«Ақтастағы Ахико»: өмірін қазақ жерінде өткізген жапон тұтқыны туралы фильм

Алматы облысында Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен жапон туралы картина түсіріліп жатыр. «Ақтастағы Ахико» деп аталатын жобаның өндірісімен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы айналысады.

Сюжеті өмірден алынған кең ауқымды тарихи фильмде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тұтқынға түскен жапон курсанты Ахико Тэцуроның өмір жолы мен тағдыры баяндалады. Фильмнің қоюшы режиссері – Елдар Қапаров. Тең режиссер әрі тең продюсер Сано Синдзю (Жапония). Басты рөлдерде Сырым Қашқабаев (Қазақстан) және Эйсаку Огасавара (Жапония) ойнайды.

– Ахико Тэцуро туралы фильмді түсіру  идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болды. Оның қилы тағдырын естіп білген соң, онымен танысып, кейінгі өмірі туралы білгім келді. Сол мақсатпен 2007 жылы Қарағанды облысы Ақтас ауылына барып, Ахико Тэцуромен таныстым. Ол туралы деректі фильмді де түсірдік. Ол өз тағдыры туралы егжей-тегжей баяндап берді. Осылайша көркем фильмнің сценарийі дүниеге келді, – деді фильмнің продюсері әрі тең режиссері Әлия Уәлжанова.

Айта кетсек, «Ақтастағы Ахико» көркем фильмі 2019 жылдың басында өндіріске жіберілген болатын. Кинотуындының продюсері Әлия Уәлжанованың айтуына қарағанда сол жылы қыркүйек айында фильмнің кейбір сахналары Қапшағай қаласының маңында тұрғызылған «Карафуто» декорациясында жүргізілген, кейін пандемияға байланысты фильмнің түсірілімдері уақытша тоқтатылған екен. Өндіріс қазір қайта жанданды.

Фильм премьерасы 2022 жылдың соңына таман жоспарланған.