның серіктесі Ерген Тоқмурзин көптеген деректі фильмдердің қоюшы режиссері болған.

Картинаның сюжеті Ахмет Байтұрсыновтың өмірінің барлық кезеңін қамтиды. Басты рөлде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды. Сондай-ақ картинаға Назгүл Қарабалина, Александр Багрянцев және Ерлан Кәрібаев түседі.

Түсірілімнің негізгі локациялары – Алматы қаласында және Шығыс Қазақстан облысында. Қоюшы оператор – Марс Омаров. Бас продюсер – Дастан Атығаев. Сценарий авторы – Ғалым Доскен.

Жаңа жылға дейін авторлар 14 ауысымды түсіруді жоспарлап отыр. Фильмнің негізгі бөлігі келесі жылы түсіріледі.

Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен шығарылуда. Өндірісімен «Folklore media» компаниясы айналысады.