21 қаңтар премьералары

Аптаның басты премьерасы – Disney/Pixar студиясының «Жан» мультфильмі. Кинотеатрдан қазақша дубляждалған нұсқасын көруге болады.

Жан / Душа / Soul [6+]

Disney/Pixar студиясының мультфильмі еліміздің кинотеатрларына қазақша дубляжбен шығады. Музыкаға, мейірімге және қызық оқиғаларға толы анимациялық картина мектепте музыкадан сабақ беретін орта жастан асқан Джо Гарднер туралы. Ол өмір бойы джаз ансамблінің құрамында сахнада өнер көрсетуді армандап келген еді. Күндердің күнінде атақты әншінің көзіне түсіп, онымен бірге сахнаға шығатын болады. Көшеде бақыттан басы айналып келе жатқанда құдыққа түсіп кетіп, қайтыс болады. Оның жаны о дүние алдындағы аралық әлемге тап болады. Бұл жерде жаңа жандар пайда болып, болашақ адамдардың арманы мен қызығушылығы қалыптасады. Өзін тапқан жан осы жерден Жерге аттанады. Джо 22 деген реттік саны бар, бірнеше ғасырдан бері бойынан арман отын таба алмай келе жатқан қырсық жанға тәлімгер болады.

Әнші құс / Птица в клетке. Заражение / Songbird [16+]

Бұл триллердің сюжеті қазіргі пандемия тақырыбына сай келетін секілді. Оқиғасы 2024 жылы өрбиді. Әлемді қауіпті вирус жаулаған. Індетке шалдыққандарды күштеп алып кетіп, карантин лагерлеріне тоғытады. Нико деген курьердің ауруға қарсы иммунитеті бар. Алайда сүйгені Сара вирус жұқтырып алады. Енді Нико әскерилер келмей тұрып, Сараны құтқаруы керек.

Астрал. Онлайн / Host [16+]

Screenlife форматында түсірілген үрейлі фильм, яғни оқиғасы монитор алдындағы кейіпкерлер арқылы баяндалады. Достар онлайн түрде спирит сеансын өткізіп, аруақтарды шақырмақ болады. Осыдан кейін олардың өмірінде тылсым, қорқынышты жағдайлар басталады.

Бұлардан бөлек «Қала күні» / «День города» деген ресейлік комедия прокатқа шықты.

14 қаңтар премьералары: қайсар қыздар уикенді

Осы аптаның премьералары әйел кейіпкерлерімен ерекше: біреуі кек алушы, екіншісі сырқатымен күресуші, үшіншісі өгей ұлын аруақтардан құтқарушы және тағы біреуі Садакомен күресуші.

Болашағы бар қыз / Девушка, подающая надежды / Promising Young Woman [18+]

Британ кинематографшысы Эмиральд Феннелдің триллері беделді университетте оқитын сұлу, ақылды, болашағынан зор үміт күттіретін бойжеткен туралы. Оның келешегі алдын ала айқындалып қойғандай еді. Бірақ бір қайғылы оқиға оның өмірін өзгертеді. Енді қыз кек үшін өмір сүреді.

Фильмнің әлемдік премьерасы «Сандэнс» кинофестивалі аясында өтті. Кейін «Sunset Film Circle Awards» жүлдесінің үш номинациясын жеңіп алды (үздік фильм, үздік актриса, үздік режиссер) және Лос-Анджелес киносыншылар ассоциациясының екі жүлдесіне (үздік актриса, үздік сценарий) ие болды. Басты рөлде Кэри Маллиган («Ұлы Гэтсби») ойнайды.

Құдай күте тұрады / Небеса подождут / Gott, du kannst ein Arsch sein [16+]

Неміс режиссері Андре Эркаудың мелодрамасы 16 жастағы Штеффи деген қыздың басынан өткен оқиғасын баяндайды: алғашқы махаббат, мектеппен қоштасу, сыныптастармен бірге Парижге сапар. Алайда дәрігерлердің кесімінен кейін бұның бәрінен бас тартуға тура келеді. Штеффи ауруханада жатып емделуі керек. Бірақ адамға өмір бір рет беріледі, жастық шақ та енді қайтып келмейді.

Басқа дүние / Заклятье: Другая сторона / Andra sidan [18+]

Швед хоррорының сюжеті жеті жасар баланың төңірегінде өрбиді. Әкесі іссапарға кеткеннен кейін оның үйінде біртүрлі оқиға басталады. Лукас «басқа әлемнің» баласымен достасады. Көп кешікпей ол жоғалып кетеді. Ал өгей анасы ұлды табу үшін басқа дүниеге енуге мәжбүр болады.

Садако / Звонок. Последняя глава / Sadako [18+]

Кішкентай қызын өлтірмек болған әйел пәтерін өртейді, алайда өзі қайтыс болады. Аман қалған қызды әлдекімдер тауып алып, психолог Маю Акикаваға тапсырады. Сөйлесе келе Маю кішкентай қыздың бойынан ерекше қасиет байқайды – ол аруақтармен байланысқа түсе алады. Фильм әйгілі жапон «Ringu» хоррор-франшизасының жалғасы.

7 қаңтар премьералары: Вуди Аллен мен Ғажап әйел

Осы аптаның басты премьералары – DC-дің «Ғажап әйел 1984» блокбастері мен Вуди Алленнің «Рифкин фестивалі» комедиясы. Сонымен қатар бірнеше хоррор-фильм бар.

Ғажап әйел 1984 / Чудо-женщина: 1984 / Wonder Woman 1984 [12+]

DC комикстеріне негізделген блокбастер 2017 жылы шыққан бірінші бөлімнің оқиғасын әрі өрбітеді. Фильм сюжеті 1980 жылдардың ортасында өтеді. Максвелл Лорд (Педро Паскаль) деген бизнесмен ерекше күш беретін сиқырлы артефактіні іздейді. Ол мақсатына қол жеткізу үшін Барбара Энн Минерва (Кристен Уиг) деген археологтың көмегіне жүгінеді. Артефактілердің бірі Минерваны Гепардаға айналдырып жібереді де, бұған ашуланған әйел Максвеллден өш алмақшы болады. Ол Диана Принстен (Галь Гадот) көмек сұрауға мәжбүр болады. Есесіне бизнесмен оған ғашығы Стив Треворды (Крис Пайн) тірілтіп беруге дайын.

Рифкин фестивалі / Фестиваль Рифкина / Rifkin’s Festival [16+]

Вуди Алленнің жаңа режиссерлік жұмысы Сан-Себастьянға арналады. Бұл шуақты Испанияның жағасында орналасқан, романтикалық көңіл-күй сыйлайтын және мыңдаған адамды, жарқыраған киножұлдыздарды жинайтын әлемдік кинофестивалі бар әдемі қала. Негізгі оқиға кино сиқырына еліткен ерлі-зайыптының төңірегінде өрбиді.

Бір қызығы бұл фильмнің әлемдік премьерасы Сан-Себастьян кинофестивалінде өтті.

Бастау / Проклятие монахини Роуз / The Dawn [16+]

Америкалық үрейлі фильм Роуз деген қыздың басынан өткен оқиғасын баяндайды. Әкесі есінен алжасып, бүкіл отбасын қырып тастаған, кейін өзін өлтірген. Аман қалған жалғыз Роуз осыдан кейін монастырға орналасады. Әйтсе де әкесін билеген жын оның соңына түседі. Монстырда жарық пен түнектің күштері бетпе-бет келеді.

Менің өлімім / С днем смерти / Death of Me [18+]

«Ара» / «Saw» франшизасының үш бөлімін түсірген Даррен Линн Боусманның қолынан шыққан тағы бір хоррор. Басты рөлдерде – белгілі актерлер Мэгги Кью мен Люк Хемсворт. Сюжетте аралдағы қонақүй бөлмесінде оянған Кристин мен Нейл деген ерлі-зайыпты туралы айтылады. Осыған дейін не болғаны екеуінің де есінде жоқ. Олар тауып алған видеожазбадан Нейл Кристинді өз қолымен өлтіріп, жерлегенін көреді. Ерлі-зайыптыны аралдың қорқынышты құпиясы мен тылсым күштің иесі күтіп тұр.

Дрон / The Drone [18+]

Комедия элементтері бар хоррорда өлген маньяктың жаны кәдімге дронға еніп кетеді. Рухы электронды құрылғыға өткеннен кейін ол жас жұбайларды қорқытуға кіріседі.

Премьералар легі бұнымен бітпейді. Отбасылық сеанстарға арналған «Рождество кота Боба» / «A Christmas Gift from Bob» британ драмасы мен әйгілі мультсериалдың толықметраж жалғасы – «Барбоскины на даче» анимациялық картинасы прокатқа шығады.

24 желтоқсан: корей киллері, сөйлейтін кенгуру, Крудстар отбасы

24 желтоқсанда Қазақстан прокатына Корей режиссері Хон Вон-чханның экшн-триллері, Лин Шэй мен Тобин Белл түскен америкалық хоррор, сөйлейтін кенгуру туралы неміс комедиясы, өрт сөндірушілер жайында ресейлік драма, DreamWorks студиясының «Крудстар» анимациялық картинасының жалғасы шықты.

Жамандықтың беті аулақ / Избави нас от лукавого / Daman akeseo guhasoseo [18+]

Корей режиссері Хон Вон-чханның экшн-триллері Ин-нам есімді кейіпкер туралы. Ол бұрын Оңтүстік Кореяның арнайы қызметінде жансыз болған, енді тапсырыспен кісі өлтіреді. Соңғы тапсырмасын орындап Панамаға кетуді ойлайды. Соңғы миссиясы – якудза басшысын өлтіру. Бір күні бұрынғы ғашығын өлтіріп кеткенін біледі. Ал кішкентай қызын әлдекімдер алып кеткен. Ин-нам баланы іздеуге шығады. Осы кезде якудза басшысының інісі кек қайтармақ болып соңына түседі.

Қоңырау / Проклятие Лауры: Завещание / The Call [18+]

Америкалық хоррордың оқиғасы 1987 жылы өрбиді. Мыстан атанып кеткен кемпірдің үйінің маңында Лаура есімді қыз жоғалып кетті деген аңыз бар. Бірде күні бір топ жас ұл-қыз әлгі кемпірдің үйіне барады. Ертесіне қария қайтыс болады да, жастарға 100 мың долларды мұра қылып қалдырады. Алайда оны алудың шарты бар: олар мыстанның телефонына қоңырау шалу керек. Осыдан кейін тозақтың порталы ашылады. Кейіпкерлер аман қалу үшін бұрын жоғалып кеткен Лаураның қарғысының құпиясын ашу керек.

Фильмнің актерлік құрамында Лин Шэй, Тобин Белл сияқты ардагерлер бар.

Кенгурудің хикаясы / Осторожно, Кенгуру! / Die Känguru-Chroniken [16+]

Герман комедиясынан анимацияланған кенгурудің басынан өткен қызықты оқиғаларды көресіз. Басты кейіпкер – Марк деген музыкант. Бір күні оның есігін сөйлей алатын Кенгуру қағады. Осы күннен бастап ол Марктің өміріне етене араласып, қызық пен ыңғайсыз оқиғаларға толы күндер басталады.

Өрт / Огонь [6+]

Константин Хабенский ойнаған Ресей драмасы. Фильмнің басты кейіпкерлері – өрт сөндірушілер мен құтқарушылар. Өзгелер үшін ерлік деп саналған нәрсе оларға – жай ғана жұмыс. Олар қиын жағдайға тап болған адамдарды құтқарады, өлімнен арашалайды, тілсіз жаумен күреседі.

Крудстар: Жаңа дәуір / Семейка Крудс: Новоселье / The Croods: A New Age [6+]

Бұл DreamWorks студиясының 2013 жылғы мультфильмінің жалғасы. Бұл жолы көне дәуірдің адамдарынан құралған отбасы жаңа баспана іздеуге шығады. Олар алғаш рет өзге отбасымен бетпе-бет келеді: Беттермандардың жағдайы жақсы, өмір салты бұларға қарағанда дамып кеткен деуге болады. Бұл ақыры текетіреске алып келеді.

Бұларға қоса прокатқа ресейлік «Полное погружение» анимациялық картинасы мен «Реальные пацаны против зомби» фантастикалық комедиясы шықты.

10 желтоқсан: Мутанттардың соңғы тұяғы және ішіп кеткен Мадс Миккельсен

Бүгін тарих қойнауына кеткен 20th Century Fox студиясының соңғы кинокомиксі кешігіп болса да прокатқа шықты. Сондай-ақ кинотеатрлардан Роберт Де Ниро, Морган Фриман, Томми Ли Джонс үштігі бас қосқан экшн-комедияны, Мадс Миккельсен ойнаған драманы, Дайан Лэйн мен Кевин Костнер түскен триллерді көруге болады.

Жаңа мутанттар / Новые мутанты / The New Mutants [16+]

Бұл 20th Century Fox студиясының (қазір бұл студия Disney құрамына енді) «Икс адамдар» киносериясына кіретін ақырғы кинокомиксы. Фильмде құпия мекемеге тап болған жасөспірімдер туралы баяндалады.

Әлдебір тылсым да күшті құйын жүріп өткеннен кейін Дэниель Мунстар аурухана төсегінде есін жияды. Бұл мекемеде одан бөлек тағы төрт жасөспірім болады. Оларға түрлі сынақ жүргізіліп, ерекше қабілетін бақылауда ұстауды үйретеді. Бұл мекеннен өз еркіңмен шыға алмайсың, ал қамаудағы балаларға шындықтан айырмасы жоқ елестер көріне бастайды.

Фильмге Блю Хант, Алиси Брага, Мэйси Уильямс, Аня Тейлор-Джой, Чарли Хитон, Генри Зага түсті.

Кері қайтатын жол / Афера по-голливудски / The Comeback Trail [16+]

Роберт Де Ниро, Морган Фриман, Томми Ли Джонс секілді Голливуд ардагерлерінің басын қосқан экшн-комедия. Сюжетте Макс Барбер есімді әккі кинопродюсер мафия боссына қарыз болып қалады. Тез арада ақша табудың бір ғана амалы бар – кино жұлдызы өліп қалса ірі көлемде сақтандыру ақысын алуға болады. Ол үшін түсірілімге жарылыс көріністері мен қауіпті трюктерді көбірек қосу керек.

Жұмысбасты / Еще по одной / Druk [18+]

Дат кинематографшысы Томас Винтербергтің картинасы қызық эксперимент өткізген төрт мұғалімнің хикаясын баяндайды. Тарих профессоры, психолог, экономист мен дене тәрбиесі мұғалімі барға барып, адам қанына алкоголь жетпегендіктен жұмыс қабілеті төмендейді деген теорияны тексеріп көрмек болады. Көп кешікпей бұл эксперимент шектен шығып кетеді.

Фильмде басты рөлдердің бірін Мадс Миккельсен ойнайды.

Оған еркіндік бер / Кровные узы / Let Him Go [18+]

Дайан Лэйн мен Кевин Костнер ойнаған қылмыстық драма ерлі-зайыпты туралы. Бұрынғы шериф Джордж бен жары Маргарет ранчода бір қалыпты өмір кешуде. Ұлының қазасы отбасындағы ахуалды өзгертеді. Ұлдан қалған немере тағдырдың жазуымен қатыгез отбасыға тап болған. Баланы қайтарып алу үшін ерлі-зайыпты бәріне дайын.

Дайан Лэйн мен Кевин Костнер осыған дейін де Супермен туралы «Болат адам» фильмінде ерлі-зайыптыны ойнаған еді.

Сондай-ақ прокатқа шыққан басқа да фильмдер:
«Дублерша» / «The Stand In» (комедия), басты рөлде: Дрю Бэрримор;
«Глубокое погружение» / «Breaking Surface» (драма, триллер);
«Бараны» / «Rams» (комедия, қызық оқиғалы, драма);
«Скуби-ду» / «Scoob!» (детектив, комедия, мультфильм, қызық оқиғалы, отбасылық);
«Линия горизонта» / «Horizon Line» (триллер);
«Вдова» (үрейлі, триллер);
«Не все дома» / «10 jours sans maman» (комедия).

3 желтоқсан: ұры Лиам Нисон мен албасты Энн Хэтэуэй

3 желтоқсанда шығатын премьералар қатарында Джейн Остин романының экранизациясы, Лиам Нисон ойнаған боевик, Роберт Земекистің мыстандар туралы фэнтезиі, жаңа есірткінің тылсым әсерін көрсететін фантастикалық триллер бар.

Эмма. / Emma. [12+]

Талантты актриса Аня Тейлор-Джойдың есімі қазір ел аузында. Әсіресе Netflix ұсынған «Патшайымның жүрісі» сериалынан кейін оның фанаттары көбейе түскен тәрізді. Енді актрисаны Джейн Остин романының экранизациясынан көреміз.

Мелодраманың оқиғасы ХІХ ғасырда Англияда өрбиді. 21 жасар Эмма Вудхаус – сұлу, ауқатты, ақылды және адамдарда тану қабілетім бар деп есептейді. Ол күйеуге ешқашан тимеймін, әкесін жалғыз қалдырмаймын деп шешеді. Жақын құрбысы тұрмыс құрып кеткеннен кейін жаңа дос табады – Гарриет деген жетім қыз. Осыдан кейін Эммаға жаңа ермек табылады – бар ақыл-айласын пайдаланып жаңа құрбысына жігіт тауып бермек болады.

Адал ұры / Честный вор / Honest Thief [12+]

Экшн киноның жұлдызы Лиам Нисон ойнаған жаңа боевик. Басты кейіпкер – кәсіби банк тонаушы. Бірақ бұл ісін тастап, тәртіпті адамға айналғысы келеді. Бірақ ұрлықпен айналыса жүріп адал болу оңай емес. Оның үстіне соңына сатқын полицейлер түседі.

Актерлік құрамда Джай Кортни, Джеффри Донован, Роберт Патрик секілді танымал актерлер бар.

Мыстандар / Ведьмы / The Witches [12+]

Роберт Земекистің отбасылық фэнтезиі ата-анасынан айырылған баланың басынан кешкен оқиғасын баяндайды. Әжесінің үйіне көшіп келгеннен кейін бұл өлкеде мыстандар өмір сүретінін біледі. Мыстандар балаларды жануарларға айналдырып жібергенді ұнатады. Бала олардан жасырынып, туысы жұмыс істейтін қонақүйде бас сауғалайды. Алайда дәл осы жерде Ең ұлы бас мыстан жасырын жын ойнақ өткізбекші.

Фильмге Октавия Спенсер, Энн Хэтэуэй, Стэнли Туччи, Крис Рок секілді жұлдыздар түсті.

Синхроник / Грань времени / Synchronic [18+]

Фантастикалық драма біртүрлі эффект беретін жаңа есірткінің салдарын баяндайды. Оны пайдаланған адамдар бірінен соң бірі өле бастайды. Жедел жәрдемнің екі дәрігері бұрын-соңды болмаған тылсым оқиғалардың куәсі болады.

Фильмде басты рөлдерді Джейми Дорнан мен Энтони Маки ойнайды.

Бұлардан бөлек бірнеше ресейлік картина, мультфильмдер прокатқа шықты:

  • «На острие» (драма, спорт); Ресей.
  • «Комета Галлея» (комедия, мелодрама); Ресей.
  • «Трое» (мелодрама, драма); Ресей.
  • «Кольская сверхглубокая» (триллер, үрейлі); Ресей.
  • «Изгоняющий дьявола: Инсомния» / «Awoken» (үрейлі); Аустралия.
  • «Повелитель драконов» / «Dragon Rider» (мультфильм); Германия.
  • «Союз зверей: Спасение двуногих» / «Pets United» (мультфильм); Германия, Қытай.

26 қараша: корей зомби-хорроры, Роберт Де Ниро, қара нәсіл Питер Пэн мен Алиса

Түбек / Поезд в Пусан 2: Полуостров / Bando [18+]

Оңтүстік Корея режиссері Ён Сан-хоның 2016 жылғы «Пусанға апаратын пойыз» зомби-хоррорының жалғасы. Сюжеті бірінші фильмнің оқиғасынан кейін төрт жыл өткен соң өрбиді. Кореяны зомбиға айналған адамдар кезіп жүр. Індеттен аман қалғандары қалың қабырғаның ар жағында бас сауғалауға мәжбүр. Осындай жабық аймақтардың біріне Гонконгтан бір жасақ аттанады. Олардың мақсаты – ақша тиелген жүк көлігін табу. Оларды апокалипсис әкелген қатерден бөлек, өзара қырқысқан адамдардың қатігез ойыны күтіп тұр.

Атамен соғыс / Дедушка нелегкого поведения / The War with Grandpa [6+]

Роберт Де Ниро басты рөлде ойнаған отбасылық комедия. Одан бөлек Оакс Фигли, Кристофер Уокен, Ума Турман түсті.

Басты кейіпкер – Эд есімді зейнеткер. Супермаркетте күзетшімен төбелескен соң, полицияның кеңесімен қызының үйіне көшіп келеді. 12 жасар жиені Питер бұл жағдайға қуана қоймайды. Өйткені оның бөлмесін атасына беріп, өзін шатырдың астындағы бөлмеге көшіреді. Әділетсіздікке көнгісі келмеген бала атасына соғыс жариялайды. Бірақ атасы да оңай берілуді білмейтін жан.

Арман мекен / Страна грёз / Dreamland [18+]

Финн Коул мен Марго Робби түскен драманың оқиғасы 1930 жылдары өрбиді. 17 жасар Юджин банк тонаған әйелді қолға түсірмек болады. Оның басына ақшалай сыйлық тағайындалған. Юджин әйелді ұстап, сыйды алса отбасы фермасын борыштан құтқармақ.

Қаш / Взаперти / Run [16+]

Сара Полсон ойнаған триллер. Фильмде ана мен қыздың қарым-қатынасы суреттеледі. Хлоя – арбаға таңызған мүгедек, үнемі дәрі ішеді, үйде оқып, ешкіммен араласпайды. Диана – қызын толықтай бақылап, ерекше күтіммен тәрбиелеп отырған ана. Хлоя өскен сайын бұл жерде әлдебір құпия барын сезеді.

Сандырақ / Дичь / Freaky [18+]

Винс Вонның қатысуымен түсірілген комедия элементтері бар триллер. Басты кейіпкер – түсініксіз жағдайдан кейін жаны маньяктың тәнімен ауысып кеткен бойжеткен. Ол 24 сағаттың ішінде бәрін қалпына келтіруі керек, әйтпесе жағдай ушығып кетеді.

Питер Пэн и Алиса в стране чудес / Come Away [6+]

Екі ертегінің кейіпкерлері тоғысатын жаңа фэнтези. Алиса Ғажайыптар еліне, Питер Пэн Жоқландияға аттанбас бұрын олар ағалы-қарындасты болған екен. Екеуінің қиялдай білу қабілеті ата-анасынан қалған. Отбасы қандай қиын жағдайға ұрынбасын, армандауды ешқашан доғарған емес.

Фильмді «Батыл жүрек» режиссері, «Оскарлы» Бренда Чепмен түсірді. Актерлік құрамда Анджелина Джоли, Дэвид Ойелоуо, Гугу Мбата-Роу, Майкл Кейн секілді жұлдыздар бар.

Бұлардан бөлек прокатқа ресейлік «Подольские курсанты» әскери драмасы мен «Глубже!» комедиясы, мексикалық «Академия монстров» және «Кот под прикрытием» қытай-француз мультфильмдері шықты.

P.S. Шолудағы премьералардан бөлек 23 қарашада прокатқа 2 отандық картина шықты: Нияз Әбдіғапардың «Туча» боевигі және Әсел Аушакимованың «Welcome to the USA» драмасы.

19 қараша премьералары: Лиам Нисон мен Омар Си және хоррорлар

Осы аптаның премьералар қатарында үрейлі фильмдер көп. Олардан бөлек Лиам Нисон ойнаған комедия мен Омир Си түскен отбасылық фэнтези бар.

Италияда жасалған / Сделано в Италии / Made in Italy [12+]

Актерлігімен белгілі британдық Джеймс Д’Арсидің режиссерлік жұмысы. Басты рөлде – Лиам Нисон.

Сюжеті Лондонда тұратын Роберт деген суретшінің төңірегінде өрбиді. Ұлы Джекпен бірге қайтыс болған әйелінен мұраға қалған ескі үйді сатпаққа Тосканаға келеді. Екеуі үйге кішігірім жөндеу жүргізіп, кері қайтпақшы. Алайда Италияда ұзағырақ қалуға мәжбүр болады. Осы күндері әке мен бала әлдеқашан суып үлгерген қарым-қатынасты жақсартуға тырысады.

Ұмыт болған ханзада / Папина дочка / Le prince oublié [12+]

Омар Си ойнаған француздың отбасылық комедиясы әке мен кішкентай қыздың оқиғасын баяндайды. Джиби қызына күн сайын жатар алдында ертегі айтып беретін. Екеуі кішкентай перизаттар мен алып айдаһарлар тұратын сиқырлы әлемді ойлап тапқан еді. Бұл ертегіде әкесі кішкентай ханшайымын кез келген қауіптен құтқаратын. Бір күні олардың ертегі әлемінде жаңа ханзада пайда болады. Ол – Софияның сыныбындағы бала. Енді Джибидің алдында ертегіде ғана емес, шын өмірде де қызы үшін қаһарман болып қалу міндеті тұр.

Фильмді түсірген – атақты француз режиссері Мишель Хазанавичус. Ол «Артист» картинасы үшін «Оскар» алған болатын.

Антебеллум / Antebellum [12+]

Джордан Пилдің «Аулақ» хоррорын еске түсіретін картина. Сюжетте атақты жазушы, қара нәсіл әйелдердің құқығы үшін күресуші белсенді Вероника Хенли құлдыққа тап болады. Енді ол оңтүстіктегі плантацияда жұмыс істейтін, құқығы жоқ күң. Өзі секілді бейшаралармен бірге күн сайын мақта теріп, ақ қожайындардың мазағына төзуге мәжбүр. Бұл жерден қашып құтылу мүмкін емес секілді.

Маласанья 32 / Заклятье. Дом 32 / Malasaña 32 [16+]

Испан хоррорындағы оқиға 1976 жылы Мадридте болады. Бір отбасы фермасын сатып, Маласанья көшесі, 32 үй мекен-жайындағы пәтерге көшеді. Астанадан пәтерлі болу қуанышы ұзаққа бармайды. Жаңа үйде қорқынышты әлдене тұратыны белгілі болады. Көп кешікпей отбасындағы сәби жоғалып кетеді.

Дуагерлік: Мұра / Колдовство: Новый ритуал / The Craft: Legacy [16+]

1996 жылғы «The Craft» фильмінің жалғасы. Дуагерлікпен айналысатын үш бойжеткен жаңа сыныптасын қатарға қосып, төртеуі жаңа күшке ие болады. Алайда ерекше күшті алып жүру де оңай емес. Фэнтези элементтері бар хоррорды актриса Зои Листер Джонс түсірді, бұл оның екінші режиссерлік жұмысы.

Брамс: Бала 2 / Кукла 2: Брамс / Brahms: The Boy II [16+]

2016 жылғы «Бала» үрейлі триллерінің сиквелі. Бұл жолы оқиға 9 жасар Джудтың төңірегінде өрбиді. Тонаушылардың әрекетінен кейін сөйлесуден қалған бала ата-анасымен бірге жаңа жерге көшіп келеді. Хилширдегі ескі үйге келген соң бала үлкен қуыршақ тауып алады. Джудтың осыдан кейін тілі шығып, Брамс деп атаған қуыршақпен сөйлесе бастайды. Ата-ана бұл достықтың жақсылыққа апармайтынын әлі сезбеген еді.

Бұлардан бөлек «Непосредственно Каха» комедиясы мен «Гномы в деле!» неміс мультфильмі бар.